Жаңалықтар

Әлихан Бөкейханға арналған пошта маркасы жарық көрді

тұсаукесер рәсімі
25.07.2016 09:47 4693

Әлихан Бөкейханға арналған пошта маркасы жарық көрді

«Ақ жол» партиясы Орталық аппаратының бас ғимаратында Ә.Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы құрметіне арналған «Естелік және мерейтойлық күндер» сериялық пошта маркаларының тұсаукесер рәсімі болып өтті.  Алаш көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ ұлттық Алашорда үкіметінің басшысы, ғалым, публицист Әлихан Бөкейхан бейнеленген пошта маркаларын шығаруды «Ақ жол» партиясы мен «Қазпочта» АҚ бірлесіп ұйымдастырып отыр.  Салтанатты шараға «Ақ жол» партиясы мүшелері, «Қазпошта» АҚ өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Әлихан Бөкейханға арналған пошта маркасы жарық көрді

«Бүгінгі пошта маркасын әзірлеу жобасын «Ақ жол» демократиялық партиясы «Қазпошта» АҚ-на былтыр ұсыныс ретінде хат жолдап, соны іске асыруға қолдау көрсететінін үндеген болатынбыз», –деді салтанатты жиынды ашқан «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. Сондай-ақ партия төрағасы Алаш көсемі, саңлақ саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан атындағы пошта маркасының «Қазпошта» АҚ тарапынан қолдау тапқанын, номиналы 5 теңгелік пошталық маркалар «ҚР Ұлттық Банкі Банкнот фабрикасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынында басылып шыққанын да тілге тиек етті.  Алаш партиясының идеясын ұстанып, ізін жалғастырып келе жатқан «Ақ жол» партиясы ұлттық идеяның шамшырағы десек те болады. Өткен жылы Париж қаласында өткен ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-інші сессиясында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын атап өту туралы қаулы қабылданғаны белгілі. Содан бері «Ақжол» партиясы ұлт көшбасшысының мерейтойын ұлықтауда ұлы істерге жәрдемші болып, «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқау ұйымдастырды. Алаш ардақтысының рухына құрмет жасап, ас берді. Одан қалды ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып, кітап шығаруды да қолға алып отыр. «Ақжол» партиясы Алаш идеясы мен оның бай мұрағатына мейлінше көңіл аударып, тыңғылықты жұмыс атқарып келе жатқан партия екенін баяғыдан дәлелдеген. 

Әлихан Бөкейханға арналған пошта маркасы жарық көрді

«Біздің партиямыз – ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамын біртіндеп өркениеттің озық жетістіктерімен ақылға қонымды ұштастыру негізінде сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді мақсат еткен «Алаш» қозғалысы ізбасарларының бірі». Бұл туралы 2011 жылдың 2 шілдесінде «Ақ жол» партиясының жаңа көшбасшысы болып сайланған Азат Перуашев «Ақ жол» ҚДП VІІІ съезінде айтқан болатын. «Ақ жол» партиясы – кешегі «Алаш» партиясының рухани ізбасары ретінде Қазақ елі тәуелсіздігін ту етіп көтерген партия. Қазақтың бостандығы үшін күрескен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты ұлы тұлғалар бастаған ізгі жолды жалғастырып отырған партия», – деді А. Перуашев осыдан бес жыл бұрын өткен партия съезінде. Рухани отырыста алаштанушы ғалымдар Сұлтан Хан Аққұлы, Ербол Тілешов, Сағымбай Жұмағұлов, қоғам қайраткерлері Кенжеболат Жолдыбай, Қайырбек Сәдуақасов, Әлихан Бөкейханның туысқаны Асылхан Тілеуқабыл, «Қазпошта» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Сәуле Егембердиева, «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы Сәбит Байдалы сөз сөйлеп, Әлихан Бөкейханның биылғы 150 жылдығына және келесі жылғы Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толатынына орай ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.  «Ақ жол» партиясы әр уақытта Алаш идеясын біртұтас қазақ идеясы ретінде ұғынып, 2015-2020 жылдарға арналған Алаш бағдарламасын әзірледі. Бұл туралы бүгінгі пошта маркасының тұсаукесер салтанатында партияның бас идеологі Сәбит Байдалы тоқталып өтті.

Әлихан Бөкейханға арналған пошта маркасы жарық көрді

«Қазақ елі тарихындағы маңызды даталар ретінде, биылғы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы болса, келесісі Алаш партиясының 100 жылдық мерейтойлары аталып өтіледі. Сол себепті «Ақ жол» партиясы өзін Алаш партиясының ізбасарыларының бірі деп жарияланғаннан кейін Алаш қозғалысының идеялық мұраларын бүгінгі күннің кәдесіне жаратып, бағытын көздеп, мұны жауапты да маңызды мәселе мәртебелі іс деп санадық. Осы бес жыл көлемінде бұл жұмысты мейлінше жүйелеп, жоспарлы түрде атқаруға тырыстық. «Ақжол» партиясы 2015-2020 жылдар аралығындағы «Алаш бағдарламасын» қабылдады. Онда көрсетілген бағдармалық бағыттар бойынша біртіндеп қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған пошта маркасының айналысқа енуінің рәсімін жасайық деп отырмыз. «Қазпошта» ұжымына, бүгінгі маңызды рухани шараға төбе көрсетуге келген сіздердің барлықтарыңызға алғыс білдіреміз. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерттеп, жұртшылыққа, әсіресе жас ұрпаққа таныту керекпіз деген пікірді Парламент мәжілісінің мінберінен де бірінші айтқан «Ақжол» партиясы болатын», – деді С. Байдалы.  Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ атақты қазақ ғалымдары мен ойшылдарына арналған «Естелік және мерейтойлық» почталық маркаларды айналымға енгізу жобасында «Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл», «Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл» тақырыбында да почталық марка әзірлеген болатын. Шара барысында 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығы тойланбақ, осы атаулы датағада почталық марка әзірлеу ұсынысын шараға қатысушылар «Қазпошта» өкілдеріне айтып өтті.


Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға