Перизат Кәрімқұл
TedxYouth@AbaySt: Біз қалай стереотиптердің құрбанына айналдық?
Жөні бөлек конференциядан үзік ойлар
Бір сәт өзіңіздің неге сеніп, нені ұлықтайтыныңыз жайлы ойланып көрдіңіз бе? "Менікі" дейтін ұстанымыңыз бен көзқарасыңыз айналаңыздағы адамдардың сізге бала кезден теліген стереотиптер мен тыйымдардың "жемісі" емесіне сенімдісіз бе? "Матрица" дерсіз. Сорақысы, стереотиптер мен тыйымдар шовинизм, сексизм, эйджизм секілді түрлі "измдердің" тізбегін тудырады. Біздің қоғамдағы оның жарқын мысалы деп 2015 жылғы Ninety One музыкалық тобына қарсы лукистік көзқарасты (*лукизм - адамды сырт келбетіне бола кемсіту) атауға болатын шығар. Ал кішігірім орталарда - мектепте, жұмыста, отбасында стереотиптердің құрбанына айналатындар қаншама? Алматыда өткен TedxYouth@AbaySt қатысушылары осы сұраққа жауап іздеп көрді.
TedxYouth@Abay St - жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына, осы саланы зерттеп жүрген эксперттерге арналған ТЕD форматындағы алғашқы конференция. Шара ұйымдастырушыларының бірі Молдияр Ергебеков конференцияда көтерілетін тақырыптар жайлы көп пікірталас болғанын айтады.

— Талқылау кезінде біздің қоғамда айтылмай жүрген, не болмаса көрінбей қалған тақырыптар жайлы сөз қозғап, ол проблемалардың шешімін тапқан адамдардың әңгімелерін тыңдауға бел будық. Оның ішінде дәрігерлердің салақтығы салдарынан ВИЧ жұқтырған балалардың тағдыры, қаламыздың экологиялық жағдайы, айту "ұят" саналатын жасөспірімдер мен жастардың сексуалды сауаттылығы бар. Сол сияқты табысты жастарымыздың өмір жолы да көп айтыла қоймайды. Осылайша, елімізде ескеріле бермейтін немесе "табу" қойылған тақырыптар туралы сөз қозғауды жөн көрдік.
"Аутизмді жатсынудың қажеті жоқ"
Өкінішке қарай, қоғамда сау адамды норма, ал денсаулығында кінәрат бар адамды нормадан ауытқу деп қабылдау басым. Бұл эйблизмнің, яғни мүмкіндігі шектеулі немесе дамуында ауытқу бар адамдар жайлы теріс түсініктің белгісі. Конференция спикерлерінің бірі Жанат Қаратай адамдарды "ерекшелігіне" бола жатсынудың қажеті жоғын айтады.
Жанаттың 5 баласы бар, оның бірі - аутист. Үшінші баласы Әлібектің дамуында ауытқу барын ата-анасы тек екі жасында байқаған.

— Балам бізбен сөйлеспек түгілі, бар-жоғымызды байқамайтын болды. Мен ол кезде программист болып қызмет ететінмін, жұмыстан шығып кеттім. Бітпейтін тексерістер, аутизм түсінігіне бойлау біз үшін қиын болды. Өйткені 18 жыл бұрын бірде-бір маман "Аутизм деген не?" деген сұраққа тұшымды жауап бере алмайтын. Сондықтан да ұлымды оңалтуды өз қолыма алдым. Баламызды дефектологқа, логопед пен психологқа апардық, олар өз білгендерінше көмектесуге тырысты. Бірақ одан бөлек ұлымыздың көңілін аулайтын бір істің қажетін түсіндік.

Жанаттың отбасы саяхаттағанды және тау шаңғысымен сырғанауды ұнатады. Балаларының бәрі 3 жасынан шаңғымен сырғанауды үйренеді екен. Бірақ Әлібек бұл спорт түріне мүлдем қызықпаған көрінеді.

— Біздің жағдайды түсініп, баланың бойындағы потенциалды байқай алатын жаттықтырушыны ұзақ іздедік. Ол кезде мұндай балаларға тәлім беруден көбі бас тартатын. Тек 11 жасқа келгенде ғана сноубордқа қызығушылығы оянды. Содан кейін ұлымның оқу үлгерімі жақсарып, даму процесі жүре бастады. Одан бөлек Әлібек қағаздарды жыртқанды ұнататын. Кейін қағаздан пластик пакеттерге көшті. Жұлмаланған пакет бөліктерінің ішінен балам өзіне ұнағанын алып, ұзақ ойнайтын еді. Не істеп отырғанын көрейік деп пакет бөліктеріне қарасақ, су жануарларының пішінін байқадық. Ұлымыз осылай өзіне ойыншық жасаған екен. Қызығушылығын көріп, оған пластилин ұсындық. Әлібек одан түрлі мүсіндер жасай бастады. Еуропаға барған сайын оны әлемдік өнер туындыларымен жақынырақ таныстырып отырдық. Саяхат оның танымының кеңейіп, жаңа ортаға бейімделуіне мүмкіндік берді. Нәтижесінде ұлымыз пластилин мүсіндерден анимациялық мультфильмдер жасай бастады. 17 жасында екеуміз Ванкувердегі (Канада) аутизмі бар адамдардың жетістіктерін паш ететін халықаралық фестивальге барып қайттық. Ол жерде Әлібек "Өнер" номинациясы бойынша 2-орынға ие болды.
Десе де Әлібектің анасы мектептегі кезеңнің оңай болмағанын айтады. Мұғалімнің айтқанын ұғыну үшін қолына үнемі пластилин ұстап тұратын балаға сыныптастары түсінбеушілікпен қараған көрінеді.

— Бұл сырт көзге біртүрлі көрініп, айналадағы адамдардың бойында түсініспеушілік, тіпті агрессия тудырып жатты. Бірақ оны жатсынудың еш қажеті жоқ. Мұндай қимылдар арқылы аутист балалар тынышталып, ойын жинақтайды.

Жанат Қаратайдың айтуынша, қазір аутист балалардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасайтын түрлі әдістер бар. Аутизмді қабылдап, түсініп, баланың дамуына қолайлы орта қалыптасса, ол өз қабілетін танытып, қоғамға пайдасын тигізе алады.
"Қазақстандық жастар бірінші орынға
отбасын қояды"

Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Украина елдерінің жастары нені армандайды, нені қадір тұтады? Мемлекет пен қоғамдық ұйымдар оларға қандай жағдай жасап отыр? Осы сұрақтарға жауап іздеген спикер Ирина Медникова соңғы зерттеуінің нәтижесімен бөлісті. Ол 10 жылдан аса жастар мәселесін зерттеп келеді.

Иринаның айтуынша, бес елдің төртеуіндегі жастар үшін ең маңыздысы - сапалы білім. Тек Қазақстанда нәтиже өзгеше. Біздің жастардың басым көпшілігі бірінші орынға білімді емес, отбасын қойған. Одан кейін ғана денсаулық, өзін-өзі дамыту, білім болып кете береді. Мұны Фридрих Эберт қоры жүргізген зерттеу нәтижесі де растайды екен. Мысалы, қазақстандық жастардың 73%-ы отбасын құру жоғары білім алуға қарағанда маңызды деген шешімге келген. Ал жігіттер мен қыздардың 67%-ы мансап қуудан отбасы құруды артық санайды.
— Білім алу саласында атап өтетін маңызды жайт - қыздар өздерінің қоғамдағы функциясына басқаша қарай бастаған. Әсіресе, Қазақстан мен Қырғызстандағы қыздар тұрмыс құрып, ана болуға асықпай, өздерін түрлі салаларда байқап көруге тырысады екен. Мысалы, әлемнің үздік зертханаларында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігін беретін Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры биыл 10 гранттың 7-еуі қыздарға берілгенін айтты.

Зерттеу нәтижесі бойынша 22-24 жас аралығындағы қыздар отбасы құндылығын алға қойса, 14-17 жастағы қыз балалар өздерінің дара қырларын ашуды жөн санайды. Иринаның айтуынша, осы тұста қыздар екі оттың ортасында қалғандай күйге түседі екен. Бір жағынан, солай болуы тиіс деген стереотиптік көзқарасқа бола тұрмыс құрып, ана болу, ал екінші жағынан арманына берік болып, өзін жан-жақты дамыту, кәсібін ашу. Әзірге қыздар қоғамдағы қысымнан қорқып, бірінші сценарийді таңдайтын көрінеді.

— Барлық елдердегі жастардың проблемасы ортақ. Ол - сапасыз білім, жұмысқа орналасу мәселелері және өз үйінің болмауы. Сондай-ақ проблемалардың екінші тобы бар. Эксперттердің айтуынша, бүгінгі жастардың көбінде өз пікірі жоқ, және олар үшін ата-аналары шешім қабылдайды. Мұны жастар да растады.
"ҰБТ-дан кейін әкем қайда түскім келетінін сұрады. Мен заңгер болғым келетінін айттым. Ол маған МжЖБ (мемлекеттік және жергілікті басқару) мамандығы барын, оны оқысам әкімшілікте немесе салық қызметінде жұмыс істей алатынымды айтты. Бірақ маған құқықтану көбірек ұнайтын. Анам Астанаға кеткен кезде, әкеммен бірге оқуға құжат тапсырдық. Ол маған МжЖБ-ны таңдасаң, жұмыссыз қалмайсың деді. Бірақ маған қызық емес дегенімде, осы оқуды бітір, содан кейін не істесең де өзің білесің деді. Шынымды айтсам, "жоқ" дей алмағаным үшін өкінемін". (Әйгерім, Алматы)
Иринаның зерттеуі бойынша, Қазақстандағы жастарға арналған бірде-бір бағдарлама олардың проблемаларын толықтай шешуге қауқарсыз.
"Профессионалдардың елден кетуін қалай
тоқтатуға болады?"

Кеңестік кезеңде эмигранттарға "сатқын", "Отанын ойламайтын безбүйрек" сияқты клишелер тән еді. Болмаса өзіміздің "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" дейтін мақал да көп нәрседен сыр беретін сияқты. Редакцияда осы тақырыпты талқылап отырып, қазір бұл стереотип көзқарастың эволюцияға ұшырағанын байқадық. Бүгінгі эмигрант - "бақыт билетінің" иесі, ал бұрынғы жерлестері көбіне оған қызыға да қызғана қарайды.

Статистика бойынша, өткен жылдың өзінде 30 мыңнан аса білікті маман Қазақстаннан көшіп кеткен. Шымкенттік жас кәсіпкер Тоқтар Әлімбеков бұл процесті тоқтатудың жолдарын зерттеп қана қоймай, осы салада бірнеше жобаны жүзеге асыруда.
— 7-сыныпта мен Нью-Йорктегі жазғы мектепке бардым. АҚШ жайлы алғашқы әсерім керемет болды. Елге келген соң өзіме "Қай жақта тұрамын?", "Қанша ақша табатын боламын?" деген сұрақтарды қоя бастадым. Сол кезде басқа елде тұрғым келетінін түсіндім. Ол үшін өзге мәдениетті қабылдауға дайын едім. Қазір ойласам, елден кету жайлы ой бала кезде пайда болады екен.

Тоқтардың бала арманы орындалып, АҚШ-тағы Орталық Мичиган университетінің студенті атанады. Екі жыл бұрын оқуын аяқтаған ол туған қаласы Шымкентке келіп, өз кәсібін құрады. Бизнеспен қатар, жақсы мамандардың елден кетуінің алдын алуға бағытталған «U:projеcts» әлеуметтік жобасын қолға алады.

— Профессионалдардың елден кетуін қалай тоқтатуға болады? Біріншіден, ниеті бір адамдарды біріктіріп, оларға өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін платформаларды көбейту керек. Екіншіден, мемлекет, бизнес және қоғамның өзара ынтымаққа келуі маңызды. Осы үшеуінің бірлесе жұмыс істеуі арқылы ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Біздің жобамыз осы қағидаларға негізделеді. Бүгінгі күнге дейін жобамызға қатысқан жастардың саны 10 мыңнан асты. Олардың ішінде Азиза есімді қыз бар. Ол ұзақ уақыт Англияда тұрған, өз саласы бойынша жұмысы, жақсы жалақысы болған. Былтыр Шымкентке келгенде біздің жобамен танысып, қатысуға ниет білдірді. Қазір ол біздің компанияларымыздың бірінде жұмыс істейді. Сондай-ақ қаламыздағы танымал орындаушылардың бірі.

Тоқтардың айтуынша, жастардың білім алып, жұмыс жасау үшін шетел асуында тұрған ештеңе жоқ. Егер мемлекет олардың алған білімдері мен тәжірибелерін жүзеге асыру үшін жағдай жасаса, жастар қуана оралады дейді ол.
"Егер сен басқалар сияқты болмасаң,
ол бөтенсің деген сөз емес"

Конференцияда сөз сөйлеген 13 спикердің 4-еуі жастармен жұмыс жасайтын эксперттер болса, 9-ы жасөспірім. Олардың бірі 17 жастағы Ева. Сірә, оның өз өмірін баяндаған сәт конференцияның ең эмоцианалды бөлігінің бірі болған шығар. Ева анасы ірі мөлшерде есірткі таратқаны үшін жазасын өтеп жүргенде дүниеге келген. Бір айдан кейін әжесі баланы өз қолына алады.

— Менің әжем өте мәдениетті адам еді. Мені өз қызындай тәрбиелеп, қалағанымның бәрін алдыма жайып салатын. Менде түрлі ойыншықтар, әдемі көйлектер, қуыршақтар да болды. Тек бір нәрсе жетіспейтін. Ол - ана махаббаты. Бес жасымда анамның түрмеден шығатынын білдім. Менің қалай қуанғанымды білсеңіздер ғой. Бірақ әжемнің көңіліне қаю түсіргім келмеді. Бір кеште бар жігерімді жинап, әжеме анамның қасына барғым келетінін айттым. Әжем өң бермеді. "Жарайды, заттарыңды жинастыр, мен сені анаңа жіберемін" деді. Келесі күні сөмкемді көтеріп, үйдің алдына шықсам, алдымда үлкен әйел тұр. Оны басқаша елестеткен едім, бірақ дәл сол сәтте өзіме ұзақ жыл жетіспеген ана махаббатын сездім.
Бірнеше жылдан кейін анасы қызын мектепке береді. Ол кезде Ева 10 жаста болатын.

— Мен 10 жасымда 1-сынып оқушысы атандым. Қатты қуанғаным есімде, өйткені 1-қыркүйек сайын ата-аналарының қолынан ұстап, мектепке бара жатқан балаларға қарап қызығатынмын. Алғашқы салтанатты жиын бәрінің есінде шығар. Сол жерде тұрғанда өзге балалардың ата-аналары маған жиіркене қарап тұрғанын байқадым. Бейне мен өзге планетадан келгендей. Ал бір айдан кейін сыныптастарым кемсіте бастады. "Осындай үлкен қыз қалай 1-сыныпта оқып жүр?", "Сабақ оқымай, жыл сайын қалып қоя беретін шығарсың" сияқты әңгімелерді айта бастады. Мен не айтарымды білмедім. Сабақ оқуға мүлдем құлқым болмады. Үйге жылап келетінмін, алайда анам мені не жұбатпайтын, не аяушылық танытпайтын. Тек "Ештеңе етпес. Бәрі де аяқталады. Шыда, сен жігерсіз емессің ғой" дейтін. Ол мені түсінбейтін, түсінуге де тырыспайтын еді.

Сол жылы Еваның анасы қайтадан түрмеге отырады. Ал өзі балалар үйіне түседі.
Бірақ әуелі оны кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына апарып, шашын тақырлап алып тастайды.

— Солай балалар үйіне келдім. Ондағы балалар маған түсіністікпен қарады. Бірақ жаңа мектепке барғанда қорқынышты түсім қайта жалғасты. Енді мені тек жасым үшін емес, басымның тақырлығына бола кемсіте бастады. Осылайша мен қоғамға өгей болып қалдым. Қуанышыма орай, менің өмірімде жақсы адамдар кездесті. Олар маған мамандық таңдап, қабілетімді арттыруыма көмектесіп, менен адам жасап шықты. Айтқым келгені, мені кемсітіп жатқанда өзімді осы қоғамның бөлшегі ретінде көрмедім, өзімді жат сезіндім. Басқалар сияқты емеспін деген ойдан қорқатынмын. Уақыт өте түсінгенім - егер сен басқалар сияқты болмасаң, ол бөтенсің деген сөз емес.
Айтпақшы, ТЕD форматындағы жасөспірімдерге арналған алғашқы конференция "Теңел" атауымен өтті. Осылайша, ұйымдастырушылар жастардың ойы мен идеяларының қаншалықты маңызды екенін білдіргісі келген екен.
"Спикерлердің бөліскен оқиғалары әркімді әртүрлі күйге бөледі. Сахнада айтылған идеялар да әр алуан. Оларды тыңдап отырып, өзіңді біреумен саыстырудың қажеті жоғын түсінесің. Бір айтарым, сен кез келген арманыңды жүзеге асыра аласың. Тек өзің қаласаң болды. Оны біздің спикерлер де дәлелдеп берді. "Теңел" - өзіңді біреумен салыстыру емес, өзіңді басқалармен тең көру, осылайша өз арманыңды жүзеге асыруға тырысу. Бұл тұрғыда біз жастарды барынша қолдауға тырысамыз. Ал ең басты қолдау - олардың ойын, идеясын тыңдай білу", - дейді Лейла Махмудова.
Фотолар: TedxYouth@AbaySt, voxpopuli.kz