Тоқаев: Абай - рухани реформатор
2019 жылдың 30 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойды. Аталған Жарлықта «Абай Құнанбайұлының еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын», сонымен қатар, «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мәселені пысықтасын», - деген болатын. Осыған орай биыл 21 қаңтар күні «Астана опера» мемлекеттік театрында Президентіміздің арнайы қатысуымен мерекелеу салтанаты ресми түрде ашылды. Бүгін біз қазақтың Бас ақынының 175 жылдық мерейтойы шетелде қалай аталып өткеніне және жыл соңына дейін қандай шаралар атқарылатынына шолу жасамақпыз.
Абайды әлем таниды
Жалпы, 2020 жылы жетпіске жуық шет мемлекетте екі жүз елуден астам түрлі іс-шара жоспарланған. Қазіргі таңда, әлемде Covid-19 індетінің таралуына байланысты көптеген іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылып, жартысынан көбі екінші жартыжылдыққа, яғни тамыз-қазан аралығына шегерілді. Алайда осыған қарамастан жыл басынан бері жоспарға сәйкес 50-ге жуық әртүрлі форматтағы іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, биыл қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» аталатын кең көлемді мақаласы шет тілдеріне аударылып, еліміздің барлық шет елдердегі мекемелерінің ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде жарияланды.
Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы «ЕU Reporter» басылымы (Бельгия), «Prazsky zpravodaj» және «Halo noviny» газеттері (Чехия), «Факти» басылымы (Болгария), «Inside Recent» (Сингапур), «Post of Asia» басылымы (Үндістан), «IRNA» ақпараттық агенттігі және «Pars Today» радиосы (Иран), «Созвучие» әдеби басылымы (Беларусь), «Кыргыз туусу» газеті және «Пикир» басылымы (Қырғызстан), «Tajikistan Times» газеті (Тәжікстан) сияқты БАҚ-тарда жарияланды және тағы да басқа шетелдік БАҚ-тарда жарық көрді.
Абай - ұлттық мәдениетті таныстырушы
Хәкім Абай ұлттық мәдениеттің қорғаушысы ретінде руханилық пен имандылықты атап кеткен. Қазақты қанша сынаса да, білімі мен мәдениеті дамыған елдердің қатарынан көруді көксеген. Бүгінде ұлы ақынның осы идеясы негізінде ҚР Елшіліктері жанындағы Абай орталықтарын ашу бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған мәдени орталықтар төменде көрсетілген елдерде ашылған.
ҚР Сингапурдағы Елшілігінің жанындағы Абай орталығы
ҚР Болгариядағы Елшілігінің жанындағы Абай орталығы
ҚР Эфиопиядағы Елшілігінің жанындағы Абай орталығы
Чехияның «Клементинум» Ұлттық кітапханасы жанындағы «Абай» мәдени-ақпарат орталығы
Ұлы Абайды ұлықтау
Түрксой
ТҮРКСОЙ ұйымы Тұрақты кеңесінің кезекті отырысында 2020 жыл – қазақтың көрнекті ақыны және ағартушысы «Абай Құнанбайұлы» жылы деп жарияланып, жыл басынан бері көптеген шет елдерде ақынның опералары мен әндері шырқалған концерттер ұйымдастырылды.
Швейцария
2020 жылы 7 сәуірде Цюрих қаласында қазақстандық диаспора өкілдері С.Тоқанова (виолончель) мен И.Грибаустың (фортепиано) Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған концерті өтті.
Мажарстан
2020 жылдың 29 қаңтары күні Сегед қаласында «Әлем таныған Абай» кітап-иллюстративті көрмесі және «Абай әлемі» сурет көрмесі өтті.
Беларусь
2020 жылдың 7 ақпан күні Минск қаласында қазақстандық эстрада әртістерінің қатысуымен «Абай әлемі» музыкалық-ақындық кеші өтті.
Босния және Герцеговина
2020 жылдың 7-8 ақпанында Сараево қаласында Абай Құнанбайұлының 175-жылдығы аясында «Астана Опера» театры солистері «Сараево қысы» халықаралық фестиваліне қатысты.
Германия
2020 жылдың 21 ақпанында Берлин қаласында Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына арналған «Еуразия ақындары» поэзия кеші өтті.
Мысыр
2020 жылдың 22 ақпанында «Ніл-Мәдениет» телеарнасында Абай Құнанбайұлына арналған бағдарлама көрсетілді.
Люксембург
2020 жылдың 5 наурызында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған ақындық кеш өтті.
АҚШ
Гарвард университеті жанындағы Дэвис орталығында америкалық студенттер арасында «Абай оқулары» әдеби сайысы өтті.
Польша
2020 жылдың 30 маусымында ҚР Польшадағы Елшілігінің бастамасымен, "Польска Почта" компаниясы ұлы ақынның мерейтойы құрметіне Абай бейнелегенген пошта маркаларын шығарды.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»
Бас ақынның мерейтойына орай жолданған өлең оқу эстафетасы дүниежүзін шарлады. Былтыр мектеп оқушысы Ләйлім Рысқали Абайдың «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңін оқып, ары қарай Мемлекет басшысына жолдаған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамадан тыс қалмай, ақын шығармашылығын ұлықтауға өз үлесін қосты. Аз уақыттың ішінде челлендж үлкен танымалдыққа ие болып, еліміздің мәдениет және қоғам қайраткерлері, өнер иелері жалғастырып әкетті. Бүгінде #Абай175 челленджіне қатысқан әлемдік тұлғалар арасында Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов, Ресейдің әйгілі композиторы Игорь Крутой, халық әртісі Олег Погудин, Ресей президентінің арнайы уәкілі Михаил Швыдкой, француз актері Сами Насери бар. Одан бөлек Жапония, Франция, Польша, Қырғызстан, Түркия сияқты әлемнің түкпір-түкпірінде Абай өлеңдері жаңа үнмен жаңғырды.
Қазіргі таңдағы елімізде және әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты биыл сәуір айынан бастап мерейтойлық күн шеңберінде жоспарланған іс-шаралар, оның ішінде 175 жылдыққа арналған 1000-нан астам бағдарламалар онлайн-форматқа көшірілді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, бүгінде Zoom, BBB, Classroom, Teams, Webex платформалар, Youtube, тағы басқа каналдарда мен әлеуметтік желілерде аталған мерекелеуге арналған конкурстар, ғылыми конференциялар, семинарлар, дәрістер, пікірсайыстар, музей экскурсиялары, кітаптардың тұсаукесері, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқуға арналған конкурстар, поэзиялық кештер және тағы басқа әртүрлі форматта онлайн іс-шаралар онлайн түрде өтіп жатыр.
Абайды әлемге таныту бүгінмен аяқталмайтыны анық. Ұлт ұстазы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы «қазақтың Бас ақыны» деп баға берген данышпан, қазақтың ертеңгі күніне жол көрсетуші ұлы Абайдың тойы дүниежүзінде өз жалғасын таба бермек.
Авторы: Назерке Чакирбаева
Фото: ҚР СIM, akorda.kz сайтынан және жеке мұрағаттан алынды.
Жарияланған күні: 10.08.2020