Алтын күттірген Универсиада

Қысқы Универсиададағы Қазақстан студенттерінің жетістіктері

Ресейдің Красноярск қаласында өтіп жатқан ХХІХ Қысқы Универсиада өз мәресіне жетуге жақын. Қазақстанның спортшы студенттерінің бүгінгі жетістігі қандай? Әзірге біздің қоржында төрт күміс пен үш қола жүлде бар. Жалпы, командалық көрсеткіште 17-орынға жайғасқанбыз. Осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласында өткен ойындарда біздің спортшылар 11 алтын, 8 күміс пен 17 қоланы қанжығаға байлап, тек Ресейді алға жіберіп, өз тарихында алғаш рет екінші орынға тұрақтаған еді.

Бұл бәсекеде ол жетістікті қайталау мүмкін болмайтыны өкінішті-ақ...

Алғашқы медаль

Алғашқы жүлде фристайлшы Жанбота Алдабергенованың күш салуымен келді. Ол шаңғы акробатикасында беларус қызы Александра Романовская (100,29) мен ресейлік Любовь Никитинаны (91,29) алға жіберіп, үшінші орыннан көрінді. Жанботаның жинаған ұпайы – 79,38. Осы спорт түрінен бақ сынаған тағы бір қазақ қызы Аяна Жолдастың жолы болмады.

Қосымша. Жанбота фристайлмен 2013 жылдан бері айналысып келеді. Оған дейін спорттық гимнастикамен шұғылданған шымкенттік ару ҚР спорт шеберлігіне жетіп, одан әрі өзі қалағандай жетістіктерге қол жеткізе алмайтынын түсініп, жаттығуға баруды мүлдем тоқтатады. Екі айлық демалыстан соң, үйреншікті спорттық дағдылар оны қайта мазалай бастаған. 2011 жылы елімізде өткен Азия ойындарында фристайлшы Жібек Арапбаева мен Ақмаржан Қалмұрзаеваның өнерін тамашалап, «неге солардың жолымен жүрмеске?» деген ой келеді. Себебі, бұл қос арудың да бірінші шұғылданғаны спорттық гимнастика болған екен. Осылайша, Жанбота жаттықтырушысымен ақылдаса келе, аяғына алғаш рет шаңғы байлап, жүруді үйренеді. Ал сосын... тармплинге шығып алғаш рет төменге құлдилайды. Содан бері, спортшы бірнеше байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап, жүлделерге қол созып келеді. Жанбота әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті.

Күміс медаль кімдердің еншісінде?

6 наурыз кезекті жарыс күнінде шаңғышы Әсет Дүйсенов күміс медальді олжалады. Ол мәреге үшінші жеткен. Алайда, бұл сында топ жарған ресейлік Иван Якимушкин дисквалификацияға ұшырап, Әсетке күміс жүлде табысталды. Алтын мен қола тиісінше Иванның екі бірдей отандастарының қоржынында кетті. Әсет Дүйсенов Қазақ спорт және туризм академиясының 3-курс студенті. Ол бұған дейін 2017 жылы өткен қысқы спартакиадада қола медаль жеңіп алса, Қазақстан кубогында қарсылас шақ келтірмей, ел чемпионы атанды.

Құрамында Иван Люфт, Әсет Дүйсенов, Никита Гридин мен Олжас Климиндер бар Қазақстан құрамасы шаңғы эстафетасында екінші нәтижеге қол жеткізіп, күміс олжалады. Бұл додада ресейлік шаңғышылар топ жарса, үштікті Финляндия спортшылары қортындылады.

Тағы бір күміс жүлде Элизабет Тұрсынбаеваның еншісінде. Мәнерлеп сырғанаудың алғашқы жарыс күні қысқа бағадарламада ол төртінші орыннан көрінген. Еркін бағдарламада бар өнерін ортаға салған қазақ қызы 147,20 ұпай жинап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жалпы есептегі 214,77 ұпай Тұрсынбаеваны екінші сатыға көтеріп, маңызды жүлде сыйлады.

Қосымша. Элизабет 2000 жылы Мәскеу қаласында дүниеге келген. Соған қарамастан балғын спортшы алғашқы жарыстарында Қазақстан атынан өнер көрсетті. Ата-анасының айтуы бойынша, оған Ресей еліндегі бәсекелестік себеп болған.

Э.Тұрсынбаева осы жылға дейін ешбір ірі халықаралық жарыстарда жүлде алмаған еді. Алғашқы тырнақалды жетістігі – Анахаймда өткен төрт құрлық чемпионатындағы күміс жүлде. Қаршадай қазақстандық қызды сол турнирдің жаңалығы ретінде әлем баспасөзі жарыса жазды. Мұның ізін суытпай, Элизабет Қысқы Универсиадада тамаша өнер көрсетіп, екінші орыннан көрініп отыр.

«Жақсы сырғанап, Қазақстан құрамасына күміс медаль сыйлағаныма өте қуаныштымын. Бүгін жаттығуда еркін орындап жүрген төрттік сальхты көрсету бұйырмады. Алайда, алдыңғы жарыс күнімен салыстырғанда жақсы сырғанап шықтым. Қиын элементтерді орындауға күшті қайдан аламын? Оның бәрі – жаттығудың нәтижесі», – деді жарыстан соң спортшы. Элизабет Тұрсынбаева – Қазақ спорт және туризм академиясының 1-курс студенті.

Төртінші күміс медальдің иесі – Павел Колмаков. Ол пареллельді могулде жолында кездескен қарсыластың бәрін артта қалдырып, суперфиналға жолдама алған. Бұл сында Колмаков жапон Икумо Хоришимоға 10:15 есебімен жол беріп, күміс жүлдені мойынға ілді. Ал үштікті қорытындылаған француз Бенджамин Кавет болды.

Қосымша. Павел Колмаков – Өскемен қаласының тумасы. Ол 2015 жылы мен 2017 жылы өткен Қысқы Универсиадада алтын мен қола медальға қол жеткізген. Сол сияқты жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында үшінші орын алған. 2017 жылы жалауы желбіреген бірінші Әлем кубогында қола жүлдені қоржынға басқан. Павел Қазақ спорт және туризм академиясының 3-курс студенті.

Шорт-трек және қос қола

Шорт-тректен эстафеталық жарыста Қазақстанның қыздар құрамасы мәрені төртінші болып кескен. Десе де, төрешілер Ресеймен бір уақытта жарысты аяқтаған Оңтүстік Корея қыздары дисквалификацияланып, қола медальды біздің қыздарға табыстады.  Алтын жүлде ресейліктерде кетсе, күміс жапон қыздарына бұйырды. Біздің құраманың намысын Әлия Әмірғалиева, Қадиша Бақыткереева, Алена Волковицкая және Яна Хан қорғады.

Ерлер құрамасы да намысқа тырысып, Оңтүстік Корея мен Ресей жігіттерін алға жіберіп, 7:01.344 нәтижесімен үшінші орыннан көрінді. Ел сапында жарыс жолына шыққандар: Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Еркебұлан Шамұханов пен Нұртілек Қажғали.

Хоккейшілер алтын сыйлай ала ма?

Юрий Михайлис шәкірттері топтық кезеңді артқа тастады. Олар жолында кездескен бес қарсыласын да ұтып, жартылай финалға шықты. Келесі қарсылас Словакия құрамасы болмақ.

Біздің құрамада өнер көрсететіндер: қақпашылар – Ceвидов Вaлepий («Aлмaты») жәнe Кyдpявцeв Cepгeй («Бapыc»); қоpғayшылap – Cтeпaнeнко Ивaн («Бeйбapыc»), Нұpғaлиeв Эмиль («Capыapқa»), Ибpaйбeков Мaдияp («Номaд»), Клeщeнко Никитa («Номaд»), Шaлaпов Eгоp («Номaд»), Пeлeвин Aлeкcaндp («Номaд»), Aлeкcaндpов Cтeпaн («Aлтaй Тоpпeдо); шaбyылшылap – Никyлин Влaдиcлaв («Capыapқa»), Шecтaков Apкaдий («Тоpпeдо»), Caвицкий Киpилл («Номaд»), Нeкpяч Aнтон («Бeйбapыc»), Яковлeв Aндpeй(«Номaд»), Пpecнов Дмитpий («Номaд»), Гypин Вaлepий («Номaд»), Гypков Дмитpий («Номaд»), Титов Никитa («Ertis»), Лихотников Apтeм («Aлтaй Тоpпeдо»), Caмойлов Никитa («Ertis»), Пaнюков Киpилл («Номaд»), Гpeнц Дмитpий («Номaд»).

Алғашқы ойын Латвия құрамасына қарсы өткен. Бұл ойында 10:1 нәтижесі тіркеліп, Қазақстан жігіттері басымдық танытты. Алғашқы кезеңде-ақ, Аркадий Шестаков, Киpилл Caвицкий мен Антон Некряч (дубль) көзге түсіп, есепті 4:0-ге жеткізген. Екінші ойын кезеңінде Никита Титов, Савицкий мен Aлeкcaндp Пeлeвин есепті еселей түсті. Латыштардан Высоцкий бір шайбы лақтырғанымен, Некряч хет-триктің авторы атанса, Лихотников пен Яковлев ойынды қорытындылады.

4 наурыз күні Қазақстан хоккейшілері мұз айдынында Швецияға қарсы ойнады. Шетле, Никулин, Клещенко мен Гуриннің дублі швед ойыншыларын есеңгіретіп тастады. Олар қанша тырысса да, Севидов қақпасының кілтін таба алған жоқ. Есеп 5:0. Михайлис шәкірттері екінші жеңісін тойлады.

Екі күннен соң, 17:1 есебімен отандастарымыз Ұлыбританиядан келген ойыншыларды састырды. Шайба авторлары: Никулин, Шетле (дубль), Некряч (хет-трик), Гурин, Титов, Яковлев, Шестаков, Лихотников (хет-трик), Клещенко, Гурков, Ибрайбеков, Волгин. Ал қарсыластың сапынан Кук көзге түсті.

Қазақстан хоккейшілерінен «таяқ жеген» тағы бір құрама – Швецария болды. Ленце қорғаған қақпаға жауапсыз 7 шайба енді. Оларды соққан – Никулин, Шестаков, Некряч, Гурин (дубль), Шетле мен Яковлев.

Топтық кезеңдегі соңғы ойын азулы канадалықтарға қарсы өткен еді. Тартысты ойында отандастарымыз 4:3 есебімен басымдық танытып, өз тобының сөзсіз көшбасшысына айналды. Бұл жолы да шабуылшы Некряч дубльдің авторы атанса, Шалапов мен Нұрғалиев бір-бір шайбыны еншілеріне жазды.

Ойыннан соң, бас бапкер Юрий Михайлис: «Ойын өте тартысты болды, қос команда да текетіресе әдемі матч өткізді. Екінші кезеңнің ортасынан ауғанда ойыншыларым қарсыластың адуынды қарқынына шыдас бермей, «сынып» кете ме деп қобалжыдым. Оларға барынша кеңес беріп, берік ойнап, қорғанысқа аса сақ болу керектігін ескерттім. Хоккейшілерім мінез көрсетіп, жеңісті есепті сақтап қалды. Құрамадағы бір-екі жігіттер бас командаға алынып қалуы да әбден мүмкін», – деді.

Жартылай финалда Қазақстан – Словакия, Ресей – Канада құрамалары бақ сынасады. Жеңген командалар алтын үшін айқаспақ.

Айта кетерлігі, бұл Универсиадаға Қазақстаннан барлығы 95 спортшы келген.

Қызықты деректер

Ресей елі Қысқы Универсиаданы тұңғыш рет өткізіп отыр. Оған дейін екі рет жазғы студенттердің әлемдік ойындарын 1978 жылы Мәскеу, 2013 жылы Қазан қаласы қабылдаған еді. Соңғы бәсекеде ресейлік спортшылар барлығы 155 алтын медаль жеңіп алса, қалған мемлекеттер одан сәл көбірек 198 алтынды бөлісіп алған. Дәл осы оқиға айна-қатесіз қайталанып жатқан секілді. Қазірге дейін ресейліктердің еншісінде 39 алтын болса, басқа ел спортшылары 32 алтынды бөлісіп алды.

Алғашқы Универсиада 1960 жылы француздардың Шамани қаласында өткен еді. Онда студенттер  барлығы 5 спорт түрінен (тау шаңғысы, мәнерлеп сырғанау, трамплиннен секіру, қоссайыс және шаңғы сайысы) 13 медаль жиынтығын сарапқа салған. Ал Красноярскте өтіп жатқан ойындарда 76 медаль жиынтығы 11 спорт түрінен сарапқа салынуда. Бұл Универсиаданың жаңалығы емес. Екі жыл бұрын оңтүстік астанамыз Алматы қаласында өткен студенттер сайысында 12 спорт түрінен 85 медаль жиынтығы таратылған.

Сонымен қатар, биылғы Универсиадада бірінші рет бенди спорты сайысқа енді. Олимпиада ойындарының тізіміне қосылуын тілеп жүрген мұз үстінде доп қуушылардың арманы алыс емес секілді. Ал қоссайыс, трамплиннен секіру мен конькимен жүгіру Красноярсктегі ойындардан шет қалды.

Красноярск Универсиадасының бюджеті 80 млрд рубльге жеткен. Алматыдағы ойындарда барлығы 109 млрд теңге, яғни 20 млрд рубль жұмсалғанын жақсы білеміз.

Универсиада – жеңімпаздардың құрметіне өз елдерінің әнұраны орындалмайтын жалғыз турнир. Марапаттау рәсімінде латын тіліндегі студенттер әнұраны «Гаудеамус» шырқалады. Бұл дәстүр 1959 жылы Туринде өткен алғашқы Униерсиададан бастау алған. Халықаралық студенттер спортының федерациясы спортшы студенттер өз елінің емес, оқу орындарының намысын қорғағаны дұрыс деп тапқан.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

#универсиада

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер