Сенсация күткен күн

Қазақстан футболшылары Ресей құрамасымен кездесті

Еуро-2020 іріктеу кезеңі аясында Билек баптайтын қазақ жігіттері Ресей футболшыларына қарсы ойнаған. Алғашқы ойында азулы Шотландияны 3:0 есебімен тізе бүктірген футболшылардан тағы бір сенсация күткен жанкүйерлердің үміті ақталмады. Олар тек алаң иелері жіберген көп қателікке ғана куә болғандай.

Ойын алдында болған баспасөз отырысында екі бапкер де өз шәкірттеріне сенетінін айтып, жақсы футбол кездесуі күтіп тұрғанына кепілдік берді.

Қазақстан құрамасының чех жаттықтырушысы Михал Билек:

– Біз Ресей құрамасының Бельгияға қарсы өткізген ойынымен қатар, Ұлттар лигасындағы барлық матчтарын қарап шықтық. Олардың бірнеше орталық алаңдағы ойыншылары саптан шығып қалғанын білеміз. Десек те, Ресей әрқашан футболшыларға бай болған. Біз үшін бұл ойын ауыр болатынына күмәнім жоқ. Тосын сый жасауға әзірленіп жатырмыз және ол біздің қолымыздан келеді. Бастысы – тартысты ойын өткізіп, жасыл алаңда бір команда сияқты жинақы өнер көрсету. Қарсыласымызды жақсы зерттей алдық. Соңғы ойында жеңіске жеткендіктен, команданың көңіл күйі керемет. Қуатты да капитан етіп сайлағанымыз тегін емес. Ол тек алаңда ғана емес, алаңнан тыс басқа командаластары алдында да нағыз көшбасшыға тән мінез көрсете біледі. Ал алғашқы ойында жарақат алып қалған Темірлан Ерлановқа келер болсақ, ол жалпы топтан бөлек жаттығып жүр. Ауруханаға барып жарақатына ем алды. Ертеңгі ойынға дайындығын әлі пысықтайтын боламыз. Сол секілді негізгі қорғаушылардың бірі Логвиненко да Премьер-лиганың екінші турында жарақат алып қалғанын жақсы білесіздер. Шотландықтарға қарсы ойында жасыл алаңға шыққан жоқ. Енді ғана жалпы топта жаттығу жүргізді. Оның ертеңгі матчқа қаншалықты дайын екенін әлі нақты айта алмаймын. Шомконың да Түркиядағы оқу-жаттығу жиындардағы барлық ойынын қарап шықтық. Оның шеберлігі күмән тудырмайды. Алғашқы ойында Сүйімбаевқа мүмкіндік бердік. Ол басқа да футболшылар секілді өзіне берілген тапсырманы толық орындай білді. Әрине, он екінші ойыншымыз жанкүйерлерден үлкен қолдау күтеміз. Олар біздің ең үлкен мотиваторымыз. Өзіміз құрған тактика жеңіске жеткізеді деп күтеміз.

Фото: Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Михал Билек.

Ал Ресей құрамасынң бас бапкері Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының алғашқы ойынын сараптай келе, өз командасынан жеңіс күтетін жасырмады:

– Қазақстанның Түркияда өткізген жолдастық кездесуін (Молдаваға қарсы –авт.) тамашаладық. Бірақ ол ойында негізгі құрамның көптеген ойыншылары жасыл алаңға шықпаған болатын. Қазақстан – жылдам ойынды ұнататын жақсы команда. Десе де, шеберлігі төмен құрамамен ойнаған оңайға соғады. Кей сәттері футболшылардың жеке шеберлігі ойын тағдырын шешіп кететіні бар, соған қарамастан командалық ойын өткізетінімізге сенімдімін. Ертеңгі кездесуде жеңілуге болмайды. Іріктеу кезеңінің алғашқы ойынын Бельгияға қарсы өткізіп, ұтылып қалдық. Осыған орай, бізді сынаушылар да көбейіп кетті. Қарсыласқа қарсы тұруға бек дайынбыз!

Қазақстан – Ресей – 0:4 (0:2)

Голдарды салған: Черышев, 19, 45+2, Дзюба, 54, Бейсебеков, 62 (автогол)

Қазақстан: Непогодов, Бейсебеков, Е.Ахметов, Малый, Логвиненко (Вороговский, 30), Сүйімбаев, Қуат, Перцух (Жуков, 86), Меркель, Зайнутдинов, Муртазаев (Тұрысбек, 59).

