Иппотерапия: ат спортының пайдасы қандай?

Балаңызды ат спортына беріңіз...

Елімізде дене шынықтыру мен спорт саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осыған орай, 2025 жылға дейінгі екі кезеңнен тұратын тұжырымдама да бар. Онда балалар мен жасөспірімдердерді спортқа баулу мәселесі басты назарда екені айтылады. Біз бұған дейін балаларға қандай спорт түрлері сай келетіні туралы бірнеше мақала ұсынған едік. Бүгінгі біз қозғайтын тақырып ат спорты болмақ.

@v-dome-deti.ru

Бұл – тек спорт емес, медицинада да қолданылатын емдеу жолының бір түрі. Аттың өзіне тән энергиясы болғандықтан, олар балалардың психоэмоционалды жағдайын түзеуге жәрдемдеседі. Атпен тілдесудің өзі де бала үшін терапияның бір түрі. Сонымен, ат спорты несімен ерекшеленеді екен?

Иппотерапияның құдіреті

Ат спортының тек организмге ғана емес, адамның ішкі жан дүниесіне да пайдасы көп. Қамбар ата түлігі адамдағы негативтен тазарта алатын қасиетке ие.

Ат спортының пайдасы туралы бірінші рет спортшылар емес, дәрігерлер сөз қозғаған еді. Олардың айтуынша, атпен серуендеу күрделі дерттердің де өзіне ем бола алады. Бұл – жай ғана дәлелденбеген қауесет деп қалмаңыз. Көптеген ауыр сырқатқа ұшырағандар атпен тілдесіп, жағдайлары жақсара түскен. Осыдан кейін арнайы «иппотерапия» термині қолданысқа еніп, ат спортының құдіреті төрткүл дүниеге таныла бастады.

Ат спортының пайдасы қандай екен?

Атпен тілдесу баланы сабырға шақырып, оның эмоциясын қалыпқа түсіріп, уайымынан арылтады. Балаңыз екілік баға алып келді ме? Қызыңыз би фестивалінде сәтті өнер көрсете алмады ма? Aтта серуендеген бір сағатынан соң, олардың кері кеткен көңіл-күйлері қалыпқа келіп, есін шығарған сәтсіздіктері туралы мүлде ұмытып кетеді.

Ат спорты қан айналымын жақсартып, тыныс алу мен ас қорыту жүйесіне оң ықпал етеді. Аттың үстінде адам денесін тепе-теңдікте ұстап отыратындықтан, жауырын, іш пен кеуде бұлшық еттері босап-қатаю арқылы жаттыға түседі.

Ал ең үлкен пайдасы деп, баланың жануармен «әңгіме-дүкен құру» мүмкіндігіне ие бола алатындығын айтса болады. Көп бала алғашында атқа жақындауға қорқып, қашқақтағанымен, 1-2 серуеннен соң, жаңа «досына» қуана оралмақ. Бұл жануардың пайдасы сол, өзіне көңіл аударған аз уақытта-ақ адамның ішіндегі күйзелістен арылтып, көңіл-күйін көтеріп тастайды.

Жаттығу кезінде баланың алатын физикалық жүктемесі туралы естен шығармаған дұрыс. Организмдегі барлық жүйе мен бұлшық еттің жұмысы көбейеді.  Серуендеу барысында арқа бұлшық еті жұмыс жасаса, аттың жүрісін жылдамдатқанда аяқ бұлшық еттері де іске араласады. Тіпті, фитнесте  жасалған жаттығулар атпен серуендегендей пайда әкелмейді. Себебі, залда кей бұлшық еттер тобына жүктеме түспейді.

Ат спорты балалардың вестибулярлық аппаратын бекітіп, артық салмақтан арылуға аэробикалық жүктемелерден де жақсырақ көмектеседі.

«Алтын тұлпар» ат спортшының жаттықтырушысы Самат Сүлейменов салт атпен аяңдап жүруде адам бір сағатта 300 калория жоғалтса, үзбей желістен тіпті ол калорияны екі еселеуге болады дейді. Әрине, бұл көрсеткіш ересек адамдарға тән болғанымен, бала да аз уақытта артық салмақтың проблемасынан құтылатыны анық.

Ат спорты қандай зиян әкелуі мүмкін?

Ат спорты – бір жағынан көрген көзді сүйсіндіріп, жан тыныштандыратын іс сияқты. Алайда, кей кезде аттар мінезін көрсетіп, бағынбай, тіпті үстіндегі адамды құлатып кетуі ғажап емес. Мұнымен қоса, ат спортының тағы қандай қаупі бар және кімдерге атпен серуендеуге болмайды?

Ат үстінде серуендегенде бала жүрегі күшті режимде жұмыс жасап, соғуы жиілеп, қысым көтеріледі. Бұл спортпен гипертония мен жүрек ақауы бар жандар айналыспауы керек.  Ат үстінде көп селкілдеуге тура келетіндіктен, буынында дерті барлар да шет қалса дұрыс.

Сонымен қтар, жамбас аумағында патологиясы бар және жыныс мүшелері дертті  балалардың да ат үстіне шығаруға тыйым салынады.

Егер балаңызды ат спортына берсеңіз, дәрігердің консультациясын алыңыз. Ол кешенді тексеру жүргізіп, бала денсаулығы жөнінде қорытынды жасайды. Бұл бөлімді ұмыт қалдырып жүрмеңіз, себебі, кәсіби ат спорты мектептері баланы атқа отырғызбас бұрын, міндетті түрде дәрігердің рұқсатнамасын сұрататын болады.  

@club4s.ru

Ат спортының түрлері

Бала ат спортымен айналыспас бұрын, қай бағытына баратынын шешіп алғаны жақсы. Бұл орайда ата-ана жаттықтырушымен кеңесіп, ат спортының түрлері туралы ақпараттарға қаныққаны абзал.

Конкур – кедергілерден өту, бұл ат спортындағы көпке танымал түрі.

Үйрету – аттың жүріс-тұрысын басқара білу.

Үшсайыс – бір атпен үш күнде үш түрлі дисциплина арқылы сайысу: манежде жүру, алаңда атты сынау, дәстүрлі конкур.

Ал қатты танымал емес ат спортының түрлеріне қоссайыс, жарыс, жегілген аттар сайысы, барьер арқылы шабыс және ұзақ қашықтыққа арналған кросстарды жатқызуға болады.

Қашан және неден бастау керек?

Бала атпен 5-6 жасында-ақ таныса береді. Бірақ, бұл жалғыз өзі серуендеуге әлі ертерек уақыт. Алайда, ат клубына барып, аттармен жүздесіп, басқа жандардың жаттығуларын бақылауға ешкім кедергі келтірмеу керек. Ал кәсіби ат спорт мектебіне 10 жасқа толып барып, түскені абзал. Оған дейін бала атты бағындыра алмай әбігерге түсіп, жарақат алып қалуы мүмкін.  Алдымен жаттықтырушы атқа мініп-түсуді үйретіп, одан кейін жақын маңға серуенге алып шығады.

Ат клубына аса мән беріңіз. Жануарлардың денсаулығы да маңызды рөл ойнайды. Сол сияқты нұсқаушының квалификациясы мен тәжірибесіне де көңіл аударып, баламен жұмыс істей алу қабілетін бақылау қажет. Атпен шабу қиынның қиыны, балаңыз жаттықтырушысыз оны меңгере алмауы мүмкін.

Десе де, қазақ халқының жанына жақын жануардың бірі осы – жылқы. Оның үстіне бұл жануарды қолға үйреткен де біздің арғы ата-бабамыз. Қанда бар ептілік баланың атты жылдам өзіне бағындырып алатынына күмән келтірмейді. Ауылдық елді мекендерде атпен желіп бара жатқан бес жасар баланы да көруге болады. Ал қалалықта тұратындар үшін ат  экспонат секілді көрінуі мүмкін. Сол үшін олар ипподром мен ат спорты клубтарына арнайы барып, баланың атқа деген махабатын ашып, осы спорттың қыр-сырымен таныстырады.

Экипировка және қауіпсіздік ережесі

Балаңызды ат клубына жібермес бұрын, ат спортына арналған экипировка жиынтығын алып беріңіз. Оның қатарына мыналар кіреді:

– Сырты арнайы матадан тігілген, аяқты терлетпейтін қонышы бар етік;
– Кішкене өкшесі бар, табаны жұмсақтау, арнайы аяқ киім;
– Жаттықтырушы баланың дұрыс отырғанын бақылай алатындай ұзын свитер немесе еркін тұратын сырт киім;
–  Ең бастысы – сапасы жақсы шлем, алғашында оны жалға алуға да болады.

Бала атпен ешкімнің көмегінсіз серуен жасай алатын уақытқа дейін қауіпсіздік ережесін жатқа соғуы керек. Оны нұсқаушыны өзі айтып береді, ал сіздің жұмысыңыз балаңыздың толық ұққанын қадағалау:

– Нұсқаушының айтуымен жүру, өз еркімен ешқандай шара қолданбау;
– Атқа ұрысып сөйлеп, дауыс көтермеу керек, агрессивті қарым-қатынасқа жол берілмегені дұрыс;
– Аттың артынан қағып, сипап қою керек, десе де, оның алдында абыройыңызды көрсетіңіз. Себебі, шабандоз ол емес, сізсіз.

Айтпақшы, ат спортымен айналысу арзан тұрмайтынын ескертеміз. Жай бір сағаттық серуендеудің өзі Астана қаласындағы клубтарда бес мың теңгеден жоғары. Ал тәжірибелі нұсқаушының көмегіне жүгіну одан да көбірек қаржыны талап етеді.

Егер балаңызды осы спорт түріне бергіңіз келсе, атпен таныстырып алғаныңыз жөн. Бастысы, кәсіби ат спортпен шұғылдануды тек 10 жасқа толған балаларға ғана айналысуға рұқсат.

#ат спорты

Ұқсас материалдар