«Кітап басып шығару» термині тарихта баспа станогы пайда болған кезден басталды десек қателеспейміз. Ғалымдардың айтуынша, баспа машинасы тарихта екі рет құрастырылған. Алғашқысы Қытайда, кейін толықтырылып орта ғасырда Еуропада пайда болған.
Баспа станогы
Баспа станогы – бұл біркелкі баспа өнімдерін, негізінен кітап, брошюра және газет түріндегі мәтінді жаппай шығаруға мүмкіндік беретін құрылғы. Қытайда жасалған баспа машинасы қоғамда төңкеріс тудырды. Ол ағаш блок бедерлі матрица ретінде дайындалды. Блок ағаш дәнінің бойымен кесілген. Бұл техникамен жүзеге асқан кітаптар арасында ең танымалы Ars Grammatica (Элиус Доната латын грамматикасы) деп аталады. Біздің дәуіріміздің екінші жүз жылдығында Қытай императорының көмекшісі Цай Лунь қағазды ойлап тапты. Ал қағазға жазылған ең алғашқы шығарма танымал ғалым Иоаннаның латын тіліндегі «Евангелия» («Інжіл») мәтіні бар шағын кітабы еді. Бұл жазба Әулие Катберт мұражайына тарту етіліп, кейін 1104 жылы Ұлыбритания, Дарем қорғанынан табылды. Аталған жазба қазіргі уақытта әлі бар. Ол ескі еуропалық мұрағаттар қатарында сақталған. Ал XI ғасырда қытайлық Пи-Шенг баспа машинасының бірінші жылжымалы түрін жасай отырып, шыңдалған саздан түрлі символдарды әзірлейді. Машина өте жұмсақ материалдан жасалғандықтан қағаз басуға кедергі келтіреді. Сөйтіп, XII ғасырда қағаз жасау Еуропаға жетеді.
Металдан құйылған Қаріптер
Кейіннен металдан, оның ішінде қоладан құйылған типтік символдар Қытайда, Жапонияда және Кореяда жасала бастады. 1377 жылы металл қаріппен басылған ең ежелгі танымал кітап жарыққа шыққан. Бұл «Буддистік данышпандар мен Сеон шеберлерінің таңдаулы ілімдері» атты корей буддистік құжаты еді.
Ксилографияны ғасырлар бойы Қытай мен Жапония қолданғанымен, еуропалық ең ежелгі үлгісі ХV ғасырдың басында белгілі болған. Ксилография – бұл ағаш блоктың бетінде мәтін мен суреттер кесілген бедерлі баспаның техникасы. Баспа бөліктерінің беті бір деңгейде қалады, ал басып шығарылмайтын бөлшектер, әдетте, пышақтың немесе қашаудың көмегімен жойылады. Содан кейін, бояумен жабылып, негізі ағаш блокқа бекітіледі. Пайдаланылатын сия лак немесе пісірілген зығыр майымен араласқан май шамының күйесінен жасалады.
Сол заманда кітаптарды қаламгерлер өз қолымен мұқият жазып таратқан. Ал 1436 жылы зергерлік шебер Гутенбергсол уақытта керемет жылдамдықта баспа мәтінінің беттерін жасай алатын машинаны ойлап таба бастады.Ол жылжымалы металл түрін пайдаланатын. Оның ағаштан жасалған үлгісін аяқтау үшін, оған төрт жыл қажет болды. Жаңа құрылғыда басылған алғашқы кітап діни бағыттағы шығарма еді. Бірінші басылым беті қырық жолмен шығарылған.
Кейіннен 1465 жылы гравюраларды құрғақтай «Housebook» шеберханасының шебері мен Оңтүстік Германия суретшісі пайдаланды. Олардың «Drypoint» атты кескіні өткір металдан немесе «Алмаз» нүктесінен өткір мыс инемен пластинаға соғып жасаған әдісі еді.
Бұл әдісті, сондай-ақ, Венециядағы «Джон мен Венделин Шпейер» баспаханасы күрделі түзетулер енгізе отырып жаңартты. Қолжазба таңбалары бұған дейін басылған ешбір таңбаға ұқсамайтын таза «рим түрінде» қолданылған. 1476 жылы баспагер Уильям Кэкстон Нидерландтағы баспа машиналары мен жабдықтарды сатып алады және Англиядағы бірінші баспахананы ашады.
Баспа машинасынан кітапқа дейін
Кітапты ең алғаш кімнің шығарғаны туралы ғылымда қарама-қайшы пікірлер көп. Дегенмен, кітаптың баспа машинасын ойлап тапқаннан кейін ғана шығарылғаны анық. Ал баспа машинасын неміс өнертапқышы Иоганн Гутенберг 1400-жылдардың соңында ойлап тапты. Оның жұмыс істеу принципі жылжымалы типті пайдаланып, штамптау және гравюра принципін біріктірді. Өнертабыс тез арада Италия қалаларында танымал болды. Аталған машинаға арнап венециялық шеберлер «Antiqua» немесе «Venetian Font» деп аталатын жаңа қаріпті әзірледі. Осылайша, кітап басып шығару Батыс Еуропада танымал бола бастайды. Сол кезде көптеген діни кітаптар шығарылды. Баспахана саны Германиядан басқа барлық еуропалық елдерде кеңінен етек жайды. Олар тіпті баспахана санын қысқартуға тырысты. Мысалы, Сорбонна әкімшілігі кітап басып шығарудың таралуына қарсы болды. XIV ғасырдың белгілі кітап шығарушы Альдо Манучи жүз жыл ішінде мыңға жуық кітап басып шығаруға қол жеткізген. Баспахананың аты Венецияда орналасқан көпке танымал «Альдо баспаханасы» деп аталды. Бұрын қолмен жазылған нәрселердің барлығы сол кезде қағаз бетіне басыла бастады. Дегенмен, кітап баспасының өнертабысы жазбаша кітаптарды толықтай алмастырмады. Сонымен қатар, жазушылар одан да күрделі және таңдаулы қаріптерді әзірледі. Кейін осы стильдердің бірі ресми құжаттарды ресімдеу үшін қолданылған. Бұл әдіс университеттерде оқытылып, каллиграфиялық жазу ретінде танымал болды.
Баспа машинасының Еуропаға жетуі
Өнер тапқыш Йоганн Гутенберг 1440 жылы Францияның Страсбург қаласында мөрлермен тәжірибе жасап жатқан уақытта Германияның саяси қуғынына ұшырады. Ол бірнеше жыл өткен соң ғана Майнцке оралды. Сөйтіп, 1450 жылы оның баспа машинасы толық дайын болып, коммерциялық пайдалануға жіберілді. Гутенберг дизайнының ажырамас бөлігі ағашты металл және баспа блоктарына ауыстыру болды. Бұл түрді үлкен мөлшерде, сондай-ақ, басып шығарудың әртүрлі кезеңдерінде қолжетімді ету үшін Гутенберг кері ретпен жезден жасалған әріптер, содан кейін осы қалыптардан жасалған репликаларға балқытылған қорғасынды құю тұжырымдамасын қолданды. Зерттеушілер Гутенберг шын мәнінде құм құю жүйесін қолданды деп болжады. Әріптер тегіс сызықтарын және жазық тасығыштардағы тізбекті бағандарды құру үшін бір-бірімен біркелкі қосылатындай етіп жасалған. Гутенберг процесі ағашқа емес, металға жағу үшін ойлап тапқан өз сияларын дайындамаса, жұмыс істемейін еді. Сонымен қатар ол қағазды тегістеу әдісін жетілдіру үшін зәйтүн майын пайдаланған. Өз жобасын қаржыландыру үшін Йоханнес Фаустан қарызға ақша алып, ал 1452 жылы Фауст Гутенбергке кітаптар жасау ісінде серіктес ретінде қосылды. Олар күнтізбелерді, брошюраларды және басқа да кітаптарды басып шығаруға кірісті. Сол жылы Гутенберг өзінің дүкенінен Библия кітабының 180 данасын басып шығарды. Киелі кітаптың әрбір беті готикалық стильде, қос баған және бірнеше түрлі-түсті әріптермен 42 мәтін жолын қамтиды. Гутенберг Киелі кітап үшін үш жүз жеке әріпті блоктарды және елу мың қағаз пайдаланды. Қазіргі таңда кітаптың көптеген үзінділері сақталған. Ал толық еш зақым алмаған жиырма бір данасы және төрт Веллум көшірмесі бар. 1605 жылға қарай ең алғашқы «Relation aller Fürnemmenund gedenckwürdigen Historien» (Барлық маңызды оқиға туралы жаңалықтар) атты ресми газет дүниеге келіп, Страсбургте таратылды. Кейінннен газеттер бүкіл Еуропада пайда бола бастады. Осылайша баспа станогы сауаттылықтың, білімнің өсуіне және қарапайым адамдар үшін бірыңғай ақпараттың кең қол жетімділігіне қосқан үлесін қалыптастырды.
Қазақстандағы кітап шығару ісі
Қазақстанда баспа кітаптары кейінірек, XIX ғасырда пайда болды. Қазақ тілінде шығарылған алғашқы кітап 1879 жылы жарық көрген Ыбырай Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясы» еді.
Қазақстанда баспахана болған жоқ, ал кітаптар Қазан, Ташкент, Орынбор қалаларында басылып шыққан. Ал алғашқы баспаханалар ХХ ғасырдың басында Орал, Семей, Верный (қазіргі Алматы) қалаларында пайда болды.Кітаптардың пайда болуымен қатар кітапханалар құрыла бастады. Орал, Ақтөбе, Павлодар сияқты қалаларда кітапханалар ашылды.
Кітап баспасының қалыптасуына ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы қазақ зиялыларының еңбегі зор. 1930 жылдар – бұл жалпы еліміздің тарихындағы, атап айтқанда кітап шығару тарихындағы ең қиын және қайшылықты кезеңдердің бірі болды. Бір жағынан, кітап баспасының даму қарқыны күшейе түсіп, кітап репертуары жаңарды, басылымдар таралды, оқырмандар саны өсті, авторлар шеңбері кеңейді, әлемдік ғылым мен мәдениеттің қазынасына енген көптеген ғылыми, көркем, балалар кітаптарының құнды басылымдары пайда болды. Екінші жағынан, 1920 жылдары жарияланған мыңдаған басылымдар кітапхана қорынан алынып, жойылды. Қоғамдық ой тарихынан көптеген көрнекті мемлекет қайраткерлерінің, көрнекті кеңестік және шетелдік ғалымдардың, жазушылардың, өнер қайраткерлерінің есімдері жойылды, олардың есімдері қазір Отан шежіресінде мәңгілікке жазылды.
Сөйтіп, 1920 жылы 3 қарашада ҚазКЭК Президиумы С.Меңдешевтің төрағалығымен «Киргосиздат» мемлекеттік баспасы туралы ережені бекітті. Осылайша республикада тұңғыш рет мемлекеттік баспа ұйымы ашылды. Ал 1920 жылы 2 желтоқсанда қазақ тілінде оқу әдебиеттерін дайындау үшін А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, С.Сәдуақасов, Х.Болғанбаев, Ж. Аймауытовтар құрамынан тұратын редакторлық кеңес құрылады. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллин, Мәскеудегі Орталық Баспаның бастығы болған алғашқы қазақ кәсіби дипломат Нәзір Төреқұлов республикада кітап баспасының дамуына белсенді үлес қосты. Халық ағарту, баспа, оқу және басқа да әдебиеттерді шығару саласында белсенді, мақсатты жұмыстар жүргізді.
Республика мектептеріндегі оқу әдебиеттерінің жетіспеушілігін ескере отырып, Орталық баспа бұл маңызды мәселеге тиімді көмек көрсетті. 1922-1923 оқу жылының өзінде ғана Мәскеуде қазақ авторларының жазған «Грамматика», «Физика», «Алгебра», «Педагогика», «Мектеп гигиенасы» сияқты 14 атаумен қазақ оқулықтары жарық көрді. Кітапты шығару мәселелері 1927 жылдан 1931 жылға дейін Ораз Жандосов басқарған Қазақстанды зерттеу қоғамының назарында болды. Қазақ зиялыларының еңбектері «Казгосиздат» баспасының репертуарында маңызды орынға ие болды. Баспа негізінен мектеп оқулықтары мен оқу құралдарын шығарумен, кейде көркем әдебиетті, содан кейін – қоғамдық-саяси және ауылшаруашылық әдебиеттерді шығарумен айналысқан.
1920 жылдардың басында қазақстандық авторлардың оқулықтары, атап айтсақ, А.Байтұрсыновтың «Тіл құралы», М.Жұмабаевтың «Педагогика», М.Дулатовтың «Қирағат кітабы», Е. Омаровтың «Физика», Т.Шонановтың «Орысқа қазақ тілін үйреткіш», Ж.Тілеуовтің «Гигиена» және тағы басқа кітаптар жарық көрді. Сол жылдары «Жастар үшін жаңа жол», «Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолы» пьесасы, С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» өлеңдер жинағы, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы, «Қорғансыздың күні» повесі басылып шықты. Аталған кітаптар қазақ көркем әдебиетінің тұңғыш баласы саналды. Б.Майлин, М.Жұмабаев, Ж.Сыздықов және басқа да жазушылар, журналистер, ғалымдар, баспалардың қызметкерлері соғыс алдындағы жылдары кітап шығарудың дамуына айтарлықтай үлес қосты. Қазақ КСР-де кітап ісінің қалыптасуы, 1917 жылдан кейінгі барлық кеңестік республикалардағыдай, бір жағынан, халықтың қаһармандық, жанқиярлық еңбегімен сипатталса, екінші жағынан – басқарудың бюрократиялық жүйесі, демократиялық, гуманистік принциптердің бұзылуы себебінен, авторитарлық сипатқа ие қайшылықты қоғамдық-саяси жағдайда өтті.
Міне, осылайша еліміздің баспа ісі тарихы қазақ зиялыларының ерен еңбегінің арқасында өз жолын тауып, атын қалыптастырды. Бүгінде елімізде жыл сайын бес мыңнан астам кітап шығарылады, олардың жалпы таралымы шамамен 14 миллион дана. Мың аталымдағы журнал, мың екі жүзден астам аталымдағы газет және баспа өнімінің басқа түрлері жарық көреді. Сондай-ақ, «Атамұра», «Алматыкітап баспасы», «Мектеп», «Жазушы», «Қазақ энциклопедиясы», «Аруна» сияқты корпорациялар ірі баспа үйі ретінде танымал.
Кітап – адамның рухани досы мен жолдасы, жанының азығы. Жаңа технология қарыштап дамып, адамзаттың интернет желісіне тәуелді болған ғасырында да баспа өнімдері өз өзектілігін жоймай келеді. Кітаптың бізге дейін де қоғамның үлкен сұранысында болғанын ескерсек, бізден кейін де бұл мәртебесінен түспейтіні анық.
- ©El.kz ақпараттық-танымдық порталы
- Автор: Назерке Чакирбаева
- Фото: pixabay.com, tilalemi.kz
- Дата: 21.08.2020