Жаңалықтар

Әлинұр Хамзин «Славян базары» фестивалінің лауреаты атанды

Байқаудың алғашқы күні жерлесіміз Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазағым-ай» әнін орындады
Әлинұр Хамзин «Славян базары» фестивалінің лауреаты атанды
Фото: inform.kz 16.07.2022 16:41 2233

Қазақстандық 12 жасар Әлинұр Хамзин музыкалық «Славян базары» халықаралық фестивалінің лауреаты атанып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталды, – деп хабарлайды El.kz.

Байқаудың алғашқы күні жерлесіміз Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазағым-ай» әнін орындады. Әділқазы мүшелері Әлинұрдың өнерін жоғары бағалап, 70 ұпай берді.

Жарыстың екінші күні жас өнерпаз Смоки Робинсонның Who's Lovin' You әнін шырқады. Әлинұрдың өнерін қазылар 68 ұпайға бағалады. Қорытындылай келгенде жас әнші 138 ұпай жинады. Айта кетейік, «Славян базары» фестивалінің биылғы жеңімпазы беларустық Елисей Касич атанды. Әлинұр Хамзин 2010 жылы Орал қаласында дүниеге келген.

Бүгінде қаладағы № 27 мектеп пен №1 музыкалық мектебінде білім алып жатыр. Соңғы 5 жыл бойы республикалық, халықаралық байқаулар мен тележобаларға қатысып келеді. Соның ішінде Парижде өткен Junior Eurovision байқауы мен Ташкентте өткен «Роза востока» атты халықаралық сайысы да бар.

Одан бөлек, оралдық өнерпаз «Бала дауысы» тележобасы және «Алтын микрофон» халықаралық вокал байқауының дипломанты. Сол сияқты Boztorgai, Baqytty bala халықаралық ән байқауларының қатысушысы. Димаш Құбайберген атындағы Dears арнайы сыйлығының иегері.

Бұған дейін Витебскідегі Славян базары» XXXI халықаралық өнер фестивалінің «Витебск-2022» эстрада әншілерінің халықаралық байқауында Ерік Төленов (сахналық есімі Kyle Ruh), ал балалар байқауы аясында Алинұр Хамзин өнер көрсететіні туралы хабарлаған едік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға