Владимир Шнайдер: «Ұлттық кодты жаңғыртамыз десек, әліпбиді әлі де түзету керек»

«Бір дыбысқа – бір таңба» принципі сақталуы қажет!

Ата-анасы сонау зобалаң жылдары Қазақстанға депортацияланған неміс диаспорасының өкілі, қазақ тілінің қайнар бұлағынан сусындап өскен, бүгінде белгілі тіл жанашыры, «Тұран-Астана» университеті Әлеуметтік гуманитарлық және тілдік пәндер кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Владимир Александрұлы Шнайдермен әңгімеміз қазақ тіліне деген қажеттіліктің артуы, латын әліпбиінің қолданысы, жастарды көркем әдебиетке баулуы секілді тақырыптар төңірегінде өрбіді.

 

«Серпін» арқылы солтүстік өңірлер қазақылануда

«Мен қызмет атқарған Павлодарда әр түрлі диаспора өкілдері көп шоғырланған. Соңғы жылдары осы қаладағы үш университетте «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік өңірінен шамамен 1500-ға жуық жас түлек келіп, білім алуда. Олардың барлығы қазақи ортада тәрбие алған, қазақша жетік білетін жастар. Соның арқасында қазір Павлодар көшелерінде қазақша сөйлейтін жастарды еститін болдық. Бұл жағдай жергілікті тұрғындарға, өз ана тілін білмейтін қазақтарға түрткі болды. Кейбіреулері: «Қазақ тілін білмейтініме қатты ұяламын. Маған оқытушы тауып беріңізші. Тым болмағанда ауызекі сөйлеу тілін үйренгім келеді. Өйткені, мен қазақпын ғой», - деп, көмек сұрап жатады. Мұндай ұят сезім неден оянды? Көшедегі қазақтар қазақша сөйлей бастағаннан кейін, қазақ тілін білмейтін басқа қазақтар ыңғайсыздана бастады. Ал егер көшеде бірыңғай орыс тілінде сөйлей берсек, олар да оған мән бермес еді. Солай ғой? Сондықтан «Серпін» бағдарламасын енгізу арқылы мемлекет жергілікті қазақтардың намысына қозғау салды. Бұл бағдарламаны бұдан әрі де қолдай берген жөн», - дейді тіл жанашыры.

Қазақ тілін білетін мамандарға сұраныс артып келеді

Әңгіме ауанын қазақ тілінің қазіргі ахуалына бұрған ғалым: «Күн өткен сайын қазақ тіліне деген қажеттілік артуда. Мемлекеттік тілді меңгеру барша қазақстандықтыңболашағына жол ашады. Өз тәжірибемнен айтып отырмын. Мен дәл сол жолдан өттім. Қарапайым мектеп оқушысы, университет студенті, институт маманы, мемлекеттік қызметкер ретіндегі әрбір кезеңде қазақ тілін білу – менің мансап жолыма, тұлға болып қалыптасуыма негіз болған ең басты фактор», - дейді Владимир Шнайдер мырза.

«Қазақша білетіндігімнің арқасында студент кезден бастап халық алдында сөз сөйлеп, конференцияларға қатысып, құрмет-қошеметке ие болдым. Мемлекеттік тілді насихаттаудың табиғи және жасанды жолдары бар. Мен екінші туралы айтып өтсем деймін. Мысалы, мен жоғары оқу орнында тек  тәрбие жұмысымен ғана емес, сонымен қатар кадр мәселесімен де айналысамын.

Жылдан-жылға қазақ топтары көбейіп келе жатыр. Бұл да – көрсеткіш. Неге көбеюде? Өйткені, қазақ мектептерінің саны көбеюде. «Қазақ тілінде оқимын, қазақ тілін үйренемін» деген жастардың саны артуда. Сол себепті жоғары оқу орындарында қазақ топтары да ашылуда. Жоғары оқу орындарына оқытушылық қызметке кадр таңдағанда үміткердің қазақ тілін білуіне басты талап ретінде қараймыз.

Жұмыс іздеп келген жастарды іріктегенде, бірінші кезекте қазақ тілінде еркін сөйлейтіндерін жұмысқа аламыз. Өйткені, біз үшін «қазақ топтарына кім сабақ береді?» деген сұрақ маңызды. Бұл – қажеттілікті жасанды болса да тудыру. Жоғары оқу орнын бітірген мамандар мейлі экономист, мейлі техникалық бөлімді бітірген маман болсын, қазақ тілін меңгермесе, жоғары оқу орнына жұмысқа қабылдану қиын екенін біледі. Бұл ешқандай қысым көрсету емес. Бұл – Тәуелсіздікпен бірге күн тәртібіне қойылған талаптың жүзеге асуы. Оны түсінетіндер де, түсінбейтіндер де бар. Кейбіреулер: «Қазақ тілін білмесем, неге жұмысқа алмайсыз?», - деп ренжіп жатады. Біз қазақ тілін білетін мамандарға сұраныстың артқандығын айтып, түсіндіреміз. Тіл мәселесінде жастардың көзқарасы да өзгеріп келеді. Меніңше, болашақта Кереку өңірінде қазақ тілін меңгерген жастардың саны арта түседі», - дейді ғалым.

 

Көркем әдебиетсіз күнің қараң!

Әңгіме барысында тіл жанашыры халқымыздың мәдениетін, тарихын білу басты міндеттердің бірі екендігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, жастарды көркем әдебиетті оқуға баулу керек. «Көркем әдебиеттің басқа өнер түрлерінен ең басты артықшылығы – адамның тіл байлығын дамытуы. Әдеби тілді партаға отырғызып қойып оқытудың қажеті жоқ. Жастарымыз, ең алдымен, қазақ классиктерінің көз майын тамызып жазған шығармаларын оқуы қажет. Өкінішке орай, елімізде әдебиет саласының дамуы кенжелеп қалды. Қазіргі әдеби шығармаларда бұрынғыдай сөз байлық жоқ. Әрі қазіргі жазушылардың, әсіресе жас қаламгерлердің жазу стилі басқаша. Мәтіндері тартымсыз, оқиғалар арасында байланыс жоқ, сюжет желісі қызықсыз.

Жастар жыраулар поэзиясынан бастап, Мұхтар Әуезовті, Ғабит Мүсіреповті, Ғабиден Мұстафинді оқуы керек. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы – нағыз классикалық шығармалар. Осыларды оқу арқылы кез-келген қазақ баласы өзінің ұлттық мәдениеті мен қазақ ұлтына деген сезімін, мақтанышын оятуға болады. Өйткені, Әуезов кім? «Абай жолы» қандай кітап? Біле білсек, бұлар – қазақты әлемге танытқан туындылар.

ХХІ ғасыр – ақпарат заманы. Санамызды Интернет билеген кезеңде жастардың көбі әлеуметтік желілерде отырады. Көпшілігі көркем әдебиетті оқымайды. Жасыратын түгі жоқ, қазір кітапханаға келу картотекасын қарасаңыз, онда баратын жастардың қатары сиреген. Соңғы жылдары кітапханаға келетін оқырмандардың саны өте аз, тіпті жоқтың қасы. Көбісі кітапты интернеттен, ұялы телефоннан оқығанды жөн көреді. Бірақ әдеби шығарманы Интернеттен оқыған бір басқа, кітаптан оқыған бір басқа. Кітап ерекше әсер қалдырады. Жалпы елімізде кітап оқитын жастар жоқ емес, бар. Жастардың арасынан ақындар, әншілер, айтыскерлер де шығып жатыр. Жан-жақты әдеби, мәдени, тарихи мұралармен таныспасаң, құр сөзбен айтыскер ақын бола алмайсың. Сөздік қорын байытқан ақын халық алдында айтысқа шыққанда да, ерекше қошеметке ие болады. Сондықтан, жастар арасында кітап оқуға құштарлық арта берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

«Бір дыбысқа – бір таңба» принципі сақталуы керек!

Тіл білімінің маманы латын графикасына негізделген қазіргі қазақ әліпбиіне қатысты көзқарасын да ортаға салды. «Егер кириллицадағы морфологиялық принципті сақтап қалсақ, өкінішке орай, онда тіл тазалығы туралы айта алмаймыз. Ал қазақ тілі ХІХ ғасырдан бері бірнеше рет өзгерді. Көп нәрседен айрылып қалдық және қайта қалпына келтіруіміз де қиын. Негізінен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «бір дыбысқа – бір таңба» принципін қалыптастырды. Қазақ тілі үшін дұрысы осы.

Ешкімді ескіше сөйлеуге мәжбүрлей алмаймыз. Біз тіліміздің дыбыстық жүйесіне тән сөлін, нәрін сақтап қалуымыз керек. Өйткені, ары қарай да морфологиялық принцип кете беретін болса, 50-60 жылдан кейін қазақ тілінің фонетикалық құрылым жүйесі жойылып кетуі мүмкін. Оған жол бермеуіміз керек. Сондықтан, латын әліпбиінде қазақ тіліне тән үндестік заңының сақталуына аса мән беруіміз қажет.

2013 жылғы орфографиялық сөздік шыққанда, бірқатар тілші ғалымдар «бұдан былай фонетикалық принципті ұстанамыз» деп үміттендік. Бұл сөздікте «қыркүйек» деген сөз «қыргүйек» деп жазылған. 2013 жылғы ереже бойынша «г» әрпімен жазуымыз керек еді. Одан бері қаншама жыл өтті, яғни, орфографиялық сөздікке қайшы, қате жазып келеміз. Мектепте де бұл сөзді «к» әрпімен жазып келеді.

Өзіңіз білесіз, 2017 жылы бұл сөздік 2, 5 және 7 сыныптың оқу бағдарламасына енді. Сол оқулықтардың бәрі 2013 жылғы орфографиялық сөздікке сәйкес жазылған. Сол кезде бірінші рет «қыргүйек» түрінде кірді. Екіншіден, «көкөніс» – «көгөніс», «шекара» – «шегара» болып енді. Ол дегеніміз біз үндестік заңына бет бұрдық деген сөз ғой. Бұл принцип 1930 жылғы латын әліпбиінде сақталған. Кириллицаға, яғни фонетикалық принциптен морфологиялық принципке көшкеннен кейін жазуымыз өзгеріп шыға келді. Үндестік заңымыз өзгерді. Үндестік заңының принципі не? Тілді үнемді пайдалану. Мысалы, қырғыз тілінде «күндөлүк» деп айтылады және жазылады. Үндестік заңы қалыптасқан. Қазақша «күндөлүк» деп айтылады, ал «күнделік» деп жазылады. Осылайша теріс сөйлейміз деп, тіліміз бен жақ сүйегіміз ауырады. Тез-тез сөйлеген кезде байқамай қаламыз.

Өкінішке орай, қазақ тілінде үндестік заңы жоғалып барады. Бір сөзді айту үшін, шіркін, ауыз қуысын талай құбылтамыз. Қырғыздар бір-ақ рет қана құбылту арқылы айта салады. Араларыңызда жыршы шығатын болса, Алпамысты, Қобыландыны, Айман-Шолпанды басқа да қазақтың лиро-эпос жырларын жатқа айтатын болсаңыз, Қазақстанға таптырмайтын адам боласыз деп, жастарға үнемі айтып жүремін. Келісесіз бе? Өйткені, қазір ондай жыршылар жоқтың қасы. Ал Қырғызстанда екінің бірі «Манасты» жатқа біледі. Таңнан кешке дейін, тіпті тәулік бойы жырлайтындар да бар. Бұдан қазақтың есте сақтау қабілеті төмен деп айтуға болмайды, жырды айту қиын. Ал қырғыздардың тілі икемделген, айтуы оңай, сөзі жеңіл. «Манас» жырының екі түпнұсқасын оқыдым. Бірі Шоқан Уәлихановтың өзі жазып алған және екіншісі Василий Радловтың нұсқасы. «Образцы народного тверчества тюркских племен» деген кітап бар. Оның бесінші томы қырғыз фольклорына арналған. Ашып қалсаңыз, алғашқы бетінде «Манас жыры» тұр. Латын әліпбиімен жазылған. Сондықтан, латын әліпбиіне артып тұрған үмітіміз көп.

Менің ұстазым, көрнекті фонетик-ғалым Сапархан Мырзабеков:

«Тілдің жаны дыбыстық жүйесінде.

Жүйе кетсе, кетеді киесі де

Бабалардың мұрасын төкпей-шашпай,

Табыс еттім болашақ иесіне», деген өлең шумақтарды шығарған.

