Жаңалықтар

Ләззат Танысбай: ХХІ ғасыр – ақпараттық майдан дәуірі

«Qazaqstan» – еліміздегі өзіндік дәстүрі, мектебі, аудиториясы қалыптасқан және тарихы да терең, ең ұзақ жасап келе жатқан телеарна
Ләззат Танысбай: ХХІ ғасыр – ақпараттық майдан дәуірі
15.10.2022 09:25 3854

«Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясы көптеген жобаларымен көрермендерді қуантып келеді. Корпорацияға қарасты телеарналар түрлі бағыттағы ой-танымдық бағдарламалармен қатар ұлт қайраткерлерінің, Алаш арыстарының жүріп өткен жолын, тұлғалық болмысын айшықтауға арналған сериалдар топтамасын да көпшілік назарына ұсынуда. Осы және өзге де жұмыстар мен алдағы жоспарлары жайында телевизия саласының білікті маманы Ләззат Танысбайдың «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбаты.

Мақсатымыз – пайдалы контент ұсыну

– Ләззат Мұратқызы, республикалық «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының – еліміздегі ең үлкен мемлекеттік медиақұрылымның басшылығына келгеніңізге үш жылдан асыпты. Бірнеше телеарна, радио, сайттың басын біріктірген Корпорацияның жұмыс ауқымы аса үлкен екенін жақсы білеміз. ХХІ ғасыр – ақпарат дәуірі деп жатамыз. Әлемдік ақпарат ағынында заманауи технологиялық жаңалықтар үрдісі тез өзгеріп жатады. Отандық медиа­орталықтар заман талабына сай әлемдік ақпаратпен бәсекеге түсіп отыр. Осы бәсекеде өзіңіз басқарып отырған Корпорация қандай мақсат-мүддені басты орынға қояды?

– Кез келген бұқаралық ақпарат құралы, ол – конвейер. «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының құрамына бүгінде 4 республикалық телеарна, 15 аймақтық арна, 4 республикалық радио, 20-дан астам интернет портал кіреді. ХХІ ғасыр – ақпарат дәуірі ғана емес, ақпараттық майдан дәуірі. Себебі үлкен елдер өз мүддесіне қызмет ететін ақпарат ағыны арқылы түрлі мемлекеттердің қоғамдық санасын өз ыңғайына бұрғысы келеді. Бұл ретте «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы мемлекеттік ақпараттық саясат саласындағы аса терең жауапкершілікті арқалап отырғаны айтпаса да түсінікті. Сұрағыңыздағы бәсеке мәселесіне тоқталсақ, Корпорацияға қарасты қай телеарна немесе радионы алсақ та, жыл сайын сатылап жоғары өсіп, медианарықта өз ережесін қалыптастырған ойыншыға айналды. Бұған медиаөлшеуіш жүйелер арқылы көз жеткізіп отырмыз. TNS Gallup Media Asia зерттеу компаниясының деректеріне сүйенсек, Корпорацияның негізгі активі болып есептелетін «Qazaqstan» телеарнасының үлесі 2018 жылы 6,4 % болса, қазір 10,9%. Елдегі барлық телеарналар арасында 7-орыннан 3-орынға көтерілді. Ал қазақтілді аудиториядағы үлесі бойын­ша 6-орыннан 2-орынға тұрақтады. Соңғы 4 жылдағы жалпы өсім 70,3% болып отыр.

Рейтингтің өсу тенденциясы біздің мысалымызда әрине, ең алдымен әлемдік көшке ілесе отырып, сапаны арттыру, бағдарламалар кестесін дұрыс жоспарлау және Live режимдегі жобалардың көбеюімен байланысты. Таңғы 07:00-де «Таңшолпаннан» басталатын тікелей эфирлер түнгі 01:00-ге дейін жалғасады. Таңғы бағдарлама үш сағат бойы тікелей эфирде шығады, күндізгі қоғамдық-әлеу­меттік бағыттағы «Өмір көркем», бес рет тікелей эфирде шығатын «Aqparat» жаңалықтар бағдарламасы, кешкі саяси «Ашық алаң» бар. Эфир күннің маңызды оқиғаларын сараптап, күн кейіпкерлерін тікелей эфирде сөйлететін «1001 түнмен» аяқталады. Мұнымен қоса, әр жұма шығатын «Жедел желі» бағдарламасына Үкімет мүшелері келіп, 1 сағат бойы тікелей эфирде көрермен сауалына жауап береді. Әрине, күн сайын 10 сағат тікелей эфирде хабар тарату – мамандарымыздың өз ісіне деген жауапкершілігі мен кәсібилігінің көрінісі. Соның нәтижесінде «Aqparat» жаңалықтар бағдарламасы қазір еліміздегі қазақ және орыс тіліндегі ақпараттық бағдарламалар арасында үздік бестікте. Жексенбіде шығатын «Apta» қорытынды сараптамалық бағдарламасы рейтинг бойынша алғашқы орыннан жиі көрінеді. Мемлекеттік арнадағы жаңалықтардың осындай рейтингке ие болуының өзі сапа мен көрермен сенімінің көрсеткіші деп білеміз. Әлеуметтік желілерге келсек, онда біз 8 миллионнан астам аудиторияны қамтып отырмыз.

Ең негізгі мақсат-мүддеміз – еліміздегі өзгерістерді, саяси реформаларды халыққа жедел, дұрыс жеткізу, рейтинг қуып, жеңіл-желпі жобаларды емес, көңіл көтере отырып, ой салатын контент ұсыну. Екі жыл бұрын Корпорация құрамынан ашылған мәдени-ағарту бағытындағы «Abai tv» телеарнасы да осы мақсат-мүддеден туындаған идея еді, қазір сол кездегі ойымыз, жоспарымыз толықтай жүзеге асуда.

Білім, интеллект қашан да алдыңғы орында

– Қазір әлемде дәстүрлі емес ақпарат құралдары, әлеуметтік желілердің дәуірі жүріп тұр. Телеарна көрермені мен радионың тыңдарманы үшін әрдайым зор ізденіс керек екені белгілі. «Qazaqstan», «Balapan», «Qazsport» телеарналары соңғы жылдары қандай жаңа бағдарламалармен өз көрермендерін қуантты? Алдағы уақытта қандай жобаларды қолға алу ойларыңызда бар?

– Өзіңіз білесіз, «Qazaqstan» – еліміздегі өзіндік дәстүрі, мектебі, аудиториясы қалыптасқан және тарихы да терең, ең ұзақ жасап келе жатқан телеарна. «Соңғы жылдары қандай бағдарламалармен қуантты?» – деген сұраққа күнделікті эфирге шығатын «Ашық алаң» ток-шоуын атап өтер едім. Күннің маңызды оқиғасы ашық та батыл талқыланатын алаң. Негізі, біздің эфирдің тұрақты көрермендері аңдаған да болар, бұрын руханият пен мәдениеттің арнасы болып көрінетін «Qazaqstan» қазір мүлде өзгерді. Бағдарламалары мен ақпараты, тұтас бағыты саяси-қоғамдық сипат алды. Біз бұған саналы түрде бардық, себебі өзіңіз айтқан ақпараттық бәсеке дәуірінде өткенді түгендеумен ғана айналысып жүрсек, ұтылар едік. Жоғарыда атап өткен күнделікті тікелей эфирде шығатын «1001 түн», апта сайын шығатын «Жедел желі» секілді тікелей эфирдегі қоғамдық бағдарламалар аз уақытта өз көрерменін тауып, қалың көпшілікке қызмет етіп отыр. Екі жобадан да көрермен көкейіндегі сұрағының жауа­бын таба алады. Осы ретте айтып өтейін, биыл, 5 мау­сым – Референдум күні жалпы отандық телевизия тарихында тұңғыш рет тікелей эфирде 16 сағаттық онлайн телемарафон өткіздік. Түрлі саладан 1500 адам бір алаңда бас қосты. Бір тәулікке жақын уақыт бойы жүргізілген түрлі пікірталастар мен талқылаулар аудитория көңілінен шықты. Бұл біздің үлкен ұжым үшін жаңа формат, әрі зор сынақ болды.

Жаңа маусымнан бастап интеллектуальдық «Нартәуекел» жобасы эфирге шығып жатыр. Бұл – әлемнің бірқатар елінде көрсетілген Ұлыбританияның «Risking at all» жобасының қазақстандық нұсқасы. Жобаға қатысуға іріктеу республика көлемінде жүргізілді. Ақыл-ойы озық қатысушы 1 миллион теңгеге иелік ете алады. Осы жоба арқылы біз білім, интеллект қашан да алдыңғы орында екенін көрсетіп, ортамызда жүрген интеллектуалдарды көпшілікке үлгі етуді мақсат тұттық. Күндізгі тікелей эфирдегі «Өмір көркем» жаңа отбасылық бағдарламасының да үйде отырған қыз-келіншектерді қамтитын өз аудиториясы бар. Ал жоғарыда айтып өткен аудиторияның кең сұранысына ие, брендке айналып үлгерген жобаларымыз жаңа маусымда жаңаша бағытта жалғасты. Жалпы, франшиза жобаларды өндіруді көпшілік көшірме деп түсінеді, алайда бұған озық технологияны пайдалануға мүмкіндігі бар телеарналар ғана барады. «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы ең ірі медиакомпания ретінде саладағы озық технологияларды қолдануға тырысады. Бірнеше маусымы түсірілген «Қазақстан дауысы» жобасы кезінде нидерландтық мамандар біздің жобаның Ресей, түрік арналары өндірген жобадан әлдеқайда алда екенін мойындады, яғни бұл – отандық телевизияның жеңісі.

Ләззат Танысбай: ХХІ ғасыр – ақпараттық майдан дәуірі

Ал сіз айтып отырған әлеуметтік желі тек ыңғайлы платформа, оны дәстүрлі БАҚ-пен салыстыру немесе бәсекелес ретінде қарастыру қисынсыз. Әлеуметтік желіде отырған аудитория да телеарналар өндірген өнімді тұтынып отыр, тек өзіне қажетті желілерден, қажетті уақытта көреді. «Genesis» статистикасы бойынша, қазіргі күні Youtube-тың қазақстандық сегментіндегі 13 миллион пайдаланушының 12 миллионы TV каналдардың жобаларын көреді екен және ең көп аудиториясы бар каналдар телеарналарға тиесілі. Яғни, отандық телевизиялық жобалар эфир көрермендерінен бөлек, интернет аудиторияны да толықтай қамтып отыр деуге негіз бар. Әрине, бұл телерадио мамандарының ізденісіне тоқтау бола алмайды. Телевизия саласындағы ізденіс – күнсайынғы процесс, аудитория сұранысына сай болу – ең бірінші міндетіміз. Корпорация құрамындағы «Balapan» телернасының әуелгі ашылған кездегі миссиясы балаларымыздың бойына ана тілінің құнарын сіңіру, ана тілінде таза, шұрайлы сөйлейтін ұрпақ тәрбиелеу болғанын білесіздер, әлі де осы миссия жолында қызмет етіп келеді. Соңғы жылдары арна эфирінің 70 пайызын анимация құраса, биыл телеарна өз тележобаларын өндіре бастады, эфирге кішкентай тележұлдыздарымыз қайта оралады. Анимация өндірісін арттырудың нәтижесінде өзіміздің ұлттық қаһармандарымыз дүниеге келді. «Qazsport» телеарнасы бастапқыда тек трансляциялар ұсынып келсе, соңғы екі жылда тікелей эфирдегі трансляциялармен қоса ішкі өндіріс көлемін арттырды, тікелей эфирдегі студиялық бағдарламалар көбейді. Соның нәтижесінде елдегі спорттық телеарналар арасында рейтингте алғашқы орында. Қай арнамыз болмасын қазір өзінің аудиториясын толық қалыптастырды, жылдар бойы сапаға жұмыс істедік, ендігі міндетіміз – шетел аудиториясын, шеттегі қандастырымызды қамту. Қазір «Qazaqstan» және «Balapan» арналарын ТМД елдерінің аумағына тарату бойынша жұмыстарды бастадық. Бұл жұмыс Қырғызстаннан бастау алды. Қазір осы елдегі 12 ірі кабельдік оператормен біздің екі арнамызды көрсету туралы келісімге келдік.

– Сөз басында өзіңіз айтып өткен «Abai tv» арнасы ашылғанына аз уақыт өтсе де өз көрерменін қалыптастырып үлгерді. Телеарнаның алдағы ауқымды мақсат-міндеттері қандай?

– Иә, «Аbai tv» телеарнасы екі жыл ішінде ұлттық және әлемдік мәдениетті насихаттайтын бірден-бір арнаға айналды. Ашылуы пандемиямен тұспа-тұс келгеніне қарамастан, аяғына нық тұрды. Бүгінге дейін еліміздің мәдениеті мен өнеріне, ғылымына еңбегі сіңген 1000-ға жуық тұлға туралы хабарлар жасалған екен. «Зинһар», «Құдіретті қылқалам», «Есімдер», «Сана», «Әндіground», «Соңғы муза» сияқты тележоба кейіпкерлерінің барлығы да – елдің өсіп-өркендеуіне атсалысып жүрген азаматтар мен болашағынан үміт күттіретін жастар. Телеарнаның шығармашылық ұжымы тек ірі қалалармен шектелген жоқ. Ауыл-аймақтарды аралап, мәдениетті өркендетуге үлес қосып жүрген шалғайдағы жастарды, өнер ұжымдарын да насихаттауда. Тек Астана мен Алматы ғана емес, эфирден облыстық театрлардың да қойылымдары беріліп жатыр. Өйткені аймақтық театрларда да соңғы жылдары тың серпіліс байқалады. Танымал режиссер, көркемдік жетекшілер – Фархат Молдағалиев, Гүлсина Мерғалиева, Айнұр Көпбасарова, тағы басқалардың тың жобалары еліміздің өңірлеріндегі театр сахналарында дүниеге келуде. Ол қойылымдарға көрермен қызығушылығы айрықша. Академиялық театр режиссерлары да жұртқа жария етуге лайықты жаңа қойылымдарды аймақтық театрларда қояды. Оны да насихаттап, қалың көрерменге жеткізу – басты мұратымыз. Мұндай тәжірибе барлық театр актерларының, жалпы өнердің тең, тұтас дам­уына серпін береді. Көрнекті тұлғаларға арнап эфирде апталықтар өткізу дәстүрге айналды. «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының бай мұрасы «Алтын қордағы» бейнетаспаларды қайта жаңғыртып, деректі, музыкалық хабарларды көрермен назарына жүйелі түрде осы «Аbai tv» арнасы арқылы ұсынып отырмыз. Қазір эфирде тұрақты түрде шығып жатқан 40 телебағдарлама бар. Арна алдағы уақытта біртіндеп кәсіби ақпарат беру форматына қарай ойыспақ. Бұл көрермен бойында өнердің сан түрлі салаларын қабылдау субмәдениетін қалыптастыруға, халық арасында мәдениетті дұрыс таратуға септігін тигізеді. «Би әлемі», «Бір туынды», «Сана», «Үркер», «Соңғы муза», «Про танец» хабарлары – осы бағыттағы жобалардың бастауы. Мұндай қадам телеарнаны жаңа сапалық деңгейге шығаруға септігін тигізіп қана қоймай, отандық руханияттың дамуына да үлес қосады. Телеарна журналистері, редакторлар, режиссерлар қазір нишалық телеарна өнімдерін дайындау талаптарына сай жұмыс істеуге көшті. Шетелдік әріптестікті нығайту арқылы ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын насихаттауды жаңа сапаға көтеруді көздеп отырмыз.

Елімізде үлкен сериал индустриясы қалыптасады

– «Qazaqstan» телеарнасы отандық киноөндірісіне де атсалысып, өз көрермендерін қуантып келеді. Бірнеше отандық сериал түсірілді. Әрине, сәтті шыққан жобалар да, көрерменнің көңілінен шыға қоймаған өнімдер де болды. Отандық киноөндірісте телеарнаның алар орны жылдан-жылға артпаса, кемімейді деп ойлаймыз. Биыл қандай телехикаялар көрерменге жол тартады? Осы бағыттағы жоспарларыңызды айтып өтсеңіз?

– Иә, «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы жылына 160-200 бөлімді құрайтын 14-16 сериал түсіреді. Биыл 171 бөлімнен тұратын 15 телехикаяның түсірілімі жүріп жатыр. Олардың қатарына қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлы, әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы Әлкей Марғұлан, Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаев пен ұлтымыздың әйгілі күйші-композиторы Дина Нұрпейісоваға және Қорқыт тұлғасына арналған 5 тарихи телехикая кіреді. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Жәңгір хан, Ахмет Байтұрсынұлы, Домалақ ана, Жұмабек Тәшенов, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев сияқты 6 ірі тұлғамызға арналған тарихи туынды түсірдік. Тарихи сериал өндірісінің қиындығын, бюджеттің аздығын айтып, мәселені тізбелеп, қол қусырып қарап отыра беруге де болады, бірақ «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы ең ірі медиақұрылым ретінде бұл міндетті мойнына алды. Біз алдымызға отандық, оның ішінде тарихи сериалдар өндірісін арттыра береміз деп мақсат қойдық және жыл сайын осы мақсат жолындағы түрлі қиындықтар арқылы шыңдалып келеміз. Иә, сапа әлі де көңілден шықпайды, десе де біз дәл осы жолдан өтуіміз керек, нәтижесінде, бірнеше жылдан кейін елімізде үлкен сериал индустриясы қалыптасады. Қазіргі ең мықты деген сериал өндірісі қалыптасқан елдер де бұл кезеңнен өтті. Мысалы, өзіміз үшін биыл тағы бір жаңа тәжірибе енгіздік. «Міржақып.Оян қазақ!» сериалын спинофф жоба ретінде ұсынғалы отырмыз. Телехикаяда өткен жылғы «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалындағы актерлар ойнайды, сондағы кейбір оқиғалар жаңадан өрбиді. Яғни, бұл сериалдағы Ахмет те, Әлихан да, бас кейіпкер Міржақып та көрермен үшін жақсы таныс. Осы ретте тағы бір мәселені атап өткім келеді. Бұл – сериалдар өндірісіндегі корпорация ұстанып отырған ашықтық принципі. Жыл сайын аутсорсинг компаниялар арасында ашық конкурс өткізіліп, көркемдік кеңестің іріктеуімен лайықты деген шығармашылық ұжым таңдалып алынады. Осы амал тарихи сериалдар өндірісіне машықтанған жаңа компаниялардың шығуына септігін тигізуде. Дәл сол сияқты актерларға да ашық іріктеу жүргізіледі, соның арқасында қазір аймақтық театрларда жүрген жас актерлар ірі телехикаяларда бақ сынап, шыңдалып жатыр. Осындай тәуекелдердің нәтижесінде телевизия нарығында жүріп жатқан тағы бір үрдіс бар, ол – отандық телехикаялардың рейтингтік көрсеткіштерінің шетелдік сериалдармен теңесуі. Бұл – біздің телехикаялар индустриясының алға жылжуының көрінісі, өзіміз көздеген мақсат.

– Сериалдар демекші, телеарна жыл сайын жобалар ұсынып, отандық кинокомпаниялар сериалдар түсіріп жатады. Сонда бір байқағанымыз – уақыттың тығыздығы мен қаржының аздығы сериал сапасына айтарлықтай көлеңке түсіретін секілді. Осы олқылықты шешудің қандай жолы бар?

– Иә, кез келген сериалдың сценарийі, кастингі бар, актерлар, режиссерларға ақы төлеу, монтаждау және постпродакшн жұмыстары үшін ауқымды қаражат қажет. Қазақстандық сериалдар сапасы жағынан түрік, ресейлік, кореялық компаниялар түсіріп жатқан сериалдардан кемшін түсетіні осыдан. Жыл сайын корпорацияға 195 бөлімді сериал өндірісіне 1,2 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, түріктерде тарихи жанрдағы сериалдың бір бөлімі үшін 500 мың АҚШ долларына дейін, мелодрама форматындағы сериал үшін 100 мың АҚШ долларына дейін қаражат бөлінеді, ресейлік телеарналарда тарихи жанрдағы сериал үшін 150-500 мың АҚШ доллары, мелодрама үшін 80 мың АҚШ доллары бөлінеді. Ал біздің нарықта сериалдар шығаруға арналған тарифтер жоғарыда көрсетілген арналармен салыстырғанда едәуір төмен. Мысалы, бізде мелодрама форматындағы сериалдардың 1 бөлімі үшін 13 мың АҚШ доллары, тарихи сериалдар үшін 30 мың АҚШ доллары шамасында қаражат қарастырылған. Елімізде сериал нарығы енді қалыптасып келе жатқандықтан, мұндай мәселелер уақыт өте келе шешімін табады деген ойдамын.

Ұлттық қаһармандарымызды танымал ететін мультфильмдер қажет

– «Balapan» телеарнасы ел бүлдіршіндерінің негізгі арнасы екені шын. Талай баланың бал тілі осы телеарнаның өнімді жұмысымен шығып, өзіңіз айтқандай, мемлекеттік тілдің дамуына айтарлықтай ықпал етіп келеді. Тіпті жуырда ғана Қырғызстанда бір депутаттың: «Баламыздың тілі қазақша шығып жатыр, өзіміз де «Balapan» секілді телеарна аша­йық», – деген депутаттық сауалын естідік. Осы телеарна өнімдерін одан ары жетілдіріп, балалардың көзайымына айналдыру мақсатында қандай жобаларды қолға алып жатсыздар? Бірнеше жыл бұрын «Balapan» әлемдік деңгейдегі жаңа мультфильмдерді дер уақытында қазақ тіліне аударып, телеарна көрермендеріне ұсынуды қолға алған болатын. Соңғы уақытта сол үрдіс тоқтап қалған секілді.

– Қазіргі уақытта кабельдік хабар тарату операторлары арқылы «Balapan» телеарнасын 1 миллионнан астам абонент көреді, бұл – Қазақстан халқының 19,3 пайызы. Бұған қоса, еліміздің 84,37 пайыз тұрғынының сандық жерүсті телехабар тарату желісі арқылы «Balapan» телеарнасын көруге мүмкіндігі бар. Қазір корпорация «Balapan» арнасы үшін жыл сайын шет елден 30-35 анимациялық сериал, 10 толық метрлі мультфильм сатып алып отыр. Канал ашылғалы бері Disney, Discovery секілді компаниялардың анимациялық өнімдерін дубляждап, қазақ тілінде көрсетіп келеміз.  Соңғы уақыттағы жаһандық жағдайлар, оның ішінде әлемдік пандемия мультфильмдер өндірісіне де кері әсерін тигізді. Сіз айтқан үрдістің тежелу себебі де осында.

Қазір өзіміздің отандық анимация саласының дамуына «Balapan» арнасының қосып отырған үлесі зор. Арна ашылғалы қазақ балаларының төл қаһармандары, ұлттық анимациялық кейіпкерлер пайда болды. Тек биылғы бір жылда «Balapan» телеарнасы 200-ден астам сериядан тұратын 11 анимациялық жоба өндірді.

Өзіңіз білетіндей, 2020 жылдан бастап «Balapan» телеарнасының аудиториясы 12+-тен 0+ — 8-ге қысқарды. Әлбетте, бұл жастағы балалар әсіресе мульт­фильмдерге қызығады. Сол себепті отандық анимациялық жобаларды ұлғайтуды қолға алдық. Бұл жерде де жоғарыда айтып кеткен мәселені қайта қозғауға тура келеді, ол өзге елдермен салыстырғанда біздегі анимация өндірісіне бөлінетін қаражат көлемінің төмендігі. «Balapan» арнасы үшін шетелдік емес, ұлттық қаһармандарымызды танымал ететін рейтингтік және имидждік мультфильмдер қажет. Осы мақсатта өткен жылы Корпорация ірі және кәсіби студиялардың қызығушылығын арттыру мақсатында қалыптасқан құн тарифын арттырып, «Тоқты мен Серке» мультфильміне тапсырыс берді. Нәтижесінде нарыққа жоғары сапалы өнім ұсынылды. Биыл «Тоқты мен Серкенің» екінші маусымы түсіріліп, көрсетіліп жатыр. «Balapan» өнімдерін қаржыландыру көлемін ұлғайту қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басты назарында. Десек те, ешбір мәселелерге қарамастан «Balapan»-ды бүгінгі қазақ мультипликациясы мен балалар контенті өндірісінің драйвері деуге толық негіз бар. Биыл да телеарна өндірген 24 тележобаның 11-і «Ойыншықтар», «Білгішбектер», «Дәрігер Дана», «Тоқты мен Серке», «Жібек», «Бөпе», «Дүлдүл», «Экосарбаздар» мен «Тотықұстар» сынды анимациялық жобалар. Өздеріңіз де хабардарсыздар, «Balapan» арнасының анимациялық жобалары АҚШ-та кабельдік арналар, ал Латын Америкасы елдерінде VOD және онлайн-каналдар арқылы көрсетіліп келеді.

– Сөз соңында корпорацияның «Алтын қоры» туралы сұрауды жөн көріп отырмын. Қаңтар оқиғасы кезінде арнаның Алматыдағы филиалы өртке оранып, ғимаратта сақталған «Алтын қор» жәдігерлерінің жайы көрерменнің алаңдаушылығын туғызып еді.

– Корпорация өткен жылдан бері «Алтын қорды» цифрландыру және оны мемлекет қорына өткізу бойынша кешенді жұмыстарды бастады. Қордағы бар 100 мыңға жуық аудиотаспаны цифр­ландыру жұмысын толық аяқтадық. 26 мың бейнетаспаны құндылығына қарай іріктеп, оларды да цифрландыру басталды. Бұл жұмыс 2023 жылдың соңына дейін жалғасады. Сонымен бірге Орталық мемлекеттік архивке, Алматы қалалық музейі мен Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейіне, елордадағы Ұлттық музейге «Алтын қордағы» партитуралардың түпнұсқасын өткізу туралы келісім жүргізіліп жатыр. Бұл бай телевизиялық мұра тек Корпорация игілігі емес, халықтың қазынасы, сондықтан мемлекет меншігіне өткізу туралы шешім қабылдадық. Мемлекеттік архивтердің қорына соңғы жылдары мұндай көлемдегі дүниелер өткізілмегендіктен, қазір сақтау қоймаларының жеткіліксіздігі мәселесі туындап, оның шешімі қарастырылып жатыр. Қаңтар оқиғасы кезінде күйік шалған жалпы көлемі 75 мың сағатты құрайтын материал­дың 66,5 мың сағаты жарамды екенін анықтадық, оларды сұрыптау күні бүгінге дейін, яғни, бір жылға жуық уақыт жүргізілді. Осы «Алтын қорға» байланысты кешенді жұмыстардың жалғасы ретінде 2021 жылдың соңынан бастап корпорацияның altynqor.com сайтын іске қостық. Қордағы аудио және бейнетаспалар құндылығына қарай медиапорталға жүктеле бастады. Әр бөлімде телевизия және радио ардагерлерінің, қазақ әдебиеті мен мәдениет қайраткерлерінің сұхбаттары, естеліктерінен тұратын 50 телехабарлар циклы, «Советтік Қазақстан» киножурналы мен «Қазақтелефильм» өндірістік бірлестігінің жобалары бар. «Аудиоқор» бөлімінде 1954 жылдан бергі сақталған 100 ұлт қайраткерінің әр жылдары жазылып алынған дауыстары, күйлер мен ертегілер, Батырлар жырының 50 нұсқасы топтастырылды. Қазіргі уақытта «Алтын қор» материалдарын тек ел тұрғындары емес, шетелден де іздеп көрушілердің бар екенін көріп отырмыз.

Сұхбаттасқан
Тоқтарәлі Таңжарық


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға