Доп қуған Қамшыбек боксқа қалай келді?

Әлем чемпионатының күміс жүлдегерімен болған сұхбат

Бір жеті бұрын Екатеринбург қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс, төрт қола медальді еншілеп қайтқан еді.

Команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев финалдық сында өзбек былғары қолғап шебері Баходир Жалоловқа есе жіберген болатын. Тартысты өткен сында қызылордалық боксшымыз ұпай санымен жеңіліс тауып, тағы бір чемпиондықты келесіге қалдырғандай. Оның арманы – Токио төрінде ойқастап, осыған дейін қол жеткізбей келе жатқан алтын жүлденің иегері атану. Қамшыбек «бұл байрақты бәсекеде тағы да ойымдағы барлық жоспарды іске асыра алмадым» дейді. Жойқын соққының иесі El.kz сайтына боксқа қалай келгенін айтып, отбасылық жағдайымен және алдағы жоспарларымен бөліскен еді.

 Алдымен, сізді Әлем чемпионатындағы күмісіңізбен құттықтаймын, ол да зор жетістік. Оның артында да қаншама төгілген тер, жұмсалған күш жатыр. Финалдық жекпе-жек ойлағаныңыздай болмаған сияқты. Жалпы қай жерден қателестім деп олайсыз?

Көп рахмет. Әрине, мұндай байрақты бәсекелерге әр елдің кіл мықтылары жиналады. Мен де бар шеберлігімді ортаға салып, қалайда алтын аламын деген мақсатпен барған едім. Финалдық бәсекеде бірінші кезекте тактикалық тұрғыдан қателік жіберген сияқтымын. Арасында ашуға да бой алдырғаным бар. Өзімнің стилімде алдап жүріп жұдырықтасқанымда бәлкім соңы басқаша аяқталар ма еді. Ештеңеге өкінбеймін. Алдағы турнирлерге тыңғылықты дайындалып, есемді қайтаруға барымды саламын.

Бұған дейін Баходир Жалоловпен неше рет рингте жолықтыңыздар?

– Бұл алтыншы кездесу болды. Есеп 3:3.

– Жалпы өзіңіз боксқа қанша жасыңызда келдіңіз? Неге басқа-басқа емес, бокс?

– Бала кезімнен доп тепкенді қатты ұнататынмын. Ал бокс туралы ол кезде мүлде ойламаппын. Кейін туған ағам әскерге кетіп бара жатып, «ала допты қуа бермей, төбелесіп үйрен» деп, жақын маңдағы бокс бөлімшесіне жаздырып кетті. Ол кезде өзі де бокспен шұғылданатын. Қазір ережесіз жекпе-жекпен кәсіби түрде айналысады, Азия және әлем чемпионы атанды. Мен бокс үйірмесіне келген соң, бірден ұнатып, осы спорт түріне сіңісіп кеттім.

– Алғашқы кәсіби рингтегі кездесуіңіз есіңізде ме?

– Әрине. Есіме түссе күлкім келеді. Сондай қызықты кездесу болған.

– Өзіңізді рингте әлі қанша уақыт көреміз?

– Денсаулық мүмкіндік берсе, әлі біршама уақыт осы спортта жүремін деп ойлаймын.

Қысқаша ақпарат. Боксшы 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1998-2009 жылдары аралығында №197 қазақ орта мектепті бітірді. 2010-2011 жылдары Алматыда ҚР Қорғаныс министрлігі Армияның орталық спорттық клубында әскери борышын өтеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде «Құқықтану» және «Дене шынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша білім алған.  Жастайынан спортқа қызығушылығы ерекше Қамшыбекті боксқа ағасы Асқар Қоңқабаев жетелеп алып барған. Содан бері тынбай еңбектеген спортшы бүгінде ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, көптеген республикалық рунирлердің жеңімпазы, қарулы күштер арасында Әлем чемпионы, ҚР төртінші жазғы спартакиаданың жеңімпазы, Оңтүстік Кореяда өткен қарулы күштер арасындағы Бүкіләлемдік спорт ойындарының және Ташкент қаласында өткен Азия чемптонатының, Германияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері.  Қазіргі таңда ол Қызылорда облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығады. Бапкері ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Ғалым Байғұндиев.

– Сонда әуесқойдан кәсіпқой боксқа өтесіз ғой?

– Иә, Токио Олимпиадасынан кейін көпшілік қазақ былғары қолғап шеберлері секілді бағымды кәсіпқой бокста сынап көргім келеді.  

– Ырымға сенесіз бе? Жекпе-жек алдында жасайтын ырымыңыз бар ма?

– Ешқандай ырым жасап көрген емеспін. Тек шаршы алаңға шығарда, Жаратқаннан жарақатсыз сәтті өткенін сұраймын.

– Елімізде сіздің салмақта бақталастық қалай?

– Қазақстан дүние жүзіндегі ең мықты бокс мектептерінің бірі болғандықтан, әрбір салмақта бәсекелестік жоғары. Тіс қаққан тәжірибелі боксшылардың жаңа өсіп келе жатқан жас шеберлер алдын орап кеткен кездесулері жетіп артылады. Жас былғары қолғап шеберлеріміз де барынша өз өнерін ортаға салып келеді. Оның дәлелі кешегі әлем чемпионатында Бекзат Нұрдәулетовтің жеңіс тұғырынан көрінуі.

Боксқа келіп жатқан жеткіншектерге не айтасыз?

– Ең алдымен бапкерлердің айтқан ақылына құлақ асып, ешбір жаттығудан қалмау керек. Алдына үлкен мақсат қойып, соған жету жолында аянбай еңбектене берсе, алынбайтын қамал жоқ. Тек темірдей төзім мен еңбек биікке жетелейді.

Бокс сіз үшін не?

– Ес білгелі айналысып келе жатқаннан кейін бокс мен үшін тек спорт емес, Өмір десем де болардай. Өйткені бүгінге дейін көрген-білгенім, ойыма түйгенім барлығы бокспен байланысты. Болашағымды да осы спорт түрімен тікелей байланыстырамын. Ойдағы көп тізген жоспарға жету үшін тайынбаймын.

Қазір «әуесқой бокс «спектакль» болып кетті, әділдік азайып барады» дейтін пікірлер жетіп артылады. Сіз не дейсіз?

– Әділетсіздік, бұрмалаушылық болатын кездер көп. Бірақ, оны тек сынақ деп қабылдап, одан әрі шынығып, мықты екеніңді дәлелдеу үшін аянбау керек деп есептеймін. Оған сынып, өз мансабыңды аяқтау туралы ойлаудың қажеті жоқ. Бір жеңістің есігі жабылса, он жеңістің есігі ашылатынына іштей сену қажет.

Бокс тәсілдерін залдан не жарыстан бөлек қолданған кезіңіз болды ма?

– Жоқ. Тек бокс залында, рингте ғана қолданып келемін. Одан тыс жерде ондай тәсілдерді қолдану әлімжеттік және өзіңді тым төмен деңгейде көрсету деп білемін.

Сіздің нақты салмағыңыз қанша? Кейде +91 салмақта дәрежесінде алып боксшылармен жұдырықтасуға тура келетін кездер болатын шығар. Жалпы, ондай қарсыластарға арнайы тактика пайдаланасыз ба?

– Жарыс кезінде салмағым 97,98 келі болып жатады. Алыптармен айқасу оңай емес, әсіресе олардың соққылары сұмдық жойқын болып жатады. Әрбір қарсыласты алдын ала жеке зерттеп, бапкерлермен арнайы тактика қоямыз. Сосын өзімнің басым жағымды пайдалануға тырысамын.

Қарсыласыңызды қанша рет нокаутқа жіберіп көрдіңіз? Жалпы, ондай сәтте қандай сезімде боласыз?

– Есептеп көрмеппін. Ауыр салмақта «құлатулар» жиі болып жатады. Өзімді нокаутер боксшымын деп ойлаймын. Қарсыласыңды есеңгірету жақсы әсер береді. Бокста әлсіздерге орын жоқ.

Жалпы, бокс кейінірек адам денсаулығына кері әсер беріп жатады дейді. Одан қорықпайсыз ба?

– Тек бокс емес, барлық кәсіпқой спорт түрлерінде адам денсаулығына тигізер пайдасымен қатар, зияны да шаш етектен. Қорқыныш болмағанмен, кейде ойланып қоямын. Сол себепті, мемлекет халықаралық ареналарда ел абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың денсаулығын жақсылап күтетіндей жағдай жасаса деп ойлаймын. Олар да еш алаңсыз, бар күш-жігерін салып, жақсы жетістіктерге жете берер еді. Спорттан кейін де өмір бар. Ел үшін төгілген терді соған сай бағаласа деймін.

Жеке өміріңіз туралы білгіміз келеді...

– Отбасылымын. Аллаға шүкір екі ұл тәрбиелеп отырмын.

Медальдарыңыздың ішіндегі ең ыстығы қайсы?

– Әрбірі ыстық. Оның әрқайсысының өзіндік қиындықтары бар. Қаншама төгілген тер мен жұмсалған күштің жемісі ол. Сол себепті, ешбірін бөліп-жара алмаймын.

– Әңгімеңізге рахмет. Сол жүлделеріңізге Токио Олимпиадасының алтыны қосылсын деп тілейміз.

– Көп рахмет.

(Фото: Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметінен)

#бокс #Қамшыбек Қоңқабаев

Ұқсас материалдар