Bonjour, Париж кереметтері

Ғашықтар қаласына саяхаттағанда нені білу керек?  

Паң, Париж! Бұл туристер ең көп баратын шаһардың бірі. Мұны әсем қаланың аспанынан-ақ аңғаруға болады. Көк аспан ұшақтың ақ түтініне шырмалып жатқандай. Өйтпегенде ше? Бір жылдың ішінде 17 млн-нан астам мейманды қонақ ететін қалаға бір күнде әлемнің төрт бұрышынан жүз мыңдаған турист келеді. Жер шарындағы үлкен әуежайдың бірі де осында. Қаладағы ең ірі Шарль-де-Голль әуежайы жыл сайын 63 млн. жолаушы мен 2 млн. тонна жүкті қабылдайды. Бұл Париждегі жалғыз әуежай еместігін еске сала кету керек. Еуропа ендігіндегі еңселі қаланың ғаламшардағы адамдардың бәріне бірдей «арман» болуының, туристердің жыл санап көптеп келуінің себебі көп. Бірі әлемдегі ең көп ғимарат орналасқандықтан бұл қалаға келуді ойласа, енді бірі балет пен шансонның, Альфонса Доденің, Сезаннаның, Дюманың, Экзюперидің, Мольердің, Вольтердің отаны болғаны үшін ғашық. Қалай десе де, Париждің келісті келбетіне тамсанбау мүмкін емес әрі сұлулығын сөзбен жеткізу қиын. Десе де, көзбен көріп, көкейге түйген біршама ойды жазуды жөн санадық. Сонымен...

(Фотода: Эйфель мұнарасы)

Таңғы, түнгі һәм жаңбырлы Париж! Құбылмалы күн райы қаланың сән-салтанатын бір мезетке де өзгерте алмайды. Тіпті, туристер үшін нөсерлеп  жауған жаңбыр да қала қызықтарын тамашалау үшін кедергі емес. Мұны осы қалаға келгеннен кейін көз жеткіздік. Париждің тұрғыны болмағандықтан біржақты ой айтылуы мүмкін. Десе де, таңда жұмысына немесе белгілі бір бағытқа алып-ұшып бара жатқан жанды көрмейсіз. Алайда, француздар қызмет орнына кешігіп жүретіндер қатарынан емес. Ал кешқұрым, яғни жұмыс аяқталған уақытта метро мен автобустағы иін тірескен адамдардан аяқ алып жүру қиын. Сондай-ақ, бұл қалада жарықшамдар сөнбейді. Сондықтан болар, түнерген аспан еңсені түсірмейді. Сонымен бірге, кез-келген адам бұл қаладағы әрбір көшенің мұнтаздай тазалығына таңғалады. Осыншама көп турист келетін шаһардың айнадай жарқырап жатуының өз сыры бардай. Әдемі ғимараттар мен ерекше өрнектелген балкондар қаланың ерекше сәні. Үлкен жолдар мен тар көшелер құдды қолмен салған сурет іспетті. Ал көше бойындағы қоқыс жәшіктерін пакеттер ауыстырған. Бұл қоқыс салғыштардан шығатын жағымсыз иістен сақтанудың оңтайлы әдісі секілді.

Париждіктердің туристерге көзқарасы қандай? Парижге баруды әріден жоспарлап жүргендер ең бірінші осы сұраққа жауап іздейді. Неге? Өйткені, париждіктер қонақжай емес деген пікір қалыптасқан. Интернетті қопарған әрбір турист сұрағына осындай жауап алады. Алайда, Парижге табан тірегеннен кейін ғаламтордан оқығаныңыздың жаңсақ пікір екендігіне көз жеткізесіз. Кез-келген мемлекет сырттан келген туристің қазынасына қомақты қаржы қалдырып кетпесе де, там-тұмдап ақша тастап кететінін біледі. Өйткені, «тама-тама көл болар» деген француздардың үнемі қаперінде. Десе де, париждіктер табиғатынан байсалды. Сондықтан сырт көзге суық көрінуі мүмкін. Ағылшынша еркін сөйлейтін адамдардың қарасы қалың. Дегенмен, өздерінің ана тілінде сөйлеуді құп көреді. Егер французша білмесеңіз, сұрағыңызға ағылшын тілінде жауап ала аласыз.

Париждік образ. Нағыз париждік болып көріну үшін басыңызға берет пен ұзын плаш кию жеткіліксіз. Мұны сырттан келген мигранттар да біледі. Сондықтан бұл қалаға күнін көру үшін келген азаматтар өздерін байсалды, әрі салиқалы ұстауға үйренген. Алғашында кез-келген турист оларға шошына қарап жүретіні түсінікті. Себебі, олар жайында әлемде қалыптасқан көзқарас бар. Бірақ мұнда пайым-парасаты жоғары қара нәсілділерді ғана кездестіресіз. Сондықтан олардың париждік еместігін тек түстеріне қарап ажыратуға болады. Сонымен бірге, қаланы қара нәсілді азаматтар басып бара жатыр деген әңгіме де шындыққа жақын. Дегенмен, қара нәсілді қыздардың париждік образы ерекше жарасымды көрінеді. Әрине, кез-келген жерде үй-күйсіз, кезбелікке салынған азаматтарды байқауға болады. Бір қызығы, олардың барлығы ақ және сары нәсілділер. Бірақ қай ұлттың өкілдері екенін ажырату қиын.

Әрбір француз туристерге ерекше әсер қалдырады. Олардың барлығы да сымбатты, шымыр әрі өте тәрбиелі. Сол сияқты, көшеде талғамсыз киінген жандарды жолықтырмайсыз. Айтпақшы, жасы келген азаматтады аз кезіктіресіз. Бұл олардың киім киісінің, жас көрінуге деген ұмтылысының нәтижесінен болса керек-ті. Тағы бір ерекше дүние, ел арасында «махаббат қаласы» аталып кеткен шаһарда ғашықтар бір-бірінің қолын ұстамай серуендемейді. 

(Фотода: Париждегі ең танымал көпір)

Жолаушылар тасымалы жолға қойылған. Париж қаласының астыңғы қабаты толықтай метро жолдарына арналған. Сондықтан болар, халықтың басым бөлігі діттеген жеріне жету үшін метроны қолданады. Қазір мұндағы бір бағыттағы билет құны 1.90 еуро, бұл теңгеге шаққанда 815,14-ке тең. Шошынбаңыз. Алған билетіңіз 2-3 сағатқа дейін жарамды. Сондықтан белгілі бір орында 2 сағат болып, келесі бір жерге сол билетпен жете аласыз. Есіңізде болсын, алынған билетті метро аймағынан шығып кеткенше тастауға болмайды. Себебі, билет тексерушілер оны кез-келген уақытта сұрауы мүмкін. Ал билетіңіз қолыңызда болмаса немесе метро қызметін бір билет арқылы бірнеше адамның пайдаланғаны анықталса 35-70 еуро көлемінде айыппұл төлеуіңіз ықтимал. Ал қаланы көру үшін автобусқа отыру құптарлық идея емес. Себебі кептеліске түсіп қалып, барлық уақытыңыздан айырыласыз.

Париждік дәм. Ешкім дәл француздар сияқты круассан әзірлей алмайды. Сондықтан елдің ас мәзірінде бұл тағам міндетті түрде болады. Ал ет өнімдерінен шошқа еті сатылымы жағынан жоғары. Тауық еті мен сиыр етінен әзірленген тағамдарды тек туристер ғана жейтін секілді. Сонымен бірге, азық-түлік дүкеніндері өте аз орналасқан. Біздегідей әр қиылыста супермаркетті кездестірмейсіз. 

Сақ жүрмесеңіз... Бір ғана Париж емес, күллі Еуропада ұрлық-қарлық белең алған. Айдың-күннің аманында әмияныңыз бен бағалы заттарыңызды қолды етуіңіз мүмкін. Сондықтан метро мен автобусқа отырғанда, тіпті кафе мен халық көп шоғырланған орында сақ жүрмесеңіз болмайды. Сөмкені алдыңызға тағып, әмиян мен қалта телефонын сыртқы киімнің ішкі қалтасына немесе төсқалтаға салған дұрыс. Әккі ұрылар сізді бірнеше уақыт аңдып жүруі де ғажап емес. Сондықтан бір сәтке де босаңсуға болмайды. Әрине, бұл көңіл-күйіңіз бен демалысыңыздың шырқын бұзатыны заңды. Бірақ «сақтансаң, сақтаймын» дегенді тек Еуропада ғана емес кез-келген жерде ұстанған абзал.

Сауда-саттық жасағанда абай болыңыз. Себебі, алған затыңыздың түпнұсқалығы маңызды. Жолда ұсынылған тауарлар мен жеңілдіктерге баса назар аудармағаныңыз абзал. Әтірдің отаны болғандықтан иіссуды арнайы дүкендерден алғаныңыз дұрыс. Әйтпесе, алынған заттың кейін сапасы сын көтермей жатуы бек мүмкін. Сонымен бірге, ас ішсеңіз де «Tax free» үшін арнайы бланка алуды ұмытпаңыз. Бұл еуроодақ құрамындағы мемлекеттерінің соңғы пунктінде сауда жасағанда сізден алынған салықты кері қайтарып алуға болатын жалғыз мүмкіндік.

Енді Парижде қайда баруға болады деген сұраққа жауап ізделік...

Монмартр (Montmartre). Парижге келген әрбір турист осы жерге баратыны түсінікті. Өйткені, бұл маң өзінің сұлулығымен баурап алады. Жағалай қойылған орындықтар мен қала суретшілерінің майлы бояумен салынған картиналары жерде төселіп жатады. Ұнатқанын сатып алсаңыз болады. Оларды 50-55 еуро көлемінде бағалайды. Егер саудалассаңыз картиналарды 25-30 еуроға ала аласыз. Жарты әлемге әйгілі Place du Tertre алаңы да осы жерде орналасқан.

Бастилии алаңы (la place de la Bastille). Бастилии алаңы бұл Парижге қыдырып келген әрбір азамат баруы тиіс орындардың бірі. Әсіресе, операға қызығатындар бұл жерде өзіне керектіні іздеп таба алады. Себебі, мұнда Opera-Bastille ғимараты менмұндалап тұр.

Пантеон (Pantheon). Бұл қазақшаласақ, үлкен бағаналары бар қақпа. Бұндағы бар қызықты ақылы негізде ғана тамашалай аласыз. Бірақ бұл орынға уақытыңыз көп болса ғана келгеніңіз жөн. Себебі, көретін дүние көп. Және кіру ақысы да қалтаға жеңіл түспейді. Сонымен бірге, тарих пен француз тарихынан хабарыңыз болмаса сізге мұнда қызықты болмасы анық. Тек Монпарнасқа бара жатып бұл орынға соға кетіп, сыртынан тамашалап өтсеңіз де жеткілікті...

(Фотода: Монмартр)

Монпарнас (Montparnasse) Монпарнас – 59 қабаттан тұратын заманауи ғимарат. Ең биік қабатында алақандай алаңы бар. Көптеген туристер күллі Парижді осы алаңнан тамашалайды. Ал оның табанында танымал Лафайет галереясы (Galeries Lafayette) бар. Алайда бұл жер қомақты қаржысы бар туристердің орны. Бұл жердегі бір кофенің құны 100 еуродан басталады. Ал қарапайым кішкене құтыдағы иіссу 120 еуро шамасында. Мұнда тек әйелдерге арналған шарфтар ғана 20 еуродан басталады. Сондықтан бұл ғимараттан тек шарф алушыларды ғана байқауға болады.

Елисей алаңы (les Champs-Elysees). Бұл Париждегі ең үлкен әрі көптеген танымал брендтердің дүкендері орналасқан көше. Оны басынан аяғына дейін аралап шығу үшін біршама күш қажет. Алайда көшедегі қабылысқан адамдар мен танымал сауда орындарының ішіндегі атмосферадан алаңның басынан аяғына дейін қалай жеткеніңізді білмей қаласың. Бірлі жарым брендтік тауарлар сататын дүкен аттары ғана таныс болмаса, мұнда барлық лакшери бар. Бұл көше Триумф қағбасына барып тіреледі. Төрт бұрышынан француз тарихтың барлық кезеңі көрінетін арка жанында суретке түсушілердің көптігінен кезекке тұруға тура келеді.

(Фотода: Триумф аркасы)

Д'орсэ музейі (Musee d’Orsay). Бұл музейді тұтас аралап шығу үшін екі күн уақыттың өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Бірақ мұражайдағы екі-үш сағаттық серуен де ерекше әсер қалдырып, шабыттандырады.

Пер – Лашез (Pere-Lachaise). Танымал адамдар жерленген Париждегі киелі орындардың бірі. Бейіттердің басына барып, ондағы мазарларды тамашалаушылардың қатары көп. Париждегі туристер ең жиі баратын 5 нысанның бірі де осы жер.

Бұл маңнан екі бетіңіз қызармай өте алмайсыз. Париждің түнгі өмірі қызыл жарықшамдар көшесінде қыза түседі. Десе де, кез-келген турист бұл маңнан өтеді. Себебі, бұл көшеде ең атақты Кабаре Мулен Руж түнгі клубы орналасқан. Бүгінде көңіл-көтеретін орын Париждегі туристер ең көп баратын орынға айналған. Тіпті, оның сыртында суретке түсу кеңінен белең алған.

(Фотода: Кабаре Мулен Руж түнгі клубы)

Негізі, Парижде баратын жер көп. Бір ғана Эйфель мұнарасы мен Луврда бір күніңізді арнасаңыз да болады. Айтпақшы, тура сағат 21:00-де ол небәрі 3 минутқа жарқырап, қаладағы барлық туристерді ерекше шаттыққа бөлейді. Себебі, мұнара тек осы уақытта ғана жарқырай түседі. Әсем де еңселі мұнараға қарап көзің талады. Кезінде жарты Франция қарсы болған туынды қазір әлем елдерінің ауызын аштырып, Парижге тек темір конструкцияны көру үшін келетіндердің қатары көбейіп жатыр. Бір қарағанда ешбір таңғаларлығы жоқ мұнара жақындаған сайын биіктеп, мән-маңызы арта түсетіндей.  

Париж қаласында болып олардың бізден біршама айырмамыз бар екенін аңғардық. Бұл олардың жоғары интелегент екендіктерінен хабар береді. Мәселен, метро ішінде қабырғаға жабысқан орындықтарға жолаушылар тек адамдар аз кезде ғана отырады. Ал метроға адам тола бастағанда олар орындарынан тұрып, орындықтарды қабырғаға қайта сүйейді. Бұл басқаларға деген құрмет.

(Фотода: Лувр)

Париждіктер ешқашан кезегін алып қойған адамдарға қатты сөйлемейді. Мәселен, қарапайым метро билетін алу үшін кезек күтетін олар абайсызда орындарын алып қойсаңыз да еш реніш білдірмейді.

Айта кету керек, Парижге бара қалсаңыз, солтүстік беттегі шағын аудандардан қонақүй жалдамағаныңыз жөн. Әсіресе, 18 бен 19 аудандар туристер тұрмақ париждіктердің өздеріне де қауіпті аймақ саналады. Өйткені, бұл жерлерде көбінесе мигранттар шоғырланған.

Париждегі әрбір күн ертегіге толы. Өзіңізді бөтен қалада, жат мемлекетте де еркін әрі толық қаупсіз сезінесіз. Әдемі ғимараттар мен адамдардың ілтипаты сізді ерекше қуанышқа бөлейді. Сондықтан «махаббат қаласына» сапар шегіңіз!

Суреттер: автордыкі

#Париж #Турист #Саяхат #Еуропа #Шенген

Ұқсас материалдар