Жаңалықтар

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

Шеберлер мен зергерлердің мыңжылдық мұрасы
Ұлттық қолөнер – асыл қазына
21.03.2022 08:03 57784

Наурыз мейрамы – жыл басы, көктем мерекесі. Қазақ даласында неше ғасырдан бері тойланып келе жатқан ұлық мерекенің маңызы зор. Осы мереке қарсаңында қазақтың ұлттық өнерін жанына серік еткен зергер, қолөнер бұйымдары мен қазақ ұлттық музыкалық аспаптар жасайтын шеберлермен сұхбаттасқан едік.

«Ағаштан жасалған қолөнер бұйымдарына сұраныс артып келеді»

Қазақ халқы бұрыннан өзіне қажетті бұйымды ағаштан ойып, қашап, жонып жасаған. Ол үшін қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, қара ағаш, жаңғақ ағашы, тораңғыл секілді ағаш түрлерін пайдаланғаны белгілі. Әрбір заттың ерекшелігіне қарай шеберлер ағаштарды сұрыптай отырып, керегіне жаратқан. Ілгеріде аталған ағаштың бірі қаттырақ, жонуға қиын келсе, бірі оңай, иілгіш болады. Алайда неше жылдық тәжірибесі бар шеберлер оларды керегіне жаратып, қажетті бұйымын жасап шығарған. Сондай он аусағынан өнер тамған қазақ баласының есімі – Әлібек Нұртай. Ол Ташкент облысы Ташкент ауданы Қашқарлық ауылында өмірге келген.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

– Бала кезімнен ағаштан кеме, балшықтан ойыншықтар жасауға қызығатынмын. 13 жасымда ауылымыздағы танымал ағаш шебері Абдумажит Абдурахмановқа шәкірт болып, сол кісінің шеберханасында он жылдай ағаш оюдың қыр-сырларын үйрендім. 2009 жылы Ташкенттегі республикалық көркемөнер колледжің «шығыс бейнелеу өнері» бөлімін бітірдім. Одан кейін елге оралып, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «сәндік өнер» бөлімін тәмамдадым, – дейді шебер.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

Қолөнермен айналысып келе жатқанына он сегіз жылдан асқан Әлібектің қолынан тек ыдыс-аяқтар емес, көптеген үй интерьеріне арналған бұйым шыққан. Атап айтқанда, ою-өрнекпен көмкерілген қобдишалар, кітапқа арналған тұғыр, түрлі ағаш әшекейлер, кәдесыйлар мен сандықтар, шағын киіз үй мен киіз үй жабдықтары кез келгеннің көңілінен шығады.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

– Бұл жұмыстарыма ағашты, теріні, түрлі металды, балшықты және тағы басқа да табиғи материалдарды қолданамын. Шикізаттардың жартысы елімізден шығады, қалғаны шекара асып келеді. Көбісін көрші Ресейден алдырамын, – дейді Әлібек.

Әлібек үй интерьеріне арналған бұйымдарды заманауи әдіспен де, дәстүрлі бағытта да жасайды. «Бастысы жүрегіңмен жасасаң болған дейді» кейіпкеріміз. Заманауи стильге де авторлық қолтаңбасын қалдыра білетін шебер бірінші кезек тұтынушының көңілінен шығу маңыздылығын алға тартады.

– Заманауи дегеннің өзінде қазақтың дәстүрлі қолөнерін зерттеп, киіз үй жабдықтары мен басқа да ата-бабаларымыз қолданған бұйымдарды қайта жасап шығудан үлкен әсер аламын. Дәл соны көшіріп, техникасын, конструкциясын қайталап жасағанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бастысы, ол көне бұйымдарды жаңғыртып отырмын деп есептеймін.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

Бүгінде қолөнер бұйымдарына сұраныс көп. Әсіресе халық күнделікті қолданылатын дәстүрлі бұйымдарға тапсырыс береді екен. Оның ішінде кесе, табақ, жеміске арналған ыдыстар, қант салғыш және тағы басқа бұйымдарды айтуға болады. Ыдыстар әртүрлі ағаштан жасалатындықтан, пайдасы да әртүрлі. Қайың ағашы қабығынан ұн, жармаларды сақтайтын ыдыстар сақталады. Қайыңның бактерияларды өлтіріп, түрлі сырқаттарды емдейтін қасиеті бар. Емен ағашы қабынуды болдырмайды, одан жасалған ыдыстарға шырын құйып ішсе, өзіндік дәмі мен иісі керемет сақталады. Ал балқарағайдан жасалған ыдысқа тағам құйса, көпке дейін бұзылмақ емес. Аршадан жасалған ыдысқа сүт құйса, ыстық күүнің өзінде ашып кетпейді екен.

– Бұл менің жаным ләззат алатын кәсібім. Барлық бұйымдардың ішінен әсіресе ағаштан иіп білезік жасаған ұнайды. Бұл әдісті өзім ойлап таптым. Басқа ешбір ағаш шеберінен көрмедім. Айта кету керек, қазір көпшілік ағаш әшекейлерге де ерекше қызығушылық танытып келеді, - дейді шебер.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

Әлібек қазақтың киіз үйін жасау ұзақ уақытты алады дейді. Ол өз жұмыстарын республикалық, халықаралық байқауларға жиі ұсынып отырады. Соңғы рет оның қолынан шыққан қолөнер бұйымы Павлодар қаласында қазан айында өткен «Қасиетті қазақ елі» фестивалінде әділ қазылардан жоғары баға алып, жүлделі ІІ орыннан көрінген.

– Қазақтың қолөнер саласына өз есімімді қалдырғым келеді. Әлі де ойымда жүрген ұлттық қолөнер бұйымдары бар. Соларды өмірге әкеліп, осы салада тер төге бермекпін. Оның үстіне, қазіргі қоғамда мұндай бұйымдарға сұраныс жоқ емес. Бұл бізді шабыттандырады, - дейді Әлібек Нұртай.

«Зергерлік жеті атадан келе жатқан кәсіп»

Ұлттық болмысымызды айшықтайтын, қазақ жерінде атадан балаға мирас болып келе жатқан қолөнердің тағы бір түрі - зергерлік өнері заманауи қоғамда да кәсіби сипат алып, өндіріс алаңдарына айналған. Төлеген Өміров өзінің саналы ғұмырын шеберханада өткізіп келе жатқан жас зергер. Ол зергерлер династиясының өкілі екенін мақтан тұтады. Зергерлік өнер қанда бар, дейді кейіпкеріміз.

– Біздің арғы аталарымыздың барлығы қолөнер шебері, зергер болған. Кеңес үкіметі кезінде атамыздың зергерлікпен айналысуына көп кедергілер болыпты. Құрал-саймандарын тартып алып, не көзін жойып, өзінің сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік бермеген. Небір шолпы, білезік, белдіктерден де айырылған. Содан кейін атамыз қарапайым етікшілікпен айналысыпты. Күміс жіппен өрнектеп етік тіккен. Өз ісінің нағыз маманы болыпты. Әкеміз атамыздан сол шеберліктің қыр-сырын меңгеріп, бізге үйретіп отыр. Сондықтан да, маған қанша уақыттан бері зергерлік өнермен айналысасыз десе, ес білгелі деп айтар едім. Шеберханада өмірге келдім десем де болады. Ес кіргелі әкемнің қасында осы өнерді көріп, танып келемін, - дейді зергер.

Төлеген Өтепқалиұлы арнайы Құлсары өнер мектебінде дәріс алған. Одан кейінгі білім жолын Ақтау қаласындағы өнер колледжінде, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жалғастырады. Бірақ, академияда монументалды кескіндеме мамандығы бойынша дәріс алған.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

Ауылдағы өнер мектебінде еңбексазбен, бояумен, қарандашпен жұмыс жасаудың алғашқы сатыларынан өттім. Сонда жүріп, аудандық, облыстық өнер жарыстарынан қалмайтын едім. Алғаш жұмысымды осындай сайыстарға барып жүріп жасадым. Ол шамамен 5-6 сынып болу керек. Иілгіш, жұмсақ мыстан сырға жасағаным есімде. Бірақ мыс тез сарғайғыш металл болғандықтан, келесі байқауға оны қайта ағартып, жаңартып апаруға тура келетін еді, - дейді Т.Өміров.

Інісі Төремұрат екеуі қазір әкесінің ісін жалғап отыр. Төлегеннің Қазақ ұлттық өнер академиясының кескіндеме мамандығына баруына әкесінің де септігі тиіпті. «Зергерлікті өзім-ақ үйретемін, ал суретшілікті оқып кел» деп ақыл айтқан екен. «Зергер міндетті түрде сурет те сала алу керек» дейді шеберіміз.

Төлеген тапсырыстарды күнделікті тағатын жеңіл бұйымдар мен қымбат жоғары санаттағы бұйымдар бойынша бөліп, қабылдайды. Бірақ, екі санаттағы бұйымдарға да бір материал қолданылады. «Бұйымның қымбат-арзандығы ондағы өрнектер мен жұмыстың күрделілігіне байланысты» - дейді зергер.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

– Кейде белбеулерге де тапсырыс келеді. Біз өз жұмыстарымызға, алтын, тері, күміс, платина сияқты материалдарды қолданамыз. Оларды көбінесе оңтүстік астанамыздағы арнайы дүкендерден алдырамыз. Елімізде мұндай материал қолжетімді, кейде таба алмай жататын кездеріміз де болады. Сол сияқты әшекей бұйымдарға әртүрлі тастар пайдаланамыз. Атап айтар болсақ, сердолик, агат, аменитис, оникс, бирюза, нефрит және тағы басқа. Бұл тастарды да сататын арнайы дүңгіршектер бар, - дейді Төлеген.

Оның қолынан шыққан өзіне ең ыстық дүниесі – анасына жасаған әшекей бұйымдары. Ұлдарынан ерекше сыйлық алған зергерлердің анасы ол әшекейлерді әрдайым тағып жүреді екен. Сонымен қатар, зергер Өміровтердің ерекшелігі – олар ешқашан басқа зергердің ою-өрнегін өз бұйымдарына пайдаланып көрмепті.

– Біреудің дүниесін қайталамау – біз үшін ең маңыздысы. Ою-өрнектерді батыс мектебін негізге ала отырып, өзіміз қиялымыздан тудырамыз. Бірде бір кісі көзі көрмейтін әкесі анасына ерекше сақина жасап берсін деген өтінішпен алдымызға келді. Әкесі көлемді, қазаққа белгілі қошқармүйіз деген секілді ою-өрнектермен көмкерілген сақина қалапты. Мен ол кісіге текеметке, киізге қолданылатын өрнектер зергерлік бұйымдарға пайдаланылмайтынын жеткіздім. Өз ойымнан жаңа өрнектер салып, жасап бердім. Айтайын дегенім, өрнектердің өзіндік пайлдаланатын жерлері, орындары болады. Оны барлық жерге ретсіз қоя берудің қажеті жоқ. Әсіресе зергерлік бұйымдарға ерекше тағампаздықпен қарау керек.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

Қазіргі уақытта зергер жүзік сыйлау жоғары сұраныста екенін жеткізді. Кейде адамдар өздері базардан, дүкендерден алған күміс заттарын әкеліп, өзгертіп берулерін өтініп жатады дейді Төлеген. Ондай бұйымдарды бұл шеберхана мүлде қабылдамайды екен.

– Қапсырма, шашбау, белбеу, алқа, сырға, жүзік, қылыш, қанжар жасаймыз. Бірде күмістен зерленіп, алтынбасты асатаяқ жасаған кезіміз де болды. Ініміз екеуміздің зергерлікпен айналысып келе жатқан он жылдан аса уақытта көптеген ұлттық әшекей бұйымдарын өмірге әкелдік. Біздің шеберханамыздың жұмыс жасағанына қырық жылдан асты. Әкеміз әлі күнге дейін көмектесіп, бізге ақылын айтып отырады.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

Бұл шеберхананың тағы бір ерекшелігі – өздері қолдан құрап алған металл балқытатын, түрлі химиялық элементтермен жұмыс жасайтын құрылғылары бар. Соның арқасында жас зергерлер қайталанбас, ерекше, көздің жауын алатын бұйымдар жасап келеді.

Қолынан елуден аса аспап шыққан бірегей шебер

Нұржан Ділмәнов - бірегей шебер. Олай дейтініміз бір өзі елуден аса түрлі аспап жасап шығарған. Сонымен қатар, шебер елдегі қазба кезінде табылған музыкалық аспаптарды қалпына келтіретін реставраторлардың бірі.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

– Бұл салада тер төгіп келе жатқаныма биыл 18 жыл болады. Бұл өнер арғы ата-бабаларамыздан келе жатыр. Алғаш домбыра жасауды тоғызыншы сыныпта жүріп үйрендім, одан кейін Дүйсенбек, Мейірбек, Бақытжан сынды ағаларымның қолынан өтіп, осы өнердің қыр-сырымен толық таныстым. Қазір кәсібімді Нұр-Сұлтан қаласында жеке шеберханада жалғастырып келемін, - дейді шебер.

Бүгінде музыкалық аспаптарды жасауда қолданылатын материалдар әр алуандылығымен ерекшеленеді. Бұрынғы заманда шеберлер сол ортада өсетін арша, алмұрт, тұт, үйеңкі сынды ағаштарды пайдаланатын болса, қазірде басқа құрлықта өсетін ағаштарды алдыруға мүмкіндік бар. Сол сияқты бағзы дәуірде домбыраны сөйлету үшін мал ішектерін қолданса, қазір лескамен қатар, пластик пен темір қосылған ішектерді қоюға болады. Осы күнгі желімдер де ылғал мен суыққа айтарлықтай төзімді.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

– Бір домбыраға бір түрлі ағашты пайдаланбаймыз. Өзімізден шығатын ағаштардан жасалған аспап арзандау келеді, ал сырттан әкелінгендер сапасына қарай қымбат тұрады. Өзімнің ең ұзақ жасаған домбырам шамамен 3-4 күн уақытымды алған болар. Қазірде жұмысымызды жеңілдететін электр қуатымен жасайтын кескіш, тескіш, қырғы станоктары бар. Тек өзім айтып отырған ағаштарымыз дайын болса болғаны, - дейді шебер.

Не түрлі аспап жасау қолынан келсе де Нұржан Ділмәновтың жанына жақыны – қазақтың қара домбырасы. Халқымыздың өмірінде ерекше орын алатын музыкалық аспапқа қазір сұраныс өте көп.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

– Бір домбыраның жасалу жұмысына тоқталып өтейін, алдымен ағашты кесіп шанағын дайындаймыз, қалыпқа салып иеміз, сосын мойынын әзірлеуге көшеміз. Бас ағашын дайындаған соң, бет қақпағын жасаймыз. Содан мойын шығарамыз. Лактап, ою-өрнегін салып, құлақ пердесі мен тиегін қойғанда барып бір домбыра өмірге келді деген сөз.

Ұлттық қолөнер – асыл қазына

Шебердің қолынан шыққан аспаптар әлемнің түкпір-түкпірінде жүр. Тіпті мұхиттың ар жағындағы Канада, АҚШ елінен де сұраныс бар екен. Сонымен қатар, алыс-жақын шет елдерден де түрлі аспаптарды жасауға тапсырыстар келіп түседі дейді Н.Ділмәнов. Түркия, Беларусь, Ресей, Орта Азия елдері өздерінің ұлттық аспаптарын да жасатады. Шебердің қолынан шыққан домбыралар елге танымал айтыскер, әнші, күйшілердің қолдарында жүр. Атап айтқанда, Мейірбек Сұлтанхан, Еркебұлан Қайназар, Өміржан Көпбосын, Төлеген Жаманов, Ержан Әміров, Қарақат, Жанғали Жүзбай және т.б.

– Ұлттық аспаптарды көрмелерге, жәрмеңкелерге алып шығамын. Бір айта кететіні, өзім жасайтын аспаптарда ойнай алмаймын, бірақ дыбысын қойып, тексеріп көруге білімім жеткілікті. Домбыраны таңдағанда оның ағашына, дыбысы мен тиегіне мән берген дұрыс. Ішек пен бет қақпағының арақашықтығы да маңызды. Сосын әр аймақтың домбыралары өзінше ерекшеленеді. Оның қыр-сыры шеберге мәлім, - дейді шебер.

Халқымыздың қасиетімен ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан қолөнеріміз осындай жандар барда өлмек емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға