Жетімдерді жебеген – Кішкентаевтар

Бүгінде жарастық пен сыйластық орнаған шағын ортаға жанұяны жатқызуға болады. Ел мен жерді сүю де осы отбасыда болған тәрбиеге тікелей байланысты. Ұрпағыңыздың кемел келешегі де осы шағын мемлекеттегі алғашқы тәлімгерліктің нәтижесі болмақ. Әрбір ата-ана перзентінің бойына ар-ұят, ақыл-ой, адамгершілік пен мәдениеттілікті сіңдіріп отырмақ. Оған қоса оның саналы әрі көкірегі ояу азамат болып қалыптасуының алғашқы іргетасын да қалап береді. Осындай тәлім-тәрибеге иек артып, көпке үлгі болып отырған отбасының бірі – қостанайлық Кішкентаевтар. Оардың  қара шаңырағынан қуаныш пен шаттық шарықтап, берекесі мен мерекесі жарасып тұрғанын байқауға болады. Қазіргі таңда мемлекеттік іргетасы жанұя десек, ал қоғамдағы әр шаңырақтың босағасы берік әрі мерейі үстем болмай елдің де мықты болуы екіталай. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  2030 жылдарға арналған сындарлы саясатының стратегияық бағдарламасының басты бағыттарының бірі  – отбасына арнауы жайден жай емес болар. Бүтіндей бір әулет адам баласының дүниеге келіп, өсіп-өркендеп, қанат жаяр алтын бесігі болып саналады. Алтын бесіктегі өнегелі әрі баға жетпес асыл құндылықтарды насихаттауға арналған әрі отбасы мәртебесін  жоғарылатып, мерейлі отбасыларды осымен жетінші рет көпке таныстырып отырған байқаудың облыстық кезеңінде қостанайлық Кішкентаевтар әулеті жеңіс тұғырынан көрінді. Соған орай біз бүгінгі материалда көпшіліктен дара шыққан отбасының мүшелерімен әңгімелесіп, олардың ұстанатын отбасылық дәстүрлері жайында айтатын боламыз.

 

Әулет отағасы Ерболат Жолмақұлы Кішкентаев 1968 жылы 16 ақпанда Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Үкіатқан ауылында дүниеге келген. Ленин ауданындағы Федоров орта мектебінің сегізінші сыныбын  1982 жылы  бітіріп, Қостанайдағы механика-технологиялық техникумына оқуға түседі. Оқу орнына түскен жылдары әскерге шақырылып,  Отан алдындағы борышын орындап келеді. Ал оқуын содан кейін ғана аяқтауға мүмкіндік туған. Алғаш еңбек жолын 1989  жылы Ленин ауданының Федоров селосындағы мәдениет үйінде директорлықтан бастайды. Ал 1991-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебінде білім  алады. Мұны аяқтаған соң, Ерболат Кішкентаев 2013 жылға дейін ішкі істер қызметінде жұмыс атқарған. 45 жасында зейнеткерлікке шыққаннан бастап, жылқы шаруашылығымен айналысып келеді. Осылайша қостанайлық жеке кәсіпкер заман талабына сай өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Ішкі істер саласында еткен еңбегінің жемісі ретінде  Ерболат Жолмақұлы Қостанай облысының ішкі істер департаменті  кәсібінің үздік маманы болады, 2011 жылы грек-рим және қазақша күресінен бірнеше дүркін чемпион және  аудандық, қалалық, облыстық жарыстардан жүлделі орын иегері және 1983 жылы Барнауыл қаласында ұйымдастырылған бүкілодақтық жасөспірімдер арасында өткен турнирдің жартылай финалисі атанған. 2000 жылы Қостанай облысы ішкі істер департаментінің «Ішкі істер органдарында атқарған мінсіз қызметі» және 2009 жылы облыстың ішкі істер департаментінің «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі» үшін  арнайы дипломдар мен төсбелгілермен марапатталған.  Олардың арасында ішкі істер органында 10 жыл, 15 жыл, 20 жыл мінсіз қызмет атқарғаны үшін табыс етілген төсбелгілерді ерекше атап өтуге болады.  

