TEDx өңірлерде

Семей мен Қарағандыдағы TEDx конференциялар жайлы

TEDxSemey

Гуля Жакупова – әлеуметтік қызметкер, Колумбия университетінің түлегі. Университетті тәмамдағаннан кейін ол біраз уақыт Семей қаласындағы медициналық университетте оқытушы болып қызмет еткен. Қазіргі таңда Орта Азиядағы денсаулық сақтауды жаһандық зерттеу орталығында UNI зерттеу жобасының директоры болып қызмет етеді.

Идея

Семей қаласында TEDx конференциясын ұйымдастыру жайлы ой Гуля Жақыповаға медициналық университетте жұмыс жасап жүрген кезде келген екен.

- Университет проректоры Клара Жеңісқызы шет елдегі жұмыс тәжірибемді бағалап, жастарды шабыттандырып, оларға көмектесу мақсатында, мені жастардың жұмысымен айналысуға шақырды. Әлеуметтік жұмыстан бөлек оларға не ұсынарымды білмедім. Оның үстіне, жастарды әлеуметтік проблемалармен мазалағым келмеді. Осылайша жастардың ұйымдастыруымен конференция ұйымдастыру жайлы ой келді. Ол ойымды сол кезде студент болған Талант Жуанышевпен бөлісіп, қолдауына ие болдым. Ақыры өте мықты команда құрып, лицензия алуға өтінім бердік.

Десе де TEDx конференциясын өткізу үшін лицензия алу оңай емес. Гуля Жакупованың командасы да алғашқы өтінімге оң жауап ала алмаған көрінеді.

- Бірінші өтінімге теріс жауап алдық. Бірақ Қазақстанда TEDx конфернцияларды өткізу бойынша үздік эксперт деп айтуға болатын бір адам бар. Ол TEDxAlmaty және TEDxAstana конференцияларының ұйымдастырушысы – Лариса Пак. Лариса бізді қолдап, маңызды кеңестермен бөлісті. Біз ол кеңестерді әлі күнге дейін қолданамыз.

Алғашқы конференция

Семейде TEDx конференциясы биыл үшінші рет өтті. Ал ең алғашқы конференцияны Галя Жакупова ерекше сезіммен еске алады.

- Бірінші жыл ерекше есте қалды. Оның атауы да ерекше болатын: «Үтір қояр уақыт келді» («Время ставить запятую»). Біз Семейге нүктесі қойылған қала ретінде қарағымыз келмейді деп шештік. Сондықтан ол нүктені үтірге айналдыруды жөн көрдік. Қаламызды оятып, оған білімнің, пайдалы ақпарат пен өзгерістің лебін сездіргіміз келді. Және ол біздің қолымыздан келді деп ойлаймын.

Сондай-ақ бірінші жылы командамен кездесулер керемет өтетін. Шай ішіп, тәтті жеп, ұзақ уақыт бірдеңені талқылайтын едік. Қазір бұл процесстің жолға қойылғаны сонша, бәрін виртуалда шешеміз. Десе де алғашқы жыл бізге қымбат естеліктер қалдырды.

Ерекше әсер еткен спикер

- Ұйымдастырушы әрі спикерлермен тікелей жұмыс жасайтын адам ретінде бір спикерді басқалардан бөліп қарастыру қиын. Себебі олардың әрқайсысы сахнада жанын ақтарады. Десе де менің өзіме ерекше әсер еткен спикер деп Айнагүл Нұртазинаны атар едім. Ол бала асырап алу идеясын таратып қана қоймай, өзі де екі ұлды бауырына басқан ана. Ғажап емес пе?! Әр спикер өзінше тамаша! Әрқайсысы іске асыруға тұрарлық идеяны таратады. Әр спикер мұқият іріктеуден өтетіндіктен, олардың бәрі біздің сахнада тұруға әбден лайық жандар.

Команда жайлы

- TEDxSemey командасында оннан аса адам бар. Талант, Ғани, Дина, Жанерке, Мерей – медициналық университеттің түлектері. Қазіргі таңда олар өз салалары бойынша қызмет етеді. Арафат Мәжитұлы, Мақсат пен Азамат – Семейдегі танымал ERUDIT GROUP білім беру орталығының басшылары. Сондай-ақ Әділ есімді талантты дизайнер мен Ғанибек есімді мықты операторымыз бар. Және де командамызға Айдана мен Рината есімді жас журналистер қосылды.  

Гуля Жакупованың айтуынша, TEDx коммерциялық емес жоба болғандықтан, спонсорлардың көмегі ауадай қажет.

- Әлішер Елікбаев, Мақсұтбек Айтмағамбет, Алуа Сыдықова сынды спонсорлар бізге жыл сайын көмектеседі. Сондай-ақ биыл бізге Семей қаласы әкімдігінің ішкі істер бөлімі мен бір банк қолдау көрсетті.

Биылғы TEDxSemey: INVEST IN YOU 

Мамыр айының басында өткен үшінші TEDxSemey-ге 300-ден аса адам қатысқан. Ал биылғы жылдың тақырыбы INVEST IN YOU деп аталыпты.

- Білімге, дамуға және денсаулықты сақтауға құйылған инвестиция – ең ұтымды екені бәріне мәлім деп ойлаймын. Қазір бір іспен айналысып қана қоймай, өзіңді дамытып, дұрыс таңдау жасау маңызды деп ойлаймын. Сондай-ақ қазір нарықта түрлі ұсыныстар бар, ал оның ішінде өзіңе шын пайдалысын табу үшін көп іздену керек. Сондықтан биылғы конференциямызды солай атадық.

