Қалдықтарды сұрыптау, жинау ережелері

Экологиялық пайдалы әдет табиғатты құтқарады

El.kz интернет жобасы пластик қалдықтардың зияны туралы бұрынырақ та материалдар жазған болатын. Жыл сайын Қазақстанда 5-6 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар түзіледі. Қазір елімізде қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін 130 кәсіпорын бар.  Биылдан бастап пластмасса, макулатура, картон, қағаз қалдықтары мен шыныны қоқыс полигондарында жерлеуге тыйым салына бастады. Қазақстан Республикасының энергетика министрлігі және жергілікті әкімшіліктер шағын және орта бизнес субъектілерін тарта отырып тұрмыстық қатты қалдықтарды утилизациялау және өңдеу бойынша шаралар кешенін әзірледі. Бұл шара бойынша қалдықтарды өңдеу үлесі 2030 жылға қарай 40%-ға, ал 2050 жылы 50%-ға дейін ұлғаюы керек. Жақсы, бұл ауқымды шаралар делік. Жергілікті, қалалық, аймақтық, тіпті мемлекеттік тұрғыда жасалатын дүние болар. Ал сіз, құрметті оқырман, қоқыстардың азаюына, экологияға, қоршаған ортаға тигізілетін зиянның азаюуы үшін не істей аласыз? Үйдегі, күнделікті тұрмыстағы қалдықтарды жеке-жеке жинау арқылы сіз күнделікті тасталатын қоқыстардың мөлшерін, өңделмей, полигондарда таудай болып үйіліп жататын қоқыс үйінділерінің көлемін азайта аласыз. Көп түкірсе көлдің керісі, барлық азамат қоқысты сұрыптауға тиісті назар аударса, қоршаған ортаға зиянымыз азаяр еді, ормандардың шабылуына, мұнайдың қауіпті өндірісінің кемуіне, климат өзгерісіне әкелетін әсердің азаюына, жан-жануарлар әлемін құтқаруға, бір сөзбен айтқанда табиғат апатының алдын алуға септігін тигізер еді. Сонымен неден бастау керек? Бұл ережелер өте қарапайым. Бастысы оларды әдетке айналдыруға тырысыңыз.   

Нені жеке жинау керек?

Ең алдымен нені сұрыптап, жеке жинайтынымызды анықтауымыз керек. Мысалы, алдымен макулатурадан бастаған жөн. Оны жуудың қажеті жоқ. Содан кейін біртіндеп пластик қақпақтарды қосуға болады. Біртіндеп бір текті материалдарды жинауға дағдыланған соң екінші түріне өтіңіз. Өзіңізге ыңғайлы жолын таңдаңыз. егер қолыңыздан келсе бірден барлық қалдықтарды жеке-жеке жинап, өңдеуге апарып көріңіз. Осы тұрғыда бірден EcoCity мобильді қосымшасы еске түседі. Бастапқыда олар ағаштарды құтқару үшін макулатура өткізбекші болған. Сөйтіп үйде, кеңседе жиналған қағаздарды жақын маңдағы қабылдау пунктіне тапсыруды ұйғарады. Интернетте олар «Зеленое спасение» Экологиялық қоғамы әзірлеген "Алматы қаласында орналасқан екінші рет өңдеуге болатын қалдықтарды қабылдау пункттерінің тізімі мен картасын" табады. Сайтта өзге де қалдықтарды: картон, тетрапакеттер, пластикалық шөлмек, шыны құтылар, ескі заттарды қабылдау пункттері көрсетілген екен. Оның үстіне қалдықтарды өткізгені үшін адамдарға ақы төленеді. Мүндай ғажайыпты көрген қыз-жігіттер қосымшаны әзірлеуге кіріседі. Бұл қосымша қандай заттарды өткізуге болатынын, қай жерде қабылдайтынын, қанша төленетінін айтады. Қазір EcoCity қосымшасы Қазақстанның барлық ірі қалаларын қамтиды.      

Сонымен өңделетін шикізаттарды тани білу керек. Кейде екінші рет өңдеуге келмейтін қалдықтар жиналған бүкіл партияны құртуы мүмкін. сондықтан әр қалдыққа зер салып, мұқият болыңыз.

Макулатура

Нені тапсыруға боладыкірлемеген қағаз бен картон.
Нені тапсырмайды: чектер, дәретхана қағазы, майлықтар, метро карточкалары, кофеге арналған бір реттік қолданыс стақандары, темекі қорапшалары, жұмыртқаның қорапшалары.

Металл

Нені тапсыруға болады: консерві қалбырлар, сусындардан босаған алюминий құтылар, шыны құтылардың, банкалардың қаңылтыр қақпақтары.

Шыны

Нені тапсыруға боладыбөлмектер мен банкалар, кейде сынған шыны да қабылданады. Бірақ қабылдаушы тараптан нақтылаған жөн. 
Нені тапсырмайды: қыздыру лампалары.

Пластик

Пластиктің жеті түрі бар. Олардың әрқайсы сандары мен әріптері бар үшбұрыш түрінде таңбаланған. Сіздің қалаңызда қандай түрлері қабылданатынын қараңыз.

Нені тапсыруға болады:
PET/PETE/ПЭТ/ПЭТФ/1 (құты түбіндегі ойықта жазылған): су және өзге сусындардың құтылары, тағам өнімдерінің құтылары, сусабын және өзге де косметикалық заттардың құтылары. 

HDPE/PE/ПД/2 (қаптама тігісінде көрсетіледі): тұрмыстық химия, косметика қаптамалары, канистралар, йогурт құтылары.

LDPE/LE-LD/ПНД/4: мөлдір, түссіз үлдір, пакеттер, сүт өнімдері құйылған пакеттер, кір жуғыш ұнтақ, косметикалық өнімдер салынған пакеттер. 

PP/ПП/5: йогурт, ірімшік, өзге де тағам өнімдерінің қаптамалары, бір реттік қолданысқа арналған стақандар, тамақ салуға арналған контейнерлер, қорапшалар.

PS/ПС/6: йогурт, қаймақ және өзге өнімдердің қаптамалары, жұмыртқа салатын қорапшалар. 

Көпіршік полистирол: көкөніс салынған астаулар, тамақ салуға арналған бір реттік қолданысқа арналған контейнерлер. 

Нені тапсырмайды:
PVC/ПВХ/3: кондитерлік өнімдер және өзге өнімдердің қаптамалары. 

OTHER/O/7: тіс пасталарының құтылары және өзге құрама материалдардан жасалған заттар.

Тетра-пак

Нені тапсыруға болады: Шырын, сүт, айран құйылған қорапшалары. Мұндай қаптамаларды жуып алғаныңыз жөн. Кері жағдайда жағымсыз иіс шығып, қойманы ластауы мүмкін.

Қауіпті қалдықтар

Нені тапсыруға болады: батарейка, аккумулятор, ынап лампалары және градус өлшегіш, электр қалдықтар, мерзімі өткен-дәрі-дәрімек, шиналар. 

Киім-кешек

Тозбаған жақсы киім-кешегіңіз болса алдымен қайырымдылық қорларына өткізуді ұсынамыз немесе тегін тарататын не комиссиялық дүкендерге өткізіп көріңіз. Кей дүйен желістерінде өткізген ескі киімдеріңіз үшін сізге жеңілдік ұсынады. Мысалы Қазақстанда H&M және Uniqlo (бұл бренд тек өз киімдерін қабылдайды) дүкендеріне киім-кешектеріңізді тапсыру арқылы елеулі жеңілдікке ие боласыз.

Екінші рет өңделетін қалдықтарды қалай жинаймыз?

Әдеттегі қоқыс жәшігінің жанына тағы бір жәшік қойыңыз. Қоқысты төкпес бұрын әр түрін тиісті ыдысқа салыңыз. Немесе жиөаздар дүкендерінде сатылатын қоқысқа арналған қорапшаларды алып, әрқайсының сыртына атауын жазып қойыңыз. Бұл сіздің ғана емес, отбасы мүшелеріңіздің де өмірін жеңілдетеді. Екінші рет өңделетін қалдықтарды ас үйде емес, балконда, дәлізде немесе өзге бос орындарда жинауға болады.  

Ары қарай не істейміз?

Қалдықтарды жинай жүріп, зиянды материалдардан қалай аулақ жүретініңізді өзіңіз байқамай қаласыз. Экологиялық залал салдарымен күрескенше оның алдын алған әлдеқайда тиімді. сондықтан дүкенге барғанда әрбір пластик пакетті ала отырып, оны тапсыратыныңызды да ойлаңыз. Асылы арнайы қапшық қолданып, полиэтилен пакеттерді мүлдем қолданбаған жөн. Ал жинаған қалдықтарды өткізгеніңіз үшін тапқан ақшаға көңіліңізді көншітер сыйлық жасауды әдетке айналдырыңыз. Сонда қоқысты жинау, сұрыптау сізге ләззат сыйлайтын болады. Табиғатты аялап, қоршаған ортаға қамқорлық етейік!

#экология #қалдықтар #пластик

Ұқсас материалдар

Әріптестер