Теңдік пен феминизм егіз ұғым ба?

E.Quality talks шарасынан үзік ойлар

E.Quality talks - Назарбаев университеті жанындағы E.Quality клубының жарты жылда бір рет ұйымдастыратын іс-шарасы. Теңдік мәселесіне қатысты түрлі тақырыптар талқыланатын E.Quality talks-тың осы жолғы шарасы феминизм қозғалысына арналды.
Біздің қоғам феминизмді қалай түсінеді? Ол бізге керек пе? Неліктен феминизм тек әйелдердің қозғалысы емес? Онда бұл стереотип кімге тиімді? Дін жолында жүрген адам феминист бола ала ма? Феминизмге қарсы жиі айтылатын аргументтер қандай? Теңдік пен феминизм егіз ұғым ба? E.Quality talks шарасында сөз сөйлеген спикерлер өз тәжірибесіне сүйеніп, аталған сұрақтарға жауап берген еді.

“Мен ер адамдар феминист бола алады демеймін. Біз феминист болуымыз керек”.

Қазақстандық белгілі журналист, колумнист Мәди Мәмбетов гендерлік теңдік, әйел құқықтары және зиянды маскулиндік тақырыптары бойынша жиі қалам тербейді. E.Quality talks шарасында ол неліктен өзін феминист санайтынын әңгімелеп берді.

“Ер адам өзін феминист санай ала ма, бұл әйелдің құқығын таптау емес пе деген тақырып аясында әжептәуір дискуссия бар. Еркектер баяғыдан дауыс беру құқығына ие екенін ескерсек, әйелдердің құқығы үшін болысып жүрген кез келген ер адам қой терісін жамылған қасқыр секілді елестеуі мүмкін. Мен бұл мәселе жайлы ұзақ ойланып, түрлі материалдарды қарап, белгілі бір тұжырымға келдім”, - дейді Мәди Мәмбетов, “Уикипедияның феминизмге берген түсінігін қарастырсақ, ол - “әйелдердің еркектермен саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік теңдігі жолындағы және кемсітуге қарсы қоғамдық, саяси қозғалыстар мен идеологиялар спектрі”. Мен бұл тұжырыммен толықтай келісемін. Сондықтан өзімді феминист санай аламын деп ойлаймын. Соған қарамастан мен еркек ретінде көп нәрсені түсінбеуім мүмкін. Алайда феминизм биологиялық емес, әлеуметтік концепт”.

Мәди Мәмбетов феминизмнің астарында радикал ештеңені байқамайтынын айтады. Оның ойынша, ол теңдік үшін күрес қана.

- Біз феминизмді әйелдердің құқығын қорғау жолындағы күрес ретінде қарастырсақ, демек бұл күрес. Әйелдер өз құқықтары үшін күресуде. Осы жолда жетістікке жетіп, өз күрестерінің жемісін көруде. Егер қандай да бір әлеуметтік топ өз құқығы үшін күресуге мәжбүр болса, бұл бір кездері басқа біреулер олардың құқығын шектегенін білдіреді.

Біз “әйел құқықтары үшін күрес” деген сөздердің астарына үңілгіміз келмейді. Анығы - әйелдер өз құқықтары үшін абстрактілі нәрселермен емес, ер адамдармен күресуде. Ал бұл күрес кімге тиімді? Көбі әйелдерге деп ойлайды. Себебі олардың жалақысы өседі, билік пен корпоративтік басқармада әйелдердің саны артады, өктемдіктен қорғалады. Алайда мен олай ойламаймын. Феминизмнің әлемде салтанат құруынан бәріміздің өміріміз жақсармақ. Тек әйелдердің емес, еркектердің де. Себебі феминизм - қоғамдағы қағидаларды жермен жексен еткісі келетін революция емес. Әйелдер патриархал пардигманы матриалхал жүйеге ауыстыруды көксемейді. Өз тәжірибемнен түсінгенім - әйелдер тек теңдікті қалайды, басқа ештеңе емес. Өйткені теңдік - әлеуметтік құрылымның мінсіз үлгісі. Адамзаттың асылдары осы мұратқа ұмтылған, онда біз де солай жасауымыз керек. Әйелдерді гендерге қарай кемсітуді тоқтататын уақыт келді.

Ойлап көріңізші, осыдан 100 жыл бұрын әлем әйелдерінің көбі сайлауда дауыс бере алмаған. Білім алып, жұмыс істеуге мүмкіндіктері болмаған, оның мүлкі, тәні, тағдыры басқа біреудің иелігінде болған. Қазіргі күннің өзінде миллиондаған әйелдің білім алуға мүмкіндігі жоқ. Біздің елде де түрлі стереотиптерден заңнамаға дейін әйелдің аяғына тұсау боатын факторлар көп. Бл жағдай он жыл, жүз жыл емес, мыңдаған ғасырлар бойы жалғасып келеді. Әрі бұл теңсіздік жаппай өріс алып отырған: байлар кедейлерді, ақтар қараларды, феодалдар шаруаларды өздерінен төмен санаған. Бірақ қай заманды алмасаңыз да, еркектер әйелдерден биік тұрған. Әйел мейлі хан сарайында, мейлі лашықта тұрса да, оның еркі болмаған. Қазір мұндай дәстүрлерге нүкте қойылуда. Бұл мені қуантпай қоймайды.

Ғылыми зерттеулердің көбі стереотиптер, тұрмыстық әзілдер мен философиялық пайымдарға қарамастан, әйелдер еркектерден еш кем түспейтінін көрсетеді. Экономистер болса, кәсіптік салаларда әйел санының артқаны экономикаға табыс әкелетінін айтады. Оның үстіне азаматтарының жартысы басқалардан кем саналатын елде демократиялық қоғам құру мүмкін емес.

Біз жаңа заманға аяқ бастық. Біздің дәуір цифрлы, ақпараттық, пост-постиндустриалды саналады. Партриархалды түсініктер ескіріп жатқан заманда әйелді “ас үй-балалар бөлмесі-жатын бөлмемен” шектеу - ақымақтық. Әрі әділетсіз. Себебі кез келген ойлы, мейрімді, әділ адам жыныстық ерекшелігіне қарай бөлінетін я бөлетін ортаның “құндылығын” бөліспейді.

Журналистің айтуынша, қазіргі таңда теңдік үшін күресу тек әйелдің емес, еркектердің де міндеті. “Феминизм тарихына үңілсек, ол үнемі әйелдердің еркектерге қарсы күресі болған. Өйткені еркектер бір де бір құқықты жайдан-жай бере салмаған. Тіпті білім алып, жұмыс жасау мүмкіндігіне әйелдер тек еркектер бастаған соғыстардың нәтижесінде қол жеткізген. Енді теңдік үшін бәріміз бірге күресуміз керек. Сондықтан мен ер адамдар феминист бола алады демеймін. Біз феминист болуымыз керек!”, - дейді Мәди Мәмбетов.

“Стереотиптер біздің көзімізді байлап, жаһанды ойлауға кедергі келтіреді”.

Айгерім Таханованың Ислам дінінің парыздарын орындап жүргеніне - он екі жыл. Өзін феминист санайтын Айгерімнің айтуынша, посткеңестік кеңістікте көптеген адамдар феминизм мен Ислам бір-бірімен қабыспайтын түсініктер деп ойлайды.

“Көптеген проблемалар феминизм ұғымын әуелден дұрыс түсінбеуден туындайды. Адамдар “феминизмді” әйелдердің еркектермен биологиялық және физиологиялық тұрғыда бәсекеге түсуі деп түсінеді. Негізінде феминизм әйел де ер адам сияқты құқықтарға ие екенін білдіреді. Яғни, ол білім ала алады, табыс таба алады, мансап қуам десе де өзі біледі. Жыныс оның арман-мақсатына кедергі болмауы керек. Діни тұрғыда да қарама-қайшылық жоқ”, - дейді Айгерім Таханова.

Айгерім Алматы қаласында туып-өскен. KIMEP университетінің бірінші курсында оқып жүріп орамал таққан ол феминизм тақырыбына неліктен қызыға бастағанын айтып берді.

“Мен Исламды ұстана бастағанға дейін, дінге мүлдем қызықпаған едім. Сондықтан бұл менің саналы түрде жасаған таңдауым деуге болады. Біздің университетте өте либералды атмосфера болды. Менімен қатар шашын тақырлап алып тастаған қыз, денесінде татуировкасы көп жігіт те оқыды. Бәріміз жақсы қарым-қатынаста болдық, бір-бірііздің түр-сипатымызды сынау ойымызға да келмепті. Студенттердің арасында да, профессорлардың тарапынан да ешқандай стереотиптер айтылмапты. Әркім қалай жүрем десе де өзі білетін. Менің “үнемі осындай ортада өмір сүремін” деген ойым қате болыпты. Университетті тәмамдап, “шынайы” Қазақстанды көрдім”, - дейді Айгерім, - “Бірінші білгенім, мен әйел екенмін. Осы дүниеге әйел болып келгенім үшін айналама қарыз екенмін. Екіншіден, мен қазақ әйелі екенмін, яғни ұлт алдында да міндеттерім бар екен. Ал орамал таққан соң, мен қоғамның стереотиптік түсініктеріне сай болуым керек. Осылайша мен кімге және не үшін міндеттімін деген сұраққа жауап іздей бастадым. Өз құқықтарым үшін күрес мені феминизмге алып келді”.

Осылайша Айгерім дін мен феминизмдегі ер мен әйелдің рөлін салыстыра бастайды. Оның айтуынша, Исламда теңдік ұғымына қарсылық жоқ.

- Ер мен әйелдің Исламдағы орнына тоқталар болсақ, екеуі де Алла алдында тең саналады. Олар бір-бірінен артық емес, күнәлары үшін де бірдей жауап береді. Сондай-ақ еркектер мен әйелдердің міндеті мен жауапкершілігі бөлінген. Кей мәселеде еркектің қақы жоғары болса, кейде әйелдің құқығы басым. Жалпы, әйелдің Исламда маңызды орын алатынын айтқан жөн. Дін келгенге дейін, араб түбегінде қыз нәрестелерді тірідей көмген болатын. Ислам аз жылдың ішінде әйелге деген қоғам көзқарасын өзгертіп, олар дауыс беру, болашақ жарын таңдау, мүлікке ие болу, әлеуметтік істерге араласу құқықтарына ие болды. Яғни, оларды тыңдай бастады. Сондай-ақ Ислам дінін алғаш қабылдаған да әйел (Хадиша) еді. Ал Ислам ілімінің көп бөлігін ұлы ғалымдардың бірі Айша жеткізген болатын. Сонымен қатар әйелдердің шайқастарға қатысқаны белгілі.

Ал әйелдің еркектен басым түсетін тұсы - қаржы мәселесі. Әйел өз мүлкіне өзі ғана ие және оны қалай жаратамын десе де өзі біледі. Ер адамдардың бұл тұрғыда құқығы шектеулі. Ал қазіргі таңда көп әйелдің проблемасы (үйдегі зорлық-зомбылық, жоқшылық) еркекке қаржылай тәуелді болуынан туындап жатқаны өтірік емес.

Кейде маған қазіргі таңда жиі айтылатын әйел тәнін объективациялау тақырыбы Исламнан басталғандай көрінеді. Ислам әйел затына сексуалды объект ретінде қарауға қарсы, сондықтан әурет саналатын дене бөлігін жабу - міндет. Сондай-ақ Ислам эстетикалық жолмен бет-әлпетті өзгертуге қарсы. Себебі адамдардың бәрі өзінше әдемі, өзінше сұлу. Бұл бүгінде жиі айтылатын - бодипозитив.

Сондай-ақ Айгерім Қазақстан азаматтарының дінді ұстанудағы кездесетін проблемаларына тоқталып өтті. Тақырып ауқымды болғандықтан, ол дін ұстанатын адам ретінде өзі жиі кездесетін мәселелерді баяндады.

