«Астана» плей-офф кезеңінен қағылды

Франция жерінде ел чемпиондары жеңіліс тапты

"Реннмен" өтетін ойын "Астананың" келесі кезеңге өткізетін жалғыз мүмкіндік еді. Франция жеріне ел чемпиондары да үміт пен күдік арқалап келгені анық.

Ойын алдындағы баспасөз отырысында «Астана» командасының бас бапкер міндетін атқарушы Григорий Бабаян ойыннан не күтетінін айтты:

– Ертеңгі ойында «Реннің» фаворит екенін жақсы білеміз. Оның екі себебі бар: алғашқысы олар өз жанкүйерлерінің алдында ойнағалы жатыр, ол футболда үлкен басымдық береді, ал екіншісі француздар ішкі чемпионатының нағыз қызған уақытына келді, физикалық дайындықтары да өз орнында, ал біздің чемпионат аяқталғанына біршама уақыт өтті, шәкірттерімнің оптималды ойынын жоғалтпас үшін бәрін жасадық. Қазақстанға Еуропа лигасының 1/16 финалдық жолдамасын сыйлағымыз келеді. Ол үшін қолымыздан келгенінің барлығын жасамақпыз. Осы ойын үшін француздардың «Шамбли» командасымен жолдастық кездесу өткіздік. Ол ойынның маңызы жоғары болды. Футболшылардың ойын ырғағын сақтап, физикалық дайындықтарын бақылауға мүмкіндік туды. Ол матчта барлық теңбіл доп шеберлерін сынап көрдік. Десе де, ертеңгі ойын басқа деңгейдегі, аса зор жылдамдықты, жоғары сапалы тактиканы қажет ететін матч болғалы тұр. Бізде басқа мүмкіндіктер болған жоқ. Бірақ, «Реннге» қарсы ойынға жақсы дайындық жүргіздік деп айта аламын.

Барлық шәкірттерім клубқа, жалпы еуропалық футболға есімдерін жазып қалдырулары үшін бір ғана қадам қалғанын жақсы біледі. Жоғары деңгейлі ойын болатынына сенімдіміз, футболшылардың барлығы позитивті көңіл-күйде және кездесуге 100% дайын болып отыр. Ұйымдасып ойнай білсек, алынбайтын қамал жоқ. Жарақат алған ойыншылар да баршылық. Мәселен, Сергей Малый мен Серікжан Мұжықовтарға ота жасалғандықтан, ертеңгі ойынға қатыса алмайды. Олардың көмегіне жүгіне алмайтынымыз өкінішті-ақ. Ал Шомко мен Логвиненко топпен бірге жаттығу жүргізіп жатыр. Бірақ, олардың қайсысы матчқа шығатынын дәл кесіп айту қиын. Ол үшін тағы бір жаттығу жиынын өткізуіміз керек. Оларға ойын тонустары жеткіліксіз. «Реннге» қарсы кімдерді шығаратынымызды бүгін кешке айтатын боламын. Өткен жылы «Астана» 1/16 финалға шығу үшін тек жеңіс қажет болған. Ертең бізді тең есепте қанағаттандырмақ. Еуропа лигасында оңай команда болмайды. Ертең бізді қиын ойын күтіп тұрғанына толық сенімдімін. Қорғаныста қалмай, тең есептен дәмелі болмай, шабуылдауды да ұмытпаймыз. Себебі, «Ренн» өте мықты командалардың бірі. Егер оларға допты беріп қойсақ, жағдайымыз қиын болмақ.

«Ренн» командасының бас бапкері Жюльен Стефан «Астананың» мықты футболшылардан құралған команда екенін айта кетті:

– «Астана» – мықты клубтардың бірі. Біздің алдымызда қиын тапсырма тұр. Себебі, қарсыласымыз турнир кестесіндегі ұпай саны бізден жоғары. Команданың жақсы ойын көрсетуіне жанкүйерлердің қолдауы керек. Біз оларсыз ешқандай табысқа жете алмаймыз. Ертеңгі ойында жанкүйердің қызу қолдауына ие боламыз деп үміттенемін. Кездесуді жақсы өткізуіміз керек. Біздің құрамда Еуропа лигасында тәжірибесі бар футболшылар бар. Солардың көрген-білгендері мен барлық ойыншылардың бірлесе ойнауы командаға оң ықпал етеді деп ойлаймын. Бізге ертең ірі есеппен жеңудің қажеті жоқ. Жақсы ойын өткізіп, жеңіске жетсек жетіп жатыр. Психологиялық қысымға келер болсақ, ол туралы ойланудың қажеті жоқ. Қысым дегенді ұмытып, жасыл алаңға шығып, өз ойынымызды жүргізу керек. Ішкі біріншілікте 10-орында келе жатқанымызға да еш алаңдамаймын. Себебі, біздің алдымызда жарты чемпионаттың ойындары тұр. Өзімнің «Ренндегі» бапкерлік қызметім сәтті болатынына сенімдімін. Қарсыласқа келер болсам, «Астана» ұйымшыл футбол ойнай білетін, талантты аяқдопшылардан құралған команда. Олардың басымдығы бой биіктігінде. Сол үшін «екінші қабаттағы» таласта есе жібереміз бе деп қорқам. Ал ол команданың басты кемшілігі, чемпионаттарының аяқталғанына төрт апта өтіп кеткендігінде. Ол жағынан басымдық біздің клбута қалып отыр. Ал біздің басты назарда ұстап отырған позициямыз – қорғаныс. Себебі, бұған дейін соңғы шепте көптеген қателіктер орын алған еді. Алайда, соңғы қос ойында біздің қорғанысымыз өте берік ойнап, күдігімнің сейілуіне біршама сеп болып отыр. Футболда ешнәрсеге толық сенімді болуға болмайтынын жақсы білемін, десе де команданың қорғанысына сенім артамын. Ертеңге ойында аудан, қала, стадион, жанкүйер, футболшылар біріге алса, жеңіс бізден кетпек емес.

Футболшыларды осы ойынға дайындау үшін менің аса көп уақытым бола қойған жоқ. Соған қарамастан, өте қызықты ойын жүргіземіз деп ойлаймын. Басты мақсатымыз – жеңіс, жеңіске жетудің қаншалықты қиын екенін білемін. Ертеңгі ойында фаворит ретінде «Астананы» қояр едім. Себебі, біздің команданың Еуропа алаңдарында ол команда секілді тәжірибесі жоқ. Бірақ, бізде жанкүйерлер бар, жеңіске деген сенімділік бар, осы екі басымдықтың арқасында үш ұпайға қол жеткізіп, турнир кестесіндегі лайықты екінші орынға жайғасуымыз мүмкін. Қандай нәтижеге қол жеткізетінімізді ертеңгі ойын көрсететін болады.

«Астана» командасының жартылай қорғаушысы Педро Энрике «Реннмен» өтетін ойынды финалға теңеді:

– Бізде «Ренн» секілді апта сайын өтіп тұрған ресми матчтар жоқ. Соған қарамастан, физикалық дайындығымызды сақтап, жолдастық кездесу өткізіп, жақсы көңіл-күймен келіп отырмыз. Мен үшін ресми ойын 11-қазанда өткенінде де аса ауыр проблема көріп отырғаным жоқ. Ертеңгі ойында тең есеп бізді қанағаттандырады. Бірақ, біздің мақсатымыз – жеңіске жету. Жергілікті футбол сүйер қауымның өз командасын қолдауына қарамастан, үш ұпай үшін алаңға шықпақпыз.

«Ренн» клубының шведтік хавбегі Якуб Юханссон өз ойымен бөлісті:

– Қазақстанда өте көп қателіктер жіберіп, ұтылып қалдық. Сол кемшіліктермен жұмыс жасайтын уақытымыз жеткілікті болды. Ертеңгі ойында жеңіске жететінімізге сенімдімін. Бапкеріміз бізді психологиялық тұрғыдан да керемет дайындады. Алаңға шығып, келесі кезеңге өтудің барлық амал-айласы жасайтын боламыз.

«Ренн» (Франция) – «Астана» (Қазақстан) – 2:0 (0:0)

Голдарды салған: Сарр, 68, 73.

Орындалмаған пенальти: Бурижо, 67 (қақпашы).

«Ренн»: Диалло, Траоре, Мешер, да Силва, Бенсебайни, Андре, Гренье, Бурижо (Ньянг, 82), Сарр, Бен-Арфа (Хуну, 90+1), Сьебатше (Йоханссон, 75).

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Зайнутдинов, Маевский, Кляйнхайслер (Шомко, 86), Томасов, Алмейда (Бейсебеков, 46), Педро Энрике (Муртазаев, 81), Кабананга.

«Ренн» бапкері Жюльен Стефан соңғы Еуропа лигасының қос ойынында 4-2-3-1 кестесімен ойнағанды дұрыс деп тапқан еді. Бірақ, УЕФА-ның ресми сайты француз командасын 4-3-3 схемасына көшкені жөнінде ақпарат таратты. Страйкер рөліне Сьебатше тағайындалса, оң және сол қаптал Сарр мен Бен-Арфаға жүктелген. Орталық хавбек қызметін Андре-Гренье-Бурижо үштігі атқарса, Траоре-Мешер-да Силва-Бенсебайни төрттігі толыққанды қорғанысқа жауап берді. Рами өзінің сол қапталдағы қорғанысына оралып, Зеффанды ойынды алаң жиегінен тамашалатып қойды. Сол сияқты тыңнан қосылатын ойыншылар тізіміне Ньянг та қосылған екен. Матч барысында Гренье Андре-Бурижо дуэтінен төменірек ойнады. Алғашқы минуттан-ақ алаң иелерінің үш ұпайға мүдделі екені аңғарылды. Ал «Астана» сапында бір ғана өзгеріс орын алыпты. Ол – «Динамоға» қарсы кездесуде сары қағазына байланысты ойыннан тыс қалған Педро Энрикенің оралуы. Бразилиялықтың алаңға шығуы Муртазаевты ойыннан тыс қалдырды. Сонымен қатар, сол жақ қорғанысқа жауап беретін Шомко да бұл маңызды кездесуге бірінші минуттан араласа алмай, оның орнын жас талант Зайнутдинов басқан екен.

Екінші минутта-ақ, «Ренн» ойыншылары Эричті ойынға араластырды. Қонақ қақпашы стандарттан келген допты әуеде қағып алды. Одан кейін де алаң иелерінің қарымта шабуылына тосқауыл қоя білді. Ал астаналықтардың шабуылға шықпақ болған әрекеттерінен еш пайда келген жоқ. Алғашқы бес минуттықтан кейін ренндіктердің шабуылдаушы орталық қорғаушысы Сарр Ненадтың алдына қарай пас жеткізіп, Сьебатшенің көзге түсуіне мүмкіндік жасап бергісі келген. Дегенмен, сенегалдықтың ойлағаны жүзеге аса қоймады. Оған жауап ретінде қонақтар Диаллоның қақпасының алдында орын алған қателікті голға айналдыруға аз қалған. Кабананга жап-жақсы сәтті желге ұшырды. «Ренн» футболшылары матчтағы тартысты қыздыра түсіп, алға ұмтылған: Траоре мен Бурижо доп алмасып, соңғысы Саррдың пасына жүгіріп, қақпаға соққы жұмсады. Зайнутдинов керек кезде керек жерден табылып, Бенджаменнің добына тосқауыл қойды. Бахтиердің аяғынан ұшқан доп Бен-Арфаға жеткен еді, Хатем мұндай «сыйлықты» күтпесе керек, спорттық снарядты игере алмай қалды. Ендігі, астаналықтар Диалло қорғаған қақпаға маңайлап, Алмейда сол қапталдан айып алаңына пас көтерген еді. Теңбіл допқа таласта Мешер жеңіп шығып, өз қақпасына гол салудың аз-ақ алдында қалды. Мозамбиктік қорғаушының басына тиген доп маңдайшадан биігірек ұшты. Өкінішті-ақ!

Осылайша, он бес минуттық та зулап өте шықты. Одан соң, Бен-Арфа шабуылды бастап, оны қостауға тырысқан Бурижо біздің Рукавинадан айласын асыра алмай, доп корнерге кетті. Гренье көтерген допқа бірінші жеткен Андреге дәлдік жетіскен жоқ. Көзге көріне алмай жүрген астаналық хорват Томасов іске кірісті. Оның алдын ораған қорғаушылар ойын құралын пайдасыз аяқталған бұрыштамаға жіберген. Ала допты матчқа қосуға тырысқан ренндіктер өз айып алаңында қателікке бой алдырды. Томасов Бен-Арфаны ойын құралынсыз қалдырғанмен, Марин пайдалы қимылдар жасауға аса қауқарлы бола қоймады. Көп өтпей, Бен-Арфа өз позициясын Бурижомен ауыстырып, «ондық» рөліне көшті. Оның нәтижесі екі рет ереже бұзумен аяқталды (алғашында Педро Энрикені шалып жыққан, келесісі Кляйнхайслерге қарсы орын алды, бірақ бас қазы Хатемді жазалаусыз қалдырды). «Ренн» бапкері ойынның нәтижесіздігіне алаңдап, ойыншылардың орындарына өзгеріс енгізіп көрген. Десе де, басты қауіп Сарр мен Траоре дуэтінен көбірек келіп жатқан еді. Жарты сағаттық ойыннан соң, Эрич бар шеберлігін ортаға салды. Сьебатшенің пасын пайдаға асыруға тырысқан Траоренің добын Қазақстан ұлттық құрамасының бас кипері торға дарытқан жоқ (ойын тең аяқталғанда Эричтің ерлігі көпке дейін ертегідей айтылып жүрер еді). Шабуылдың дәмін сезген алаң иелері алға белсенді түрде ұмтыла бастады. Голландық қазы тартысты ойынның бірінде доп Алмейданың қолына тиді деген сылтаумен «Ренн» теңбілдопшыларына стандарт белгілеп берді. Біздің бағымызға орай, Клеманға дәлдік жетіскен жоқ. Бен-Арфаға орта дистанциядан соққы жасауға мүмкіндік берілмесе, оң жақтан орталыққа жылжыған Траоренің сол аяғымен жасаған соққысы маңдайшадан биік ұшты. Ал Гренье корнерден келген спорттық снарядты дәл бағыттаған. Эрич француздың добын лайықты тосып алды. Алғашқы матч бөлігі аяқталуға жақын қалғанда Бен-Арфа өте сәтті әрі қауіпті соққы жұмсады. Тағы да Эричтің керемет сэйві. Ал қосымша минуттары Траоре Эричті тағы бір сынап көруге бел байлаған. Амаридің қатты тепкен добы қақпадан әлдеқайда қиыс кетті. Астаналықтардың алаң иелерінің толассыз шабуылынан тынығып, қорғанысты одан әрі беріктей түсетін амал-айла ойлап табатын он бес минут уақыттары болды. Қазақстандық бапкер Алмейданы алып тастап, Бейсебековты оң қапталдың қорғанысына жауап береді деген оймен шығарған. Ал Ричардтың орнына Зайнутдинов жайғасты. Екінші таймның үшінші минутында-ақ Рукавина Бурижоны шалып жығып, төрешінің назарына ілікті. Француздар ол нүктеден жарытып шабуылға шыға алмай, қамықты. Астаналықтар Педро Энрикенің көмегімен есепке өзгеріс енгізуге тырысқан. Бірақ, бразилиялықтың орта дистанциядан соққы жасауына мүмкіндігі болмады. Қонақтар қорғанысы уақыт өткен сайын сыр бере бастады. Алғашында Рукавина әупірімдеп жүріп, Бурижоның соққысына тосқауыл қойғандай болған, сосын Бейсебеков қарсыласын тоқтатам деп сары қағазбен «марапатталды». Одан кейін белсенділігімен көзге түсіп жүрген Бен-Афра Эрич қақпасының алдында дриблингке салып көрген, нәтижесіз! «Астана» Педро Энрикенің көмегімен жұмыссыз қалған Диаллоның бір «қыздырып» алды. Өз қапталынан өтіп келіп, соққы жасап, ойынға өзгеріс енгізбек болған хавбектің ұмтылысы жаман емес.

Алаң иелерінің кезекті корнері Постниковтың керемет соққыны өзіне қабылдауымен аяқталды. Бокста мұндай сәтке нокдаун белгілеуші еді. Траоре тағы да өз қапталынан сенімді ойнап, Андреге пас жеткізген, «Ренн» капитанын Бабаян шәкірттері жауып үлгерді. Ал екінші ойын бөлігінің орта тұсында Саррға жеткен пасты қонақтар өткізіп алды. Исмаил допқа бірінші жетіп, Зайнутдиновпен таласта жерге құлай кетті. Қазы бірден нүктені көрсетіп, Бахтиерге лайықты сары қағазын көрсетті. Онымен қоса, төрешімен сөз таластырған Аничич те жазаланып үлгерді. Бурижо пенальти орындап, жақсы-ақ соққы жасаған, дегенмен Эрич сәтті қайтарып «Роазон Паркке» жиналған жанкүйерлердің көңілін бірер секундқа су сепкендей басты. Бірер секунд деп отырғанымыз, Ненадтан кері келген допқа бірінші ұмтылған Сарр мүлт кеткен жоқ. Ойын барысын бақылсақ, алаң иелері бұл уақытқа дейін бірнеше рет көзге түсетін сәтті құр жіберіп алды. 1:0 есебі әділ деуге толық негіз бар. Ендігі, Григорий Бабаян шәкірттері жеңілістің плей-оффсыз қалдыратынын жақсы біліп, алға жүгірді. Соның нәтижесінде корнер орындауға мүмкіндік алып, оны Томасов орындады. Доп Аничичтің басын тауып, қорғаушы маңдайшадан биікке ұрды. Оған қоса, Диаллоның да қолы тиіп кеткен екен. Келесі бұрыштама француз киперінің қолғабынан табылды. Көп өтпей алаң иелері екінші гол соғып, бар мәселені шешіп тастағандай болды. Бурижо бұл жолы Саррды доппен жарылқап, Исмаилдың көзге түсуіне бар жағдай жасады. Трансферлік құны миллондаған еуроны құрайтын сенегалдық ойыншы жиырма метрлік жерден керемет соққы жасады. Бұл жолы Эрич еш көмекке келе алған жоқ. Қонақта ойынның аяқталуына бар болғаны жиырма минут қалғанда 2:0 есебі жеңіліспен тең. Қос доп жіберіп алған астаналықтар сонда да салы суға кетпей, Томасов бір соққы жасады. Бұл жолы Диалло сэйв жасап, командасын аман алып қалды. Қонақтардың күш алып бара жатқанын сезген Жюльен Стефан ойынға тыңнан ойыншылар қосып, өз командасының осы есепті сақтауын басты назарда ұстағандай. Юханссон орталықты берік ұстауға, ал Ньянг шабуылды күшейтуге шықты. Соңғысы төреші қосқан қосымша уақытта Саррдың пасынан кейін есепті еселеуге аз қалды. Мбайенің соққысын Эрич сол жақтағы алтылықтан аса қиындықпен алып шықты. Осы сәттері алыстан Кабананга қақпаны көздеп көрген, шабуылшыға дәлдік серік болған жоқ. Ал Зайнутдиновтың командаластарынан келген пасынан кейін жасаған соққысы алаң иелерінің қорғанысынан әріге аспады. Одан кейін Диалло Томасовтың добына секірді. Сонымен, ойын да өз мәресіне жетті. Екі жыл қатарынан Астанада еурокубоктық көктем болмайтын болды. Өкінішті-ақ! Сарр 11-метрлік айып добында сәтсіздікке ұшырағанда матч басқаша өрбір ме еді?! Бабаян бұл кездесуге бретондықтардың шабуылын орта жолдан кесуді немесе соңына дейін жеткізбеуді ойлап, жоспар құрса – шәкірттері бекер жасыл алаңда тер төкті деген сөз. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, алаң иелері қонақтардың алдын орап, өте белсенді болды. Ал сәттілік серік болып, корнерде Аничич гол салғанда және соңғы минуттары Кабананга өз мүмкіндігін іске асырғанда басқаша ойын туралы сөз қозғап жатуымыз бек мүмкін еді. «Астана» бұл кездесуде «Динамоға» қарсы өткізген матчпен салыстырғанда әлсіздеу болғанын мойындау керек. Украиналықтардан тапқан жеңіліс ел чемпиондарының алдына үлкен кедергі қойды. «Реннің» қонақта чехтерден басым болғаны, тіпті Бабаян шәкірттерінің жоспарын құрдымға жіберді. Француз жерінде «Реннді» ұту немесе тең ойнау қолдан келген жоқ.

