Еркебаевтар – түркістандық үлгілі ұстаздар әулеті

El.kz порталы жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» сайысының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған  отбасыларды таныстыруын жалғастырады. Бүгін біз түркістандық  Еркебаевтар әулеті жайында әңгімелейтін боламыз. Қазіргі таңда Бәйдібек ауданындағы Ағыбет ауылдық округінің Жаңаталап ауылының тұрғыны Әлмырза Еркебаевтың шаңырағы бүкіл облысқа педагогттар жанұясы ретінде танымал. Өйткені бүгінде жанұя мүшелерінің көпшілігі білім беру саласында абыройлы қызмет атқарып, келешек ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру жолында аянбай тер төгуде.  

Әулеттің отағасы  Әлмырза Еркебаев 1946 жылы 9 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы «Красная Нива» колхозы Орловка селолық советінің Жаңаталап ауылында шаруа отбасында өмірге келген.  1954-1957 жылдары «Жаңаталап» бастауыш мектебінде білім алып, жоғары сыныптарды Орловка ауылындағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте оқиды. Содан 1965-1968 жылдары Германияда әскери борышын өтеп келіп, Боралдай Орман шаруашылығында шоферлік қызмет атқарады. Келесі жылы болашақ жары Оңал Салыбековамен отбасын құрған.

– 1969 жылдың 19 мамыр күні алтындай жеңгеміз отбасымызға келін болып кірді. Қыс кезінде үлкен  әпкеміз болашақ жеңгеміздің суретін анамызға жіберген болатын. Содан бір күні қарасам, ағам Әлмырза төс қалтасына дәл жүрек тұсына  жеңгемнің суретін салып алған. Мен сол кезде 4-сыныпта оқимын. Ауылда мал суарамыз. Содан ағам  мені байқамайды деп ойлап, төс қалтасынан суретті алып, соған қарап қояды. Сосын қайтадан төс қалтасына салып қояды. Сол қарағаннан шамамен  2-3 ай өткен соң, жоғарыда айтқанымдай 19 мамыр күні ағам өзінің бақыт құсын қолына қондырды, - дейді қарындасы Зүбайра Әділбаева.

Осылайша шаңырақ құрғаннан соң, Әлмырза Еркебаев 1969-1980 жылдары «Красная Нива», Майбұлақ совхоздарында жүргізуші, тракторист, бригадир, аға жұмысшы секілді қызметтер атқарды. Ал 1983 жылдан бастап, 1987 жылға дейін Алғабас бөлімшесінде бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді. Содан отбасылық жағдайына байланысты Жаңаталап бөлімшесіне қоныс аударып, 1987 жылдан 1996 жылға дейін аталмыш ауылда бөлімше меңгерушісі болады. Алайда 1996-1998 жылдары совхоздардың таралуына байланысты Жаңаталап өндірістік кооперативінде төраға  қызметін атқарады. Ал 2000 жылдан бастап 2009 жылға дейін  зейнеткерлікке шыққанша жекеменшік «Еркебай ата» ЖШС-інде  төраға және 2004 жылдан бастап Боралдай Орман шаруашылығында да қызмет атқарған. Ал 2009 жылы зейнеткерлікке шықса да, Әлмырза ата үйде қарап отырмай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Жаңаталап ауылының биі әрі Ағыбет ауылдық округінің төбе биі міндеттерін атқарып, ауылдың өсіп көркеюі үшін аянбай қызмет етіп жүр. Және осы атқарған жемісті еңбектерін аудан басшылары жоғары бағалап, 2016 жылы ауданның «Үздік биі» және ауданның «Құрметті азаматы» атағын берді. Болашақ жарын қалай кездестіргеніне ақсақал былайша жауап берді.

– Ол кезде біз жас едік. Әскерден жаңа келгем.Сол уақытта Болат есімді жездем көрші ауылдағы жанұяның бір сұлу бойжеткенімен кездесіп, танысуға  ой тастады. Содан жездемнің сол айтқан қызына барып кездесіп, бір көргеннен ғашық болып қалдым. Оңал апаң бір жанұяның жалғыз қызы болатын. Шүкір, отбасын құрғаннан бері бір-бірімізге қарсы келіп көрмедік. Біз енді бала-шағаның анасы әрі  арамызда үлкен махаббат болғандықтан үйдің отанасын сыйлаймыз, - дейді отағасы Әлмырза Еркебаев.

Жарты ғасырға жуық бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан Әлмырза Еркебаевтың жары әрі үйдің отанасы Оңал Салыбекова 1948 жылдың 3 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Шақпақ елдімекенінде шаруа отбасында дүниеге келген. 1956 жылы осы ауылдың сегіз жылдық мектебінде бірінші сыныпқа қабылданады. Ал он бірінші сыныпты Шаяндағы М.Әуезов атындағы орта мектебінде 1966 жылы аяқтап, кейін Жамбыл совхозындағы кәсіптік техникалық училищенің бухгалтерлік курсын бітіріп шығады. Алғаш еңбек жолын Шақпақ ауылындағы совхоз орталығында бухгалтер болып бастайды. Еркебаевтар шаңырағына келін болып түскеннен бері үйде бала тәрбиесімен айналысқан. Содан 1989 жылы «Батыр ана» атағын алғалы бері зейнеткер екенін айта кетейік. Отағасы Әлмырза Еркебаев екеуі отбасында жеті қыз бен үш ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан 30 немере және 1 шөбере сүйіп отыр.

– Біздің тұңғыш перзентіміз Бақыткүл 1970 жылдың маусым айының 28 күні дүниеге келген. 1977-1985 жылдары Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданында Жаңаталап орта мектебінде оқыды. 1986-1988 жылдары Шымкент қаласында қазіргі №5 колледжінде білім алды. Ал 1988-1997 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы «Восход» фабрикасында тігінші болып жұмыс істеді. Содан 1997 жылы Арыс қаласының тумасы Талғат Ауғанбаевқа тұрмысқа шығып, қазіргі кезде олар екі ұл мен үш қыз тәрбиелеп отыр. Қызымыз қазір Шымкент қаласындағы мейрамханалардың бірінде аспазшы болып істейді. Олардың үлкен қызы Мақпал немерем де сол қаладағы балабақшалардың бірінде  тәрбиешілікте, - дейді отанасы Оңал Салыбекова.

Бақыткүл Әлмырзақызының сіңлісі Ұлбосын Еркебаева 1971 жылдың қыркүйек айының бірі күні Алғабас ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Алайда 2005 жылдың 10 желтоқсанында денсаулығына байланысты  дүниеден өткен. Әулеттің үшінші қызы Назгүл Әлмырзақызы 1973 жылдың наурыз айының 8 жұлдызы күні Алғабас ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдап, бала-бақша тәрбиешісі болып жұмыс істеген. Қазіргі кезде шаһардағы мейрамханалардың бірінде әкімші болып қызмет атқарады.

Назгүлдің соңынан ерген інісі Медеу Еркебаев 1975 жылдың 6 сәуірінде Алғабас ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. 1982-1990 жылдары Жаңаталап мектебін бітірсе, 1990-1992 жылдары Н.К.Крупская атындағы орта мектебін тәмамдайды. Содан 1993-1995 жылдар аралығында Қарағанды қаласында әскери міндетін атқарып келеді. Арада екі жыл өткен соң, яғни 1997 жылдың сәуір айында Медеу Еркебаев отбасын құрады. Ал 2005-2010 жылдары Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінде қаржы мамандығын бітіріп шығады. Қазіргі уақытта Бозашы-Мұнай ЖШС-де оператор болып жұмыс істейді.

Медеу Әлмырзаұлының 22 жыл бір шаңырақта бірлікте өмір сүріп келе жатқан жұбайы Гүлдана Көпжасарқызы Қалышева 1975 жылдың 17 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданы Ұялыжар ауылында дүниеге келген. 1982-1991 жылдары Ұялыжар ауылындағы Абай атындағы орта мектепте білім алады. Ал 1991-1994 жылдары Семей қаласындағы Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық техникумын «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдайды. Ал 2003-2006 жылдар аралығында Алматы экономика және статистика академиясының «Қаржы және Несие» мамандығын бітіреді. 1995 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында бас маман болып жұмыс істейді. Бүгінде Медеу Әлмырзаұлы мен Гүлдана Көпжасарқызы отбасында үш ұл мен бір қызға өнегелі тәрбие беріп отыр.

– Біздің тұңғыш перзентіміз Әбдіхалық қазір Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ветеринария факультетінің «Ветеринарлық медицина» мамандығының бесінші курсында білім алып жатыр. Екінші баламыз Аружан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Мал өндіру технологиясы» мамандығының биыл 4-ші курсына көшті. Оның соңынан ерген інісі Елдияр Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы әскери институтына түсті. Ал үйдің кенжесі Дінмұхаммед ұлымыз Шымкент қаласындағы  Т.Тәжібаев атындағы №47  мектеп-гимназиясының 7 сыныбына ауысты, - дейді Медеу Әлмырзаұлы.

Әулеттің бесінші перзенті Нұршат Еркебаева 1977 жылдың 29 наурызында Алғабас ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. 1984-1992 жылдары Жаңаталап мектебінде оқып, оны үздік бітіріп, 1992 жылы Н.Крупская атындағы орта мектепте білімін жалғастырады. Ал 1994-1996 жылдар аралығында Шымкент совхоз-техникумында «Бухгалтер-экономист» мамандығы бойынша оқып, үздік дипломмен тәмамдаған. Содан 1996-2000 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Экономика және құқық негіздері» мамандығы бойынша білім алып, оны үздік аяқтайды. Мұнда экономика және құқық негіздерінің мұғалімі біліктілігін алған  Нұршат Әлмырзақызы 2000 жылы «Қайнар» университетінің «Қоғамдық-құқықтық пәндер» кафедрасына оқытушылық қызметке орналасады. Ал мұнда 2003 жылдан  аға оқытушы міндетін атқарған Нұршат Еркебаева 2003-2006 жылдары Алматы қаласындағы «Қайнар» университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Ал 2012-2013 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің магистратура бөлімін  «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, заң ғылымдарының магистрі дәрежесіне ие болған. Содан 2004 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Заңтану және халықаралық қатынастар» факультетінде аға оқытушы қызметін атқарып келеді. Және жұмыстан бөлек Нұршат Еркебаева 18 жылдан аса бір шаңырақ астында жолдасы Қаныбек Қалуұлы Рүстемовпен жұп жазбай тату өмір сүріп келеді. Бүгінде олар төрт ханшайымын бағып-қағып отыр. Нұршат Еркебаеваның сүйген жары Қаныбек Рүстемов 1976 жылы 7 тамызда Төлеби ауданы Көксәйек ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Шымкент ауылшарушылық колледжінің «Техник-механик» мамандығына  оқуға түсіп, оны 1996 жылы бітіріп шыққан. Ал 1996-1998 жылдары Тараз қаласындағы 5513-Әскери бөлімінде әскери қызметін атқарған. Содан 2000 жылы 6506-Әскери бөлімінде жүргізуші-нұсқаушы қызметіне орналасып, қазіргі таңда 6698-Әскери бөлімінде қызметін жалғастыруда. Және Қаныбек Қалуұлы 2003-2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Қайнар» университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша «Заңгер» біліктілігін алған.

– Біздің үлкен баламыз Аяжан 2002 жылы 14 наурызда дүниеге келген. Биыл Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы «Назарбаев» зияткерлік мектебін ұлттық бірыңғай тестілеуден 139 балл жинап, үздік аттестатпен тәмамдап, тек бізді ғана емес, барша әулетімізді қуантты. Қызымызды мақтан етеміз. Қазіргі кезде қызымыз Аяжан Назарбаев университетіне шақырту алып, енді соған құжаттарын тапсырып жатыр. Аяжанның 2004, 2012 және 2016 жылдары дүниеге келген сіңлілері Шымкент қаласындағы №33 мектепте оқиды, - дейді Нұршат Еркебаева.

Нұршат Еркебаеваның соңынан ерген інісі Нұржан Әлмырзаұлы 1980 жылдың 14 шілдесінде Алғабас ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. 1986-1995 жылдары Жаңаталап мектебін тәмамдап, Майбұлақ орта мектебінде білімін жалғастырады. 1998-2000 жылдар аралығында Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы 28237-Әскери бөлімінде міндетін атқарып келеді. Оған қоса 2005-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша білім алған. 2010 жылдан бастап Жаңаталап негізгі орта мектебіне мұғалім болып қабылданады. Ал 2014 жылдан қазіргі кезге дейін осы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарып келеді. Нұржан Еркебаев 2003 жылдың қараша айында отбасын құрған. Шаңырақ құрғандарына биыл он алты жыл болған Нұржан Еркебаевтың сүйіп алған жары Гүлнұр Қаржауқызы Сырманова 1982 жылы Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, 2005 жылға дейін Халықаралық қазақ-араб университетінде «Бастауыш сынып» мамандығы бойынша білім алған. Ал 2004 жылдан  ауылдағы Жаңаталап негізгі орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс атқарады.  Бүгінде Нұржан Еркебаев пен Гүлнұр Сырманова отбасында бір ұл мен төрт қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

– 2005 жылы дүниеге келген тұңғышымыз Даниял Жаңаталап негізгі орта мектебінің 9-сыныбын, оның соңынан ерген бір жасқа кіші қарындасы 8-сыныбын бітірді. Ал 2009 және 2012 жылдары жарық дүние есігін ашқан Шұғыла және Кәусар атты қыздарымыз 6-шы және 3-ші сыныпқа көшті. Үйдің кенжесі Айзере 2014 жылы дүниеге келген, - дейді Гүлнұр Қаржауқызы.

Нұржан Әлмырзаұлының қарындасы Лаура Еркебаева 1982 жылы 5 қаңтарда Алғабас ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Жаңаталап ауылындағы орталау мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы №25 мектепте білімін жалғастырады. Содан 2001-2006 жылдар аралығында «Қайнар» университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алған. Лаура Еркебаева жолдасы Жандарбек Зұлпухарұлы Ботабаев 1978 жылдың 25 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданы Жүзімдік ауылында дүниеге келген. 1993-1997 жылдары О.Жәутіков атындағы арнайы физика-математика интернатында білім алады. 1997-2002 жылдар аралығында Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіреді. 2002-2005 жылдары «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын тәмамдайды. Бүгінде Нұрсұлтан қаласында Лаура Еркебаева екеуі үш ұлды тәрбиелеп отыр.

Лаура Әлмырзақызының соңынан ерген сіңлісі Жансая Еркебаева 1983 жылдың 31 тамызында Алғабас ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, 2001-2006 жылдары Қайнар университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алады. Қазір С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатында қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Оның  жолдасы Қанат Ақылұлы Оңғарбай 1980 жылы  6 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясына оқуға түсіп, 2002 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының «Кәсіпорындағы экономика және менеджмент» мамандығы бойынша диплом алған. Содан Бәйдібек аудандық орталық емханасында «Мемлекеттік сатып алу» бөлімінің  менеджері болып қызмет атқарады. Бүгінде олар отбасында екі ұл мен бір қызды бағып-қағып отыр. Олардың тұңғыш баласы  2005 жылы дүниеге келген Дәулет 8 сыныпты бітірсе, 2009 жылы дүниеге келген Қарақат 3 сыныпты тәмамдаған. Ал үйдің кенжесі жеті жастағы Алмат биыл 2 сыныпқа көшті.

– Әулеттің менен кейінгі перзенті әрі сіңлім Алуа 1985 жылдың шілде айының 17 жұлдызы күні Алғабас ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. 1992-2003 жылдары орта білім алып, 2003-2008 жылдары Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Математика» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Қазір жолдасымен Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр, - дейді әпкесі Жансая Еркебаева.

Алуа Әлмырзақызының сүйген жары Дулат Туғанбаев 1981 жылы 18 тамызда Төлеби ауданы Кенесарық ауылында дүниеге келген. 1987-1998 жылдары Кенесарық ауылында орта білім алып, 1998-2003 жылдары бұрынғы Астана қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы аграрлық агротехникалық университетін тәмамдаған. Алғаш еңбек жолын 2003-2005 жылдары  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бастаған. 2005 жылдан бері 39997-Әскери бөлімінде майор шенінде қызмет етеді. Бүгінде Дулат Туғанбаев пен Алуа Еркебаева үш ұл мен бір қыз өсіріп отыр.

Әулеттің кенжесі Дәурен Еркебаев 1987 жылы 10 сәуірде Алғабас ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. 1993-2002 жылдары Жаңаталап орталау мектебін бітіріп, Шымкент қаласындағы №65 Ы.Алтынсарин атындағы гуманитарлық-эстетикалық гимназия-мектебінде білімін жалғастырады. Содан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетінде «Қаржы және кеден ісі» мамандығы бойынша білім алады. 2007-2008 жылдар аралығында Алматы облысы Қапшағай қаласындағы 32363 аэроұтқыр бөлімінде әскери міндетін атқарған. 2009 жылдан  бастап Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасы 2041-Әскери бөлімінде қызметін абыроймен атқарып келеді. Бүгінде ол Жанар Серікбаймен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.  Жанар Ерікқызы 1993 жылдың 13 қыркүйегінде Ордабасы ауданы Темірлан ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы Н.Нысанбайұлы атындағы орта мектепті бітірген соң, Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан облысы гуманитарлық институтында «Педагогика және психология» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде жолдасы Дәурен Еркебаев екеуі бір қыз бен бір ұл бағып-қағып отыр. Ал келіншегі қазіргі таңда бала күтіміне байланысты үйде отыр.

Осындай перзенттердің ата-анасы  әрі ел мерейін асқақтатқан ұлттық жоба қатысушысы Түркістан облысы Бәйдібек ауданының құрметті азаматы Әлмырза атай жолдасы Оңал апа екеуінің жарты ғасырға жуық бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешудің сырымен бөлісті.

– Бұл – ең бірінші отбасының татулығы, бірлігі. Иә, біздің отау құрғанымызға 50 жыл болды. Содан бері балаларымыздың бәрін оқытып, келешегі жақсы болсын деп шама-шарқымыз келгенше апаң екеуіміз  дұрыс тәрбие беруге тырыстық. Құдайға шүкір, перзенттеріміздің бәрі оқыған, білімді, жұмыстары бар, - дейді отағасы Әлмырза Еркебаев.

Еркебаевтар әулеті бүгінгі күнге дейін бала тәрбиесінде ұлттық салт-дәстүрлерді  берік ұстанып келеді. 

– Бізде отбасы тәрбиесі үлкеннен басталады. Мен қайың атаммен 30 жыл, енеммен 40 жыл бірге тұрдым. Атаммен өзімнің құрдасымдай жақсы сыйласып, тату тұрдық. Ол кісі көпшілік жерлерде өзгелерге мен жайында: «Келіндерін болса, менікіндей болсын» дейтін еді. Содан жұрттың бәрі менен: «Сенің атаң неғып сені мақтай береді?» деп сұрайтын. Сонда мен: «Оны атамның өзінен сұраңдар» деймін. Сөйтсек, ол жақсы сыйластықтың арқасында барлық көрші-көлемге солай дейді екен.  Яғни атам жұрттың бәріңе: «Үйге кісі көп келеді. Сол қонақты келінім күліп қарсы алып, күліп шығарып салады. Менің келінім қонаққа жақсы қызмет жасап, жақсы күтеді. Мен сонысына дән ризамын» дейтін көрінеді.  Мен сондай ата-ененің тәрбиесін көріп өстім. Олар ешқашан бір-бірімен ұрысқан емес, - дейді әулеттің отанасы Оңал әжей.

«Үйде не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші осындай тәрбие көріп өскен Оңал әжей мен Әлмырза атай перзенттерінің бойына да сондай тәрбиені сіңіртуге тырысқан.

– Жас отбасы болған жылдары отағасы азаннан қара кешке дейін жұмыста болады. Сондықтан балаларды мен тәрбиеледім. Олар сәл тентектік жасаса: «Әкеңе айтам» деймін. Оларды әкесі ұрып жатқан жоқ, бірақ бала кішкене сескеніп әрі сыйлап өседі. Балаларға да «әкелеріңді сыйлаңдар. Әке деген сендерді асырау үшін сыртта жүр» деп құлағына құйып отырамын. Барлық баламыз осындай тәрбиемен өскен. Біреуі де әкесінің бетіне қарсы келмейді. Ал біреуінің сәл басы ауырып, балтыры сыздаса, балалардың барлығы қасымыздан табылады, - дейді Еркебаевтар әулетінің отанасы Оңал Салыбекова.

Туыс-туғандарының айтуынша, Әлмырза атай мен Оңал әжей шаңырақ құрғаннан бері өте тату-тәтті өмір сүріп келеді. Соның арқасында 11 бала дүниеге келген. Келін ененің топырағынан жаралған демекші,  Әлмырза Еркебаевтың қарындастары Оңал Салыбекованың ешкіммен дауласпауын енесіне ұқсатады.

Қазіргі кезде атамыз Әлмырза Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Ағыбет аулының төбе биі. Расында бүтіндей бір ауылға би болу оңай шаруа емес екені белгілі. Зейнеткерлікке шықса да Әлмырза Еркебаев еңбектен қол үзген емес. Өйткені ол бүгінде ауыл жастары мен отбасыларына өмірлік маңызы зор тәлім-тәрбиесін айтып отырады.

– Иә, дұрыс айтасың, ауыл биінің жұмысы ауыр. Өйткені түрлі жағдайлар болып қалады. Сол кезде жұрттың ынтымағын сақтап қалу үшін түрлі мәселелерді шешуге тура келеді. Ең бастысы – ұрлық жоқ, барлық отбасылар бір-бірімен тату тұрып жатыр. Біз оларды тек жақсылық, береке, бірлікке шама-шарқымыз келгенше тәрбиелеп отырамыз. Біздің ауылда бұрын медициналық пункт болмаған. Соны тұрғыздық. Мектеп жоқ еді... Биыл 2 қабатты 100 балаға шақталған білім ордасы салынып жатыр. Ауылымыздың жолдары асфальтталған. Кеш батса барлық көшелерде жарық бағандары жарқырап жанып тұрады, - дейді отағасы Әлмырза Еркебаев.

Кез келген жанұядағы ең әлсіз әрі нәзік тұсқа ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынасты жатқызуға болады. Бүгінде екеуі де отбасы мүшелері үшін өте маңызды әрі қымбат тұлға болып есептеледі. Өйткені ене – отағасын дүниеге әкеліп, жеткізген жан болса, келін – ер азаматтың аманаты әрі перзенттерінің анасы екені белгілі. Шаңырақтағы татулық пен мамыражайлылықты ұстап тұру үшін ене мен келіннің арасы қандай болу керектігін Оңал әжей бізбен бөліскен еді.

