Көмірді мобильді қосымша арқылы сатып алуға болады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, әлеуметтік көмірді бірқатар қаржы және сауда ұйымының мобильдік қосымшалары арқылы сатуды ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz
Бүгін Halyk Bank-пен бірлесіп, пилоттық режимде Halyk Market-те «Каз Интер Көмір» ЖШС-нің қатты отынын сату іске қосылды. Бұл кәсіпорын Қостанай облысының 10 ауданын көмірмен қамтып отырған өңірлік оператор болып саналады.
Мобильді қосымша арқылы сату нүктесін, көмірдің қажетті маркасын және көлемін таңдау мүмкіндігі бар. Сонымен бірге онлайн төлем жасап, тауарды 3 айдан 6 айға дейін бөліп төлеуге де болады.
Аталған заманауи шешім қатты отынды тікелей және кезексіз сатып алуға, сондай-ақ халықтың жылыту маусымына дайындығын айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Тиісті жұмыстар басқа да өңірлерде жүргізіледі. Қазіргі уақытта аталған платформаға Алматы қаласындағы көмір операторы да қосылып жатыр.