Жаңалықтар

Әлихан Смайылов: Елімізде жылдық инфляция 16%-тен асып кетті

Өңір әкімдіктеріне мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыруға тапсырма берді
Әлихан Смайылов: Елімізде жылдық инфляция   16%-тен асып кетті
Фото: primeminister.kz 13.09.2022 10:39 1199

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz

«Биылғы жылдың сегіз айында экономиканың өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда    3,1%-ті құрады. Экономикалық өсудің негізгі драйверлері – өңдеу өнеркәсібі 4,8%, машина жасау 8%-ке жуық, оның ішінде автомобиль жасау 18%-тен астам, локомотивтер мен вагондарды қосқанда, басқа да көлік құралдарының өндірісі 11,5%-ке өсті», - деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, өңдеуші секторда химия өнеркәсібі 12%-ке, жеңіл өнеркәсіп 7,5%-ке, металлургия – 5%-тен астам   және мұнай өңдеу 4%-ке өсіп, жоғары динамиканы көрсетті.

«Тау-кен өнеркәсібінде көмір өндіру 2,2%-ке, табиғи газ өндіру 3%-ке және кен өндіру 5%-тен астам ұлғайып, тұрақты өсім тіркеліп отыр. Құрылыс секторында 7,5%-ке жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді және 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығында 4,3% тұрақты өсім қалыптасты. Қызмет көрсету саласында сауда 5,2%-ке, көлік 5,5%-ке және байланыс 6,6%-ке өсті», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, 8 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіштер Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында өсіп отыр.

«Сонымен қатар, тамыз айының қорытындысы бойынша елімізде жылдық инфляция 16%-тен асып кетті. Өңір әкімдіктері мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерінің өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейту қажет», - деді Премьер-Министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға