Президент кубогы: алтын жауған күн

Бокстан ҚР Президент кубогы өз мәресіне жетті

Бокстан Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық турнирде 13 елден келген былғары қолғап шеберлері кім мықтыны анықтады. Ерлер олимпиадалық жеті салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаса, қыздар бес салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жүлделерді сарапқа салды.

Сонымен, байрақты бәсекеде кімдердің бағы жанды?

Қыздар арасындағы бәсеке

51 келі

Нәзікжандыларға тиесілі 51 келі салмақта әлемнің екі дүркін чемпионы, Қазақстанның жеті дүркін жеңімпазы Назым Қызайбай қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Ол ақтық бәсекеде шаршы алаңдағы сырын жақсы білетін отандасы Жайна Шекербековадан басым түсті. Жарыс төрешілері сөзге келмей, басымдықты Алматы облысы Іле ауданы Жетіген аулының тумасына берген еді. Сол сияқты қола жүлделер де ел спортшыларында қалды: түркістандық Ангелина Лукас пен жамбылдық Жансая Әбдіраймованың қоржындары бос қайтқан жоқ.

Айта кетейік, Назым 48 келі салмақ бойынша 2012 жылы Қытайдың Цуньхуандаосында өткен әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанса, 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында шымылдығы түрілген әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, осы жетістігін 2016 жылы ел астанасында өткен турнирде қайталай алған болатын.

Президент Кубогынан кейін боксшы әлеуметтік желідегі парақшасына: «Менің командама және барлық қолдау көрсеткен жанкүйерлеріме көп рахмет», – деп пікір білдірді.  

57 келі

Бұл салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының қола жүлдегері теміртаулық Айжан Қожабекова Ресейден келген 2016 жылғы Еуропа чемпионы Дарья Абрамоваға есе жіберіп, екінші орынды қанағат тұтты. Ал қола медальдар ілгерідегі қос боксшыдан өте алмаған қытайлық Ган Юанмэй мен отандасымыз Аида Әбікееваға бұйырды.

60 келі

60 келі салмақта қазақстандық Римма Волосенко Үндістаннан келген былғары қолғап шебері Парвиннен басым түсіп, жарыс жеңімпазы атана білді. Ол өткен жылы ел біріншілігінде де қарсыластарын қапы қалдырып, биік тұғырдан көрінген еді. 27 жастағы қостанайлық бұрымды боксшы бірнеше халықаралық жарыстардың жүлдегері. Өз кезегінде үшінші орындарды Ресей спортшысы Анастасия Селина мен ел намысын халықаралық турнирлерде абыроймен қорғап жүрген Карина Ибрагимова өзара бөлісті.

69 келі

69 келідегі алтын жүлде Дариға Шәкімованың еншісінде. Ол финалда Қытай елінің үкілеп қосқан үміті Ян Лиді жеңіп кетті.

30 жастағы Дариғаның Азия чемпионатында (Астана-2010, Уланчаб-2015) екі рет бағы жанған. Сол сияқты ол Рио Олимпиадасының қола жүлдегері.

«Финалдық жекпе-жекте бас-көзсіз қарсыласты төмпештей беруге болмайтын еді. Себебі, ол да өте тәжірибелі боксшы. Ол менен алғашқы соққыларды күтті. Ондай сәттерде алдап барып, соққы жасау тактикасын қолданып отырдым. Бағыма орай, ойлағандарым іске асып жатты. Енді, алда келе жатқан әлем чемпионатына белсенді түрде дайындық жасайтын боламыз. Сонымен қатар, олимпиадалық іріктеу сайыстарына да әзірлік жүргіземіз», – деді Д.Шәкімова сайыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Суретте: Рингтегі қуанышты сәттер

75 келі

Бұл салмақ көрсеткішінде отандасымыз Надежда Рябец ресейлік Елена Гапешинаны жеңіп, алтыннан алқа тақты. Қостанай облысы, Қарабалық ауданының тумасы бұған дейін жастар арасында өткен әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінде жеңімпаз атанған. Сол сияқты өткен жылы Аргентинана астанасы Буэнос-Айроста жалауы желбіреген жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қола жүлдеге қол жеткізген еді.

Жұдырықтасу өнерінің шебері: «Ең алдымен, өзімнің жеке бапкерім Роман Миничкинге алғыс білдіремін. Ол ешқандай қиындықтарға қарамай, мені осындай биік жетістіктерге жетелеп келеді. Содан кейін, осындай спортқа берген ата-анама көп рахмет. Алдағы барлық сындарда жақсы нәтижелер көрсетіп, сенімдеріңізден шығуға барымды саламын», – деді.

Бұл салмақтағы қола медальдар қытайлық Чжен Лю мен үндістандық Бора Савитидің қоржынында кетті.

Ерлер арасындағы бәсеке

52 келі

«Астана арландары» сапында талай додаға түсіп, маңызды жекпе-жектерде ел клубына ұпай сала білген шымкенттік боксшы Сәкен Бибосынов ҚР Президент кубогында аянып қалған жоқ. Ол финалдық кездесуде отандасы Махмұт Сабырханнан басым болып, чемпион атанды. Ал аталған спортшылардан жеңіліс тапқан өзбекстандық Фозилжан Абдумуродов пен тағы бір қазақстандық Олжас Байниязов қола медальды қанағат тұтты.

57 келі

Бұл салмақ көрсеткішінің ақтық бәсекесі өте тартысты өтті. Жергілікті боксшы Ілияс Сүлейменов отандасы Рүстам Рүстамовқа есе жіберіп, күміс медаль еншіледі. Айта кетейік, Ілияс Азия ойындарының алтын жүлдегері, ал Азия чемпионатында 2-орыннан көрінген. Үшінші орындар өзбек Миразизбек Мирзахалиов пен қазақ еліне танымал спортшы Қайрат Ералиевке бұйырды. Қайрат Азия ойындары мен Азия біріншіліктерінде бірнеше рет қола медаль жеңіп алса, әлем чемпионатында қола және алтын жүлделерге қол жеткізген еді. Турнир жеңімпазы атанған Рүстамов осылайша, ел додаларындағы басты қарсыластары Ералиев пен Сүлейменовптен айласын асырып отыр.

63 келі

Бұл салмақтағы жерлесіміз Закир Сафуллин қиындықсыз ақтық додаға жолдама алғанмен, жарақатына байланысты Тапа Шиваға (Үндістан) қарсы кездесу соңына дейін жұдырықтаса алмады. 32 жастағы Шымкент тумасы Қазақстан чемпионы және 2015 жылы Бангкокте өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Закир бірнеше жылдар кәсіпқой бокста арландар сапында тер төгіп, талай жеңісімен қуантқан еді. Бұл салмақ дәрежесінде тәжікстандық Баходур Усмонов пен Қырғызстан елінің өкілі Арген Қадырбекуулу жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Суретте: Боксшылар теке-тіресі

69 келі

Қазақ елінің бокстағы ең табысты салмағы боп есептелетін 69 келіде Абылайхан Жүсіпов жас спортшы Талғат Шайкеннен басым түсті. Талғат – өткен жылғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада күміс медаль иеленген талантты спортшы. Ал Қарағанды өңірінен шыққан Абылайхан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2017 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының вице-чемпионы, сол жылы Гамбургте жалауы желбіреген әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген. Отандастарымызға жол берген өзбек Фазлидин Мелибоев пен үнді Синг Неги Дурьодхан қол жүлде еншіледі.

75 келі

75 келідегі алтын жүлде де Қазақстан қоржынында қалды. Финалда Тұрсынбай Құлахмет ресейлік Вадим Туковтен басым түсіп, көк туды биіктен желбіретті. Ал үшінші орын Ражаббой Атаназаров (Өзбекстан) пен Одильжан Аслоновтарға (Өзбекстан) бұйырды. Азия чемпионы атағы бар Тұрсынбай Olympic.kz сайтына берген сұхбатында: «Бұл бәсекеде осымен екінші рет бағымды сынап отырмын. Жыл бұрын болған турнирге қатысқанмен, жеңімпазы атану осы жылы бұйырыпты. Жарыс барысында өткізген төрт жекпе-жекте оңай болған жоқ. Әсіресе, ақтық сындағы кездесу көп тер төгуімді талап етті. Бар шеберлігімді көрсетіп, барымды салғанымның арқасында жеңіс тұғырына көтеріліп отырмын. Жанкүйерлер осы салмақтағы тағы бір боксшы Әбілхан Аманқұл екеуміздің кездесуімізді асыға күткен болатын. Өкінішке қарай, Әбілхан жарыс алдында жарақат алуына байланысты, келмей қалды. Турнир барысында жасаған кемшіліктерімді саралай отырып, жұмыс жасай бермекпін. Алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалу керек», – деді.

81 келі

Бұл салмақ дәрежесіндегі ақтық бәсеке Бекзат Нұрдәулетовтің бас тартуына байланысты болмай қалды. Осылайша, алтын жүлде оның қарсыласы Ерік Әлжановтың қанжығасында кетті. Еріктің еншісінде Азия чемпионатының күміс жүлдесі бар. Қола медальдар тағы қос өзбек боксшысына бұйырды (Акмалбек Косимов, Козимбек Мардонов).

91 келі

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит пен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада чемпионы Айбек Оралбай арасындағы кездесу турнирдің сәнін кіргізді. Тәжірибелі Левит ізінен ерген жас былғары қолғап шеберін 4:1 есебімен ұтып, алтыннан алқа тақты.

«Өкінішке қарай, ойлағанымның барлығын іске асыру мүмкін болмады. Оның тек 60%-ын ғана орындай алдым. Бабымда болмағаным байқалады. Жаттықтырушым екеуміз атқарар жұмыс көп. Дайындық жүргізе бермекпіз», – деді Левит.  

Үшінші орынды тағы бір қазақстандық Абзал Құттыбеков пен Қытай елінің спортшысы Ремула Абудурексити өзара бөлісіп алды.

Суретте: Левит жеңіске жету үшін барын салуда

+91 келі

Бұл салмақта қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаевтың бағы жанды. Ол финалда отандасы Нұрлан Сапарбайдан басым түскен еді. Қола жүлделер тағы бір жерлесіміз Нұрболат Сермаханов пен ресейлік Сергей Егоровқа бұйырды.

Қамшыбек 2017 жылы Гамбургте өткен әлем біріншілігінде және сол жылы Азияның кіл мықты былғары қолғап шеберлерінің басын қосқан  додада ІІ орыннан көрінген. Сол сияқты «Astana Аrlans» сапында 4 кездесу өткізіп, соның үшеуін жеңіспен аяқтаған.

Бокстан осымен VII рет өткен ҚР Президент кубогының үздік боксшысы ретінде Абылайхан Жүсіпов танылды. Ол бұл бәсекеде төрт кездесу өткізіп, өзінің жарқын өнерімен көзге түсіп, алтыннан алқа тағып отыр. Ал ресейлік Вадим Туков жеңіске деген ерік-жігері үшін арнайы сыйлыққа ие болса, ең шебер боксшы номинациясы шымкенттік Махмұт Сабырханға бұйырды.

Бас бапкер не дейді?

«Турнир жоғары деңгейде өтті. Көрермендерге ұнайтын бірнеше жекпе-жектер болды. Басты үмітіміздің бірі болған Абылайхан Жүсіпов өзін жақсы қырынан көрсете білді. Сол сияқты Қамшыбек Қоңқабаев пен Василий Левит те үздіктер қатарынан көрініп отыр. Әрине Азия біріншілігіндегі сәтсіздіктен соң, Левиттің өз бабына келе бастағаны көңіл қуантады. Василий мен Айбек арасындағы бәсеке өте тартысты өткенін байқаған боларсыздар. Оралбай өз кезегінде тіс қаққан, білікті боксшыға оңай беріле салған жоқ. Десе де, оған әлі физикалық тұрғыдан дайындықтар жетіспей тұр. Тағы бір айта кетерлігі 57 келі мен 81 келіде нақты бір көшбасшы жоқ. Мамандармен әлі ақылдасатын боламыз», –  деді команданың бас бапкері Ғалымбек Кенжебеков.

(Суреттер ҚБФ баспасөз қызметінен алынды, авторы - Данияр Майлыбаев)

#бокс #ҚР Президент кубогы

Ұқсас материалдар