Әр елдің Жаңа жылы басқа...

Сонгкран, Тинджан, Рош ха-Шана және тағы басқа мерекелер

Әр елдің салты басқа. Оған қоса тарихи оқиғалар мен маңызды күндері бар. Табиғат құбылысы да Жаңа жылды әр түрлі уақытта тойлауға өз әсерін тигізеді екен. Сонымен, көптен бөлек Жаңа жыл тойлайтын елдер қайсы?

Қытай Жаңа жылды ақпанда қарсы алады

Қытайдағы Жаңа жыл көктемнің бастауы ретінде тойланады. Оны Ай фазасы арқылы белгілейді. Қытайлықтар міндетті түрде қызыл түсті киім киіп, үйлерін сәндеп, сол түні шартылдақ атып, фейерверктер жағады. Үйдің ішін жинастырып, бақыт үшін орын қалдырады. Ал кешкі асқа үйдің барлық құрамы түгел отыру керек. Алыста оқып, жұмыс жасайтындар міндетті түрде осы күн үшін үйіне қарай жолға шығады.

Жапониядағы бір айлық Жаңа жыл

Күншығыс мемлекеті Жаңа жылды григориандық күнтізбе бойынша тойлайды. Мереке 25-желтоқсанда басталып, отыз күнге дейін ұласып жатады. Олар саулық, байлық, махаббат белгісі ретінде үйлерін бамбук, алша бұталары және шыршамен сәндейді. Бұл айда жапондар міндетті түрде шіркеуге соғып, құдайдан бақыт пен денсаулық сұрайды. Ал Жаңа жыл күні бір-біріне қонаққа барып, нандарды ақ пен алқызыл түске бояйды. Ақ пен алқызыл түстер сәттілік әкеледі дегенге сенеді.

Таиландтың Жаңа жылы 13 сәуір

Сонгкран деп аталатын тайлық Жаңа жыл көне үнді астрологиялық күнтізбе бойынша жыл ауысқанда, жаңбыр маусымында тойланады. Олар буддалық монахтарды мерекелік асқа шақырып, Будда мүсіндерді раушан мен жасмин жапырақтары араласқан сумен жуады. Бұл күні құрғақ қалатын адам жоқ. Тайлықтар көшеден өтіп бара жатқандарға ақ саз бен тальк қосылған су шашады. Бұл – бір жылда бойда жиналған негативтен арылтуға көмектеседі дегеннен шыққан. Жүргіншінің артынан не иығынан су төгу – бақыт тілеуші дегенді білдіреді.

Бирмалықтардың да Жаңа жылы сәуірде өтеді (нақты күнді Үкімет белгілейді)

Бирмалықтардың Жаңа жылы 12 мен 17 сәуір аралығында өтеді. Бұл мерекенің жергілікті атауы – Тинджан. Олар жаңбыр құдайының назарын өздеріне аударту үшін бұл күнді сауық-сайранмен өткізеді. Жастар үлкендерге құрмет білдіріп, шашын бұршақ пен шөп тамырларынан жасалған сусабынмен жуып береді. Сонымен қатар, су қоймаларындағы балықтарды құтқарып, үлкен көлдерге жіберу дәстүрі бар. Ол «мені он рет құтқару үшін, сені бір рет құқарамын» дегенді білдіреді екен.

Үндістанда Жаңа жыл бірнеше рет тойланады

Жаңа жылды Үндістан секілді бірнеше рет қарсы алатын мемлекет жоқ. Үнділердің дәстүрлі Гуди-падва жылы наурыз айында аталып өтіледі. Көптеген штаттарда Жаңа жылды сол жерде өмір сүріп жатқан халықтардың дәстүрлі күнтізбесіне байланысты өткізеді. Олардың ішіндегі ең ірілері – Бенгаль Жаңа жылы, Хопи. Бояулар фестивалі көктемнің басында тойланады. Бірінші кеште Холик әйел құдайының тұлыпын жағып, адамдар бірін-бірі ашық бояулармен шомылдырып, мәз-мейрам болысады.

Эфиопияның Жаңа жылы 11-қыркүйек

Жаңбыр маусымы аяқталатын уақытта (11-қыркүйекте) Эфиопия мемлекеті Жаңа жыл – Энкутаташты тойлайды. Олар үлкен алаңға жиналып эвкалипт пен шырша ағаштарын тұрғызып, жағады. Сосын өртенген ағаштың басы қай жаққа құлайтынын қарап тұрады, жанған бөрене құлаған бетте өнім мол болады дегенге сенімнің нышаны. Мейрам күні эфиопиялықтар ұлттық киімдерімен шіркеуге бару дәстүрі бар. Балалар гүл түптерін көршілерге таратып, ақшалай сыйлық алады. Қыздар ән айтса, ұлдар сурет салады екен.

Израильдың Жаңа жылы күзде

Еврейлердің Жаңа жылы Рош ха-Шана қыркүйекте немесе қазан айында келеді. Мәселен, олар биыл 5779 жылды қарсы алды. Бұл мейрам күні «Өмір кітабына» жазылып, бір-біріне ақ тілектерін жаудырады. Сол сияқты балға батырып алма жеу дәстүрі бар. Ол жылдың тәтті болуына септігін тигізеді дейді. Олардың сенімінше осы күні Адам жаратылып, жұмақтан қуылған екен.

Грекиядағы қасиетті Василий күні

1 қаңтар Гректер үшін тек Жаңа жыл емес, жарлыларды жебеуші  Ұлы Василий күнін еске алу мерекесі. Бұл күннің басты тағамы – жаңғақ пен жидек қосып әзірленген василопит бәліші. Оның ішіне міндетті түрде «бақыт әкелетін» тиын салынады. Тиын бұйырған адам сол жылы ең бақытты жан болады дегенді білдіреді. Аңыз бойынша қасиетті Василий осылай өз байлығын кедей жандарға үлестірген екен. Грек балалары Жаңа жылдық сыйлықты Санта-Клаус немесе Аяз Атадан емес, сол Ұлы Василийден күтеді.   Балалар таңертең тосын сыйға қол жеткізу үшін түнде өз кебістерін ошақ ауызына қойып кетеді.

Шотландияда Жаңа жылы – 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түн

Самайн – бұл өнім жинау маусымы өз мәресіне жеткенде, Жаңа жылдың басын білдіретін көне кельттердің мерекесі. От, білте шамын жағу бұл күннің басты атрибуттары. Оттың ортасынан малдарын айдап өтіп, өздері де секіріп жатады. Кельт ұлттарында, Шотландия, Ирландия мен Мэн аралында 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түн жылдың басы болып есептеледі.

Ұлыбританияда Жаңа жылды 14 қаңтарда тойлайтын халықтар бар

Пембрукшир мен Гваун алабында ескі дәстүрмен келе жатқан халық тұрады. Барлық Ұлыбритания григориан күнтізбесіне көшкеніне қарамай, олар 1752 жылды тойлап отыр. Гваун алабына Жаңа жыл 13 қаңтарда кіреді. Бұл күні балалар уэлсь тілінде ескі әндер айтып, сыйлықтар алу үшін көршілерге соғады.

Ескі Жаңа жыл қайдан шыққан?

Ескі Жаңа жыл юлиан күнтізбесінен григориан күнтізбесіне көшу барысында пайда болған. Олардың айырмашылығы арасындағы 13 күн. Яғни, қаңтардың  13-нен 14 қараған түні тойланады. Бұл мейрам Ресей мен Кеңес Одағының құрамында болған бірнеше мемлекетте тойланады. Оған қоса, Косово, Босния мен Герцеговина мен Черногорияда мерекеленеді. Македонияда ескі Жаңа жылды көшеде қарсы алу дәстүрі бар. Көршілер үстелді далаға алып шығып, дастархан жайып қарсы алады.  Ал Швецарияда бұл күнді «Ескі қасиетті Сильвестр» күні деп атайды. Ал Сербияда сербтік Жаңа жыл деген атауға ие. Жапониядағы ескі Жаңа жыл – Риссюн, көктемнің басы болып есептеледі.

#жаңа жыл

Ұқсас материалдар

Әріптестер