Суық күнде аллергияңыз өршісе...

Қыс аллергиясынан қалай қорғану керек?

Қыс мезгілінің сұлулығы ғана емес, айтпай келетін аурулары да біршама. Көптеген жандар иммун тапшылығы мен әртүрлі вирустардан тұмауға ұшырап жатса, кейбірінің суық ауа-райынан аллергиясы өрши түседі. Неге температураның төмендеуінен жағымсыз симптомдар пайда болады және олармен қалай күресу керек?

Бұл қандай «дерт»?

Суыққа шығатын аллергия – бірнеше симптомдардың жалпы атауы. Ортақ белгісі ретінде суық ауа-райында, аяз кезінде, қар жауғанда пайда болатынын айтуға болады.

Ғылымда күннің құбылмалылығына байланысты аллергия туындауы мүмкін екендігін нақты айтып беретін теория жоқ. Сондықтан бұл «жалған аллергиялық реакция» деген атауға ие. Ал нағыз аллергия организм өзіне келген бөгде ақуыздарға жауап беруінен шығады. Аяз кезінде біздің ағзаға ешқандай ақуыз келіп түспейтіндіктен, жағымсыз симптомдар төмен температурамен физикалық әрекеттесуінен кейін адамдарды әуреге салады. Бұл кез келген жастағы адамдарда пайда болуы мүмкін, десе де зерттеушілер 25-30 жастан асқан әйелдер көп шалдығады деп отыр.

Суыққа пайда болатын аллергияның симптомдары әртүрлі:

Суық күнде мұрынның бітуі. Жеңіл домбығу – бұл қалыпты реакция, бірақ дем алу тіпті мүмкін болмаған жағдайда вазомоторлық риниттің пайда болуы деп түсінген дұрыс.

Терінің қызаруы, дақ, қабыршықтану, тіпті күлдіреу. Бұл – салқыннан шыққан есекжем немесе дерматит.

Көздің қызаруы, қышу, жастануы – конъюнктивит.

Бұл аурулдардың бәрі жылы жерге кіргенде кете қояды, алайда бүкіл қыс бойы осылай азапталуға тура келеді.

Суықта шығатын аллергия қайдан пайда болады?

Өкінішке қарай, ғалымдар неге суықтан аллергия пайда болатынын түсіндіріп бере алмайды. Сол үшін оны емдеп жазу мүмкін емес. Соған қарамастан, симптомдардың пайда болуына кедергі келтіретін бірнеше факторлар бар:

Генетикалық бейімділік. Егер сіздің арғы аталарыңыз суық мезгілде қиындыққа тап болса, сіз бұл нәрседен айналып өте алмайсыз.

Инфекциялық аурулар. Аллергияның өршуіне мононуклеоз бен гепатит секілді инфекциялармен қатар, ЖРВИ-де әсер етеді.

Созылмалы дерттер. Аллергия бүйрек, қалқанша без бен ас қорыту жүйелерінде проблемалары бар жандарды көбірек мазалайды.

Аллергия. Егер сіздің тамаққа, шаңға, матаға реакцияңыз болса, суық күндері организміңіз аллергияға тап болуы ықтималдылығы жоғары.

Жағымсыз әдеттер. Алкоголь мен темекінің аллергияға көбірек ұшырататын қаупі бар.

Суыққа шығатын аллергияны қалай емдеп жазуға болады?

Алдымен, сіздегі белгілер аллергиялық па? Осы сұраққа нақты жауап алу үшін дәрігерге жүгініңіз.

Аллергиялық реакция пайда болса, гистаминге қарсы препараттар (дезлоратиодин секілді) ішу керек. Бірақ, суық күнде шығатын аллергиядан мәңгілікке айықтырар дәрі жоқ. Сол себепті, бірінші жоспарға суық тиюмен күресіп, иммунитет көтеру үшін жұмыс жасау керек. Жылырақ киініңіз. Серуендеудің алдында бетке майлы крем жағып алған дұрыс. Аллергия тудыратын азық-түлік пайдаланбауға тырысу керек. Онымен қоса, спортпен шұғылданып, жүйкеңізге көп салмақ салудан аулақ болыңыз, – дейді, жоғары дәрежелі дәрігер, аллерголог-иммунолог Ирина Токарева.

«Дертіңізді» жеңілдету үшін төмендегідей шаралар қолданса әбден болады:

Арнайы препараттар қабылдаңыз

Ілгеріде дәрігер айтып кеткендей гистаминге қарсы препараттар мен теріге құрамында кортикостероид бар мазь жаққан жөн. Мұның өзін дәрігердің тағайындаусыз сатып алып, пайдасы тимей, ақшаңызды желге шашып жүрмеңіз.

Киімге мән беріңіз

Егер аллергияға бейім болсаңыз, сіздің теріңіз жүннен жасалған киім мен тонға және киім бояғыштарға реакция беруі мүмкін. Таза ішік туралы ұмыта беруіңізге болады. Аллергия тудырмайтын материалдар таңдап, оны аллергиктерге арналған арнайы ұнтақпен жуыңыз.

Теріңізді қорғаңыз

Біріншіден, суықтан немесе желден қорғанып, қымтанып жүріңіз. Екіншіден, көзіңіз зардап шегіп жатса, қорғаныс үшін көзілдірік киюден қысылмаңыз. Үшіншіден, теріге арнайы кремдер жағып, ерінге гигиеналық далап қолданыңыз.

Жуынуға да арнайы заттар алып, сезімтал теріңізді күнделікті сабынмен жуып, жарақаттап жүрмеңіз. Бассейнге жазылуға кеңес бермейміз, себебі хлорлы су аллергияны одан сайын өршітіп жібереді.

Диета ұстаңыз

Тіпті, тамаққа аллергияңыз болмаса да, диетаға отыру керек. Өз рационыңыздан реакция өршітетін тағамдарды сызып тастаңыз. Олар: цитрусты, шоколад, балық, жұмыртқа мен бал.

Мұрныңызды тұзды сумен шайыңыз

Құрамында теңіз суы бар субүргіштер дерттен айықтырмаса да, жағымсыз симптомдарды басуға көмектеседі. Олар қымбат тұратындықтан, оның орнына қарапайым дәріханалық физраствор алған жөн. Оны үй жағдайында бір литр суға бір қасық шай қасығымен араластырып, пайдаланса жеткілікті. Ал тамыртарылтқыш препараттарға байланып қалғаныңызды қаламасаңыз, қолданудың қажеті жоқ.

Суыққа үйреніңіз

Суық ауа-райына үйрену тек ринит, яғни тұмау тигендерге көмегін тигізе алады. Ал теріңіз үшін салқын мезгіл кері әсер етсе, оны қинап әуреленбеңіз.

Қосымша. Суыққа аллергияның бар-жоғын тексеру үшін мына тестке жүгініңіз: қолыңызға мұздың кішкене бөлігін алып, бес минут басып тұрып, реакцияны байқаңыз. Дегенмен, үй жағдайындағы кез келген тест дәл дертті тауып беретінін сену қиын, нақты көз жеткізу үшін аллерголог маманның алдынан өткен жөн.  

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынды)

#аллергия

Ұқсас материалдар

Әріптестер