Атырау облысының жеңімпаздары

Атырау облысы: Бақтыгереевтер әулеті

Отағасы – Мендыхан Бактыгереев

1940 жылы 24 қаңтар күні Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Теңіз (қазіргі Құрманғазы)  ауданы Нұржау селолық округінде дүниеге келген. 1959-1963 жылдары Гурьев педагогикалық институтында білім алды. Ал 1963 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сафон селосындағы Сафон мектеп-интернатында мұғалім болып алғаш қызметін бастайды.  Ғұмырының 40 жылын білім беру саласына арнаған ұлағатты ұстаз 2003 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан.

Отанасы – Шалттық Хамзақызы

1941 жылы 22 қарашада Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Теңіз ауданы (қазіргі Құрманғазы) Нұржау ауылдық округінде дүниеге келген. 1964 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының бастауыш мектеп педагогикасы мен методикасы мамандығын тәмамдаған. Алғаш еңбек жолын Сафон мектеп-интернатында бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. 40 жылдай бастауыш сынып мұғалімі болған ұстаз 2004 жылы зейнеткерлікке шыққан. Қызмет жолында жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие бергені үшін 1978 жылы «ҚазақССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы берілген және  1983 жылы «Методист-мұғалім» төсбелгісімен марапатталған. 

Қызы – Гүлсара Мендыханқызы

1967 жылы 3 қаңтарда Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы) Теңіз  ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Гурьев медициналық училищесінің фельдшер мамандығы бойынша аяқтады. Алғаш еңбек жолын Теңіз аудандық №5 дәріханада фармацевт болып бастады. Ал 2000 жылдың қараша айынан бастап М.В.Ломоносов атындағы орта мектебінің медбикесі қызметінде жұмыс істеп келеді. 22 жасында болашақ жолдасы Өтеген Мәжітовпен шаңырақ құрып, ортақ некеден үш бала дүниеге келген. 

Қызы – Нурия Мендыханқызы

1968 жылы 25 қыркүйекте Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы) Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданында дүниеге келді. 1994-2015 жылдары Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы мектепте мұғалім болып қызмет етті. 2016 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих және география пәні мұғалімі бойынша бітірді. Қазіргі кезде бірінші санатты мұғалім  Құрманғазы ауданындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде тарих-география пәнінен сабақ береді.

Қызы – Тоты Мендыханқызы

1971 жылы 8 қаңтарда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Алғаш педагогикалық қызметін 1990 жылы Ганюшкин мектеп-интернатында аға тәлімгер  болып бастады. 1997-2000 жылдары тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, 2002-2003 жылдары салауаттану пәні мұғалімі, 2004-2010 жылдары педагог-психолог қызметтерін атқарған. Ал 2010 жылдан бастап мектеп директорының оқу жұмыстары жөніндегі  орынбасары лауазымында еңбек етеді. 

Қызы – Жанар Мендыханқызы

1973 жылы 16 сәуірде бұрынғы Гурьев облысы Теңіз ауданы Ганюшкин селосында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы педагогикалық жұмысын 1993 жылы Б.Бегалиев атындағы орта мектебінен бастады. Жұмыс өтілі 26 жылдық Жанар Мендыханқызы қазіргі кезде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді.

Ұлы – Ризабек Мендыханұлы

1974 жылы 24 қарашада бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданы Ганюшкин селосында дүниеге келді. 1995 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы мектепте тарих пәні мұғалімі болып сегіз жылдай еңбек етті. Ризабек Бақтыгереев 2000 жылы Алтын Хасановамен шаңырақ құрып, бүгінде олар Ерасыл, Аиша атты ұл-қыз тәрбиелеп отыр.

Атырау облысы: Тілекқабыловтар әулеті

Отағасы – Төлеш Тілекқабыл

1933 жылы 24 желтоқсанда Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Ұлағатты ұстаз  Қазақстан Республикасының «Оқу ісінің үздігі» белгісімен екі рет марапатталған және аудандық, облыстық Құрмет грамоталарына ие болған азамат. 

