Жаңалықтар

Ленин ескерткішін жөндеуге ақша бөлген әкім қызметінен кетті

Ленин ескерткішін жөндеуге ақша бөлген әкім қызметінен кетті
Фото: instagram/gde_novosti_uka 08.09.2023 12:55 1276

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының әкімі Ернар Мұстафин өз еркімен лауазымынан бас тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ленин ескерткішін абаттандыруға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 1 млн 400 мың теңге бөлініп, «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР заңына сәйкес конкурс жарияланғаны мәлім болған еді. Үш рет жүргізілген конкурстық рәсімдерден соң мердігер компания анықталған. Ол 15 тамызда жұмысқа кіріскен. Алайда, ккі күннен кейін Лениннің ескерткіші құлап, қирап қалды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиевтың айтуынша, аймақ басшысы Ермек Көшербаев бұл өтінішке қол қойды. Енді оның орнына Алтай ауданы әкімінің міндетін Ренат Құрмамбаев атқарады.

Айта кетейік, Ернар Мұстафин 2022 жылдың қыркүйек айында әкім болды. Осы лауазымда бір жылға жуық қызмет еткен ол өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш берген.

Ренат Тілеуханұлы 1980 жылы 25 қаңтарда Катонқарағай ауданында дүниеге келген. «Инженер-педагог» және «заңгер» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 1998 жылы Катонқарағай ауданы Жаңауыл орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Мемлекеттік қызметке алғаш рет 2003 жылы Катонқарағай ауданының жастармен жұмыс жөніндегі мәдениет бөлімінің бас маманы болып орналасты.

2019-2021 жылдары Катонқарағай ауданының әкімі болып қызмет етті. Осыдан бір ай бұрын Алтай ауданы әкімнің орынбасары болып тағайындалған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға