Фоторепортаж:
Кітап ордасындағы бір күн
Бүгінде Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың қорында жиналған әдебиет саны 1,5 миллионнан (газет-журналдарды қоса есептегенде) асып жығылады. Құнды кітаптардан бастап заманауи жазушылардың еңбектеріне дейін әдебиеттің алуан түрін ұсынған "шаһардан" фоторепортаж ұсынамыз.
Кез келген оқырманға есік ашық
Кітапханаға кірем десеңіз, оқырман билетін алу оп-оңай, ол үшін астаналық болу шарт емес. Тек абонементтен үйіңізге кітап алатын болсаңыз, Астанада тұратыныңызды растайтын тіркеу қағазын ұсынуыңыз қажет.
Сондай-ақ қазір кітапхана басшылығы "біріңғай оқырман билеті" жобасын әзірлеуде. Бұл жоба қазақстандықтарға бір кітапханада ашылған оқырман билетімен кез келген кітапханадағы әдебиет қорын тіркеусіз пайдалануға мүмкіндік береді.
Тіркеу бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, жұмыс күндері кітапханаға 400-дей оқырман келсе, демалыс күндері бұл көрсеткіш екі-үш есе артады екен. Келушілердің дені студенттер мен жас ғалымдар. Дегенмен кітапсүйерлер де бар дейді олар.
Оқырман билетімізді алып, жоғары көтерілдік. Кітапхананың жоғарғы қабаттарында музей мен кинозалдан бөлек, бірнеше оқырман залы орналасқан.
Алғаш бас сұққанымыз - "Өнер залы". "Бұл жерде өнер туралы іздегеннің бәрі бар", - дейді залға жауапты Алуа Түгелбайқызы.
- Бұл залдың ашық қорында музыкадан дизайнға, театрдан қолөнерге дейінгі 2,5 мыңнан астам әдебиет бар. Сондай-ақ әр өнер түрі жайлы 2000-нан аса аудио дискі мен 8161 пластинка сақталған.
Одан бөлек бұл жерде түрлі музыкалық аспаптар орналасқан. Өзі дәрігер болса да, музыканы жаны сүйетін, түрлі аспаптарда ойнайтын тұрақты оқырмандарымыз бар. Сәл бой жазу үшін осы жерге келіп, пианино, домбыра ойнайды. Бірақ оның алдында "Мен сіздерді жарты сағат мазаласам бола ма?" деп рұқсат сұрайды. Сол кезде біздің жастардың өте мәдениетті екеніне тағы бір көз жеткіземін.
"Өнер әдебиеттері" залының мына бұрышында дыбыс жазу студиясы орналасқан. Мұнда құнды деректер жазылған ескі аудиожазбаларды өңдейміз. Кейін дискіге көшіріп, кітапхана мұрағатына енгіземіз", - дейді Алуа Түгелбайқызы, - "Сондай-ақ біздің кітапханаға белгілі жазушылар мен ғалымдар, тарихты жақсы білетін ақсақалдар келіп тұрады. Сол кісілердің айтқанын жазып алып қалуға тырысамыз".
Кітапханада Зәки Ахметов, Дүкенбай Досжанов, Әкім Тарази, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзатай Жолдасбеков сынды жазушылар мен зерттеушілердің есімімен аталған оқу залдары бар. Ондағы кітаптардың біразын олардың өздері немесе жақындары кітапхана қорына сыйға тартқан. Бұл залға келушілердің көбі ол кісілердің еңбектерін зерттейін жас ғалымдар екен.
"Қазір балалардың дені кітап оқымайды, оларды осындай залдарды көрсету арқылы кітапқа баулуға болады деп ойлаймын", - дейді Алуа Түгелбайқызы.
Сонымен қатар жақын арада Әбіш Кекілбаев атындағы оқырман залы ашылмақ.
Манускриптер (көне қолжазбалар) секторының меңгерушісі Дариға Дәуренбекованың айтуынша кітапханадағы сирек кездесетін кітап қоры 13 мыңнан асады.
"2016 жылы кітап музейі жабылып, ондағы кітаптар мен қолжазбалар біздің кітапханаға тапсырылды. Біз оның жартысын жанымызда ашылған Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығына өткіздік", - дейді ол.
Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар кітапхана мұражайында орналасқан. Дариға Дәуренбекованың айтуынша, қазір мұндағы кітаптар мен қолжазбаларды электронды каталог жүйесіне енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, оқырмандар арасында латын әліпбиінде жарық көрген кітаптар үлкен сұранысқа ие екен. Олардың ішінде латын қарпінде жарық көрген қазақ тіліндегі оқулықтар мен әлем әдебиетінің аудармаларын атауға болады. Сондай-ақ мұқабасы адам терісінен жасалған құнды кітап та келушілерді таң қалдырмай қоймайтынын айтады олар. Жақында ескі латын тілінде жазылған бұл қолжазба экспертизадан өткен екен, бірақ нәтижесі әлі белгісіз. Бір анығы - бұл белгісіз адамның күнделігі.
Балалар кітапханасы
Осы жылдың сәуір айынан бастап Ұлттық академиялық кітапхана жанынан балалар кітапханасы ашылған болатын. Бұл жерде 6 жастан 14 жасқа дейінгі оқырмандарға арналған кітаптар бар.
Біз келгенде кітапханада бала болмады, оның себебі де түсінікті - сабақ уақыты. Кітапханашы Мөлдір Телейханның айтуынша, жұмыс күндері кітапханаға 30-ға жуық, ал демалыс күндері 100 шақты бала келетін көрінеді.
"Балалар көбіне ата-аналарымен бірге келеді. Әсіресе каникул кезінде көп болады. Бірі кітап оқыса, бірі сурет салады, ал енді бірі ертегілерді қойылымына қатысады ", - дейді ол, - "Сондай-ақ аптасына бір рет (кіші топқа бейсенбі, үлкен топқа жексенбі күні, сағат 16:00-ден 17:00-ге дейін) робототехника мен ағылшын тілі курстары, сауат ашу тренингтері мен кітапқа баулу сабақтары өтеді.
Бұл жерде де үлкендер сияқты кез келген бала оқырман билетін аша алады, ал үйге кітап алу үшін тұрғылыкты мекен жайы бойынша тіркеу қағазын ұсыну керек. Сонымен қатар, алдын ала электронды каталогқа кіріп, қалаған кітаптың бар-жоғын анықтауға болады.