Футбол қақпаларынан келген ажал

Cпорттық инвентарлар мен жабдықтарды кім бақылап жатыр?

Ай-күннің аманында  қазақстандық отбасылар сәбиінен айырылып, күтпеген жерден қара жамылуда. Бір өкініштісі, ойын баласының өліміне зілдей футбол қақпаларының құлап кетуі себеп болып отыр. Өйткені елдегі ойын қақпаларының көбісі жерге бекітілмеген.

Жыл басынан бері елімізде жеткіншектердің үстіне футбол қақпасы құлаған бес қайғылы оқиға бұқаралық құралдарының назарына ілікті. Олардың алғашқысында елордада ақпан айында тоғыз жастағы хоккейшіге жаттығу кезінде қақпа құлап кеткен. Дереу елордадағы ауруханалардың біріне жедел жәрдем бригадасымен ес-түссіз жеткізілген жас хоккейшінің жағдайы тым ауыр болыпты. Өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер бірден ота жасап, бас сүйегінің бір бөлігін алып тастайды. Үш жарым сағатқа созылған отадан кейін баланы жансақтау бөліміне жатқызған. Аурухана төсегінде ес-түссіз үш-төрт ай жатқан соң оны дәрігерлер үйге шығаруға рұқсат берген. Содан бері жағдайы өзгермеген жас хоккейшінің бір күні көзін ашып, оянатынына ата-анасы мен туыс-туғандары, қолдаушылары үмітпен қарайды.

Ата-анасы баласының аяғынан тұрып кетуі үшін тіпті арнайы мамандардың ақылы көмектеріне жүгінген. Содан бері  олар тоғыз жасар жеткіншекке түрлі терапиялық емдік-шаралар мен сауықтыру массаждарын жасап тұрады. Бір айта кетерлігі, балаға жер ауыстыруға дәрігерлер рұқсат бермеген. Сондықтан ата-анасы шетелдік ауруханаларға апару тақырыбын әзірше қозғамайды. Алайда жақында жеткіншекті Израильден келген бір топ дәрігер жіті тексеруден өткізіп, «тек жағдайы жақсаруын  күту керек» деген қортындыға келген. Тіпті бұған бір жылдан аса уақыт кетуі мүмкін депті мамандар.

Баласының дертінен айығып кетуі үшін мейірімді жандардан көмек сұрап ашқан әлеуметтік желідегі парақшада анасы сол қайғылы күн жайында келесідей жазба қалдырған. «2019 жылдың 10 ақпаны... Жексенбінің күн сәулесі шақырайып түскен кезі. Жоспар бойынша елордалық хоккей мектебінің тәлімгерлері  қарағандылық қарсыластарымен жолдастық кездесу өткізеді. Ұлым жақсы көңіл-күймен оянып, таңғы асын ішіп жатқанда маған: «Анашым, мен бүгін ойында бар-күшімді салып, жақсы нәтиже көрсететін болам»... Содан бірінші ойын бітіп, екінші ойынның басталуын күтеді. Сол уақытта үстіне...»... Осылай деп жазған ата-анасының басты арманы –перзенттерінің есін жиып, оянуы. Сөйтіп, бұл қайғылы оқиғаны жаман түс көргендей ұмытқысы келеді.

Фотода: Елордадағы ескі темір жол вокзалы районындағы жылжымалы футбол қақпасы

Бұл оқиғаға қатысты "ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы яғни  «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша іс сотқа жіберілген" -  дейді Нұр-Сұлтан қаласының  ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.  

Хоккейшінің трагедиясынан кейін, наурыздың 25-сінде Павлодар қаласының маңындағы Красноморейка аулында тағы  оқыс жайт орын алды. Мұнда 12 жасар оқушының үстіне салмағы 100 келіден асатын футбол қақпасы құлаған. Сол оқиғаға куә болған өзге 5-8 сыныптарда оқитын балалар оның қақпа темірінен ұстап, тербелгенін айтады. Ойыннан от шығып, бас-сүйегі жарылып, миы шайқалған 6-сыныптың оқушысына ота жасалып,  жансақтау бөліміне жатқызылған. Кейін дәрігерлер ауруханадан шығарғанымен, жеткіншек  үйде ем қабылдауын жалғастырып жатыр. Дегенмен оның көзінің көруі нашарлаған. Ал бүтіндей бір отбасыға қайғы әкелген футбол алаңының апаттық жағдайда екенін мектеп әкімшілігі мойындапты. Тіпті жөндеу жүргізілмейінше, сыртына қара құлып салып қойған. Бірақ та оны әлдебіреулер ылғи бұзып кетеді екен. Бұл апатты ойын  алаңын жөндеуге биыл бес миллион теңге бөлініпті. Ал бас-сүйегі сынған жеткіншектің ата-анасы әзірге ешқайда шағым түсірмей, тек ұлының амандығын тілеп отыр.

Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады демекші, 12 сәуірде еліміз ғарышкерлер мейрамын тойлап жатқанда Маңғыстау облысында дене шынықтыру сабағы кезінде тағы да мектеп алаңындағы футбол қақпасы   12 жасар балаға құлап кетті. Салдарынан бас  сүйегі сынған ұлды жергілікті ақ халаттылар дереу ота жасап, аман алып қалды. Куәгерлердің айтуынша, мұғалім сабақ кезінде балалардың қасында болмаған екен. Ал бұған қатысты облыстық полиция департаментінде сотқа дейінгі  іс қозғалыпты.

Фотода: Нұр-Сұлтандағы бұрын жылжымалы болған футбол қақпасының екі шетін алаңның қоршауына бекітіп қойған

Жерге бекітілмеген зілдей футбол қақпаларының кесірінен қазақстандық кей отбасылар күні-түні балаларының аяғынан тұрып кетуін тілеп жүрсе, ал кейбіреулеріне орны толмас ауыр қайғы әкелді. Олардың алғашқысы 28 маусымда Қостанайда футбол қақпасы құлап, 16 жастағы жеткіншекті о дүниеге алып кетті. Өйткені қағылмай бос тұрған қақпа жасөспірімнің үстіне құлап, басып қалғандықтан, баланың ішкі ағзаларына қатты зақым келген, бауыры мен ішегі жарылған, өтіне қан құйылған. Балаға дәрігерлер бірден ота жасаса да, жағдайы оңала қоймапты. Тіпті облыстың бас хирургі араласып, бес мәрте операция істегенімен, 2-3 күннен кейін баланы санавиациямен елордаға жеткізу жоспарланыпты. Өкінішке қарай, жасанды жолмен тыныс алған баланың халі Нұр-Сұлтандағы клиникаға жетпей, тым нашарлап, қайтыс болған. Ал оның ажалы боп келген футбол алаңының кімге тиесілі екені әзірге белгісіз.

Ал соңғы қайғылы оқиға қыркүйек айының басында Түркістан облысында болды. Қазығұрт ауданындағы Әуезов атындағы мектептің  8-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағы кезінде жылжымалы футбол қақпасымен ойнап жатқанда кенеттен үстіне құлап, ауыр жарақат алған. Жеткіншекті бірден аудандық ауруханаға жеткізгенімен, ол жансақтау бөлімінде ота жасау кезінде қайтыс болыпты. Қазіргі кезде бұған қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 141-бабы, яғни «Бала өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бапқа сәйкес, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Өкінішке қарай, осындай фактілер биыл  елімізде  жиілеп кетті. Әсіресе мәпелеп өсірген балаларының өлімі  мен түрлі ауыр дене жарақаттары ойын алаңдарынан келгені ата-аналардың жанын жегідей жейді. Ал мұндай трагедиялар ойын алаңдары мен түрлі спорттық құрал-жабдықтарды тиісті нормативтік стандарттар бойынша қадағаламауынан болып тұр дейді бала құқықтары жөніндегі уәкіл  Аружан Саин:

Фотода: Аружан Саин 

– Кейде бұл стандарттар министрліктің бұйрықтарында тек қағаз жүзінде болады. Ал іс жүзінде спорттық инвентарлар мен жабдықтарды кім бақылап жатыр? Менің ойымша, бұлардың сапасы мен қауіпсіздігіне кем дегенде әр тоқсан сайын бақылау жүргізіліп тұруы тиіс. Әрі бұған тиісті құзырлы мемлекеттік орган жауапкершілікті мойнына алуы қажет. Бірақ та біз мұны тек үлкен трагедия болған кезде еске аламыз.

Сонымен қоса, Аружан Саин осыған қатысты жақында Білім және ғылым министрлігінің бала құқықтарын қорғау комитетіне жіберген өтінішіне келесідей жауап алғанын айтады.

– Маған жіберген жауаптарында, бүгінде балалар мен ересектердің денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған  спорттық қызметтерге қойылатын арнайы стандарттар бар. Алайда мемлекеттік органдар тарапынан  білім беру ұйымдарында осы стандарттардың орындалуына бақылау жүргізілмейді. Сондай-ақ, білім беру нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарында спорттық жабдықтарға нақты талаптар көрсетілмеген делінген. Сондықтан мектеп пен спорт жабдықтарына қойылатын қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында білім беру обьектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен ҚР құрылыс нормалары мен ережелерін қайта қарау қажет.

Оның пікірінше, балалар жиі уақыт өткізетін спорт алаңдарында, ойын-сауық саябақтарында,  соның ішінде электр қуаты пайдаланылатын орындарда жеткіншектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы нұсқаулықтар әзірлеу қажет. Ең бастысы,  мұнда кез келген жабдықтың сапасына кім жауап беретіні нақты көрсетілуі тиіс.

– Мектеп пен спорттық жабдықтарға қойылатын талаптар күшейтілу үшін мен міндетті түрде білім беру нысандарына арналған санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен құрылыс нормаларын және оның ережелерін қайта қарауды талап ететін боламын. Алдағы уақытта осы сұрақтың шешімін бақылауға аламын, - дейді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Фотода: Бас шаһардағы жылжымалы футбол қақпасы

Иә, расымен де қоғамда көкейкесті болып тұрған бұл жағдай жіті бақылауды талап етеді. Өйткені әлі күнге дейін алысқа бармай-ақ елорданың кейбір аула маңындағы алаңдарда доп қуған жеткіншектер жылжымалы футбол қақпаларында ойынның қызығына бөленіп жүр. Бірақ  сол  ойындардың бірінде тағы да болашақ спортшылардың тағдыры қиылмауына кім кепіл...

(Суреттердің кейбірі ашық дерек көзінен алынды)

#Футбол қақпасы #Жылжымалы футбол қақпалары #Футболдан келген ажал

Ұқсас материалдар