Россия: Гильерме, Фернандес, Семенов, Джикия, Кудряшов, Оздоев, И.Ахметов (Ал.Миранчук, 72), Газинский, Ионов (Игнатьев, 61), Черышев, Дзюба (Чалов, 82).

Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек үш күн бұрын болған ойынмен салыстырғанда негізгі құрамға біршама өзгертулер енгізіпті. Әсіресе, қорғаныста бірнеше жаңа ойыншыларды көруге болады. Шотландияға қарсы ойында жақсы қырынан танылған Постников қосалқы құрамда қалған. Сонымен қатар, жарақат алып, бірінші ойынды орта белінен тоқтатқан Ерланов та жоқ. Гол салып көзге түскен Ворговскийдің де тегін тізімнен таппадық. Бұл футболшылардың орнына Бейсебеков, Ахметов, Логвиненко шыққан. Қуат – Перцух жұбы мен Меркель – Муртазаев – Зайнутдинов үштігі өзгеріссіз қалыпты.

Ал Станислав Черчесовтің өзгерісі көптің қызығушылығын оятты. Бельгияда қонақта болып, 3:1 есебімен жеңіліс тапқан ресейліктер бүгінгі матчта қалайда жеңіске жету керек еді. Орталық қорғаныста Андрей Семенов шықса, тірекші міндеті Газинский мен Самедовке жүктелді. Ал Федор Кудряшев сол қапталдағы қорғанысқа жауап беретін болды. Ильзат Ахметов қорғаныс кезінде ондық рөлінде ойнады. Оң қапталдағы хавбек ретінде Алексей Ионов негізгі құрамнан орын алыпты. Яғни, Ресей құрамасы 3-2-4-1 сызбасымен өнер көрсетті. Бразилиялық-ресейлік Фернандес жоғырарақ ойнап, Ионов Ахметовке жиі көмекке келіп жүрді. Шабуылға Федор Кудряшов та жиі-жиі араласып тұрғанымен, оның негізгі жұмысы – Қазақстан футболшыларының шабуылын орта жолдан кесу болды.

Алдын ала ойынға қойған ресейліктердің жоспары алғашқы минуттан-ақ өз нәтижесін бере бастады. Ал Билек Шотландияға қарсы пайдаланған әдістерін тағы да іске асырып көруге ұмтылғанын аңғарамыз. Яғни, қорғана жүріп, сәті түссе қарымта шабуыл арқылы Гильерме қорғаған қақпаның кілтін табу.  Бірақ, чех бапкерінің бұл ойы бүгінгі кездесуде сәтсіздікке ұшырады. Себебі, қарымта ойында қарсыластар қазақстандық аяқдопшыларды алға ұзап кетпеуі үшін барын салды. Оған қоса, қорғаныстан жылдам шабуылға көшу жүйесі, тіпті «істен шыққандай» бөгеле берді. Сол сияқты жергілікті ойыншылардың қорғанысы алғашқы минуттардан-ақ сыр бере бастады. Қос қапталда да, орталықта та көзге сүйелдей басылған қателіктер орын алып жатты. Алғашқы он минутты алаң иелерін танып-білуге жұмсаған Черчесов шәкірттері бірінші шабуылын да жасап үлгерді. Ионов сол жақтан келген кроссқа үлгеруге тырысқанымен, қақпашы Непогодов ресейліктің алдын орап кетті. Одан кейін көрші елдің теңбіл доп шеберлері төсенішке үйреніп, алаң иелерінің ойын жүйесін сараптап алған соң, алға қарай ұмтылыстарын жиілетті.  Фернандестің шабуылға араласуы Меркельдің ойын ережесін бұзуымен аяқталды. Төреші көрсеткен нүктеден допты ойынға қосқан Черышевтің асырған спорттық снаряды бойы екі метрге жетеқабыл Дзюбаның басынан табылып, оның ұрған добы маңдайшадан биікке кетті. Малый мен ЛогвиненкоРесей шабуылшысынан көз жазып қалған екен.

Ресей құрамасы қазақстандықтарға классикалық қарсы шабуылдаудың дәрісін өткізді: Ионов ашық қалған алаңды керемет пайдаланып, сол қапталдағы Черышевке пас жеткізді. Испанияның Ла-лигасында тер төгетін Денис допты жерге қондырмай соққы жасады. Қорғаушы Елдос Ахметов жартылай қорғаушыны жауып үлгермесе, кипер Непогодов та сәтсіз қимылдап, алғашқы голдың соғылуына еш кедергі келтіре алмады. 0:1 есебі Қазақстан құрамасының тез арада жақсы шабуылдар ұйымдастырып, таразы басын теңестіруге итермеледі. Алайда, Зайнутдинов бірнеше сәтсіз  соққылар (алғашқысы – жоғары кетсе, кейінгісі – Гильерманың қолғабынан табылды) жасап, Джикияны нокдаунға түсірген «стандартпен» қорытындылады. Қақпаға 23 метр жерден керемет соққы жасап көрген Бахтиердің осылайша жолы болмады. Қазақстандықтар алғашқы таймда жалғыз корнер орындауға мүмкіндік алғанымен, одан да түк шықпады. Ал ресейліктер болса, қатарынан үш бұрыштама орындап, алаң иелерін тығырыққа тіреп қойды. Әупірімдеп жүріп Билек шәкірттері қауіптің бетін қайтарған. Алайда, қонақтардың ойын барысындағы шабуылы тіптен қауіптірек шығып жатты. Кудряшев сол қапталдан қақпа алдына доп жеткізген, Черышевтің баспен ұрған соққысы маңдайшадан биігірек кетті. Семенов Ионовтың алдына доп салған, Бейсебеков соңғысын жіберіп алғанмен, Малый көмекке келіп, спорттық снарядты корнерге жіберді. Бұл аралықта Логвиненконың жарақаты ушығып, алаңды тастап кетуге мәжбүр болғандықтан, Абзал орталық қорғанысқа ойысқан екен. Фернандестің оң қапталдан шығарған кроссына үлгерген Ильзат Ахметов он бір метрлік нүктенің аумағынан соққы жасады. Непагодов оң қапталдағы алтылықтан допты қайтарып тастады. Қырғыз-ресейлік ойыншы тағы да іске араласып, қақпа алдына пас жеткізген, допқа таласқан Дзюба қорғаушылардың бәрінен биік секіргенімен, ала допты биікке жіберді. Десе де, ресейліктер бірнеше шабулының нәтижесін шығара білді. Бірінші таймға бас қазы қосқан екінші минутта қазақстандық ойыншылар өз айып алаңынан доп шығара алмай, бір-біріне кедергі келтіріп жүргенде, Дзюба оң қапталдан қақпа маңына пас берген. Черышев Елдос Ахметовты қапы қалдырып, қақпа торына екінші добын түсірді. Бірінші ойын бөлігіндегі қазақстандықтардың қорғанысы мен шабуылдағы сәтсіздіктері Черчесов шәкірттеріне басымдықты оңай беріп қоюымен  тынды. Шотландиямен өткен ойында мүлде басқа картина орын алған еді...

Бұл таймда алаң иелерінің ресейліктерден аяқ тартып, өз қақпаларына тым жақын жүріп ойнағанын байқадық. Орталық алаңдағы футболшыларда қонақтардың қарымды қадамдарын андай алмай, бірнеше шабуылдардың орын алуына кедергіжасай алмады. Қала берді қос қапталдағы ойыншылар да, шеберлігі мықты көрші елдің футболшыларын тұсап ұстай алмай, опық жеді. Оның үстіне, қақпашы Непогодов та бір-екілі эпизодтарда спорттық снарядтың жолын кес-кестей алмай, қақпасына қос допты жіберіп алды. Сәтті қимылдағанда соның бірін қайтаруға мүміндік болар ма еді, кім білген?! Тайм арасындағы үзілісте Билек бапкер білгенін ортаға салып, бірінші қырық бес минуттықтағы қателіктерден сабақ шығарады деп күткен едік.

Өкінішке қарай, екінші ойын бөлігінде де сол қателіктер орын алып, сары жейделі ойыншылар білгенінен жаңылып жатты. Непогодов қорғаған қақпаның алды нағыз тартыс «мекеніне» айналғандай: Черышев оң қапталдан «стандарт» орындаған, оның тепкен добы Вороговскийден (бірінші таймның орта тұсында тыңнан қосылған) қайтты. Бірақ, ізін ала Непогодов қақпадан шығу кезінде қателікке бой алдырып, Ахметов амалсыз допты корнерге жіберді. Елдос келесі эпизодта тағы да Черышевты уысынан шығарып алған, ол қақпа маңына пас берді. Ал  Дзюбаға бар болғаны аяғын қоя салу жеткілікті еді. Непогодов қақпасына жасалған төрт соққының үшеуі голға айналып шыға келді. Ресей капитаны өзінің мыңнан аса голсыз өткізген минуттарына осымен нүкте қойды.

Михал Билектің ойыншылары алға ұмтылғандай сыңай танытқаны, жақсы нәтижеге жеткізбейтіні анық еді. Перцух қанша мүмкіндігі болса да, Гильерма қақпасына ешбір тура соққы жасай алмады. Ойында қақтығыстар жиілеп, соңы тағы бір голмен аяқталды. Алғашында Елдос Ахметов Ильзат Ахметовты шалып жығып, қарсыластарға «стандарт» әперген. Оның ресейліктерге аса пайдасы тимесе де, келесісі төртінші допты қақпаға кіруімен аяқталды. Қуат Черышевке қарсы ереже бұзып, төреші бірден ысқырық шалды. Денистің өзі бұл «стандартты» жүзеге асырып, сол қапталдан Дзюбаға пас жеткізген. Допқа таласта Оздоев жеңіп шығып, қақпа алдында тура тебуге тырысқан еді. Алайда, жолына бөгет болуға ұмтылған Бейсебеков керісінше өз қақпасына автогол соғып алды. Ал Непогодов мұның алдындағы эпизодта допқа ұмтылып, сол жерде қалып қойған екен. Бұл ойынның бар болғаны 62-минуты еді. Ресейліктер бесінші доп соғуға ұмтылар ма екен?

Қазақстан құрамасы Шотландияға қарсы өткізген ойында барлық мүмкіндіктерді голға айналдыра білген. Бұл матчта бәрі керісінше шықты. Жалпы, Қазақстан ойыншаларының қимылы баяу, шешім шығаруда да көп қателіктер жіберіп, қарапайым ситуацияларда ойсыз әрекеттерге барып жатты.  Непогодов Оздоевтің алыстан жасалған соққысына тосқауыл болып, есептің еселенбеуінің алдын алды. Оған қоса, тыңнан қосылған Игнатьев пен Миранчуктың ойын соңындағы қимылдарын кірпік қақпай бақылап, екі шабуылдың жолын кесті. Билектің тыңнан қосқан ойыншылары да ойынға еш өзгеріс енгізе алмады.

Кездесу барысында бразилиялық-ресейлік кипер Гильерме ойынға сирек араласты. Бірде оның пасынан кейін, ресейліктердің төрт ойыншысына төрт қорғаушымыз қарсы тұруға тырысқанымен, соңғы пас Черышевке жетпей қалды. Әйтпесе, Денис хет-трикке сұранып тұрған болатын. Ал алаң иелері сапынан Қуат қақпаға 28 метр қашықтықтан соққы жасаған, қонақ қақпашы қиындықсыз допты қаршып алды. Ал қалған эпизодтарда Билек шәкірттері жүйелі шабуылдар жасай алмай сан соғып жатты. Ойынға тыңнан кірген Тұрысбек барлық шабуылды тұншықтырып тынды.  Таблода 0:4 есебі тіркеліп тұрса да, ресейліктер тағы гол салуға ниетті екендерін танытты. Төреші қосқан қосымша уақытта алға ұмтылған Фернандестің кроссына қорғаушылар тосқауыл бола білді.

0:4 есебі – ел футболшыларының барлық осал тұстарын көрсетіп бергендей. Шотландиямен өткізген ойыннан кейін жанкүйерлер жақсы нәтиже күткені белгілі. Алайда, екі ойындағы Билек шәкірттерінің қимылы жер мен көктей. Словак қазысы Словак Винчичтің ысқырығы естіле сала, қазақстандықтар баяу қимылға көшті. Әсіресе, қорғаныста өте көп қателіктер жібергені ірі есептің орын алуына түрткі болғандай. Осылайша, Қазақстан ойыншылары өз алаңында опық жеп отыр.  Бельгияда өткізген кездесуде шабуылдары өрге жүрмеген Ресейдің бүгінгі жетістігін жоғары бағалауға болады. Жалғыз пенальтиге қанағат етіп қайтқан Черчесов шәкірттері бұл кездесуде тура соққылармен алаң иелерінің берекесін қашырды. Қазақстандықтардың қорғаныстағы сан мың қателігі бар болғаны төрт голдың соғылуымен аяқталғанына да қуанамыз. Азулы Бельгия мұндай қорғаныстан біршама голды торымызға тулататына күмәніміз жоқ.  

