Жануарларды дронмен видеоға түсіру этикаға сай ма?

Дрон жабайы жануарларға қалай әсер етеді?

Бірнеше күн бұрын Вячеслав Никишин есімді Маңғыстау тұрғынының Youtube желісіне жүктеген видеосы әлеуметтік желілерде кең таралды. Бейнероликтің авторы квадрокопетермен Айрақты-Шоманай шатқалын видеоға түсіріп жүріп, уриалдарды кездестірген екен. Қазақстанның Қызыл кітабына енген уриалдар көп көрерменнің таңданысын туғызғаны сөзсіз. Алайда видеоны көріп отырып, жабайы жануарлардың дроннан үркігенін байқауға болады. Біз арнайы маманға хабарласып, ұшатын аппарат арқылы жануарларды түсірудің қаншалықты этикаға сай екенін сұрастырған едік.

Сурет: видеодан скриншот

Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының маманы Мұхит Сүттібайдың айтуынша, бүгінде дронмен жабайы жануарларды түсіруге қатысты екі жақты ой бар. “Дрон жануарларды мониторлар және санау үшін таптырмайтын құрылғы. Бағасы да арзан. Бірақ оны да пайдалану шегі болуы керек. Жалпы айтсам, ол қандай жануарды және қандай мақсатта түсіргенге байланысты. Мысалы, құстарды видоға түсіру үшін дрон қолданбауға тырысқан жөн. Өйткені олар бәрібір дронды өздеріне қатты жақындатпайды. Оның үстіне дронның қатты дауысы құстарды үркітеді. Әсіресе суда немесе миграция кезінде тоқтап, демалып тұрған жерінде дронмен видеоға түсірудің қажеті жоқ. Ал қазіргі жаңа дрондармен сүтқоректілерді, яғни жабайы жануарларды түсіруге болады. Жануарлардың арасында 30-40 метрде дронның ұшып жүргенін байқамайтындары да болады. Десе де жануарлардың миграциясы кезінде, мысалы киіктер көшіп жүргенде оларға дрон жақындатпаған абзал”, - дейді ол.

Мұхит Сүттібай ғылыми мақсатта дрон қолдануға болатынын айтады. Керісінше ұшатын аппарат жануарлардың жағдайын бақылап, зерттеу жүргізуге және оларды браконьерлерден қорғауда көп көмектеседі екен. “Ал ғылыми саладан тыс адамдарға, жеке қызығушылы үшін дронмен жануарларды жақыннан түсірудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі кей жануарлар одан стресс алуы мүмкін”, - дейді маман.

Әрине, әр жануар дронға әртүрлі реакция танытуы мүкін. Сондай-ақ бұл ұшатын аппараттың түрі мен оның қандай мақсатта қолданылатынына байланысты. Оның үстіне жануардың тек сыртқы реакциясын емес, олардың физиологиясындағы өзгерістерді де қарастыру керек. Мысалы, АҚШ ғалымдары Миннесота штатының солтүстік-батысын мекен ететін қара аюларға орнатылған регистраторлар арқылы дронның жануарларға қалай әсер ететінін байқаған. Жануарлардың маңайында ұшқан аппараттар олардың жүрек соғысын 123 ретке дейін (минутына) жиілеткен көрінеді. Тіпті, қысқы ұйқыда жатқан аю да стрестік реакция танытқан. Сондай-ақ уақыт өте келе жануарлар дроннан зиян жоғын сезіп, оған үйреніп кетуі мүмкін дейтін де ғалымдар бар.

Өкінішке қарай, пилотсыз ұшатын аппараттардың жабайы жануарларға қаншалықты әсер ететіні жайлы нақты ақпарат жоқ. Алайда бұл тағы табиғатты мекендейтіндер үшін алаңдау орынсыз деген сөз емес. Дрондардың саны жыл сайын артып келе жатқанын ескерсек, біздің елге де оны қолдану әдістемесін әзірлейтін уақыт келген сияқты.

Сурет: pixabay

#дрон #жануарлар #этика

Ұқсас материалдар