Жалғызбасты әкелердің тауқыметі

Елімізде жалғызбасты әкелер саны – 60 мың

«Жазлғызбасты ана», «күйеуі тастап кетіпті», «шеттей бала-шағасымен жесір қалды»... Осы секілді сөз тіркестері біздің қоғамда көптеп кездеседі. Ол туралы жаңалықтарды да араға апта салып естіп жатамыз. Бірақ, соңғы кездері нәзікжандылар да тағдырдың тосыннан келген «тәтті» сәттеріне алданып, іштен шыққан баласынан безініп, бөгде ердің ізінен кете барады. Немесе... мезгілсіз ажал бақытты отбасының базарын қашырады. Баласын анасынан айыратын осы секілді бірнеше себептер кездеседі.

ҚР Жоғары соты ажырасу кезінде баланың кімде қалатыны жөнінде нақты статистика келтіре алмайтынын айтқан еді. Ал Статиска комитеті халықты соңғы рет  тіркеу кезінде 60 мыңға жуық жалғызбасты әке бары анықталғаны туралы ақпарат құралдары айтып жүр.

Бала кімде қалады?

ҚР неке және отбасы кодексіне сәйкес, ажырасу кезінде баланы өзіне қалдыруға әкесіне де, шешесіне де ортақ құқық берілген. Соған қарамастан, мұндай жағдайларда балалардың көбі анасына тапсырылып келеді. Заң бойынша тек 10 жасқа жеткен бүлдіршіндер ғана кіммен қалатынын өзі таңдауға рұқсат етіледі. Ал шетелде қалай?

АҚШ-та әке мен анаға бірдей статус берілген. Алайда, ажырасу оқиғаларында бала көбінесе анасымен қалады. Халықты тіркеу орнының статистикасына сүйенсек, онда 82% бала анасына берілсе, тек 13% бала әкесіне тапсырылыпты. Ал Оңтүстік Кореяда көбінесе әкесіне қамқоршы рөлі тапсырылады. ТМД елдерінде соңғы жылдары баласын әйеліне қалдыруға қарсылық білдіретін ерлер жиі кездесіп жүр. Соның арқасында көптеген бүлдіршіндер әкелерімен бақытты ғұмыр кешуде.

Мұсылмандар елдерінде ажырасу кезінде басымдық әкеде болып, әйел адамдары сотқа талап-арыздарын тастап, баланы қамқорлыққа алу мәселесінде тығырыққа тіреліпті. Шешімді жылдап күтуге тура келген екен. Дегенмен, 2018 жылы Сауд.Арабиясында неке заңында оң өзгеріс орын алып, ендігі баланың анасы қамқоршы болу үшін сотқа барудың қажеті жоқ деп танылған.

«Заңды түрде ажыраспадық»

Есімін жарияламауды сұраған кейіпкеріміз отбасын тастап кеткен әйелімен әлі де заң жүзінде ажыраспағанын айтады.

– Осыдан екі жыл бұрын әйелім әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан қалаға жұмыс іздеуге кетті. Ауыл облыс орталығынан алыс емес-тін. Менің табысым отбасымды асырауға жетпей жатқаны жаныма батып, әйеліме келісімімді бердім. Шеттей төрт бала-шаға. Оның үшеуі мектепте оқиды. Жарым 2-3 күн қатар барып жүріп, асханаға ыдыс жуушы  болып орналасқанын айтып келді. Қуанып қалғаным рас, бірақ ол азанда ерте үйден шығып, қараңғы түскенде қайтып жүргені балалардың жайын кетірді. Өзім де, ол да жұмыста. Кешке балаларым жамырап алдымнан шығады. Көп ұзамай үйде жанжал туа бастады. Себебі, әйелім жұмыс-жұмыс деп алып-ұшып, ұл-қыздарыма көңіл бөлуді мүлде қойды. Үйдің тірлігі ысырылып қалды. Ашылып сөйлеспейтін болды. Тіпті, бір жетіден соң, жұмыста түнгі ауысымға қалатынын айтып, үйге келген жоқ. Басында, ештеңеден күдіктенгенім жоқ. Себебі, бұған дейін жұмыс істемеген адам ғой, қиналып жүрген болар деп, кешкілік жұмыстан келген соң, ас дайындап, кір жуып, балалардың сабақтарын қадағалап жүрдім. Келесі айда екі күн үйге келсе, үш күнді сыртта өткізеді. Бұл менің жаныма бата бастады.

Оған дейін сүйген жарына бір де бір рет қол көтеріп көрмеген азамат күйіктен ішуді шығарып, әйелін үйге оралғанда жазалауды ойластырып жүрген.  Ойлағанын көп өтпей-ақ орындағанда, әйелі ештеңеге қарамай, киімдерін жинап тайып тұрыпты. Оны «мамалап» жылаған балалары да ұстап қала алмайды. Бұл жайт отағасының ішіне шоқ тастағандай күйдіріп жібереді. Ұзамай ауыл арасында әйелінің түнгі қалада көңіл көтеріп жүргені туралы өсек тарайды.

– Шынында, солай болыпты. "Әйелім жеңіл жүріске салыныпты" дегенді айтуға аузым бармайды. Ол шындық. Оны аналық құқығынан айырғым келіп жүр. Екі жылда 3-4 рет келіп кетті. «Сендерді қалайда алып кетемін» деп балалардың құлағын көтеріп қояды. Заңды түрде ажырасуға қорқып жүрмін, себебі, балалардың үшеуінің жасы 10-ға жетпеген. Сот анасына қалдырса не істемекпін.

Осы екі жылда отағасы талай азапты күндерді бастан өткерген. Жақында қарт анасы қолына келіпті. «Содан бері, үйге береке кіргендей болды», – дейді ол.

Ажал араға түссе...

«Жақында туыс ағам өмірден өтті. Ол сүйікті жарынан 20 жыл бұрын айырылып қалған еді. Артында аңырап қалған ұлы мен қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді, оқытты-шоқытты. Бірақ, солардың қызығын көре алмады-ау. Айықпас дерт «немере бағып, шөбере сүйсем» деген арманына жеткізбей кетті. Әйелін қатты сүйді, ол кеткен соң, басқа қыз-келіншектерге көз қырын салған да жоқ. Көзін жәудіретіп балаларын басқаның қолына сеніп тапсыра алмады». Бұл – жақында қайтыс болған жағызбасты әке жайында айтылған туыстарының сөзі.

Өмір бар жерде өлім бар. «Бұндай күнді ешкімнің басына салмасын», – дейді,  атын атамауды өтінген кезекті кейіпкеріміз.

Өткен жылдың жаз мезгілінде «отбасымыз толығатын болды» деп қуанышты хабар күтіп жүргенде, сұм ажал үйдің шырағы болған жанды ішіндегі нәрестемен бірге алып кетеді. Оның артында еңіреген сүйген жар мен үш бала қалған еді.

 – Жұбайымды жерлеуге бара жатқанда-ақ, енді балаларымның әкесі де, шешесі де өзім болатынымды түсіндім. Баяғы әкелік міндеттің жүгі тіптен ауырлай түскендей. Сол қайғылы жайттан кейін елордамызға қоныс аудардық. Тұңғышым-ұлым жергілікті ЖОО-ның бірінде 2-курста оқыса, үлкен қызымды ата-әжесімен болсын, әрі ҰБТ-ға жақсы дайындалсын деп ауылға жібердім. 6-сыныпта оқитын екінші қызым өзіммен бірге тұрады. Әпке-қарындастарым, ағайын-туыстарым барынша жәрдемдесіп келеді, – дейді ол.

Осы оқиғадан бұрын, отағасы жұмыс бабымен Ақтөбеге аттанып, жалғыз төрт айдай тұрған екен.

– Сол кезде телефонмен кей тамақтардың қалай әзірленетінін сұрап жүрдім. Мүмкін Жаратқан Иеміз осы арқылы мені дайындаған болар. Оның үстіне, ұл-қыздарым да ересек, қолғабыс етуге әбден жарап тұр. Қазіргі күндерім «жұмыс-үй» деген шеңбердің ішінде өтіп жатыр. Кешкілік барып, үшеуміз тамақты жабыла істеп, жамырап отырып ішіп аламыз. Шаршап барғанымды көрген балаларым, үйде артық іске араластырмай, демалуыма жағдай жасайды.

Ол бұрын жұмыс-жұмыс деп, балаларына қатты жақын бола алмағанын мойындайды.

– Қазір жайлап, ұлыммен ашық-жарқын сөйлесіп келемін. Бірақ, қыз тәрбиесі ерекше мән беруді талап ететіндіктен, аздап қиындықтарға кезігіп жатырмын. Әпке-қарындастарыма ақылдарыңды айтып, жақын сөйлесіп тұрсаңдар деп өтініш айтқам.

Кейіпкеріміз кездесіп жатса, иманды, тәрбиелі және балаларын өз баласындай қабылдайтын жанмен  шаңырақ көтеруге қарсы еместігін айтады. ...Оның қолынан неке сақинасын әлі шешпегенін байқадық.

Жалғызбасты әкелер білуі тиіс...

Шетелдік психологтар жалғызбасты әкелерге мынандай қағидаларды берік ұстануды ұсынады:

Депрессияға түсе көрмеңіз. Ерлер қауымы мұндай ситуацияда не істерін білмей, қалың мұңның ішінде, өмірден бар үмітін үзіп, үгіліп кетеді. Мұндай сәтте алға жетелеуші – балалары болу керек. Оларға жанында қалған әкенің күйзелісі қатты әсер етуі мүмкін. Сол сияқты бірден өмірді 180 градусқа өзгертуге тырысудың да қажеті шамалы. Ең алдымен, балаңызда тек сіз қалғаныңызды саналы түрде қабылдауыңыз керек. Мұндай жағдайды басынан өткерген ерлер жетіп артылады. Ендеше, сіз үшін де бұл өте алмайтын бөгет емес.

Анасының көрінбей кету себебін жасырудың қажеті жоқ. Отбасыда ендігі анасы болмайтынына көптеген нәрселер әсер етеді. Ол себептерді ашып айтып, балаға шындықты айтудан қорықпау қажет. Сол сияқты, бүлдіршінді анасына қарсы қоя көрмеңіз.

Басқа жандардың көмегінен бас тартпаңыз. Біздің бірінші кейіпкеріміз сырттан келер көмектен үзілді-кесілді бас тартқан. Себеп – намысшылдығы. Мұндай ситуацияда тәкаппарлық таныту – дұрыс шешім емес. Көмек жақын жандардан ғана емес, көрші, мүғалімдерден де келіп жатады. Сол секілді жалғызбасты әкелерге мемлекеттің қолдауы барын ұмытпаңыз.

Баламен әңгімелесудің бұрынғы стилінен ауытқымаңыз. Анасының орнын толтыру үшін, баланы тым еркелетіп, тентектігіне көз жұма қарап отырудың қажеті шамалы. Бұған дейін анасы оған шамадан тыс қамқорлық танытса да, сіз тең дәрежеде сөйлескен болсаңыз, бұл жүйеден айнымаңыз. Ол мақтарлық іс жасаса – қолпаштаңыз, ал шеттен шыққан іс-әрекеттеріне ескерту жасау керек. Оған әділ болу арқылы сенімді қарым-қатынас орната аласыз.

Анасының орнын басамын деп әуреленбеңіз. Әке балалары үшін әке болып қалу керек. Оның әрбір ұсақ-түйек ісіне араласуға болмайды. Ең бастысы, балаңызбен сөйлесіңіз. Оның көңіл-күйін, бүгін жаңа не үйренгенін, мазалайтын нәрселер бар-жоғын сұрап отырыңыз. Баламен бірге өткізетін уақыттың маңызы жоғары: онымен (немесе олармен) бірге киноға барып, саябақ, дүкен аралауға шығыңыз.

#жалғызбасты әке #жалғыздық

Ұқсас материалдар