«Адам ажалы атомнан емес, қоқыстан келеді»

21 қыркүйек – «Әлемді қоқыстан тазарту» күні

Жер бетіндегі әрбір адам күн сайын 0,74 келі қоқыс шығарады. Қазір әлемде жиналған қоқыстың жалпы көлемі 2,5 млрд тоннаға жетеді. Бұл қарқын тоқтамаса, 2050 жылға қарай, оның көлемі 3,4 млрд-қа дейін баруы мүмкін. Осы орайда, белгілі физик Нильс Бордың: «Адамдар атомнан емес, өзі шығарған қоқыстардан өледі» деген сөзі ойымызға оралады. Бордың сөзі шындыққа айналмас үшін жер тұрғындары дүниежүзілік сипатқа ие акциялар өткізіп, экологиялық проблемаларды шешуге барынша тырысып келеді.

«Планетаны қоқыстан тазартамыз» акциясы алғаш рет Австралия тұрғындарының белсенділігімен басталды. Олар 1993 жылдың қыркүйек айында мұхит жағажайларын тазартуға шыққан. Кейін келе бұл идеяны басқа мемлекеттің еріктілері қолдап, акция әлемдік сипатқа ие болды. Қазір жүзден аса елдің миллиондаған белсенділері қыркүйектің нақты бір аптасын белгілеп, өз аймағындағы қоқыстарды жинап, оларды сұрыптайды. Немесе экологиялық мақсатта басқа құрлыққа жіберіп жатады.  Адамдар көбінесе демалыс орындарын, саябақты, жағажайларды, орман бақтарын, су қоймаларын, қала сыртындағы өзен жағасын қоқыстан тазартып, «Қоқысқа жол жоқ», «Қоқыстың орнына саябақ», «Пластикке шабуыл» секілді ірі акциялар өткізіп, көрмелер жасап, концерттер  мен баспасөз отырыстарын ұйымдастырады. Соңғы жылдары «Планетаны қоқыстан тазартамыз» акциясы табиғатқа бей-жай қарамайтын адамдардың басын қосып, әлемнің түкпір-түкпірінде қарқынды түрде өткізіліп келеді. Жер бетіндегі әрбір тұрғынға жылына орта есеппен алғанда 20 тонна шикізат жұмсалса, оның 97%-ы қоқысқа айналады екен. Соның кесірінен «ХХІ ғасырдың құбыжықтары» деген атау алған тау-тау қоқыстар пайда болуда. Олардың тек көлемі емес, тірі табиғатқа тигізер зияны да шаш етектен.

«Планетаны қоқыстан тазартамыз» атты акцияның мақсаты – қоршаған ортаның қоқысқа толып бара жатқандығына адамдардың назарын аудартып, табиғатты аялауға үйретіп, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, оны көтеру.  

Дүниежүзілік тазалық күні

Өткен жылы World Cleanup Day қарсаңында табиғатты қоқыстан тазарту акциясы әлемнің 153 мемлекетінде ұйымдастырылған еді. Оны қолдауға ниет білдірген ондаған елде ауа-райының бұзылуына орай, кейінге шегерілген.  Бір аптаға созылған тазалық жұмысына 13 миллионға жуық адам қатысқан. Бұл үлкен жетістік! Себебі, әлемге ортақ экологиялық проблема үшін әрбір адам күресуі тиіс!

2018 жылы өткізілген акцияға ең белсенді қатысқан мемлекет – Индонезия болды. Бұл елде табиғатты қоқыстан тазартуға шамамен 3,4 миллион адам шыққан. Пәкістанда – 3 миллион, АҚШ-та – 1,5 миллион, Украинада – 1 миллион, Непалда – 535 мың, Қырғызстанда – 420 мың, Румынияда – 335 мың адам белсенділік танытқан.