Сонымен қатар биылғы конференция Абай атындағы театрда өтті. Сахна ғажайып күйге бөленіп, әр спикер ән салып тұрғандай әсер қалдырды.

Өңірлік TEDx-тердің маңызы жайлы

- Өңірлерде TEDx конференциялар өткізу маңызды деп ойлаймын. Өйткені Қазақстан тек екі қаламен шектелмейді. Мысалы, біздің конференция өзін ғана емес, айналасын өзгерткісі келетін адамдардың басын біріктірді. Қатарымыз жыл сайын көбейіп жатыр. Өз қаласындағы TEDx-ті тамашалап, керемет әсер алып қайтқаны жайлы қатысушылардың хаттары жанымызды одан сайын жадырата түседі.   

ТEDxShahterovAve (Қарағанды)

ТEDxShahterovAve – Қарағандыда алғаш рет өткелі жатқан ТEDx конференция. Маусым айына жоспарланған шараға 200-дей адам қатыспақ.

Идея

Шахзада Шөгелбаева -  KIMEP университетінің түлегі. Шахзада Алматыда өткен төрт жыл оған өзін жан-жақты дамытуға мүмкіндік бергенін айтады.

- Қарағанды оралған соң, туған қаламда сондай ортаны іздедім. Алайда күн сайын түрлі шаралар өтіп жататын Алматымен салыстырғанда, Қарағандыда ой бөлісетін алаңдар жоқтың қасы екенін байқадым. Нәтижесінде, туған қаламда TEDx конференциясын ұйымдастыру мақсатында команда жинай бастадым.

Неге ТEDxShahterovAve?

- Алғашында біз TEDxKaraganda атауы бойынша өтінім берген едік. Алайда TED 100 адамға дейінгі аудиторияға ғана лицензия беретін болған соң, 500 мың халқы бар қала үшін бұл тым аз көрсеткіш болар деп ойладық. Содан кейін бізге конференцияны танымал көше немесе алаңның атымен атауға кеңес берді. Ақылдаса келе, Шахтерлер (Кеншілер) даңғылының атауы дұрыс болады деген шешімге келдік. Оның үстіне, шахтерлер - Қарағандының тарихы.

Алғашқы конференцияның атауы «Өзгерт» болмақ. Біз осылайша, егер адамның бірдеңеге көңілі толмаса, өзгерісті басқа біреу жасайды деп күтпей, өзі сол өзгерістің бастауы болуы керек деген идеяны жеткізгіміз келеді.

Лицензия алуды қиын деп айтпас едім. Бастысы - барлық ережелермен жақсылап таныссаңыз болғаны. Ал конференцияны ұйымдастырудың өз қызығы мен шыжығы бар. Мұнда аудитория TED-тегідей ерекше атмосфераны сезіну үшін барлық команданың ортақ жұмысы, идеяға беріктігі мен дамуды қалауы маңызды.

Команда жайлы

- Команданы жинауға Telegram-дағы Find your B подкастын тыңдаушылар чатының көп көмегі тиді. Ол топта мен Қарағандыда TEDx конференциясын ұйымдастыру жұмыстарына қатысуға ниет білдірген адам болса, хабарласуын өтінген едім. Менің хатыма Дәурен есімді жігіт жауап берді. Қазір ол алыста болса да, бізді шабыттандырып, конференциямыздың қала тұрғындарына пайдасы тисе дейді. Сондай-ақ ол команда жинауға көмектесті.

Қазір TEDxShahterovAve командасында 12 адам бар. Шахзаданың айтуынша, бұл жобада әрқайсысының талпынысы маңызды.

- Мысалы, Нұрдәулет IT-мен байланысты жұмыстарға жауап береді. Сайт жасап, видео монтаждайды. Айзада мен Мадина спикерлермен жұмыс жасайды, сондай-ақ серіктестермен байланыс орнатады. Юлиан еріктілердің жұмысын қадағалайды, Темірлан қоғаммен байланысқа жауап береді. Саят болса, көптеген ұйымдастыру мәселелерін шешеді. Сондай-ақ Мирали есімді талантты фотографымыз бар. Ол әлеуметтік желілерге арналған көрнекі контентті дайындайды, спикерлермен жұмыс жасауға көмектеседі. Мадина Серіктестермен жұмыс жасайтын тағы бір команда мүшесі – Айдос. Сонымен қатар, Дамир есімді дизайнеріміз бар. Кейде біздің рөлдеріміз араласып жатады, ол әрине қызық. Мен куратор болғандықтан, барлық ережелердің сақталуын қадағалап отырамын. Меніңше, біздің команданың керемет шара ұйымдастыратынына сенімдімін. 

Конференцияға қызығушылық танытқан қарағандылықтардың саны ұйымдастырушылар ойлағаннан да көп болған көрінеді. Оның дәлелі - тіркеу ашылған күні-ақ қажет аудитория түгел жиналған. 2 маусым күні өтетін шарада дизайнер Әйгерім Акенова, кәсіпкер Гүлшат Нұрпеисова, Cirque du Soleil әртісі Рафаэль Фатхельянов, «Education for All» инклюзивті білім беретін орталықтың негізін қалаушы Камила Роллан және Мақсат Жабағин мен Дәмел Мектепбаева сияқты зерттеуші-ғалымдар сөз сөйлемек.

#TEDx #жастар

Ұқсас материалдар

Әріптестер