коллаж El.kz

Лимон мен зәйтүн: көктем-жаз маусымындағы басты трендтер

05.03.2026 14:20

Биыл көктем-жаз маусымы түс жағынан ерекше болғалы тұр. Әлемдік подиумдарды саралаған сән мамандары осы маусымда дизайнерлер бір ғана жыл түсін таңдамай, түрлі реңкті еркін араластырып, күрделі әрі көпқабатты палитраға көбірек көңіл бөлгенін айтады. Бұған дейін сән индустриясында белгілі бір кезеңде бір ғана түс ерекшеленетін. Мәселен, кейінгі жылдары Barbie стиліндегі қызғылт, қышқыл неон түстер немесе кремді сарғыш реңк сән сахнасында жиі кездескен еді. Ал 2026 жылы дизайнерлер бұл бағыттан біршама алыстап, түстердің алуан түрлі үйлесіміне басымдық беріп отыр.

Сән көрсетілімдерінде color-blocking әдісі қайтадан кең қолданысқа енді. Бұл тәсіл бір образда бірнеше қанық түсті біріктіреді. Көк пен сары, қызыл мен жасыл, лимон реңкі мен апельсин түсін қатар қолдану – жаңа маусымның сәнді тәсіліне айналды. Мұндай стиль бір жағынан 80-жылдардағы сән үлгісін еске салса, екінші жағынан заманауи, еркін әрі экспериментке толы сән философиясын көрсетеді. Pantone институты 2026 жылдың басты түсі ретінде ақшыл «Cloud Dancer» реңкін атағанымен, подиумдардағы көрініс әлдеқайда жарқын әрі көңілді палитраны көрсетіп отыр.

Жаңа маусымның түс палитрасын дизайнерлер кейде тіпті «дәмді» деп сипаттайды. Себебі тренд түстердің атауы да (апельсин, лимон, зәйтүн, құлпынай карамелі) ас мәзірін еске салады. Осы реңктің барлығы сән әлеміне сергектік пен қуаныш сыйлап, гардеробты жаңа энергиямен толықтырады.

Фото: Viled

Көктем-жаз маусымында ерекше көзге түсетін түстердің бірі – ашық сары. Подиумда осы түс күн сәулесіндей әсер қалдырды. Кейбір брендтер нәзік лимон реңкін ұсынса, енді біреулері қанық канарей сарысын таңдады. Aje топтамасында ұсынылған жеңіл лимон түстес киімдер ерекше әсер қалдырса, Saint Laurent коллекцияларында сары түс айқын көзге түсті. Бұл реңк жеңіл зығыр матадан тігілген жазғы киімдерде де, жұмсақ былғарыдан жасалған аксессуарларда да өте үйлесімді көрінеді. Сары түс образға жылылық пен қуаныш сыйлап, жаздың жақындап келе жатқанын сездіретіндей әсер береді.

Фото: Viled

Сән сахнасында бірнеше маусым қатарынан өз орнын сақтап келе жатқан түс – қызғылт. Бұл реңкті дизайнерлер әр маусымда жаңа қырынан ашып жатыр. Кейінгі он шақты маусымда қызғылт түс подиумнан түскен емес. Оның танымал болуының сыры – нәзік әрі әмбебап комбинация. Стилисттердің айтуынша, қызғылт реңк терінің табиғи реңкін жұмсақ көрсетіп, өңін ашады. Сондықтан мұндай түстер жақсы  әсер қалдырады. Мысалы, құлпынай балмұздағы түстес көйлек романтикалық кездесуге жарасса, раушан гүлінің нәзік реңкі бар жейде іскерлік кездесуде де стильді көрінеді.

2026 жылдың көктем-жаз маусымында қызғылт сары түсті киім сатып алсаңыз, өкінбейсіз. Бұл реңк сән әлемінде бірден бетбұрыс әкелді. Кейінгі уақытта сән индустриясы ғана емес, поп-мәдениет те осы түске ерекше көңіл бөліп отыр.

Фото: Getty Images

Мәселен, 2025 жылдың соңында актер Тимоти Шаламе мен Кайли Дженнер қызыл кілемге ашық қызғылт сары киіммен шыққанда бұл образ әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Кейбіреулер тіпті оларды жаңа iPhone түсімен салыстырып, әзілге айналдырды. Алайда сән сарапшылары бұл құбылысты жаңа трендтің белгісі ретінде бағалады. Saint Laurent сән үйінің коллекциясында апельсин реңкі ерекше стильмен ұсынылды. Француз дизайнерлері бұл түсті тым ашық емес, күнге күйгендей жұмсақ әрі жылы реңк деп көрсетті. Қалай болғанда да, қызғылт сары түс образда бірден көзге түсетін акцентке айналады.

Жасыл түстер палитрасында да жаңа бағыт байқалады. Бұрын сән сахнасында зүбаржат немесе жалбыз түстес реңк жиі кездессе, 2026 жылы нефрит немесе зәйтүнге жақын табиғи жасыл түстер алдыңғы қатарға шықты. Бұл түс сабырлы әрі табиғи әсер береді. Стилисттердің айтуынша, гардеробтағы классикалық сұр түсті киімдерді дәл осы реңкпен алмастыруға болады. Мысалы, күнделікті футболка, пальто, костюм шалбары немесе кроссовка сияқты базалық киімдер нефрит жасыл түсте әлдеқайда сергек әрі стильді көрінеді. Осындай өзгерістің өзі қарапайым образды мүлде жаңа қырынан ашады.

Фото: Viled

Ал сәннен ешқашан кетпейтін түстердің бірі – қызыл. Бұл реңк кез келген маусымда өз орнын сақтап келеді. Алайда 2026 жылдың көктем-жаз топтамаларында қызыл бұрынғыдан да көп қолданылады. Дизайнерлер оны түрлі материалдармен, қалың твид пен барқыттан бастап, жібек, жеңіл шифон, тіпті қауырсынмен безендірілген сәнді көйлектерге дейін ұштастырды. Сонымен қатар биыл сән әлемінде қызыл түске деген қызығушылықтың артуына атақты италиялық дизайнер Валентино Гаравани есімімен байланысты классикалық red Valentino реңкі де әсер етті. Оның сән индустриясындағы ықпалы бұл түсті шынайы сән символына айналдырды. Көптеген брендтер қызанақ түстес реңкті таңдаса, кейбір дизайнерлер апельсин трендіне жақын жылы коралл және сәбіз түсін де белсенді қолдана бастады.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың көктем-жаз маусымындағы түс палитрасы бұрынғыдан әлдеқайда бай әрі батыл. Дизайнерлер сән арқылы адамдардың көңіл күйін көтеріп, энергия сыйлауды мақсат еткендей. Түрлі түстердің үйлесімі, күтпеген комбинациялар мен жарқын реңк гардеробты жаңаша көрсетеді. Бұл маусымда басты қағида – түстерден қорықпау, оларды еркін араластырып, өз стиліңді батыл көрсету. Сән әлемі биыл дәл осындай шығармашылық еркіндік пен көңілді көңіл күйді ұсынады.