Жаңалықтар

Дархан Қыдырәлі: Ұлт ұпайы ұраншылдықпен түгенделмейді

Дархан Қыдырәлі: Ұлт ұпайы ұраншылдықпен түгенделмейді
17.03.2020 15:26 3448

Табиғат толғатып, бусанып, тіршілік атаулы түлейтін кезең де келіп жетті. Жыл жылжып, бірлік пен берекенің бастауы – Амал мерекесі төрге озды. Қыс құрығы ажырап, жер аяғы босайтын, күн шуағын төгіп, шұғыласын шашатын бұл мезетте ағайын бір-бірімен сағыныса көрісіп, сақтағанын дастарханға салып, бір-біріне ақжарылқап тілегін айтқан. Жастар жағы сауапты істерге асығып, үлкендер мейірленіп бата берген. Осылайша сахарада келісім мен кешірім, татулық пен туыстық салтанат құрған. Бір қуанарлығы, еліміздің батыс аймақтарында ғана аталып өтіліп келген бұл игі мереке қазір жалпыұлттық мейрамға айналып барады.

2020_03_15_2020_03_09_34a6f8f5-d888-44ab-a87d-59b2ba0920da.jpeg

Иә, ырыс пен ынтымақтың, кеңдік пен теңдіктің мейрамы босағадан аттады. Күн мен түн теңелетін, барша жұрт жақсылыққа кенелетін әз-Наурыз да таяп қалды. Табиғаттың өзі белгілеп, есте жоқ ықылым заманнан жеткен бұл ұлық мейрамдар бізге елдігімізді, кеңдігімізді тағы да еске салады. Даласы да көңіліндей дархан жұртымыз қашанда қоңсы ақысын құдай ақысынан кем көрмеген, өзгені өзекке теппеген, сауға сұрап келгенді шетқақпай етпеген, бауырды бөле-жармаған, ағайынды алаламаған, тағдыр қосқан тамырды да туысқа балаған. Ұлы далада орнаған арғы сақ, ғұн, көктүрік мемлекеттерін айтпағанда, бергі Ұлық ұлыс – Алтын орда да құрамындағы бүкіл этностардың тілі мен дініне, ділі мен дәстүріне құрметпен қараған, олардың аманатын арқалаған. Сондықтан «Бақыт дегеніміз – шексіз мейірбандық» деген ғұлама әл-Фараби мен «Сүннет емес – кәпірге берме азар, Көңілі қатты, ділі азардан Құдай безер» деп жырлаған Қожа Ахмет Иасауидің мәңгілік мұрасын мың жылға таяу уақыттан кейін хәкім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген жыр жолдарымен қайта жаңғыртуы бекер емес.

Абыз Абай айтқандай, Алла адамзатты махаббатпен жаратқан. Сондықтан жаратылыстың өзегінде сүйіспеншілік, махаббат, мейірім, ізгілік сезімдері бар. Ал жүрегін ізгі сезім тербемейтін жан кеңдік пен кешірімді ұмытып, озбыр, тасбауыр, қатігез, кекшіл адамға айналады. Ғаламның ұйытқысы болған махаббаттан нәсібі жоқ мұндай адамды хәкім хайуанға теңейді. Кеудесін кек кернеген адамның қатігезденуі – қорқынышты, ал тобырдың тасбауырға айналуы – қасірет! Абай «Масғұт» поэмасында шебер жырлағандай, жаппай жынды су ішкен жұрт сияқты, жолындағысын жайпап өтеді. Құбылмалы заманда қоғам құбыласынан жаңылса, құндылықтар да құнсызданады. Оның беті аулақ болсын деп тілейміз.

Десек те, оқшау ойлар да қылаң бермей қоймайды: осы біздің пейіліміз тарылып бара жатқан жоқ па? Баталы сөзге байлам жасап, бәтуаға тоқтайтын есті жұрттың ұрпағы бүгінде аталы сөзге тоқтамайтыны қалай? Желік сөзге ерік беріп, жөн-жосықсыз жаға жыртысатынымыз неліктен? Аттан мен айтаққа, арандатуға алаң болып, қарапайым адамшылыққа жатпайтын қылықтарға қысылмайтынымыз қалай? Мәселен, Қордайдағы қырғында он бір отандасымыз опат болды, көпшілігіміздің жүрегіміз селт етпеді. Бәрін жоққа шығаруға бейімбіз, бәріміз – батырмыз. Ұлттың ұпайын ұранмен түгендейтіндер ұлықталып, үлкен істі үндемей атқарып жүргендер ұмытылып барады. Тұнығымыз лайланып, тұлғаларымыз тулаққа айналса, тұғырды қайдан табамыз?

Бұйырса, биылғы санақта қазақтың саны жетпіс бес процентке жетіп қалады деген үміт бар. Тәуелсіздіктің елең-алаңында небәрі отыз тоғыз процент болған халқымыз үшін бұл – үлкен жетістік, орасан зор жеңіс! Президент айтқандай, біз – біртұтас ұлтпыз! Ол қазақ мемлекеті деп аталады. Алайда бұл мемлекет құраушы ұлт ретінде жауапкершілік те жүктей түседі. Енді ел болашағына қатысты сенімге селкеу түсіретін кейбір негізсіз үрейден арылып, өзіне сенімді ұйыстырушы ұлт ретінде жауапкершілікті сезіну керек.

Әрбір мемлекетті біріктіретін құндылықтар болады. Біздің ойымызша, қазақ мемлекетін біріктіретін ортақ құндылықтарымыз – туған жеріміз, мемлекеттік тіліміз, ата дәстүр – мәйекті мәдениетіміз және баршаға бірдей әділет ұғымы! Әділет – заң үстемдігі алдында әлеуметтің теңдігін қамтамасыз етеді. Дана Абай жоғарыдағы жырында айтқандай, әділет – хақ жолы, сондықтан оны сүю – Алланы және адамзатты сүюмен бірдей.

Ұлағатты ұлтымыз ықылым заманнан бері ауыр алапат апаттарды, қанды соғыстар мен қиыншылықтарды бастан өткерсе де ар-намысын, кісілік келбетін, мейірбан мінезін, кеңдігі мен кешірімін, бекзат болмысын сақтап, ғасыр көшіне ілесіп келген. Халқымыздың ұлы өзен секілді осы сабырлы сақи қалпымен арнасынан ауытқымай алға жылжи беретіні күмәнсіз.

Дархан Қыдырәлі

"Егемен Қазақстан" АҚ Басқарма төрағасы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға