Балаңыз жекпе-жек спорт өнеріне лайық па?

Жекпе-жек спорт түрлері: пайдасы мен зияны

Баланы жекпе-жек спорт түріне берудің себебі көп. Ең алдымен балаңыз өзін-өзі қорғай алатын дәрежеге жетеді. Онымен қоса, өзіне деген сенімділігі артып, мотивация пайда болады. Тәртіп, жетістік, жаттығулар, агрессияны дұрыс пайдалана білу деген секілді жақсы қасиеттерді бойына сіңіреді. Сол сияқты жекпе-жек спорт түрі маусым таңдамайтынын ұмытпаңыз.

Қауіп қандай?

Жекпе-жек спорт түрлерінің кемшілігі мен қауіп-қатері жетіп артылады. Балаңызға қолғап немесе кимано сатып алмай тұрып, бұл туралы білуге міндеттісіз.

Дене мүсінің кемістігі

Бұл кемшілікке кез келген ересек спортшы да ұшырауы мүмкін. Бірақ, қауіп балғын спорт сүйерлерді тығырыққа тірейді. Яғни, омыртқа қимылы азайып, арқа бұлшықетінің дисгармониялы дамуына әкеп соқтырады. 

Ауыр жарақаттар

Егер сіз тек әлсіз спортшылар ғана таяқ жейді деп ойласаңыз, қателесесіз. Абсалютті чемпионның өзі нокаутқа түсуі мүмкін. Жекпе-жектің кез келген түрінің өзіне тән жарақаттар болады. Мәселен, бокста:

     • егер боксшы жұдырығын дұрыс жұмбаса, үлкен саусақтың буыны зақымданады;
     • қолғаптың ішімен келген соққыдан қас үсті доғасы жарылып кетеді;
     • мұрын шеміршегі сынып, құлақ сырғалығы жыртылып, қол сүйектері мен көз зақымданады. 

Нокаут

Бұл ерте ме, кеш пе кез келген боксшы бастан өткеретін аз уақытқа естен танумен тең жайт. Нокаут – денсаулыққа аса қауіпті! Көптеген спортшылар (ересектер де) нокауттан кейін ұзақ уақыт бас ауруына шалдығып, лоқсып, жад жоғалтып, құлақта шуыл пайда болып, жағымсыз жайттарға тап болады.

Каратэші немесе боксшы бастан көп соққы алады. Бұл мидың созылмалы дерттеріне ұшыратып, ақыл естің дамуында кемшіліктер пайда болады. Болашақта тіпті жүйке жүйесінің бұзылыстары туындауы мүмкін.

Әрине, спорт залға енді келген спортшыны спарринге шығарып, тәжірибелі ойыншымен бетпе-бет қалдырмайтыны анық.

Бірінші жарты жылдықта жаттығулар физикалық мүмкіндіктерін арттыратын акробатика немес жеңіл атлетикамен айналысады. Грушаны дұрыс ұрып, негізгі тәсілдерді үйренгенде ғана жас спортшы рингке шығады. Егер жаттықтырушы қарсыластың соққысына төзбейтінін байқаса, оны нағыз жекпе-жекке ешқашан жібермейді.

Сіздің қызыңыз немесе ұлыңыз алғашқы турниріне бір жыл немесе бір жарым жылдан кейін ғана бара алады. Кей спорт түрлерінде 12 жастан төмен балаларды жарысқа қатыстырмайды.

Тай боксы немесе кунг-фу?

Бір Қытайдың өзінде мыңнан аса жекпе-жек спорт түрлері кездеседі. Ал әлемде оның санына жету мүмкін емес. Ал біз әлемге ең танымалдарын тізіп шықпақпыз.

Каратэ – танымал спорт түрлерінің бірі. Отаны – Жапония болып есептеледі. Жарақат алу қаупі орташа деп бағаланады.

Дзюдо – кеңестік самбо спортының түп атасы, спортшыдан күшпен қатар, шыдамдылықты да талап етеді.

Айкидо – басты мақсат шабуылдаушының соққысын айла-тәсілмен кері қайтару. Бұл спорт түрінің техникасы өте күрделі, оны ұғып, бойға құю үшін көп уақыт талап етіледі.

Муай-тай – өте қауіпті спорт түрі. Өз спорттық мансабын бастаған муай-тайшылардың тең жартысы жақын бес жылдықта мүгедек болып қалады. Бұл спорттың негізі шынтақ пен тіземен соққы жұмсауда жатыр.

Тэквондо – жарақат алу қаупі төмен спорттың бірі. Бұл жерде амал-тәсілдердің басым бөлігі аяқпен жасалады. Қолдың техникасы нашар дамыған. Таэквандо олимпиадалық ойындардың қатарына қосылған.

Бокс – Ежелгі Греция кезінде-ақ олимпиадалық ойындардың тізіміне енген. Аз уақыттың ішінде өзін-өзі қорғаудың жолдарын үйретеді.

Капоэйра – Барзилиядан шыққан ерекше спорт түрі. Күрес пен биді қатар қоятын бұл спортта жарақат алу тіпті мүмкін емес. Ал бірақ, өзін-өзі қорғауда ешқандай пайдасы жоқ.

Күрес – қазақ халқына өте жақын спорт түрлерінің бірі. Күрестің еркін күрес, грек-рим күрес, қазақша күрес деген секілді бірнеше түрлері бар. Мұнда да жарақат алу көрсеткіші орташа болып есептеледі.

Аталған спорт түрлерінің ішінде жарақат алу қаупі бокста жоғары. Жекпе-жек барысында спортшы бастан бірнеше соққы алып, нокаутқа түсіп қалуы мүмкін. Сол себепті, Норвегия, Исландия секілді мемлекеттерде өмірге қауіпті спорт ретінде кәсіби бокспен айналысуға болмайды.

Жекпе-жек өнерімен кімдер айналысса болады, ал қай балаларға зиян?

Ең алдымен, ұлдарға сай келеді. Ал қыздар өзін-өзі қорғаудың айла-тәсілдерін үйренсе жетіп жатыр. Алайда, қазіргі уақытта ілгерідегі спорт түрімен айналысатын қыздар ерлерден кем түсіп жатқан жоқ емес пе? Мұндай спорт түрімен бұрымды бүлдіршініңіз айналысуын өзіңіз шешесіз.

Психологтар әкесіз өсіп келе жатқан балаларды осындай спорт түрлеріне беруге кеңес береді. Онымен қоса, жекпе-жек өнері тіл алмайтын, қиын жасөспірімдерді «жүгіндеудің» жақсы тәсілі. Жасқаншақ, ұялшақ және физикалық дамуы нашар балаларға да жарай береді.

Бокс, дзюдо және тағы басқа спорт түрлері омыртқа мен буын аурулары бар балаларға болмайды. Көздің көру кемшілігі, жоғары әрі тым төмен артериальды қысымы мен жүрек ақауы барларға тыйым салынады. Жаттығу залына апармас бұрын балаңыз дәрігердің толық тексерілуінен өткені дұрыс.

Баланы қанша жасында жекпе-жек спорт түріне беруге болады?

Балаңызды ерте жастан жаттығу залына апарудың қажеті жоқ. Мәселен қытайлықтар ұлттық жекпе-жектерінің техникасын балаларына төрт жастан бастап үйрете бастайды. Дәрігерлер мен психолoгтар бұл тым ерте деп дабыл қағып отыр. Ең оңтайлы жас – он жас. Ал боксқа 12 жастан бастап беруге де болады.

«Спорт, ең бірінші таза еңбектен тұратынын бала да, ата-ана да түсіну керек. Жаттығу залына келе сала, алғыр баланың өзі бір-екі айда барлық техниканы меңгеріп үлгермейді. Оның физикалық дайындығы да қалыпты деңгейге жетпеуі мүмкін. Көптеген ата-аналар «Менің балам келесі белбеуін қашан алады? Қашан жарыстарға қатысады?» деген секілді сұрақтарды жиі қояды. Алайда, олар балаларының дайындығы турнирге қатысуға жететініне толық көз жеткізбейді. Спорт – тек жүлделер, атақ пен чемпиондық емес. Баланы физикалық, психологиялық, моральдық тұрғыда дайын болмағанша жарыстарға жіберуге болмайды» – дейді, балалар бапкері Алмас Бекболов.

Жаңа белбеулер жеткізбейтін болып көрінгенімен, баланың өзіне сенімділігі жоғарылап, мықты бола түссе – нағыз көрсеткіш осы деп білген дұрыс. Ал жарыстар мен белбеулер балғын спортшының өзі қалаған кезде бола жатады.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

#жекпе-жек спорт

Ұқсас материалдар

Әріптестер