Қытайдың Lixiang (Li Auto) компаниясы үшін биылғы үшінші тоқсан сәтсіз өтті. Өндіруші 2025 жылдың үшінші жартысында шығынға батқанын мәлімдеп, соңғы рет мұндай жағдай 2022 жылы болғанын еске салды. Компанияның айтуынша, мұндай нәтижеге көліктердің сұранысы төмендеуі және Mega электровэніне қатысты қымбат сервистік жұмыстар себеп болып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл кезеңде компания 624 млн юань (шамамен 46 млрд теңге) шығынға ұшырады. Ал бір жыл бұрын дәл осы уақытта Lixiang 2,8 млрд юань (205 млрд теңге) пайда тапқан болатын. Тіпті 2025 жылдың екінші тоқсанында да компания 1,1 млрд юань табыс көрген еді.
Сатылым көлемі де айтарлықтай азайды. Үшінші тоқсанда Li Auto 93 200 көлік өткізді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға төмен. Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда сатылым 16 пайызға кеміді. Нәтижесінде компанияның жалпы табысы 37,4 пайызға қысқарған.
Мәселенің бір бөлігі Mega моделіне қатысты сервистік кампаниядан туындады. Бір көліктің өртенуінен кейін жүргізілген тексеріс барысында батареядан ақау табылып, 2024 жылы шығарылған 11 400 вэн қайта жөнделді. Бұл жұмыстарға компания 1,1 млрд юань жұмсаған.
Lixiang төртінші тоқсанда жағдай жақсарады деген үмітте. Компания 100-110 мың көлік сатуды жоспарлап отыр. Бұл өткен тоқсанға қарағанда жақсырақ болғанымен, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 30-37 пайызға төмен. Сонымен қатар кіріс көлемі де 34-40 пайыз шамасында азаяды деп болжануда.

