Лос-Анджелес олимпиадасында өзімді дәлелдеуге тырысамын - Айбек Оралбай
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Елордалықтар Астана халықаралық әуежайында бокстан Азия чемпионы Айбек Оралбай мен күміс жүлдегер Санжар Тәшкенбайды салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бокстан 29 қараша-11 желтоқсан аралығында Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар 10 алтын, 4 күміс, 6 қола жеңіп алды. Олардың арасында елордалық Айбек Оралбай мен Санжар Тәшкенбай да бар.
Көктемде Олимпиадаға дайындық мақсатында Астанада өткен Elorda Cup халықаралық турнирінде алғаш рет +92 келіде өнер көрсеткен едім. Енді, міне, Азия чемпионатында осы салмаққа көтеріліп, топ жардым. Қателіктерімді байқадым. Алдағы уақытта тағы тынбай жаттығып, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында бірінші нөмір екенімді дәлелдеуге тырысамын, - деді ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай.

