Әлихан Смайылов қант саласын дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді
Әлихан Смайылов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен нарықты отандық өнімдермен толықтырудың Үкіметтің стратегиялық міндеті екенін айтып өтті, деп хабарлайды El.kz Үкіметке сілтеме жасап.
«Қалыптасқан жағдай кейбір тауарлық позициялар бойынша, әсіресе қант нарығында проблемалардың бар екенін көрсетті. Біз қант тапшылығы мен оның қымбаттауына қатысты халықтың наразылығын көріп отырмыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы тарапынан да әділ сын айтылды. Осыған байланысты аталған саланы дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленді», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов бірінші кезекте қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтты. Ол үшін егіс алқаптарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есе арттыру жоспарланып отыр.
«Бұл алдағы бес жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Үкімет басшысы.
Одан бөлек, Премьер-Министрдің айтуынша, қант зауыттарын барынша жаңғыртып, олардың өндірістік қуатын арттыру қажет.
«Жалпы қантпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақталды. Қанттың қажетті қоры бар. Дүрлігуге жол бермеу үшін қант бағасына қатысты түрлі манипуляциялардың алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Сөз соңында Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспарды толық көлемде орындауды тапсырды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, қант зауыттарын жаңғырту және шикізат сатып алуға айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікпен кредит беру мәселесін пысықтау тапсырылды.
Одан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Павлодар облысының әкімдігімен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, өңірде қант қызылшасы өндірісінің көлемін кеңейту шараларын қабылдап, Павлодар облысында жаңа қант зауытын салу мәселесін пысықтау тапсырылды.
Сауда және интеграция министрлігіне ішкі нарықты демпингтен қорғау үшін қантқа ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеу мәселесін пысықтау тапсырылды.