bbc.com

Лондондағы Palestine Action қозғалысын қолдаған наразылық кезінде 900-ге жуық адам ұсталды

Лондонда Palestine Action ұйымына тыйым салынуына қарсы өткен наразылық акциясында 890 адам ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ВВС-дің жазуынша, сенбі күні кешке полиция алдымен 425 адамның ұсталғанын хабарлаған, алайда түпкілікті есеп бойынша олардың саны 890-ға жетті. Айта кетейік, бір ай бұрын өткен ұқсас акцияда 474 адам қамауға алынған болатын.

Наразылық шарасын Defend Our Juries («Біздің қазылар алқасын қорғайық») тобы ұйымдастырды. Олардың дерегінше, Парламент алаңына 1500-ге жуық адам жиналған. Ұсталғандардың басым бөлігі — Ұлыбританияда терроризмге қарсы заң аясында тыйым салынған Palestine Action ұйымын қолдағандар. Полицияның хабарлауынша, көптеген тұтқындаулар наразылық бейбіт сипаттан шығып, күш қолдану орын алғаннан кейін жасалған.

Ресми мәлімет бойынша, 857 адам Palestine Action-ды қолдағаны үшін қамауға алынса, тағы 33 адам өзге құқық бұзушылықтар үшін ұсталды. Олардың ішінде 17-і полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған.

Акция күндізгі сағат 13:00-де басталған. Қатысушылардың кейбірі қолдарына «Мен геноцидке қарсымын. Мен Palestine Action-ды қолдаймын» деген ұран жазылған плакаттар ұстап шыққан. Осыдан кейін полиция оларды біртіндеп ұстауға кірісті.