Осындай жетістіктердің иесі Ерболат Жолмақұлы өзінің болашақ жары Айтжан Амангелдіқызымен алғаш рет 1992 жылы Ұзынкөл ауданында Ғабит Мүсіреповтың 90 жылдығына арналған спорттық сайыстардың бірінде танысқан.

Сол кезде жолдасым Ерболат Қарағанды жоғары мектебінде оқып жүрген. Содан ауылда өткен  облыстық спартакиадаға қатысып,  күрестен жүлделі орынға ие болды. Алғашқы таныстығымыз - жарыс біткен соң орын алды. Мен бұл жарысты сырттай тамашалауға келген жанкүйерлер едім, - дейді отанасы Айтжан Амангелдіқызы.

Осылайша таныстықтың соңы үлкен ұлы әрі пәк сезімге ұласып, жүректері лүпіл соққан қос ғашық 1993 жылы отау құрған.

Әулет отанасы Айтжан Амангелдіқызы Кішкентаева 1973 жылы 8 қаңтар күні Ресей Федерациясының Курган облысы Белозерский районының Межевое кентінде дүниеге келген.  1990 жылы мектепті бітірген соң, Курган мемлекеттік педагогикалық институтының «Орыс тілі және әдебиеті» мамандығына оқуға түскен. Алайда екінші курстан кейін ата-анасының шешімімен Қазақстанға көшіп келген.

Ресейде туып-өстім. Біз тұрған Межевое кентінде  қазақтардан тек біз ғана болдық. Қалғандарының бәрі орыс ұлтының адамдар болды.  Сондықтан кішкентайымнан орыс ұлтының мәдениеті мен тілін, тарихын меңгеріп өстім. Қазақ ауылында тұратын әулетке келін болып түскенде қазақ тілін дұрыс білмейтінмін. Сол кезде жасым небәрі 20-да болған. Кішкентаевтар шаңырағының ең кіші ұлына тұрмысқа шығып, ата-енеммен және қос қайын сіңліммен  он бес жылдай бірге тұрдым. Содан біртіндеп қазақ тілін бойыма сіңіріп, меңгеріп кеттім, - дейді отанасы Айтжан Амангелдіқызы.


 

Ал 2002-2006 жылдары Айтжан Кішкентаева  академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде тарих және география пәндерінің мұғалімін мамандығы бойынша білім алған. Сонымен қоса, оқуға түскеннен бастап  Ұзынкөл ауданының №2 жалпы білім беретін мектебінде әлеуметтік педагог болып жұмыс істеген. Мұнда көптеген балаларға әлеуметтік әрі психологиялық көмек берумен айналысқан. Содан 2011 жылы Қостанай облысындағы Затобол кентіне көшкен соң, қызметін осында жалғастырған. Ал 2017 жылдан бастап Нұржан Наушабаев атындағы Затобол  мектеп-гимназиясында өзін-өзі тану пәнінен оқушыларға сабақ береді.

Айтжан Амангелдіқызының білім беру саласындағы қажырлы еңбегі еш кетпей түрлі марапаттарға ие болып тұрады. 2014 жылы аудандық «Үздік әлеуметтік педагог» конкурсының гран-при және аудан әкімінің «Дарынға нұр сепкен» төс белгісінің иегері болған. Оған қоса «Балбөбек» балабақшасының өміріне белсенді қатысқаны әрі  жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі және еңбекке жауапкершілікпен қарағаны үшін түрлі алғыс хаттармен марапатталған.

Жиырма алты жылдан бері бір шаңырақ астында түтінін түзу түтетіп тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Ерболат пен Айтжан Кішкентаевтар ортақ некеден үш перзент тәрбиелеп өсірген.

– «Отбасы – ол сарқылмас өзен» демекші, бұл сөз бізге өмір бойына күш беріп отырады. Кез келген уақытта әрі басына түскен қиыншылықтар кезінде біз бір-бірімізге демеу болып, қолдау көрсетіп отырамыз. Балаларым әрқашан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, бір-бірімен бірлікте өмір сүріп келеді. Анасы екеуіміз олардың еркеліктерін көтеріп, қателескен кездері қателіктерін кешіріп, одан сабақ алып отыруға баулимыз. Және ақыл-кеңесімізді айтып отырудан, өмірдің тек жақсы әрі тәтті тұстарын көрсетуден әрі жақсылыққа итермелеуден  еш жалыққан емеспіз. Келешекте балаларымыз бір-біріне сүйеу болып, өмір бойы бірлігі мен ынтымағы жарасқан жандар болатынына сеніммен қараймыз. Біз жұбайым екеуіміз перзенттерімізбен мақтанамыз, - дейді отағасы Ерболат Жолмақұлы.

Әулеттің тұңғыш ұлы Ербағыт Ерболатұлы 1993 жылы дүниеге келген. Жеті жасында Ұзынкөл ауданындағы №2 орта мектебінің алғаш табалдырығын аттаған ол мұнда 2004 жылға дейін оқыған.

– Төртінші сыныпты бітірген соң ұлымыз  Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектепке тест тапсырып, одан сәтті өтіп, қабылданды. Мұнда Ербағыт әртүрлі пәндерден олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Әрі осы білім ордасының қоғамдық жұмыстарына, концерттік  іс-шараларына белсене араласып жүрді. Баламыздың бойындағы жан-жақты дарындылығын ашуға септігін тигізген  мектепті 2011 жылы тәмамдап, елордадағы М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің «Құқықтану» мамандығына  оқуға түсуге кетті. Соған оқуға түскеннен кейін расын айтқанда,  біз төрт жылдың ішінде бірде-бір рет бармадық. Содан 2015 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, маман болып шыққан соң, Қостанай қаласындағы ішкі істер басқармасында тергеуші болып алғаш еңбек жолын бастады. Ал 2018 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы академиясында қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарады, - дейді отағасы Ерболат Жолмақұлы.

Ербағыт Кішкентаевтың  спортқа қызығушылығын әкесі оятқан. Ерболат Жолмақұлы тұңғыш ұлын бала кезінен  қазақша күрес мектебіне  өзімен бірге ертіп апарып отырған. Сөйтіп, біртіндеп Ербағыт та түрлі аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, бақ сынап, жүлделі орындарға ие болған.

– Ербағыт ұлымыз  атасына нағыз сыйлық  болды. Өйткені ол тоғызыншы мамыр Жеңіс  күнінде  соғыс ардагері болған атасының мерекесі күні дүниеге келген. Атасы оған кішкентай кезінен «сен тек қана жеңу үшін туған жансың» дегенді құлағына құйып отырды. Бүгінгі күнге дейін баламыз да соның әсерінен болса керек, қай іспен шұғылданса да, қандай жарысқа қатысса да, тек бас жүлде не бірінші орын алып келуді мақсат етеді. Және нәтижесінде сол жүлделі орындарға ие болып тұрады. Тек өкінішке қарай, ата-енем осыдан он жыл бұрын қайтыс болды. Алайда отбасымыз үшін ұлымыз дүние есігін ашқан сәттен бастап, тоғызыншы мамыр ерекше күн болып саналады. Осы күні үлкен кісілерді туған-туысқандарды шақырып, үлкен кісілерді еске алып тұрамыз, - дейді отанасы Айтжан Амангелдіқызы.

Ербағыт Кішкентаев 2013 жылы М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің «Жыл студенті» және 2014 жылы осы жоғары оқу орнының футбол лига чемпионатының «Үздік қақпашы» номинациясына ие болған. Оған қоса студенттер арасында өткен «Ұлттық студенттік лига» турнирінің жеңімпазы атанып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің арнайы мақтау грамотасы және кубок иегері атанған. Және оның есімі өзі төрт жыл оқыған білім ордасының «Алтын кітап» қорына енгізілген. Ал еңбек жолында адал әрі мінсіз қызметі үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің алғыс хатымен марапатталған.

 Ербағыттың артынан ерген інісі Нұрбақыт 2000 жылы 9  шілде күні Қостанай облысы Ұзынкөл ауданында дүниеге келген. Жеті жасында Ұзынкөл ауданындағы №2 орта мектебінің бірінші сыныбына барған. Ал 2011 жылдан бастап Нұржан Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясында ауысқан. 2016 жылы мектепті бітірген соң, Қостанай ауылшаруашылық колледжінің ветеринария бөліміне оқуға түскен. Биыл үшінші курсының студенті бос уақытында колледждің спорттық жарыстарына белсенді түрде қатысып тұрады. Үйдің кенжесі Ернұр 2009 жылы 20 желтоқсанда Қостанай облысында Ұзынкөл ауданында дүниеге келген. Қазіргі кезде ол Нұрбақыт ағасы оқыған Нұржан Наушабаев атындағы Затобол  мектеп-гимназиясының үшінші сыныбын тәмамдаған.  

Қостанайлық Кішкентаевтар әулеті үш ұлдан кейін 2011 жылы қыз баланы дүниеге әкелуді жоспарлайды. Содан дәрігерлердің тексеруінен кейін Айтжан Амангелдіқызына ота жасалады. Алайда ақ халаттылардың шешімі бойынша олар құрсақ сүйе алмайтындығын жеткізген.

– Бірақ та өзім бәрібір қыз баланы армандап жүрдім. Осы жайлы біз жолдасым екеуміз балалармен сөйлесіп, олардың пікірін білдік. Ары ойланып, бері ойланып, балалар үйінен бір бала асырап аламыз деп шешім қабылдап, 2015 жылы бұған қажетті  бүкіл құжаттарымызды  жинадық. Сол жылы алғаш рет Қазақстанда асырап алатын балалар туралы бірыңғай база ашылып, іздестіру жұмыстарын жүргізе бастадық. Порталдан бірінші Мира қызымды көрдім. Суретінің жанында Мансұр есімді інісі бар делінген. Інісіне хабарласқанда үшінші бауыры да бар екенін білдік. Бірақ ол басқа сәбилер үйінде орналасқан екен. 2018 жылдың  қаңтар айында отбасымызбен барып, балалармен танысып, тілдесіп, бірден Мирра, Мансұр, Анжелика (бірақ әулет мүшелері Әмина деп атайды) есімді үш баланы алып, үйге қайтқан болатынбыз. Қазір біз жолдасым екеуіміз алты баланың ата-анасы болып отырмыз. Үйіміз балалардың күлкісіне толы. Сол кезде Әмина үш жасқа толмағандықтан, мен декреттік демалыс алып, бір жыл үйде отырдым, - дейді әулет отанасы Айтжан Амангелдіқызы.

Иә, расыменде жетімін жылатпаған қазақ жұртының қайырымды ісі бүгінде жалғасын тауып келетіндігі көңілге қуаныш ұялатады. Қостанайлық Кішкентаевтар әулеті де аузынан ана сүті кеппеген, алайда ерте бастан тағдырдың тезіне ұшыраған сәбилерді жетімдіктің зардабын құтқарып, бір емес бірден үшеуін бауырына басып, отбасының шуағы мен аялы алақанының жылуын сезіндіріп, өз баласындай көріп отырған  жүрегі кең абзал жандар.

Олардың әулетінде патронаттық тәрбиедегі  балалардың үлкені Мирра Азаматқызы Тритенкова 2012 жылы 19 қазанда дүниеге келген. Қазіргі кезде ол патронаттық тәрбиеде және  Нұржан Наушабаев атындағы  мектеп-гимназиясының мектепалды даярлық сыныбының тәрбиеленушісі. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының отбасы күніне арналған спорттық және мәдени іс-шараларға қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталған.  Оның соңынан ерген інісі Мансұр  Азаматұлы Тритенков 2014 жылы 12 маусымда дүниеге келген. Қазіргі кезде патронаттық тәрбиеде әрі Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының шағын орталығының тәрбиеленушісі. Ал оның қарындасы Анжелика Азаматқызы Тритенкова 2015 жылы 28 қарашада дүниеге келген. Қазіргі кезде патронаттық тәрбиеде әрі Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының шағын орталығының тәрбиеленушісі.

– Олардың ұлтына келер болсақ, құжат бойынша үлкен қызым Мирра украин, ал Мансұр мен Әминаның ұлттары неміс деп жазылып тұр. Әкелері таза қазақ, ал шешелерінің ұлты неміс деп көрсетілген. Алайда екеуінің некелері заңды түрде тіркелмегендіктен, балалардың барлығына шешесінің ұлтын жазған. Және таза қазақ мектебіне барып жүр. Үшеуі де қазақша сөйлейді, - дейді аналары.

Бүгінде  олар Мирра, Мансұр, Әмина сынды үш перзентке қуаныш сыйлап, өз қамқорлығына алып, оларға әке-шешенің ыстық махаббатын сыйлап отырған алтын жүректі жандар.

– Аз ғана уақыттың ішінде оларды өз баламыздай жақсы көріп, үй-ішімізбен бауыр басып кеттік. Балаларам бір-бірімен өте тату. Үйге келгеннен бастап жақсы тіл табысып кетті. Өзімнің  кенже ұлым мен Мансұр екеуі бірге футбол ойнағанды ұнатады, ал Мирра ас үйдегі кішкентай көмекшім. Сонымен қоса,  бірге дүкен  аралауға шығып тұрамыз. Жұмыстан кешкілік үйге келген кезде, барлық балаларымыз «Анашым» деп алдымнан шыққанда, өзімді бақытты сезінем, - дейді отанасы Айтжан Кішкентаева.

«Қарты бар үй – қазыналы үй» демекші, шаңырақтың бақ-берекесі әрі Кішкентаевтар әулетінің төрінің ажарын кіргізіп тұрған әрі үйдің отанасы Айткүл Кішкентаеваның әкесі Амангелді Досанұлы ақсақал немерелеріне дұрыс жол сілтеп, ата-бабасынан қалған парасатты сөздерімен сусындатып отырудан жалыққан емес. Бүгінде 75 жастағы қария Қостанай облысы Затобол кентінде бала-шағасы және немерелерімен  бақытты өмір сүріп келе жатыр. Осыдан 27 жыл бұрын Ресей Федерациясынан елге алғаш рет қоныс аударып, қызын құтты орнына қондырған соң, 1997 жылы жұбайымен бірге қайта Ресей мемлекетіне көшіп кеткен. Алайда 2001 жылы жан жары әрі Айтжан Амангелдіқызының анасы қайтыс болады. Содан қарттықтың зейнетін көріп, тәтті немерелінің иісін иіскеп, жанында болу үшін былтыр келген болатын. Бұрында мал шаруашылығымен айналысқан қария бүгінде алты баласынан 23 немере сүйіп отыр.

– Алланың берген өміріне ризамын. Осы күнге жеткізген Жаратқанға шүкірлік айтам. Құдай қосқан жарым қайтыс болған соң, жасым біразға келген кейін де балаларынмың қасына елге келуді жөн деп санадым. Жұбайым екеуіміз алты бала тәрбиелеп өсірдік. Ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырдық. Бүгінден олардан 23 немереміз бар. Кезінде балаларымызға ұлағатты әрі тәлімді тәрбиені беріп, қартайғанда соның жемісін көріп отырмыз, - дейді 75 жастағы Амангелді Досанұлы ақсақал.

Бұл әулеттің қоржынында түрлі деңгейде өткен спорттық сайыстардан, пәндік олимпиадалардан, қоғамдық әрі мәдени іс шараларған белсене атсалысқаны үшін көптеген грамоталар мен алғыс хаттар, кубоктар  бар. Отбасы мүшелері салауатты өмір салтын ұстануы мен еңбексүйгіштіктерінің арқасында көпшілікке үлгі болып отыр.

Кішкентаевтар жанұясы балаларының бойына патриоттық, бауырмалдық, татулық, рухани, қайырымдылық, инабаттылық, адамгершілік қасиеттерді сіңіруге ерекше мән береді. Үйдің кішілерін бос уақытында түрлі секция мен үйірмелерге қатыстырады. Оған қоса мәдени әрі спорттық шараларға да үлкен қызығушылық танытады.