"К" тобында бірнеше тур бойы көш бастаған «Астана» футбол клубы ойда жоқта 3-орынға сырғып кете барды. Өткен жылы бас бапкер қызметін атқарған Станимир Стоилов 10 ұпайсыз плей-оффқа өту мүмкін еместігін айтқан еді. Ал биылғы 8 ұпай елордалықтарды амалсыз үшінші сатыға жылжытып тастады. Бұл ойында ел чемпионын тең есеп те қанағаттандырар еді. Ал «қызыл-қараларды» тек жеңіс келесі кезеңге өткізетін. «Ренн» бас бапкері Жюльен Стефан бұл кездесудегі фаворит деп бірден «Астананы» санады. Әрине, жас жаттықтырушының өз ойлағаны бар. «Ренн» қорғаушылары бұл ойында өте сақ ойнады. Сонымен қатар, қорғанудың ең дұрыс тәсілі деп шабуылдауды таңдады. Француз қорғаушылары ара-тұра қақпашы Абдулай Диаллоға пас бергенде, кипердің біршама қобалжығаны командасына зиянын тигізердей көрінген. Уақыт өте сенегалдық қақпашы бойын жинап, барлық соққыға сақадай сай тұрды. Оның үстіне «Астананың» жалғыз шабуылшысы Жуниор Кабананга оны аңдудан гөрі, ойын барысында гол салғанды дұрыс деп тапқандай. Ал «Реннің» шабуылдаушы шебі бұл матчта Ненад Эричті әбден абыржытты. Қазақстан құрамасының бас кипері бар шеберлігін ортаға салса да, қақпасына екі бірдей доп жіберіп алды. Әрине, ол голдардың соғылуына серб-қазақстандықтың ешқандай кінәсі болған жоқ. Қорғаушылардың жіберген қателігі деуге негіз бар. Шындығына келгенде, әу бастан «Астана» тең есепке ойнады. Біздің команданы «кері» әкеткен де сол тең нәтижені көздегендері болып отыр. «Астана» футболшылары барын салып өнер көрсетті, өздерін де, қарсыластарын да еш аяп қалған жоқ. Сәттілік серік болғанда, тең есептің де ауылы алыс еместей көрінген. Бірақ футбол құдайы бұл жолы 20 жасар сенегалдықтың жағында болғандай. Оның керек кезде керек жерден табылуы алғашқы голдың авторы атануына сеп болды. Қырағы қақпашы Эричтің қайтарған добына жылдам жүгірген Саррдың асығы алшысынан тұрды. Елордалық теңбілдопшылардың дайын болмауы «Астананы» 1/16 финалдан шеттетіп тастады. Осыдан бір ай бұрын Қазақстанда болған ойындағы жеңіске деген құлшыныс қайда кеткені белгісіз. Алғашқы таймда «Астана» өз мүмкіндіктерінің бірін пайдаланып кеткенде «Ренн» ойыншыларының беті қайтып қалар еді. Өз голдарын салып алған француздардан мачты «тартып» алу тіптен мүмкін емес еді. Иә, өз қақпаларына гол кіргізіп алған Бабаян шәкірттері голдан соң, алға жүгірді. Дәл осы ұмтылыс кездесу басында болғанда, ойын құтқарып қалу мүмкін бе еді?! Сол Сарр екінші голдың соғылуы үшін бәрін жасады. Осыдан кейін бұл топтағы бірінші мен екінші орындар кімге тиесілі болатыны белгілі болды. Киевтік «Динамо» өз алаңында «Яблонецке» 0:1 есебімен ұтылып қалса да, Астана аренадағы жеңіс оларды бірінші орыннан келесі кезеңге өткізді. Биылғы еурокубоктық ойындарда «Астанаға» өткен жылғы тәжірибе көмекке келердей көрінген. Алайда, әрқашан күткен үміт ақтала бермейді. «Астананың» бұл жылғы ойындары үшін қымсынудың қажеті жоқ. Ойыншылар команданың ішіндегі проблемаларға қарамай, барын салғанына күмәніміз жоқ. Ендігі, 2020/21 жылғы чемпиондар лигасына сенім артамыз. Ел чемпиондары Еуропа алаңдарындағы жемісті ойындарының арқасында танылып келеді. Қазір олармен көп команда санасатын дәрежеде.