 

Бұл өлеңі арқылы ғалым қазақтың дыбыстық жүйесін ескеріп, тіл заңдылықтарына қарсы келмейтіндей етіп әліпби жасау қажеттігін меңзейді.

Кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі 1940 жылы қабылданды. Бірақ араға бір жыл өтпей жатып-ақ өзгерістер енгізіле бастады. 1951 жылы да өзгеріс енгізілді. Ол өзгерістердің енгізілуіне «Ұлы Сталин» деген сөз тіркесі ықпал еткен. Есіңізде болса бұрынғы «ұ» әрпі үстінде сызықшасы бар «у» әрпі болатын. Апострофтың керек емес екендігін, міне, осыдан-ақ байқауға болады. Өйткені, ең негізгі таңба «У» тұр ғой. Жазылу барысында газет бетінде қате кетіп, ұлы Сталин емес, «улы Сталин» болып шыққан. Өйткені үстіндегі сызықша басылмай қалған.

Екінші рет, 1958 жылы орфографиялық ереже қабылданды. 1940-1958 жылдар аралығында шыққан кітаптарда қазақтың кейбір сөздері дұп-дұрыс жазылған. Бірақ екінші басылымдарында неге екені белгісіз көп жері өзгеріп кеткен. Мысалы, «сияқты» сөзін алып қаралық. 1958 жылдан кейін бұл сөз «cияқты» деп жазыла бастады. Ал 1958 жылға дейін «cыйақты» деп жазылды ғой. Сол жылдан бастап «и»-ді «у» дыбысы сияқты жасанды дыбысқа айналдырып жібердік. Негізі бұл сөзде дауысты «и» жоқ. «Сыйақты» болуы керек еді. Осындай қателіктер көптеп кеткен. Мысалы, «завод» сөзі «зауыт» болды. «О» әрпінің орнына «ы» әрпі кетіп қалды. «В»-ның орнына «у»-дың келуі түсінікті. Кірме сөздің орнына қазақтың төл дауысты «О» дыбысы қосылды. Шәкірттеріме «Қалай ойлайсыздар, «О»-ны неге өзгерттік?» деп сұраймын. Біз осылай ету арқылы орыс тілінің әсерін оп-оңай жоққа шығардық. Қазақ тілінде: «О» дыбысы сөздің екінші немесе үшінші буындарында қолданылмайды» деген ереже бар. Тек қана бірінші буында немесе сөз басында ғана қолданады. «Завод» деген кірме сөз сол ережені бұзып тұрды. Өйткені, екінші буында «о» тұр. Біз соны ережеге сәйкестендірдік. Қазіргі емле ережелерге байланысты Тіл білімі институтының басшысы Ерден Қажыбек: «Латын әліпбиіне көшкенде кем дегенде 40 ережеге азаяды», - дейді. Қазақ тілінің табиғатына келмейтін қитұрқы ережелер ақырындап жойылады деген сөз. Менің де негізгі үмітім сол! Ал, егер олай болмай шықса, қазақ тілінің болашағынан түңіле беруге болады. Мен Сапархан Ниязбекұлы Мырзабековтің ғылыми жолын жалғастырушымын. Негізгі бұл кісінің ғылыми принциптерін белгілі ғалым, профессор, қазақ тіл білімінде эксперименталды фонетиканың негізін қалаушы Әлімхан Жүнісбек те ұстанады. Ұлттық кодты жаңғыртамыз десек, әліпбиімізде әлі түзету керек. Сондықтан әлі де болса, қолданысқа енген латын әліпбиіндегі кемшіліктер «бір дыбысқа – бір таңда» принципіне сәйкес түзеледі, соған сәйкес емле-ережелерімізде үндестік заңы салтанат құрады деп сенемін!», - дейді Владимир мырза.

