Әлемде коронавирустық инфекцияның жаңа жағдайларының саны 4,2 миллионнан асты
Әлемде коронавирустық инфекцияның жаңа жағдайларының саны 4,2 миллионнан асты. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 800 мыңға көп, – деп хабарлайды El.kz порталы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-қа сілтеме жасап.
Ковид ауруына шалдығу көрсеткіші мамырдың екінші жартысындағы деңгейге дейін жетті. Коронавирус салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіштері де бір айда алғаш рет өсті.
Тәулігіне ең көп ауруға шалдығу жағдайлары АҚШ-та тіркелуде. Егер екі апта бұрын инфекцияның таралу қарқыны біршама төмендеген болса, қазір тәулігіне 100 мыңнан астам жаңа жағдай анықтала бастады. Жалпы, соңғы жеті күнде онда шамамен 658 мың вирус жұқтырған адам тіркелді. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 90 мыңға көп.
Германия екінші орында. Онда соңғы күндері 100-120 мың жұқтырған адамды тіркелді. Бір апта ішінде инфекцияның таралу қарқыны бірден бір жарым есеге өсті.
Францияда күнделікті көрсеткіштер 80 мыңға өсіп, үшінші орынға орналасты. Бұл соңғы екі айдағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Бразилияда аурудың күрт өсуі байқалады, онда күн сайын шамамен 70 мың адамға ковид диагнозы қойылады (өткен аптамен салыстырғанда өсім екі есе дерлік көп). Наурыз айының басынан бері елде мұндай жоғары көрсеткіштер байқалмады.
Қазір Италияда тәулігіне 50 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелуде. Бір апта бұрын ковидті жұқтырған шамамен 30 мың адам анықталды.
Жеті күн ішінде COVID-19 салдарынан 9,7 мың адам қайтыс болды, бұл өткен аптаға қарағанда 1 мыңға көп. Өлім-жітім бойынша бірінші орынға Бразилия шықты, онда жеті күнде 1,4 мыңға жуық адам қайтыс болды. Алдыңғы осындай кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есе өсті. Сонымен қатар бұған дейін екі айдан астам уақыт бойы бірінші орында келген АҚШ-та көз жұму жағдайы өсті. Бір апта ішінде онда 1,36 мың өлім деректері тіркелді (алдыңғы жетіде - 1,2 мың).