Енді, «Астана» қысқы маусымда демалып, келесі маусымға толық дайындалуға мүмкіндіктері бар. Келесі жылғы Чемпиондар лигасында өздерін көрсету үшін жақсы дайындықтың болуы міндетті деп түсіну керек. Сонымен қатар, бас бапкер мәселесін де бір жола шешіп тастаған жөн. Григорчуктың «Астанаға» оралғаны туралы ақпараттар тараған. Бірақ, кешегі ойында бас бапкер міндетін Григорий Бабаянның өзі атқарды.

Ойын соңындағы баспасөз отырысында «Ренн» командасының бас бапкері Жюльен Стефан шәкірттерінің жеңісіне дән риза екендігін жеткізді:

– Бүгін біз лайықты жеңісімізге қол жеткіздік. Бұдан бұрын бізде әдемі футбол ойнай алмай, ұпай тараттық. Ал бүгін жақсы ойын өрнегін көрсетуге барымызды салдық. Әрбір алаңдағы ойыншы жылдамдықтарын барынша көрсетіп, әр жасыл алаңның бөлшегі үшін талас жүргізе білді. Команда бір-бірімен өте жақсы түсінісіп ойнады, соның арқасында маңызды жеңіске қол жеткізіп отырмыз. Бүгін жанкүйерлердің де еңбегі зор болды. Олар команданы алға жетеледі. Пенальтиден кейін салынған гол барлығын шешіп кетті дей аламын. Тек көшбасшылар емес, әрбір футболшым өздерін жақсы қырынан көрсеткендері қуантып отыр. Тағы да жеңіске лайықты ойын өткіздік деп сенімді айтар едім. Алдағы уақыттары да біздің жанкүйерлер осылай қолдау көрсете берсе деген тілек бар. Біздің командада еуропалық тәжірибе жоқтың қасы. Осындай матчтан кейін жақсы деңгейге көтеріліп келеміз. Тек шабуылда ғана емес, қорғаныста да берік ойнап, өзімізге қажетті нәтижеге қол жеткізе алдық. Бүгінгі ойынға қойған ойын өрнегім бойынша ештеңе айта алмаймын. Ол өз жемісін берді. Сол сияқты бұл кездесу жанкүйерлердің есінде ұзақ сақталатынына сенімдімін.

Ал «Астана» командасының бас бапкер қызметін атқарушы Григорий Бабаян:

– Қауіптенгеніміздей бізге ойын ырғағы жеткіліксіз болды. Себебі ел чемпионаты аяқталғанына біршама уақыт өтті. Ал Еуропа лигасындағы әр ойындағы жылдамдықтың қандай екенін жақсы білесіздер. Осыдан шыққандай, біздің ойыншылар екінші таймда шаршап қалды. Біз шабуылдар ұйымдастырып, белсенді болуға барымызды салдық. Алайда, одан ештеңе шыға қоймады. Бізде Қазақстанда футболда үзілі орнаған уақыт. Біз болсақ, футбол ойнап жүрген жалғыз клуб болып отыр. Бүгінгі матчта біздің ешқандай мүмкіндігіміз болған жоқ. Қарсыласымыз барлық көрсеткіште алдымызды орап кетті. Олар жеңіске лайықты ойын өрнегін көрсетті. Бұған қоса, футбол аспекттерінен бөлек, маусым соңында қаржылық қиындыққа тап болып отырмыз. Қазірде команда алдында сыйақы бойынша көптеген қарыздар тұр. Жаттықтырушы ретінде бүгінгі жеңілісті өз мойныма аламын. Қаржылық қиындықтар ойыншылардың ойынына қатты әсер етеді. Олар жаттығудан бөлек, қаржылық мәсeлелер бойынша жиналыстарға қатысуларына тура келеді. Командада мұндай ситуация болмауы керек деп есептеймін. Біз бұл маусымда чемпион болдық. 1/16 финалға өтудің аз-ақ алдында қалдық. Біздің демеушілер клуб алдына жоғары жоспарлар қойып, жетістікке жеткенімізді қаласа, футболшылар алдында ешқандай қарыздар болмауы керек. Футболда азын-аулақ мәселелер болуы мүмкін, алайда мұндай деңгейлі футболда бұл ахуал кері әсерін тигізеді, - деді.

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынды)

Ұқсас материалдар

Әріптестер