Отанасы –  Аймекен Қабдешқызы

1936 жылы 3 қаңтарда Атырау облысы Кулагино селолық округіне қарасты  «Хоз ауыл» учаскесінде дүниеге келген.  1955 жылы Кулагино селосындағы Жамбыл орта мектебін аяқтаған соң Алматы қаласындағы ҚазКСР Мәдениет министрлігінің жанындағы кітап сатушылар мектебіне түсіп, 1956 жылы аға сатушы мамандығын алып шыққан. Ал 1956 жылдың ақпан айынан Атырау облысы Индер ауданы Өрлік селосындағы кітапханада алғаш еңбек жолын бастаған.  Ал 1962 жылдан бастап, 1980 жылға дейін Индер аудандық тұтынушылар қоғамында әртүрлі қызметтер атқарды. 1980 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Индер ауданындағы Борат руднигінде есепші болып жұмыс істеді.

Ұлы – Арман Төлешұлы

1961 жылы дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түседі. Оқуды аяқтаған соң туған ауылында  агроном болып қызмет етеді. Тіпті ауыл әкімі болып тағайындалып, сол ауылдың көркейіп, өсіп-өркендеуіне  көп жұмыстар атқарады.

Ұлы – Абзал Төлешұлы

1964 жылы Атырау облысы Индер ауданы Кулагино селосында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының механика факультетіне оқуға түскен. Кейін оны тәмамдаған соң алғаш еңбек жолын Ақтау қаласында «Қаражаңбас» жерінде мұнайшы болып жұмысқа орналасқан.

Ұлы – Асхат  Төлешұлы

1966 жылы 17 наурызда Атырау облысы Индер ауданының Жарсуат селосында дүниеге келген. 1983 жылы Жамбыл атындағы №21 орта мектепті аяқтап, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсті. Ал 1986-1988 жылдары әскерде болып, оқуын тек 1990 жылы бітіріп шықты. Алғаш еңбек жолын Индер ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі әрі оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта Кулагино ұлттық гимназиясының директоры міндетін абыроймен атқарып жүр.

Қызы – Анар Төлешұлы

1968 жылы Атырау  облысы Индер ауданы Кулагино селосында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің орыс тілі мен әдебиет факультетіне оқуға түсті. Оны тәмамдаған соң алғаш еңбек жолын Индер ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектебінде орыс тілі пәні мұғалімі болып қызметке орналасты. 1989 жылы Берік Нұғмановқа тұрмысқа шығып, ортақ некеден  төрт бала және бүгінде олардан  бес немере сүйіп отыр.

Қызы – Айнаш Төлешұлы

1971 жылы дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң, бұрынғы Гурьев педагогикалық институты қазіргі Атырау мемлекеттік университетінің тарих факультетін аяқтады. Қазіргі уақытта өзінің жеке кәсібімен айналысады әрі «Кәсіпкер боламын» жобасының авторы. 1990 жылы Еркін Қарақұловқа тұрмысқа шығып, ортақ некеден қос ұлды тәрбиелеп отыр.   

Ұлы – Артур Төлешұлы

1973 жылы Атырау облысы Индер ауданы Кулагино селосында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы ұлттық университеттің мұнай және газ бұрмалау факультетін тәмамдаған. Қазір  жұбайы  Самал Молдағалиевамен төрт ұлды тәрбиелеп отыр.

 Ұлы – Алмаз Төлешұлы

1975 жылы Атырау облысы Индер ауданы Кулагино селосында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Атырау политехникалық университетіне оқуға түсті. Қазіргі кезде мұнай саласында мұнайшы болып қызмет атқарады. 1998 жылы Ляззат Елтайқызымен шаңырақ құрып, қазір олар төрт ханшайымды тәрбиелеп отыр.

Ұлы – Аман Төлешұлы

1979 жылы Атырау облысы Индер ауданы Кулагино селосында дүниеге келген. Қазіргі кезде жеке фирмада қызмет етеді.  2000 жылы Гаухар Сағындыққызымен отау құрған. Олардың 19 жастағы қызы Асылай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  аударма ісі және шетел тілі факультетінің студенті әрі сол жоғары оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, көптеген марапаттарға ие болып жүр.

Әріптестер