“Екі мыңыншы жылдың басында Қазақстанда Ислам діні кең насиаттала бастады. Жастардың көбі дінге келді. Мен де дәл сол кезеңге тап болдым. Қоғамдағы бұл өзгеріс дін жолына түскен әйелдердің құқығын шектеп, проблемалар тудырды. Мектептерде қыздарға орамал тағуға рұқсат жоқ, көптеген университеттерде оқытушылар орамалды студенттерге қысым көрсетеді, ал жұмысқа орналасу тіпті қиын. Ең сорақысы, БАҚ қазақстандық мұсылман қыздың образын жасап үлгерді. Оның білімі жоқ, ой өрісі тар, дарынсыз, фанатик. Мұның бәрі елдегі дін ұстанбайтындар мен діндегі адамдардың арасындағы түсінбеушіліктерге алып келмек. Екі жақ та паралелльді әлемде өмір сүріп жатқандай... Алайда ел - ортақ, тарих - ортақ”, - “дейді Айгерім Таханова, - “Тағы бір өкінішті жайт - Қазақстаннан шығып бара жатқанда бізді бөлек пастпорт үстелінде тергейтіні. Ал елге келгенде бөлек бөлмеде тергейді. Көп адам “Осыны да проблема көріп тұрсың ба? Сұрақтарға жауап бере сал. Бұл біздің қауіпсіздігіміз үшін” деуі мүмкін. Бірақ мені өзім қатты жақсы көретін елім, сүйікті қалам қылмыстық пиғылым бар деп ойлайтыны қынжылтады. Неліктен шашымды жасырғаным үшін мен қылмыскер болуым мүмкін?! Мен барлық қазақстандықтарды түрлі қисынсыз стереотиптерден арылуға шақырамын. Стереотиптер біздің көзімізді байлап, жаһанды ойлауға кедергі келтіреді. Басқа адамды стереотиптік көзқарастарға бола кемсіту, қысым көрсету оның құлшынысы мен мотивациясын кемітеді. Ол елдің дамуына да кері әсерін тигізеді деген сөз”.

“Әр адамның өмірлік принципі бар. Ал менің принципім - теңдік”.

“Егер адамдардың бәрі теңдік ұғымына сенсе, әлем жақсара түспек”. Осылай деп сөз бастаған Дәурен Биназаров - Назарбаев университеті Инженерия мектебінің төртінші курс студенті. Халықаралық студенттік пікірсайыстарда бірталай жетістікке жеткен ойыншы. Өз сөзінде ол феминизм неліктен ер адамдарға да қатысты екенін айтып, өз тұжырымымен бөлісті.

“Әр адамның өмірлік принципі бар. Ал менің принципім - теңдік. Мен барлық адамға бірдей мүмкіндік берілетін қоғамда өмір сүргім келеді. Осы тұрғыдан алғанда феминизм теңдік ұғымын алға қояды”, - дейді Дәурен, - “Өз басым айналамдағы адамдар мені ісіме, ойыма қарап бағалағанын қалаймын. Маған қандай да бір шектеу қойып, менен бірдеңе күтпесе деймін. Және осы принциптерді маңызды санаймын. Алайда адамдар жалпылағанды жақсы көреді. Яғни, адамдарды топқа, тапқа бөліп, сол бойынша оларға жалпы түсінік береді. Ол түсініктер көбіне ұлттық, діни немесе гендерлік базиске негізделген. Ал мұның бәрі адамның өзімен-өзі болу мүмкіндігін шектейді. Мұндай “жүк” оның психологиясына кері әсерін тигізіп, стресс пен депрессияға ұрындыруы мүмкін. Сондықтан, егер басқалар сізді ұлт, нәсіл тұрғысынан қарастырмасын десеңіз, онда ер мен әйелді де жынысына қарай бөлмегеніңіз дұрыс”.

Дәуреннің айтуынша, ер мен әйелге таңылған белгілі “қасиеттер” бар. Мысалы, ер адам күшті және салмақты болуы керек, ол көшбасшылық қасиетке ие және ешқашан эмоциясын көрсетпейді. Ал осы аталғандар жігіттердің бойынан табылмаса ше? “Айталық, мен маскулинді адам емеспін, демек қоғам мені кемсіте бастайды. Бұл өз кезегінде көптеген проблемаларға әкелмек. Мысалы, БҰҰ-ның статистикасына сенсек, Қазақстандағы қыз-келіншектердің 17 %-ы өз азаматынан жәбір көрген. Біздің қоғамда үйдегі зорлық-зомбылық туралы айту әлі де ұят саналатындықтан, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Әрине, әйелдерге қол көтерген еркектерді ақтау әділетсіз. Бірақ осындай жағдайға әкелген факторларды қарастырып көрейікші. Біздің қоғам бала кезден ұлдардың миына “сен күштісің, үйдің иесісің, әйелді басқа шығармауың керек” дегенді құяды. Осы жерде біз келесідей парадоксқа куә боламыз: еркек әйелінің білім алып, жұмысқа баруына қарсы емес, алайда қалаған кезде оған қол көтере алады”, - дейді Дәурен Биназаров.

Теңдік дегенде әуелі әйел адамның қоғамдағы және үйдегі орны ойға келеді. Алайда Дәурен ер адамдардың да құқығы тапталатынын айтады. “Сен еркексің, сондықтан жыламауың керек!” деген сияқты эмоциналдық қысымнан бөлек, әлеуметтік және заңнамалық тұрғыда да ер адамға қатысты “нормалар” қалыптасып қалған. Олар өз кезегінде ер адамның қалаған ісімен айналысуына кедергі келтіреді. Мысалы, мен баламды бағу үшін декреттік демалыс ала аламын. Заң бойынша оған тыйым салынбаған. Бірақ мен декреттік демалыс алып, ал жұбайым жұмыс істейтін болса, айналамдағы адамдардың маған деген көзқарасын елестетіп көріңіз. Бұл маған қатты әсер етері сөзсіз. Сондықтан мен өзімді жайсыз сезінбеу үшін жұмысқа шығуға мәжбүр болам”, - дейді ол, - “Кей адамдар балаға қарау әйел адамның міндеті деп ойлауы мүмкін. Ойларына салмақ қосу үшін, аналық инстинкт пен генетикалық бейімділікті мысалға келтіріп жатады. Алайда дүниеге келген сәби кімнің жанында көп уақыт өткізсе, соған бауыр басатыны дәлелденген. Демек бала әкесіне емес анасына бауыр басуы табиғаттың заңдылығы емес, біріншісінің асыраушы ретінде сыртта жүріп, балаға көңіл бөле алмауында. Бұл ер адамның өз баласымен арасындағы алыстыққа алып келеді”.

Сондай-ақ Дәурен әйелдерге қатысты стереотиптер ер адамдардың өміріне қалай әсер ететіні жайлы өз ойымен бөлісті.

- Біріншіден, жұмыс орнын алайық. Қуанышымызға орай, біз XVII ғасырда өмір сүрмейміз. Әйелдер өздері қалаған жұмысқа орналаса алады. Демек олармен дұрыс коммуникация орнату керек. Алайда ер адамдар қызмет орнына бала кездерінен саналарына сіңген “өздерін әйелдерден биік санау” стереотипімен қоса келеді. Бұл өз кезегінде ұжымдағы командалық жұмысты бұзады. Осылайша, тиімділік төмендейді.

- Екіншіден, конкуренция аз. Жұмыс орындарында гендерге қатысты қалыптасып қалған қағидалардың кесірінен кәсіби мамандар өз мүмкіндіктерін толық көрсете алмауы мүмкін. Жалпы алып қарасақ, заң тұрғысында ештеңеге тыйым салынбаған, барлық адам қалаған жұмысын істеуге қақылы. Гендерлік үлесте де бәрі дұрыс сияқты (50/50). Алайда инженерия саласын алсақ, гендерлік үлес - 20/80. Алайда бұл әйелдер еркектермен салыстырғанда ақымақтау дегенді білдірмейді деп ойлаймын. Бұл - біздің қоғам қалыптастырған стереотиптердің нәтижесі. Өйткені кішкентай қыз логикалық ойындарды жақсы көрсе немесе машиналарға қызықса, оған айналасындағылар “Сен қызсың! Сен қуыршақпен ойнауың керек. Мұның саған еш қажеті болмайды” дейді. Сол себепті де біздің экономика, саясат сияқты маңызды салаларда әйелдер өте аз.

- Үшіншіден, осы стереотиптердің барлығы ертең менің жақындарыма әсер етпек. Менің болашақ жарымды алайын. Сенімді серігі ретінде мен оның уайым-қайғысын бірге бөлісемін. Демек оған тегінген гендерлік стереотиптер мен кемсітулер маған да тікелей әсер етпек. Мен өзімнің эмоционалдық жағдайымның жақсы болғанын қалаймын ба? Иә. Олай болса, мен не істеуім керек? Феминизм үшін күресім керек.

Ендеше, гендерге қатысты стереотиптермен қалай күресу қажет?

“Қазақстанда бұл мәселе әлі де шешімін таппағанын ескеруіміз керек. Қалаларда да, ауылды жерлерде де әйелдерге қатысты кемсіту мен стигматизация көп екені белгілі. Сондықтан теңдік идеясын тарату маңызды. Мысалы, сіздің туыстарыңыздың арасында стереотиптермен ойлайтындар бар шығар. Оларға оның дұрыс емесін айтып жүріңіз. Мысалы мен әкеме ұлдардың қызғылт кроссовка кигенінде тұрған ештеңе жоғын және оны мен де кие алатынымды айтамын. Өйткені кеше мен әкеме оны айта алмасам, ертең ол менің өміріме әсер етпек. Немесе мен үйленгеннен кейін, ата-ана біздің тезірек балалы болғанымызды қалар. Егер қоғамда қалыптасқан стереотиптер ертеңгі күні менің өміріме кері әсер етпесін десем, қазірден бастап айналамдағы адамдарға адамдардың әр түрлі болатынын, және олардың бәріне бірдей қарау керектігін үнемі айтып отыруым керек”.

Сонымен қатар Дәурен сексистік, “дәстүршіл” адамдар қолданатын аргументтерді қарастырған екен. Алайда оның бәріне пікірсайысшының айтар жауабы бар:

- Көптеген адамдардың гендерлік бөлінуге қатысты айтатын бірінші аргументі - табиғат. Яғни әйелдің баланы дүниеге әкеліп, үйдің жағдайын жасауы табиғи нәрсе. Алайда адамдар көп нәрсеге басқа қырынан қарауға тырыспайды. Мысалы табиғатта кездесетін бактериялар адам ағзасына зиян келтіріп, иммунитетін төмендетті делік. Бірақ біз табиғатқа қарсы шығып, өмірімізді сақтап қалу үшін, ем ідедік. Табиғат тағы да бізге киім киюдің қажеті жоқ деді, өйткені терінің қорғау қабаты бар. Алайда ол қабат біздің денемізді суықтан толық қорғай алмайтын болып шықты, осылайша адамзат киім кие бастады. Жалпы айтқанда біз өмір сапасын арттыру үшін табиғатқа қарсы шығып отырдық. Онда осы тұжырымды неге гендерлік стереотиптерге қатысты қарастырмасқа?! Иә, әйел дүниеге бала әкеледі. Бірақ бізге ер адамның декреттік демалысқа шығып, әйелінің жұмыс істеуі қисынсыз көрінбеуі керек. Неге біз ескіше ойлауымыз керек?!
Екінші аргумент - салт-дәстүр. Мен дәстүрдің бәрі жаман демеймін. Жалпы алғанда оларды біздің ата-бабаларымыз қалыптастырған. Осы тұрғыда біз де оны өз мәдени бірегейлігімізді сақтауымыз керек деген аргументтер айтылады. Бірақ ата-бабаларымызды біз көрген жоқпыз. Ал біз оқыған тарих кеңестік кезеңдегі зерттеулерге негізделген. Оның үстіне біреу бұрын солай жасады екен деп, соны ғана дұрыс көру қисынсыз көрінбей ме? Мысалы, әмеңгерлік салтын алайық. Біз қазір солай жасаймыз ба? Жоқ, егер сондай жағдай болып жатса, қазақтардың өзі оған біртүрлі қарайды. Сол сияқты “қанға-қан”, “барымта” секілді дәстүрлер де ескірген. Сонымен қатар қазір үйдегі міндеттерді бөлу қажеттілігі жоқ. Жұмысқа орналасар кезде де күшіңіздің көп болуы басты критерий саналмайды. Адамзат “күші көп адамның айтқаны дұрыс” дейтін идеядан бас тартқан. Өйткені біз өзімізді өркениетті қоғам санаймыз. Демек біз өркениетті қоғамның дефинициясын үнемі айтып жүруіміз керек. Ал теңдік ұғымы соның бір белгісі.

Суреттер: E.Quality

#феминизм #гендерлік теңдік

Ұқсас материалдар