Латын қарпі, бейпіл сөздер және жалпы – қазақ тілі…
Бұл сұхбатта А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Анар ФАЗЫЛЖАНОВА қазіргі қазақ тілінің жай-күйі, латын қарпіне көшу үдерісі, тіл тазалығы және «Қазақ тілінің ұлттық корпусын» құру идеясына қатысты ойларымен бөліседі.
- Анар Мұратқызы, сізге қояр алғашқы сұрағым, бізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңістігінің даму динамикасын көрсететін карта жасалған ба? Біз оны қайдан көре аламыз?
- Ең алдымен, мына мәселені түсіндіре кетейін. Бүгінде А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтын мемлекеттің тіл саясатын жүзеге асыратын құзырлы орган деп танитындар көп. Бұл «Тіл білімі институты – қазақ тілін зерттейтін бірден-бір ғылыми мекеме» деген пікірді естігеннен кейін қалыптасқан көзқарас болса керек. Шын мәнінде, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыратын, оның еліміздегі қолданыс аясы кеңістігінің даму динамикасын көрсетіп отыратын құзырлы мекемелер – Тіл комитеті, әкімшілік жанындағы Тілдер басқармалары. Ал Тіл білімі институты Қазақстандағы қазақ тіл ғылымының дамуына, оның әлемдік лингвистика, тілтанымдық ой даму көшінен қалмауына жауап беретін, қазақ тілін іргелі және қолданбалы ғылыми бағдарламалар бойынша зерттейтін бірден-бір ғылыми мекеме.
Мемлекеттік тілдің даму динамикасына арналған ғылыми зерттеулер біздің Институтта бұған дейін жүргізіліп келген, қазір де жүргізіліп жатыр. Мысалы, бізде қазақ тілінің қоғамдағы қолданысының әртүрлі деңгейдегі көріністері зерттеледі. Қазіргі қазақ тілінің фонетикадағы, лексикадағы, грамматикадағы, т.б. деңгейлеріндегі өзгерістері тіркеліп зерттеледі. Оның ішінде де барлығы емес, әдеби тіл нормасына енгендері, стандартталғаны ғана Институт шығарған сөздіктерде көрсетіліп қамтылады. Мәселен, фонетикадағы жаңартпалар орфоэпиялық сөздікте, лексикадағы жаңартпалар терминологиялық, түсіндірме, аударма сөздіктерінде беріліп, жұршылыққа ұсынылады. Жалпы, қазақ тілінің дамуы туралы картинаны аналитикалық анықтамалық ретінде жазып, ҚР Ғылым және білім министрлігінің сұрауы бойынша беріп отырамыз. Соңғы берген аналитикалық анықтамалықта біз посткеңестік кезеңдегі қазақ тілінің даму динамикасын тілдің ішкі даму жүйесіндегі өзгерістер арқылы көрсеттік. Ол мәліметтер «Тілтаным» журналында жарияланды.
- Қазақ тілі ең бай тіл деп айтылады, сол бай тілдің ахуалын әлемдегі басқа тілдермен салыстырғанда, қай шамадан көрінеді?
- Қазір «қазақ тілі – бай тіл» деп айту декларацияға, тіпті, кейінгі кезде сәнге де айналып кетті. Осы сөзді айтып жүргендер көбіне тіліміздің байлығын көрсететін нақты параметрлерді айтпай жатады. Тіл маманы болмаған соң, ол кісілерге айып таға алмаймыз. Ал, шын мәнінде қазақ тілінің бай екендігінің қарапайым халыққа түсінікті бір мысалы – оны қазақтың өзі емес, басқа ұлт өкілдерінен шыққан ғалымдардың айтуы, мойындауы. Ең алғаш бұл туралы ғылыми көзқарастарын еуропалық және орыс ориентологтары, мәселен, поляк ғалымы А. Янушкевич, орыстың белгілі шығыстанушысы В. Радлов, түркітанушы С. Маловтар білдірген еді. Бұлар «қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең бай, ең көркем тіл» деген пікірін жай айта салмай, өз ғылыми бақылау нәтижелерімен, тіпті зерттеулерімен дәлелдейді. Мысалы, В.В.Радлов қазақтың алты жастағы баласының алпыс жастағы ақсақал білетін күрделі тілдік конструкциялармен сөйлейтіндігін жазып кеткен. Қазір кез келген мамандар тіл байлығы туралы сөз қозғағанда, осы ғалымдардың пікіріне сілтеме жасайды.
2011 жылы Тіл білімі институты профессор Нұргелді Уәлидің ғылыми жетекшілігімен қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме “Қазақ әдеби тілінің сөздігін” жарыққа шығарды. Сөздікте 93 мыңдай лексикалық бірлік пен 150 мыңдай тіркес қамтылды. Олар халықтың рухани, ғылыми және ақылақтық білімдер жүйесінен ақпарат береді. Бұл енді байлық емей немене?! Әсіресе орыстілді қазақтар, ішінара өзгетілді этнос өкілдері арасында «қазақша үйрену қиын, өйткені формалар өте көп» деген сыңаржақ пікір естіліп жататыны бар. Шынында да, қазақ тілінде әртүрлі мағынаны жеткізу үшін қолданылатын грамматикалық формалар өте көп. Мысалы, есікті жап, есікті жаба ғой, есікті жаба салсаң, игі еді, есікті жапсаң болмай ма, есікті жауып кетші, есікті жауып жіберші, есікті жабыңызшы, есікті жаба салыңызшы, есікті жаба салмас па едіңіз, есікті жаба салсаңыз игі еді, есікті жауып жібере салыңызшы, есікті жаба ғой, есікті жап, есікті жаба сал, есікті жаба салсаң еді, есікті жаба салшы, есікті жаба сала ғойшы, есікті жауып жібере қойшы және бұдан да көп формалармен бір ған қимылға бағыттау дітін білдіруге болады. Бір ғана қимылға итермелейтін сөздің осыншама формасы тұрғанда, қазақ тілі қалайша кедей болады? Себебі, форма алуандығы, сайып келгенде, мазмұн алуандығының белгісі, демек форма көптігі – тіл байлығының тағы бір параметрі. Мұың астарында әр тілге тән прагматика жатқанын байқатады. Форма алуандығы тілдің тыңдаушыға икемдігінің белгісі.
Қазақ тілі – тыңдаушы үшін өте икемді тіл. Мұны профессор Нұргелді Уәлидің ғылыми зерттеулеріне сүйеніп айтып отырмын. Қазақ тілінде алуан түрлі тыңдаушыға арналған алуан түрлі форма мен мағыналық реңктер бар. Ана тіліміздің байлығы оның лексикалық, грамматикалық жүйелерінде жаңадан пайда болған құрылымдармен бірге өте көнеден келе жатқан бірліктердің бар болуымен де өлшенеді. Демек, ана тіліміз – түпкі тамырын жоймаған, керісінше, ғасырлар бойы дамып, модернизацияланып отырған тіл. Бір сөзбен айтқанда, бұл – талай ғасырдың қойнауынан ұпайы ұтылмай шыққан тіл. Қазақ тілі ешқашан оқшауланып, басқа тілдермен әсерлеспей, өзгермей қатып қалған тіл болған емес. Қай заманда да қазақ тілін қалыптастырған тілдік диалектілерде сөйлеген қауымдастықтар тілге сырттан келген әсерден қашпай, керісінше, соны игеріп отырған. Мысалы, иран-тұран көне дәуірі кезіндегі парсы тілінен енген көне кірме сөздер, одан кейінгі тарихи кезеңдердегі моңғол, араб, орыс тілдерінен енген сөздер әлі күнге дейін біздің тілімізде қолданыс тауып келеді. Олар қазақ тілінің негізгі заңдылығы сингармонизм бойынша икемделіп игеріліп кеткені сонша, бір қарағаннан кірме сөз екенін тану тіпті қиын. Бұл ана тіліміздің өміршеңдігін көрсетеді. Ал өміршең тіл деген сөз – сол тілді жасаған халықтың да өміршеңдігін, жаңаруға бейімделу әлеуетінің күшті болғандығын көрсетеді. Ендігі мәселе, біз тіліміздің қадір-қасиетін түсініп, оның ары қарай модернизациялануы үшін ішкі иммунитетін қайтадан жандандыру болып отыр.
- Әдетте, мемлекеттік тілдің өз тұғырына қона алмай отырғандығын еліміздегі қазақ санының аздығына байланысты деп жатады. Қазір бізде демографиялық ахуал жақсарды. Сонда мәселенің түйткілі неде?
- Кез келген тілдің мемлекеттік мәртебе алуы үшін оның бірнеше базасы болуы керек. Бұл мәселені Бақытжан Хасанов, Нұргелді Уәлиев, Эленора Сүлейменова секілді біраз тілтанушы ғалымдар жақсы зерттеп жүр. Тілдің саяси, демографиялық, нормативтік-құқықтық, ғылыми-тілтанымдық базасы болады. Қазіргі қазақ тілінің жағдайына келер болсақ, қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны тәуелсіздік алған кездің алғашқы жылдарындағы ахуалмен салыстырғанда едәуір артты. Бүгінгі таңда еліміздегі оқушылардың 70 пайызы қазақ орта мектептерінде, ал, студенттердің 54 пайызы жоғары оқу орындарының қазақ бөлімдерінде оқиды. Бұл дегеніңіз, осы ұрпақ қоғамның барлық салаларындағы жетекші орындарға келгенде, Елбасының берген тапсырмасы орындалады деген сөз. Яғни, 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 90 пайызға жуығы қазақ тілінде сөйлей алатын болады. Бірақ қазақ тілінде сөйлей алу деген оны жақсы білумен тең емес. Мәселе – осында. Сан көп болғаны жақсы, әрине, енді біз сапа туралы әңгіме қозғауға тиіспіз. Осыған дейін Тіл саясаты жұмсақ болды. Заңда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп бекітілгенмен, әрбір азаматтан оны жетік меңгеру қатаң талап етілген жоқ. Енді қазақ тілін үйренуді қатаң талап етуге көшу керек. Сонда ғана біз сапаға қол жеткізе аламыз. Осы тұста «қазақша сөйлейді деген азаматтарымыз оны қарым-қатынаста қаншалықты жиі қолданады?» деген сұрақ туындайды. Мүмкін олар тек тұрмыста ғана қазақша сөйлейтін шығар. Ал олар өз кәсібіне қатысты қазақ тілінде есеп жаза ала ма, қазақша сұхбат бере ала ма, ол жағына біз бас қатырып жатқан жоқпыз.
- Бұл мәселені қалай реттеуге болады?
- Тіл білімі нституты тарапынан осы мәселеге қатысты бірнеше ұсыныстар айтылды. Ең алдымен, Қазақстандағы филологиялық білім беру ісін реформалау керек. Қазақ тілінің мамандары қоғамда үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бірақ бұрынғы жүйемен білім алып шыққан жас мамандар бүгінгі қоғамның талаптарына жауап бере алмайды. Олар қазақ тілі мамандығын тек мұғалім ретінде оқып шығады, аударма ісін үстірт деңгейде ғана жүргізе алады. Салыстыру үшін айтайын, Ресейдегі М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде бір ғана филология факультетінің ішінде 42 тар бейімді мамандық бар екен. Олар – филолог-экономист, филолог-логопед, филолог-заңгер және т.б. Ал біздің логопедтеріміз баланың тіліндегі мүкісті қалпына келтірудің жолдарын орыс тілінің негізінде оқиды. Қазақ дыбыстарын айтуды үйрететін логопедтер жоқтың қасы. Сауатты кадр дайындап алмай, біз қоғамның сұранысына жауап бере алмаймыз.
- Сауатты кадр демекші, таяуда өткізілген бір дөңгелек үстелде сіздер «қазақ тіліндегі жарнамашы» деген жаңа мамандықтың қажет екендігін айтып қалдыңыздар.
- Иә, қазір бізде менеджер-лингвистер жоқ. Жарнамалар алдымен орыс тілінде жазылып, содан кейін барып қазақ тіліне аударылады. Қазақша ойлайтын, дүниені қазақша таныған тұтынушылар жарнама мәтінін қазақ тілінде жазатын сауатты маманға зәру. Бұл мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарында «қазақ тіліндегі жарнамашы» деген тар бейімді мамандық оқытылуы қажет. Санасындағы құндылықтар жарнамада көрсетіліп, тауармен байланыстырылған жағдайда ғана тұтынушының қызығушылығы оянады.
Осы тұста айта кететін тағы бір жайт, біздің еліміздегі ағылшын тілінің мамандары қазақ балаларына сабақты орыс тілінің негізінде үйретеді. Олар қазақ және ағылшын тілдерінің грамматикалық формаларын салыстыра алмайды. Ал, орыс тілінің мамандары қазақ балаларына орыс тілін үйретіп жатқанда, сабақты қазақ тіліндегі құбылыстармен параллель жүргізе алмайды. Мінеки, осындай мәселелерді шешу үшін біздегі білім жүйесінде қазіргі заманға лайықты икемдеулер жүргізілуі тиіс.
- Кезінде «Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алса да, қоғамның барлық саласында терең қолданылмай отырғандығының себебі оның тікелей өзіне байланысты» деп пікір айтушылар көп болды. Сіздіңше, бар гәп тілдің өзінде ме, әлде?
- Бір кездері мұндай пікірлер көп айтылғанымен, қазір оны айтушылардың саны сиреп қалды, тіпті мүлде жоқ десе де болады. Тілді зерттеп жүрген ғалымдарымыздың бұған қатысты айтары мынадай: қазақ тілінде мін жоқ, мөлдіреп тұр. Оның сөзжасамдық әлеуеті де өте жоғары. Алайда, жаңа сөз жасап, ұғымдарға қазақша атау беретін тұтынушылар, тіл иелері тәрбиеленіп шықпай жатыр. Сондықтан, мен сұхбаттарымда профессор Нұргелді Уәлидің «Эскимос тілінің құрып кетуіне эскимостардың өзі кінәлі» деген сөзін жиі қайталаймын. Эскимостар мен қазақтардың мәртебесін салыстыруға келмейді, әрине. Қазір біз аздаған күш жұмсасақ, қазақ тілінің жағдайы жаңа деңгейге көтерілейін деп тұр.
- Басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлеуі заңдылықтан гөрі таңғаларлық құбылыс ретінде қабылданатындығын ғалым ретінде қалай қабылдайсыз?
- Қазақтың бұған таңғаларлық құбылыс ретінде қарауын теріс бағаламаймын. Тіл үйретуші ретінде айтарым, бұл – өте қажет психологиялық жағдаят. Ол болмаса, қазақ тілін үйреніп жүрген жандарда үлкен психологиялық барьер болар еді. Кеңес өкіметінің тұсында қазақтардың ұлтсыздандыру саясатынан қатты жапа шеккен ұлт болғанын тарихшыларымыз жан-жақты дәлелдеп жазып жатыр. Тіпті, Д.Қонаевтың тұсында «Алматыдағы қазақтардың саны 18 пайыздан аспауы керек» деген Мәскеуден шығарылып, қадағаланып отырған қаулы болғаны да белгілі. Енді қараңыз, ұлттың көш бастайтын элитасы қай жерде қалыптасады? Егер ең үлкен қаламыз Алматыдағы қазақ ұлтының үлестік салмағы аз болса, қазақтілді зиялы қауым өкілдерінің үлесі қандай болғанын ойлай беріңіз? Осындай зардаптардың біздің санамызда сақталып қалғаны соншалық, қазір басқа ұлт өкілдері қазақша сөйлеп жатса, балаша қуанамыз. Бұны теріс құбылыс деп балағай алмйтынымыз да сондықтан. Бірақ өзгетілді Қазақстан азаматтарының «мемлекеттік тілді меңгерудің маған еш қажеті жоқ» деген көзқарасымен күресуіміз керек. Қазір мені «үштұғырлы тіл саясатын» желеу етіп алып, «мектептерде жаратылыстану пәндерін оқушыларға ағылшын тілінде оқыту керек» деушілердің көбейгендігі алаңдатады. Осы тәжірибені қазір жүзеге асырып отырған эксперименттік мектептер де бар. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, қазақтың жаңа ұрпағы санасында «қазақ тілі тек гуманитарлық білімдерді жеткізеді де, ал жаратылыстанушылық, техникалық білімдерді жеткізуге дәрменсіз, қауқары жоқ» деген теріс түсінік қалыптасады. Ал бұл өз кезегінде ұлттық бірегейлік үшін қауіпті жағдай туғызатыны ғылымда дәлелденген. Сондықтан үштілділік мәселесінде байыпты зерттеулер жетіспей жатқанын айтқымыз келеді, тіл нәзік жүйе, сана мен мәдениет, зият пен адам психикасы, ұлттық менталитет пен таным (когниция) сияқты күрделі процестермен тығыз байланыстағы, олармен өріліп жатқан құбылыс екенін ескерсек, үштілділікте ұлттық мүддемізге нұқсан келтіріп алмауды ойлап, абайлағанымыз жөн. Осы мәселеге қатысты арнайы жүргізген алғашқы зерттеуімнің өзі қаншама күрделі мәселелерді түгендеп берді. Ең бастысы, тіл саясатында үштлділікті ұстанған мемлекеттер ең алдымен ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтынын анықтадық, үштілділіктің ішінде, сөзсіз, ресми тіл немесе мемлекеттік тіл басқа компоненттері негізінде дамытылуы көзделеді екен барлық көптілді елдерде. Осы жағын қарастырып, байыпты зерттеу нәтижелерін алмай, асығыс шешімдер жасамау керек деп санаймын. Өскелең ұрпақтың әр тілді там-тұмдап білгені, яғни бір салада бір тілді, екінші салада екінші тілді білгені емес, олардың әрқайсысын қоғамның барлық саласында қолдана алатындай толыққанды меңгергені маңызды. Әйтпесе, көп тіл иелері тек «жартытілділікпен» («полуязычие») шектеледі.
- Тіл тазалығына қатысты проблемалар тек біздің тілімізге ғана тән бе?
- Жоқ, десе де қоғамда мұны тек біздің елде ғана бар проблема деп ойлайтындар аз емес. Бірақ бұл жаһандану үдерісінің барлық тілге тигізген теріс әсері десек болады. Ағылшын ғалымдары «ағылшын тілі құрып барады, тілімізде небір жаргондар мен слэнгтер, әсіресе канцеляризмдер қаптап кетті» деп дабыл қағып жатыр. Өзіңіз жақсы білесіз, бүгінде ағылшын тілінде сөйлейтін адамдардың саны жер бетіндегі ең көп тілдік қауымдастықты құрап отыр.
Мұндай мәселені шешудің жүйелі іс-шараларының кешені жасалуы тиіс. Соның бірі ретінде ғана кәсіби мекемеге тілтанушыларды шақырып, арнайы курстар ұйымдастыруды ұсына аламын. Мысалы, белгілі ғалым, академик Рәбиға Сыздықова апайымыз кезінде М. Әуезов атындағы драма театрының әртістеріне қазақ ауызша сөз, сахна сөзі мәдениетінен арнайы курстар өткізді. Ол дәрістердің пайдалы болғанын әртістер көпке дейін мақтап айтып жүрді. Тіл бүгінгі қоғамдағы кәсіби біліктіліктің бір параметрі болып саналуы тиіс. Сондықтан, курстарға барған әрбір адам «қазақ тілін үйреніп жатырмын» деп емес, «өзімнің кәсібіме қатысты білім алып отырмын» деп сезінуі, түсінуі керек.
- «Қазақ тілінің ұлттық корпусын» құру туралы идеяны көп жерде айтып жүрсіз. «Ұлттық корпус» деген ұғымды әзірше көп адамдар біле бермейді. Осы жөнінде ақпарат бере кетсеңіз.
- Алдымен, бұл мәселені Асқар Жұбанов, Элеонора Сүлейменова секілді танымал тілтанушы ғалымдарымыз бұрыннан көтеріп келе жатқанын айта кетейін. «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» дегеніміз – қазақ тілінде шыққан, барлық графикалармен жарияланған және аннотацияланған мәтіндердің электрондық базасы. Көз алдыңызға елестетіңізші, онлайн режимге қосылған кезде Орхон жазбаларынан бастап қазіргі кирил жазуындағы миллиондаған қазақ мәтіндеріндегі қаншама тілдік/тілдік емес ақпарат сіздің құзырыңызда болады. Ал аннотациялау дегеніміз – мәтіннің әрбір жеке сөзіне “паспорт” жасау. Мысалы, бір сөздің қазақ тілінде қандай мағына білдіретіні, оның дыбыстық құрамы, ауыспалы мағынасы қандай, оған қандай сөздер тіркесе алады, осы сияқты жан-жақты ақпарат жазылады. Ол аз болғандай, корпустан сол сөз қай мәтіннің ішінде қолданылып тұрғанын да біле аласыз. Ұлттық корпус сіз іздеген сөздің әлдебір романда, тілшінің мақаласында, ресми құжатта және өзге де материалдарда кездесетінін де алдыңызға жайып салады. Сонымен қатар, мұнда әрбір құжаттың сипаттамасы да қоса беріледі, мақаланың қай жерде, қандай стильде жарияланғаны, авторының аты-жөні, жынысы, барлығы жазылады.
- Енді осы тамаша идеяны жүзеге асыруға не кедергі болып отыр?
- Бұл жобаға мемлекет тарапынан мықты қолдау болмаса, ол таза азаматтық бастамамен толықтай жүзеге асырыла алмасы анық. Институтымыз қазір осы жобаны ғылыми бағдарлама ретінде БжҒМ ұсынып отыр. Біздің бір қуанатынымыз, Қазақстан халқы ассамблеясы осы бастаманың үйлестірушісі ретінде суырылып шығып отыр. Жоба қолдау тауып жатса, оған тек тілтанушы ғалымдар ғана емес, филология мамандығында білім алып жүрген барлық магистранттар, докторанттар, ЖОО оқытушылары атсалысуы керек. Бұл іске Тіл білімі институтының жетекшілік етуі де маңызды рөл атқарады. Біріншіден, біз корпусты ұлттық жоба деп түсінуіміз қажет. Өйткені, бұл жоба мемлекеттік тілдің қолданысын күшейтеді. Екіншіден, мемлекеттің тіл саясатының барлық басымдығына (мемлекеттік тіл және көптілділік) осы корпус жауап береді. Ресейлік тәжірибеде 8 лингвистикалық орталық пен жоғары оқу орындарының филология кафедралары «орыс тілінің ұлттық корпусын» жасап шықты. Қазір ол корпус 300 миллионнан астам сөзқолданысты қамтитын базадан тұрады.
- Қазір біздің қоғамда латын қарпіне көшу мәселесіне қатысты пікірлер екіге жарылып отыр. Сіздің бұл үдеріске оң көзқараспен қарайтын маман екендігіңізді білемін. Айтыңызшы, латын қарпіне көшу бізге не береді?
- Ең алғаш латын қарпіне көшу мәселесін 1990 жылы академик, ғалым Әбдуәли Қайдар ағамыз көтерді. Ол кісі бірінші болып латын қарпінің қазақ әліпби жобасын жасаған. Бірақ, сол кездегі экономикалық жағдайға байланысты бұл іс кейінге шегерілді. «Латын қарпіне не үшін көшу керек?» деген сұраққа тілтанушылар бір-ақ себеп айтады. Кирил жазуы қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген сөздерді қазақшалауға психологиялық тосқауыл болып отыр. Ал орыс тілі қазір тіліміздің жаңа сөздерді алудағы негізгі донорымыз болып отыр. Сырттан келген сөздің бәрін қазақшаға сындырмай, орыс орфографиясымен алатынымыз алаңдатады. Сондықтан сөздерді кирилмен жазар болсақ, олар «мені орысша жаз» деп тұрады. Осы стереотип кеңестік жүйе дәуірі – 70 жылда мықты қалыптасты. Біз кирил жазуын да реформалап, икемдеуімізге болады, бірақ, орыс тілінен енген сөздердің легі тоқтамайды, ал стереотип әлсіремек түгіл күшейіп келеді. Сонда қазақ тілінің жазу жүйесінде екі түрлі орфография дендеп орнығатыны қауіпті. Осылайша, балаларға қазақ тілінің орфографиялық ережесіне қоса, орыс тілінің қаншама орфографиялық ережесін оқуына тура келеді. Тіпті кейбір салаларда игерілмеген орыс сөздерінің үлес салмағы көбейіп кетуі мүмкін. Осыны тоқтату мақсатында біз барлық стереотиптерден ада графиканы таңдағанымыз дұрыс болар деп отырмыз. Ол – латын графикасы. Неге латын қарпі? Өйткені, қазіргі жаһандану кезеңінде “Латын графикасы” деген концепт кез келген жаһаният өкілінің санасында сапа деген ұғыммен ассоциацияланады. Тіпті қазір жапондықтардың өздері танымал брендтерін латын қарпімен жазып жүргенін білесіздер.
- Жыл басында «Википедияда» «Қазақтың боғауыз сөздері» деген парақша ашылып, ол жерде сіздің де тақырыпқа қатысты пікіріңіз берілді. Кейінірек бұл ақпарат желі қолданушыларының наразылығын тудырып, парақшадағы анайы сөздер алынып тасталды. Жалпы, қазақтың боғауыз сөздерінің тіл мәдениетінде алатын орны қандай?
- Ел арасында боғауыз сөздерге қатысты әртүрлі көзқарас бар. Кезінде Ақселеу Сейдімбек ағамыз қазақтың боғауыз сөздерін жинап, «Бейпіл сөздер: қазақтың эротикалық фольклоры» атты кітап жазған. Тағы бір топ «бұл – өте анайы, пәс лексика» деп қарайды. Тіл мәдениеті ғылымы тұрғысынан қарасақ, бұл сөздер белгілі бір қолданыс кеңістігі мен қолданыс жағдаятына байланысты шектеулі стильге телініп тұрады. Боғауыз сөздер тілдің сөйлеу стилінің ішіндегі ауызекі, қарабайыр, пәс түрінде ғана қолданылады. Ендеше бір ғана стильдің бір ғана тармақшасына тән сөздерді қазақ тілінің лексикалық байлығын жасауға қатысады деп айтуға келмес. Бірақ бұл – қазақ лексикалық сөздік қорының бір бөлшегі. Менің ойымша, қазақтар боғауыз сөзді онша жарата бермейді. Олар қандай коммуникацияда айтылады? Жаратпай қалған адамыңызды төмендетіп, оның намысына тиіп, теріс психологиялық процестер тудыру үшін айтасыз. Ал,қазақ мәдениетінде сіз біреуге боғауыз сөз айтқанда, әлгінде мен айтқан коммуникациялық діттер (ашуландыру, төмендету) жүзеге аса ма? Аспайды. Ешқандай да әсері болмайды. Сондықтан, меніңше, боғауыз сөз қазақ мәдениетінде маңызды қызмет атқармайды. Оның жанында қазақ үшін бір ғана «көргенсіз» деген сөз сүйегінен өтіп кетеді. Сонда қарғыс сөздер адамның психологиясына кері әсер ету қызметі жағынан боғауыз сөзді он орап алады. Бұл жөнінде марқұм Герольд Бельгер ағамыздың, боқтағанның өзінде қазақтар орысша боқтайтынын байқағанын тілге тиек етуге болар еді.
- Соңғы кездері көбіне орыс тілінде сұхбат беріп жүргендігіңізді байқадым. Неліктен?
- Мен кейінгі кезде қазақ тіліне қатысты мәліметтерді орыс тілінде жеткізуді өзіме әдейі мақсат еттім. Өйткені біздің қоғамдағы «қазақтілділер және орыстілділер» деген жасанды бөліністің арасын жақындатқым келеді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Роза ӘРЕН,
Сұхбат 2015 жылдың сәуірінде «Aynaline.kz» сайтында жарияланды
АНЫҚТАМА
- Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – әлемдегі және біздің еліміздегі қазақ тілін іргелі ғылыми және қолданбалы зерттеулер тұрғысында зерттейтін бірден-бір ғылыми мекеме. Институтта «Қазақ сөзінің ұлттық қоры» жасалған. Яғни мекемеде 5 миллионнан астам карточкадан тұратын қазақ сөзінің картотекалық базасы сақталған. Сондай-ақ Институтта қазақ сөздіктерінің бір базаға жинақталған электрондық нұсқасы бар.
- Ең алдымен мұнда көлемі 5 миллиондай картотекадан тұратын Ұлттық тілдің сөздік қорын атап кету керек. Осы күнге дейінгі шыққан сөздіктердің сөзтізбесіне негіз болған, үнемі толығып отырған бұл сөздік қор еліміздің мемлекеттілігінің бірден бір нышаны ретіндегі мемлекеттік тілдің лексика-фразеологиялық байлығын, сөзтізбелік құрамын анықтайтын құнды мұра болып табылады. Ендігі кезекте оларды түгелдей компьютердің жадына түсіру жұмысы жалғасуда. Институт жанынан қорғалған кандидаттық және докторлық жұмыстардың қоры жасалды, республикалық «Тілтаным» атты ғылыми-лингвистикалық мерзімді басылым (журнал) ұйымдастырылды. Қазақ тілінің «Қазына» картотекалық қорының қағаз нұсқадан электронды нұсқаға көшіру жұмысы үздіксіз жүргізіліп отыр. «Қазына» компьютерлік ашық жүйе қорына Институтта және басқа орындарда басылып шыққан барлық қазақ сөздіктерінің (Абай тілінің сөздігі, Түсіндірме сөздік, Орысша-қазақша, Қазақша-орысша сөздіктер, Салалық түсіндірме сөздік, аймақтық сөздік, Синонимдер сөздігі т.б. қоры енгізілді.