– Біздіңше, болашақ саналы ұрпақ тәрбиесінде ең бірінші ұстазы, яғни ата-ана үлкен рөл атқарады. Өйткені оған үй ішінде әке-шешесінен артық тәрбиеші жоқ деп ойлаймын. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші, олар да ата-анасына қарап, солардың істеген әр нәрсесіне әуестеніп, үлкендерге көмектескісі келіп тұрады. Алайда, қазіргі кезде кейбір ата-аналар «маған кедергі жасама, бұған араласпа, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп, ұрсып тастайтындары да арамызда баршылық. Ал бұлай баланың бетін қағуға болмайды. Керісінше, оның қызығушылық танытқан ісіне жағдай жасап, үйренуіне көмектескен дұрыс. Тіпті перзентіңізге берген тапсырмаңыздың соңына дейін орындалуына асқан төзімділікпен бақылап тұру қажеттігін де естен шығармаған жөн. Осылайша, біртіндеп бала да еңбекке араласып, соған икемделе бастайды. Оған қоса кез келген қолға алған ісін ұқыпты әрі тындырымды орындауға машықтанатын болады. Және ара-тұра баланың жақсы ісін мақтап, бұрыс ісін дұрыстап, түсіндіріп отырса, оның бұл іске деген ынтасы артатыны сөзсіз. Ал орынсыз ұрысу, зекіп тастау, оның қойған сұрақтарына дөрекі жауап қайтару және дұрыс талап қоя алмау бұл ең бірінші ата-ананың беделін түсіреді.  Келешек ұрпаққа дұрыс тәрбие беруде екінші орындағы маңызды адамдар қатарына мектептегі мұғалімдер мен балабақшалар мен шағын орталықтардың тәрбиешілерін жатқызамыз. Өйткені олар балаларға ең бастысы – таусылмас қазына білім нәрімен сусындатып, таным көкжиектерін кеңейтеді. Егер мектептің базасы мықты болса, онда келешек ұрпақ болашақта үлкен жетістіктерге қол жеткізеді деп есептеймін, - дейді отағасы Ерболат Жолмақұлы.

Кішкентаевтардың перзенттерінің бойына  бала кезінен ата-аналарының адалдық, әділдік, мейірімділік, еңбексүйгіштік, өмірге деген махаббат мақсатқа жету сынды қасиеттері дарыған.

Шаңырақтың ұйытқысы әрі түтінін түзу түтетіп отырған Айтжан Амангелдіқызы үй-ішінде бүгінгі күнге дейін белгілі бір дәстүрлерді берік ұстанып келе жатқанын айтады.

– Үйіміздегі ең басты дәстүр – жанұяның кіші ұлы ата-анасымен бірге тұруы. Бұл дәстүр әрдайым міндетті түрде сақталып отыруы  тиіс. Ата-аналар өз балалары үшін жауапты болуы қажет. Ал балалар болса, болашақта ата-аналары үшін жауап беруі керек. Қазақ жерінде балалар үйі мен қарттар үйі болмауы керек деп есептеймін. Жыл сайын 9 мамыр Жеңіс күні барлық туыстар біздің үйге жиналады. Бұл күні жоғарыда айтып кеткенімдей, үлкен ұлым дүниеге келген күн әрі Ұлы Отан соғысына  қатысқан атамызды еске алатын ерекше күн. Әсіресе, осы дәстүр біздің өмірімізге енген ең тұрақтысы деуге болады. Осы күні біз алаңға шығып, атамыздың суретін «Өлмес полк» қатарында мақтанышпен алып жүру үшін барамыз және барлық соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетеміз. Үшіншіден, біз жыл сайын отбасы мүшелерінің барлық туған күндерін атап өтеміз. Және соған орай туған-туыстар мен жақын достарымызды шақырамыз. Үйімізде мерекелік дастархан жайылып, бәріміз бірге көңілді әндер шырқап, мың бұралып би билейміз. Осындай күні дастархан басында міндетті түрде торт, майшам болуы қажет және жылы лебіздер айтылуы тиіс, - дейді Айтжан Кішкентаева.

Төртіншіден, бұл әулет жылына бір келетін әз Наурыз мейрамында ұлттық киімдер киіп, наурыз көже әзірлеп, бауырсақ пісіріп, үлкен дастархан басында қонақтармен бірге думандатып өткізуді дәстүрге айналдырған. Кішкентаевтар әулетінің отағасы мен отанасы отау құрған 1993 жылдың 23 ақпан күнін де ұмыт қалдырмайды. Жыл сайын бір-біріне ұқсамастай ерекше өткізуге тырысып бағады. Осылайша олар балаларына үлгі боларлық нағыз махаббат мен  берік некенің және отбасындағы адамдардың өзара түсініктері қандай болу керектігін көрсетіп отырады. Және соңғысы Кішкентаевтар әулеті үй-ішінде ықылам заманнан келе жатқан салт-дәстүрлерді берік ұстанып, бүгінгі күні қайта жаңғыртып отыруға сүбелі үлестерін қосып келеді. Оған қоса елдегі барлық ерекше мерекелер мен отбасылық мейрамдар да әулеттің назарынан тыс қалмай, сән-салтанатымен думандатып өткізіліп тұрады.

Кішкентаевтар шаңырағының өмірінде естен кетпес қызықты оқиғалар да болып тұратынын әулет перзенттері тілге тиек етті. Солардың біреуімен үйдің үлкені Ербағыт Ерболатұлы бөліскен еді.

– Бұл оқиға  2002 жылы біз Ұзынкөл ауданында тұрған кезде болған... Сол уақыттары әжеміз де қасымызда болатын. Бір күні мектепте ұйымдастырушы болып жұмыс істейтін анам әжемен әзілдемек болды. Сол жылы біздің ауданымызға жаңа әкім тағайындалып,  жергілікті  халық бұл өзгерістен үлкен жаңашылдықтар күткен еді. Содан анам аудан әкімінің атынан «Балалар мен немерелерді тәрбиелеуге қосқан үлесі,  күнделікті тұрмыстық жұмыстар мен қажымас жігері, шыдамдылығы мен жолдасына көрсеткен кұрметі, келінімен ортақ тіл таба алғаны үшін секілді өміріндегі барлық жетістіктерін тізбектеп жазып шығады да, оның астына «Ұзынкөл ауданының әкімі: Сейфуллин А.К.» деп жазып,  қол қойып, мектептің мөрін басып, алғыс хатты анам  пошта жәшігіне салып кетеді. Әжем күндегі әдеті бойынша пошта жәшігін тексеріп жатып, осы алғыс хатты тауып алады. Сол уақыттағы әжемнің реакциясын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... 70 жастағы әжем алғыс хатты бірден  арнайы рамкаға салып, өзінің барлық құрбыларына үлкен мақтанышпен  көрсетіп жүрді. Сөйтіп ауылдағы барлық зейнеткерлермен қарттардың назарына іліккен жаңа әкімнің рейтингісі автоматты түрде айтарлықтай жоғарылап кетті. Ең бастысы менің әжем мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық пен адамгершілік сезімін сезінген болатын, - дейді әулеттің үлкен баласы Ербағыт Ерболатұлы.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, Ерболат ағамыз бен Айтжан апайымыздың перзенттеріне беріп отырған тәрбиесі ерекше екенін байқауға болады. Өйткені әр баласының бойына  құрмет пен инабаттылық, ізеттілік пен адамгершілік сынды асыл қасиеттер дарыған. Осылайша олар ұлын ұлтжанды, қызын инабатты етіп өсіріп отыр. Мұндай тәрбиені көріп өскен баланың көкірегінен  мейірімділік пен адалдық, жауапкершілік пен кешірімділік сынды қасиеттер орын алары анық. Қазақ халқы ежелден жанұядағы тәрбиені бірінші кезекке қойған. Себебі ата-ана перзенттеріне қандай тәлім мен тәрбие берсе, келешекте балаға сол тәрбие  өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтуіне септігін тигізеді. Иә, расымен де «Отбасы – шағын мемлекет» десек, онда  жанұядағы береке мен бірлік, құрмет пен сыйластық қалай болса, елдегі ауызбіршілік те солай болмақ. Жанұяның шаңырағына шаттық пен қуаныш нұрын сыйлаушы бала болса, оның тіреу ата-ана екені баршамызға белгілі. Олай болса,  айналасына үлгі болатын әрі басына бақ-береке қонған қостанайлық Кішкентаевтар жанұясының мерейі әрқашан үстем болуын тілейміз. Облыстық кезеңнің жеңімпазы атанған бұл отбасы қыркүйек айында  Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жалпыұлттық «Мерейлі отбасы – 2019» сайысының ақтық турында өңірдің атынан сынға түспек.

(Суреттер  Кішкентаевтар отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Әріптестер