Ал еліміздің 17 қаласында барлығы 9 мың адам қатысып, белгіленген орындардың қоқыстарын жинап шыққан. Қатысушылардың 4 мыңға жуығы Нұр-Сұлтан қаласынан болса, Семейден – 1203, Оралдан – 1050, Алматыдан – 585, Шымкенттен – 540 адам табиғатты тазалауға бір күндерін арнапты. Олар бірнеше сағаттың ішінде 58,3 тонна қоқыс жинаған.

«Let’s Do It» қозғалысы қайдан шыққан?

Тазалық күніне орай дүниеге келген «Бірге атсалысайық!» (Let’s Do It) қозғалыcы 2008 жылы Эстонияда дүниеге келген. Сол жылдың 3 мамырында 50 мың ерікті (эстон халқының 5%) бес сағаттың ішінде 10 мың тонна қоқыс жинаған. Оларды сұрыптап, бір бөлігін қайта өңдеуге жіберген екен. Бұл акция жыл сайын ұйымдастырылып, бар-жоғы төрт жылдың ішінде эстон табиғатында қоқыс 75 %-ға азайған. Қозғалыс жергілікті тұрғындарды ғана емес, жарты әлемді шабыттандыра алды. Он жылдың ішінде 116 елдің 20 миллион тұрғын тазалық күніне қатысып, жалпы 560 тонна қоқыс жинапты.

Жағажайдан 5 миллион келі қоқыс жинаған үндіс

Мумбайдан шыққан адвокат 33 жастағы Афроз Шах еріктілермен бірге екі жыл бойы Версова жағажайын бірнеше жылдар бойы жиналған қоқыстан тазартқан. 24 айдың ішінде ол жерлестерімен қосылып, 5,4 миллион келі қоқыс жинапты. Бір кездері бұл жағажай Мумбайдағы ең әдемі де танымал орындардың бірі болған екен. Уақыт өте келе, 2,5 шақырымға созылып жатқан теңіз жағасын бірнеше метрге жететін қоқыстар басқан. Тіпті, кейбір жерлері адам бойынан асатын биіктікке жетіп жығылыпты.

(Фото: Жағажай тазартылғанға дейін)

(Фото: Тазартылғаннан кейін)

Оған қоса, көрші ормандардан келген қоқыстар бос жерлерді жаймендеп толтырып жатқан еді. Бұл мәселе жергілікті билікті селт еткізбеген де... Весровадағы келеңсіздік Афроз келгенге дейін жалғаса берген. Ол төрт жыл бұрын теңізге жақын жерден үй сатып алып, жағалаудың адам шошырлық жағдайын көреді де, шыдамай тау боп үйілген қоқысты өз қолымен тазалай бастайды.  Оған көмекке 84 жастағы көршісі Харбанш Матур келеді. Бұл 2015 жылдың қазаны еді. Олар әр демалыста қоқыс ортасына келіп, кеш батқанша тынымсыз жұмыс істейді. Афроз бен Харбанштың бұл еңбегін көрген басқа тұрғындар, қол қусырып қарап отырмай, қоқыс тазалауға білек сыбана кірісіп кетеді. Еріктілердің саны аз уақыттың ішінде мыңға жеткен екен. Олардың ішінде полиция қызметкерлері, балықшылар, әртүрлі фирма өкілдері, кино индустрияның жұмысшылары, тіпті заңгерлер де болған. Әрқайсысы шамалары келгенше атсалысады. Белсенділердің бұл ісіне бей-жай қарай алмаған жергілікті билік арнайы техника бөліп, ауадай қажет экскаватор, жүк тасушы машиналармен қамтамасыз еткен екен. Қоқыспен болған үлкен «соғыс» 86 аптада, 2017 жылдың мамыр айында өз соңына жетеді. Осы уақыттың ішінде адамдар жағажайдан 5 миллион қоқыс шығарады. Сонымен қатар, еріктілер қоғамдық әжетханаларды тазартып, ондаған кокос пальмалар отырғызады.

«Жағажай тазаланды. Біздің төккен теріміз өз жемісін берді. Енді жағаға қоқыс тек теңізден келіп жатыр. Биліктен теңізге құятын әрбір бұлақты муссонға дейін тазалауды сұрап отырмыз» – деді үлкен ерлік жасаған Афроз Шах. Мұндай еңбекті ескерген БҰҰ Афроз Шахтың атқарған жұмысын әлемдегі ең ірі жағажай тазалығы деп танып, оған «Жер чемпионы» атағын берді. Ендігі, адвокат өзінің еріктілерімен бірге теңізге құятын әр бұлақты тазалап, теңіз жағасындағы ормандардың қоқысын жинауға кірісетінін айтады. Себебі, олар жел арқылы теңіз суын бетке алуы мүмкін екен.

Теңіз, мұхит, өзен-көлді қоқыстан тазарту оңай шаруа еместігіне Шахтың да көзі жеткен болар... Ол үшін тағы не істеу керек? Бұл сұраққа голландық студент жауап тауып берді.

Боян Слеттің тамаша тәсілі

Өткен жылы АҚШ-та Ocean Cleanup жүзгіш платформасын іске асырған еді. Ол сәтті болса, мұхиттарды тазалау ісі автоматтандырылмақ.

(Фото: Боян Слет)

Ocean Cleanup – осыдан бес жыл бұрын 19 жастағы голландық өнертапқыш Боян Слеттің ойлап тапқан жүзгіш жүйесі.

(Фото: Ocean Cleanup платформасы)

Боян алғаш рет мұхиттардың соншалықты ластанғанын ата-анасымен Греция жағалауына демалуға барғанда көрген екен. Содан бері жас ғалым бұл мәселені шешу жолында көп еңбектенеді. Бұл жұмыстың идеясы әр бөгеті 600 метрге дейін жететін U-кейіпті флотилия жасаудан басталады. Қоқыстар осы бөгеттердің ішкі жағына өздігінен жиналатын болады.  Слеттің жоспары бойынша дәл осындай 60 платформа мұхитқа жіберілетін болады. Олар бес жылдың ішінде мұхиттағы 50%  қоқысты жинауы керек. Ал 2040 жылға қарай Ocean Cleanup-тің көмегімен барлық мұхиттағы 90% қоқыс сыртқа шығарылады. Қазірден бастап Боян құрған The Ocean Cleanup компаниясы қоқысты қайта өңдеумен айналысатын зауыттармен келісімшарт жасаспақ.  Айтпақшы, платформаның құны – 25 млн долларды құрайды. Ол сомманың ішіне платформа құрылысы ғана емес, оны бір жыл бойы бақылау жұмысы кіріп отыр. Бірінші Ocean Cleanup отыз күннің ішінде Калифорния жағасынан 5 тонна пластикалық қоқыс тазартады деп күтілген.

#Birge #TazaQazaqstan

Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мәмин ағымдағы жылдың 20-шілдесінде «Бірге – таза Қазақстан» жаңа экологиялық акциясын бастап берген еді. Оның мақсаты – көрнекі орындар мен табиғи аумақтарды қоқыстан тазарту. Бір аптаның ішінде акцияға 197 120 адам қатысып, 4071 гектар аумақ тазартылған болатын. Ал жиналған қоқыстың көлемі – 15 044 тоннаны құрайды. Қарағанды облысы 4110 тонна, Қызылорда облысы – 4106 тонна, Ақмола облысы – 1885 тонна қоқыс шығарды.

Бұл ЭКО-Челлендж ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауына ие болып, ол: «Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан ЭКО-Челлендж қозғалысын толық қолдаймын. Елді тазалық аймағына айналдырайық. Бірге - Таза Қазақстан! Жарайсыңдар, еріктілер! #Birge #TazaQazaqstan», - деп жазған еді Twitter-дегі парақшасында.

Жер – ортақ үйіміз, сондықтан оның тазалағына әрбір адам бей-жай қарамауы керек.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

#табиғатты аялайық ##Birge #TazaQazaqstan #қоқыстан тазарту #тазалық күні

Ұқсас материалдар