– Өз қызымызды бөтен ұяға қондырдық қой... Сол сияқты келіндеріміз де бізге келіп, сіңісіп кетеді деп ойлаймын. Бастысы қызындай етіп қабылдасаң, бәрі жақсы болады. Егер келгеннен келіннің отырғанын, тұрғанын, жүргенін, сөйлегенін аңдып отырсаң, одан жақсы нәрсе шықпайды. Негізі отанасы деген үйдің, баланың, келіннің, бала-шағаның бір-бірімен татулығын ұйымдастырып отыру керек. Үй ішінде ешандай жанжал болмауын қадағалау қажет. Сәл бірдеңе шығып қалса, бірден балаларға басу айтып, керісінше «тату болыңдар, ұрыс болмасын, татулық бар жерде бірлік бар» деп айтып отырған жөн. Өйткені тату болған шаңырақта тамақ та сіңімді болады. Ас та тәтті болады. Мен өзім бала-шағамды, келіндерімді осылай тәрбиелеймін, - дейді Оңал әжей.

Өз отбасында тәлімді тәрбиені бойына сіңіріп, ибалылық пен инабаттылықты жанына серік еткен Еркебаевтар әулетінің тұңғыш келіні Гүлдана Қалышева бүгінде үлкен сыйға бөленіп отыр. «Тастай батып, судай сің» демекші жұбайының жанұясына сіңісіп кеткен келіннің барша ауыл-аймаққа да қадірі артып отыр.

– Мен енемді ақ босаға аттаған күннен бастап «мама» деп атап, жақын тартып кеткенмін. Мен бұл кісілерге өте ризамын. Менің келін болып түскеніме биыл  22 жыл болды. Осы уақытқа дейін үлкен кісілердің тәлім-тәрбиесін алып келе жатырмын. Мамам мені жақсы тәрбиеледі. Қабағын шытпай қонақты қалай қарсы алып, қалай күту, шығарып салу және тірлік жағына қалай пысық болу керектігінің бәрін үйретті. Расын айтқанда, мектеп бітірген соң, университетте оқу деп жүгірдік. Оны бітірген соң, жұмыс істеу керек дедік. Сөйтіп, ақыр аяғында тұрмысқа шықтық. Нәтижесінде ас үй тірлігін толық үйренбеген едік. Сондықтан өзімнің білмеген көп нәрсемді мамам үйретіп шықты. Ең бастысы  жаймен түсіндіріп, істелу барысын көрсетті. Сондықтан қазіргі кезде мен  ата-енеммен мақтанатын келінмін, - дейді Гүлдана Қалышева.

Бүгінде отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттауға сүбелі үлес қосып келе жатқан және ерлі-зайыптының арасындағы татулықты көрсетіп, бала тәрбиесіндегі ата-ененің қамқорлығын көпшілікке паш ететін «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған сәттегі әсерімен бөліскен еді.

– Біз «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына барып, әулетіміздің жеңімпаз атануының куәгері болдық. Марапаттауға Түркістан облысының орталығына барсақ, 30-ға жуық отбасы жиналған. Тіпті ине шаншар орын болмаған соң, қатысушылар залға сыймай жатты. Содан марапаттау рәсімі басталып, жеңімпаз отбасыларға алдымен 200 мың теңгеден тарата бастады. Ақыр аяғында «Біздің миллионер отбасымыз бар» деп біздің әулетті сахнаға шақырған кезде, шынын айтқанда қуанып қалдық Жалпы өсіп келе жатқан ұрпаққа осындай өнегелі әрі тәрбиелі отбасының жетістіктерін насихаттайтын жобалар арта берсін дегім келеді, - дейді әулеттің қызы Нұршат Еркебаева.

«Жас кезінде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» демекші қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай  өсірген ұрпағының өмірден өз орнын тапқанын көрген Әлмырза атамыз бен Оңал апамыз бүгінде берген тәрбие мен еткен еңбектің еш кетпегеніне көңілдері жайланып, мәуелі ағаш секілді бұтақтары кенге жайылғанын мақтан етеді.

(Суреттер  Еркебаевтар отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Әріптестер