 

Еңбек нарығы кей мамандықтардың жойылуына түрткі болуда

Ф.ғ.к., доцент Владимир Шнайдер кешегі мен бүгінгі оқу бағдарламасының айырмашылығына қатысты мынадай ойымен бөлісті:

«Нарықтық жағдайға байланысты жоғары, білікті мамандар даярлау – басты талап. Ол нарықтың сұранысына байланысты болады. Кеңес өкіметі кезеңінде берілген типтік бағдарлама бойынша барлық мамандық жаппай оқытылатын. Білім саласында типтік бағдарлама деген қазір де бар. Бірақ бағдарламалар жұмыс беруші компаниялардың талап-тілегіне сай өзгеріп отырады. Бұл дегеніңіз, дипломы бар түлекті емес, еңбек нарығының сұранысына жауап беретін білікті мамандарды даярлау қажеттігін білдіреді. Қазір орта арнаулы және жоғары оқу орындарда белгілі-бір мамандарды нарық талап етсе ғана даярлаймыз. Соған сәйкес кейбір мамандық түрлері бойынша қабылдау болмайды. Бұл университет шығарған ереже емес, кейбір мамандықтарды ешкімнің таңдамауының салдары. Өйткені, білім алушылар қандай мамандыққа жұмысқа орналаса алатынын  алдын-ала біледі.   Өкінішке орай, осы күнге дейін аграрлық мамандықтарға анау айтқандай сұраныс жоқ. Оның басты себебі – Қазақстан экономикасы дамуында да әлсіз тұсы осы аграрлық сектордың дамымауы. Университетті осы мамандық бойынша бітірген түлектер жұмысқа орналаса алмауда. Сондықтан аграрлық саланы ғылыммен ұштастыра дамыту керек. Қазіргі оқу үдерісіндегі ең басты ерекшелік осында».  

 

Арманым – қазақ тілінің өркендеуіне үлес қосу

«1940 жылдары ата-әжеміз қазақ жеріне депортацияланған. Қақаған аязда, көшенің ортасында қалған бірнеше неміс отбасын қазақтар қонақжайлылықпен қарсы алған. Сол кезде қазақ отбасылары кең баспанаға, ішер асқа, киер киімге жарымай отырса да, жомарттық танытып, барымен бөліскен. Дәл осындай кең пейіл, жомарт халық әлемде жоқ шығар, сірә... Кеңестік нәубеттен қазақ халқын аман алып шыққан да қанға сіңген даладай дархан мінез деп ойлаймын.

Осылайша, менің ата-анам, кейіннен мен қазақ ауылында дүниеге келдік. Ауылдың шаң-топырағында аунап-қунап өстік. Ол кездегі қазақ ауылдары шағын болатын. Сол кезде 8 және 10-жылдық мектептер болған. Соңғы екі жыл кім қайда барғысы келсе, сонда баратын. Біреулер орыс мектебіне барды. Бір совхозда бес бөлімше болды. Бес бөлімшенің екеуінде ғана қазақ мектебі болатын. Туып өскен жерімде 8-жылдық мектепте 3-ақ жыл бастауыш мектебі болды. Оны бітіргендер қайда барады? Үш класты бітірген баланы ата-анасы қалаға жібермейді ғой. Көрші совхоздағы орыс мектебіне береді. Ары қарай орысша оқиды. Ал, біз 8-жылдықты бітіргендер, негізінен кейінгі екі жылға орыс мектебіне бармаймыз. Сегіз жыл қазақ мектебінде оқып, екі жылында орыс мектебіне қалай барасың?! Бізді әке-шешеміз қалаға жіберді. 7-сыныптан кейінгі үш жылымды Павлодардағы, қазіргі аталуы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназиясында жалғастырдым. Кейінгі студенттік, еңбек жолым осы қазақ тілімен байланысты өрбіді.

Қазақи тәрбие алғаным және мамандығымның қазақ тілімен байланысты болғаны үшін өзімді бақытты санаймын. Сондықтан, осы тіл майданында шамам келсе, қазақ тілінің өркендеуі үшін пайдалы іс жасап үлес қоссам, одан асқан арман жоқ», - деп аяқтады әңгімесін тіл жанашыры.

 

Біз ұлты басқа болса да, қазақ халқымен тілегі де, жүрегі бір, ұлтжанды ағамызға шығармашылық табыс тілеп, айтылған тұщымды ойлар мен ұтымды ұсыныстарды құзырлы орган басшылары, әліпби ісіне жауапты Ұлттық комиссия өкілдері ескерер деп сенеміз!

#латын #ұлттық #код #әліпби #тіл #Владимир Шнайдер

Ұқсас материалдар