Сонымен, сәтсіз футбол күнінен кейін біздің құрама өнер көрсететін І тобында үш ұпай еншілеген командалар саны төртеуге жетті. Ал фаворит саналған Бельгия әзірге ұпайдан шашау шығарған жоқ. Олар қонақта Кипр ойыншыларын 0:2 есебімен тізе бүктірді. Қазақстаннан ойсырай ұтылған шотландықтар Сан-Маринода жеңіске жетті. Екі ойыннан кейін жалғыз ұпайы жоқ команда осы сан-маринолықтар болып отыр. Ендігі құрама ойынын екі айдан соң ғана көретін боламыз. Оған дейін Билек негізгі құрамға біршама өзгеріс енгізеді деп күтеміз. Айтпақшы, бұл ойында Астана-Арена стадионында ине шаншар орын қалған жоқ.

Ойын соңындағы баспасөз отырысында Ресей бапкері Станислав Черчесов өз командасының сәтті өнер көрсетуіне не түрткі болғанын айтты:

– Нұр-Сұлтан қаласында жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Бұл жетістікке жетуімізге бірнеше фактор әсер етті. Алдымен, Қазақстан Шотландияны 3:0 есебімен жеңгендігі, одан кейін алаң иелерінің қалай ойнайтынын сараптап, дұрыс шешімдер шығардық. Ал үшіншіден, біздің осы матчқа қойған тактикамыз өз жемісін беріп отыр. Ойын біз ойлағандай өтті, жасаған жоспарымыз жүзеге асты. Ең бастысы, шотландықтар екі күн бұрын осы алаңда 3:0 есебімен жеңіліп қалғандығын айтқым келеді. Егер олар алаң иелерін сол есеппен ұтқанда, бүгін тіптен басқа ойынды көрер едіңіздер. Ал Қазақстан бапкерінің бірнеше өзгерістер жасайтынын білдік. Себебі, алдыңғы ойында бір ойыншысы жарақат алып қалған еді. Әрине, оның шығу-шықпауын нақты болжай алмадық. Сосын жоғары деңгейлі осындай ойындар кей футболшыларға ауыр тиюі мүмкін. Егер Шотландияға қарсы ойнаған қазақстандық футболшылардың барлығы алаңға шыққанда бүгін 0:0, 0:1, 1:0 секілді есептер тіркелер еді. Билектің өз болжамы болған болар?!

Топта екінші орын үшін таласты Шотландия мен Ресей жүргізеді деген пікірлер туындап жатыр. Бірақ, біз бар болғаны екі ойын ғана өткіздік. Дәл қазір кімнің нақты фаворит екенін дөп басып айту қиын. Бүгін біз үшін өте маңызды кездесу болды. Футболда әр түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Мәселен, жақсы ойнап, ұпай жоғалтып алатын ситуациялар де жеткілікті. Сол сияқты негізгі құрамдағы ойыншылар да ойда-жоқта саптан шығып қалады. Қараша айында өткізген кездесулерден кейін бапкерлік штаб жақсы жұмыс істемегенімізді сынға алдым. Футболшыларды толықтай сынақтан өткізе алмадық. Енді алты-жеті футболшы жарақаттарына байланысты құрамға ілінбеді. Сонда да біз жақсы анализ жасап, қолда бар ойыншылардан жақсы құрам шығара білдік. Ойын алдында капитаным Дзюбаның көптен бері көзге түсе алмай жүргенін сынаушылар болды. Бірінші тайм аяқталғанда мен оған «алаңдамай, ойнай бер, гол салсаң ғана ауыстырамын» деген болатынмын. Өздеріңіз куә болғандай, ол үшінші голды соқты, содан кейін орнына басқа ойыншы шығардым. Жалпы, бұл ойын көңілімнен шықты.

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек негізгі құрамды неге бұлай таңдағанын түсіндіріп берді:

– Қарсыластың лайықты жеңісі. Алғашқы минуттан олар басымдыққа ие болды. Біз үлкен қателіктер жіберіп алдық. Ал ресейліктер сол қателіктерді өз пайдасына шеше білді. Барлық ойын сәттерінде қарсыластың басым болғанын мойындаймын. Бүгін біз екі шабуылшыны алаңға жібердік. Бірақ, олардың ашылып ойнауына қонақтар еш мүмкіндік бермеді. Сол сияқты орталық қорғаныста да тым нашар өнер көрсеттік. Сол позицияда ойнайтын Логвиненко жарақаты сыр беріп, ойынды ерте аяқтауға мәжбүр болды. Ал Перцух Шотландияға қарсы жақсы ойнаған еді. Ол бұл шепте ешқашан ойнап көрмеген. Сол себепті, біраз қиындықтарға тап болғаны рас. Одан басқа Жуковты шығаруға болар еді. Бірақ оны алаңға жібереміз дегенше, төртінші голды өткізіп алып, кешігіп қалдық. Біз өзіміз күткен үмітке алданған сияқтымыз. Ойыншыларға қысым көрсетіліп, барынша ашыла алмай жүргендіктерін аңғардым. «Б жоспарымыз» табылмады. Бірінші голдан соң, ойынға оралуымыз қиын болды. Алғашқы жиырма минуттықта қарсыластар белсенді ойнап, тығырыққа тіреді. Голдардың екеуі де орталық алаңдағы қателіктен туындады. Шотландия мен Ресейге қарсы өткізген ойындар екі түрлі болды. Біріншісі – күнге ұқсаса, бүгін – түнге тап болғандаймыз. Неге бұлай болғанын әлі ойлануымыз керек. Сонымен қатар, екі ойынның арасында бар болғаны үш күн өткенін айтқым келеді. Сараптама жасап, екі ойынды таразылаймыз. Қарсыластардың барлық позицияда керемет ойнағанын көрдіңіздер. Біз құрамдағы ойыншылардың өз командасында көбірек ойын өткізгенін қалаймыз. Егер төрт-бес ойыншы өз командасында кездесулерге шықпайтын болса... Оған қосымша, бірнеше футболшыларды денсаулығына байланысты негізгі құрамға қоса алмадық.

Ресейліктер сапынан қос голдың авторы атанған Денис Черышев:

– Гол салып, көзге түсіп жатсам, ол барлық команданың қосқан үлесі деп біліңіздер. Бельгиядан ұтылып қалған соң, қалайда жеңіске жетуіміз керек болды. Жақсы ойнап, қалаған нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Жасанды төсенішке келер болсақ, бірнеше жыл бұрын бұл стадионда «Вильяреал» сапында ойнаған едім. Әрине, мұндай шөптің өзіндік қиындықтары болады. Бала кезімде жасанды алаңдарда жаттығып, әбден төселгенім де бар. Бүгін жақсы ойын өткізгеніме соның да пайдасы тиген болар. Қазақстан жақсы қарсылас атана білді. Олардың қарымта шабуылы қауіпті екен. Бірақ, алғашқы голдан кейін біз өз жоспарымызбен жүрдік, – деді. 

Қазақстан құрамасының ойыншысы Александр Меркель бұл жеңілісті ауыр қабылдағанын айтты:

– Өте өкінішті, қатты көңіліміз түсіп кетті. Бірақ, бүгін қарсыластардың мықты болғанын мойындаймыз. Олар жоғары деңгейде ойнап, осы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Ендігі, алдағы ойындарға дайындалатын боламыз. Қарсыластың алғашқы голы ойынның бағытын өзгертіп жіберді деуге келіспеймін. Себебі, футболда 0:1 есебі сондай үлкен басымдық бермейді. Жеңіске жетуге болатын нәтиже еді. Ал 0:4 бұл өте нашар көрсеткіш. Ілгеріде айтқанымдай, Ресей сапалы ойын көрсетіп, біздің алдымызды орап кетті. Турнир кестесіндегі үшінші орын жайлы айту әлі тым ерте. Бізге кестеге қарамай, ұпай жинау керек. Бастысы – ұпайдың қоржынға келіп түсуі.

#спорт #футбол

Ұқсас материалдар

Әріптестер