Жаңалықтар

«ЛГБТ ұйымына келгенде тәртіп қауқарсыз». Ринат Зайытов феминита қауымдастығы жайлы айтты

«ЛГБТ ұйымына келгенде тәртіп қауқарсыз». Ринат Зайытов феминита қауымдастығы жайлы айтты
Фото: Ринат Зайытовтың жеке парақшасынан 09.10.2024 16:14 370

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ЛГБТ мен феминита қауымдастығы жайлы айтып, депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі жолданатын сауал – шегіне жеткен шыдамның, тапталудан төзімі таусылған намыстың, ащы дауысы деп түсініңіздер. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғалы есігінен доc та, дұшпан да еркін кіре бастады. Ол жасырын емес. Доспен табысып, бауырымыз бүтінделді деп қуанғанымызбен, арам пиғылдарын іске асыруға келген дұшпандар, жанымызды ауыртып жүрегімізді жұлуға сәл қалып тұр. Солардың бірегейі қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминита қауымдастығы, - деді мәжілісмен.

Ринат Зайытовтың сөзінше, азғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген  ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі.

Өйткені, аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмаған ұл-қыздарымызға өз насихаттарын ашық жүргізгенде, Алматының көшелерінде өрімдей жастарды жинап алып митинг өткізгенде де, ашық сұхбаттарда басқасын былай қойып тіпті 2 аптада 50 мыңнан астам қол жинаған Бағила Балғабаеваның бастамасымен жазылған петицияға да дабыл қағып әрқайсысына 11 Мәжіліс депутаты қол қойып, сауал жолдағанда да құқық қорғау органдары саусақ қозғалтқан жоқ. Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?!, - деді ол.

Депутат мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық құрылтайының маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита қауымдастығына тоқтау болмай тұрғандығына алаңдаулы.

Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не? Сонда қалай?! Әншейінде кез-келген мәселені май шаммен қарайтын құқық қорғау органдары, ЛГБТ ұйымына келгенде «тәртіпті қауқарсыз» бола қала ма? «Малғұннан асқан мыстан жоқ, азғыннан асқан дұшпан жоқ, – екенін естеріңізге тағы салайын ендеше, - деді мәжілісмен.

Ринат Зайытов осылайша премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап осы мәселені ескеруін сұрады.

Құрметті Олжас Абайұлы! Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Сізден Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» № 31 Заңының 1 бабына сәйкес феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуларыңызды талап етеміз, - деді Зайытов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға