қанына тартты, қары сынбады
Бэлла Орынбетова
Оралмандар. Әдетте елге оралған қандастар бұл сөзді жақтырмайды. Себебі де бар шығар. Қалыптасып қалған стереотип бойынша жергілікті жұрт "оралман" дегенде әлеуметтік жағдайын айтып шағымданатын, көмекке зәру адамдарды елестетеді. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері атажұртқа 1 млн астам қандасымыз көшіп келді. Олар қайда? Немен айналысады? Жағдайы қалай?
БАТЫР ХАМЗАҰЛЫ, ДИЗАЙНЕР, 35 ЖАСТА, ТҮРКИЯДАН 2004 ЖЫЛЫ КЕЛГЕН
Алғаш рет 2004 жылы келдім. Ол кезде қыдыруға, жалпы Қазақстанды көруге келген едім. Содан соң 2008 жылы түпкілікті қоныс аударамын деп келдім. Алайда анамның денсаулығына байланысты 2013 жылы Түркияға қайтуыма тура келді. Екі-үш жылдан соң Қазақстанға қайта оралдым.

Қазақстанға келерде ешқандай қорқыныш болмады, себебі мұнда таныс-туыстар көп еді. Қыдыруға келген кезде де ешқандай негатив жағдайлар болған жоқ, сондықтан да емін-еркін жүрдім.

Дегенмен алғаш кезде аздаған түсініспеушілік болды. Мәселен Қазақстанда менталитет сәл өзгеше. Адамдардың ой-санасы бөлек. Мен бастапқыда Қазақстандағы адамдар бауырмал шығар деп ойлаған едім. Керісінше, Түркияда адамдар арасында мейірімді көбірек байқаймын. Содан соң Қазақстанда жұмыс істеу әдісі басқаша. Мен осыған дейін Түркияда, Мальтада, Ұлыбританияда жұмыс жасадым. Фрилансермін, яғни тапсырыстар алып еркін жұмыс жасаймын. Тапсырыс беруші өзіне не қажет екенін жақсы біледі, өз саласының қыр-сыры, нарықтағы сұраныс, трендтер туралы түсінігі бар. Ал Қазақстанда әдетте адам өзіне не қажет екені туралы сізден кеңес сұрайды. Мысалы, тапсырыс алмас бұрын шақырып, ақылдасады, соған қарай жұмыс береді. Кей жағдайда жасалатын жұмыс туралы мүлдем хабары жоқ, сырттан «осы керемет дизайнер, аниматор екен» дегенді естіп келеді. Мұндай жұмыстар ұзаққа созылады. Екінші мәселе - тіл барьері. Мен алдымен Алматы қаласына келдім. Халықтың көпшілігі орысша сөйлейді. Менің араласатын ортам тек қазақ тілді адамдар болды. Бұл кәсіби тұрғыдан да әсер етті. Ол кезде тапсырыс берушілерім тек қазақ тілді адамдар еді. Сондықтан бірінші рет келгенде өз алдыма қоған мақсат-межелерге жетпеуімнің себебі осы деп білемін. Ал қазір менің тапсырыс берушілерім қазақ тілді және халықаралық шетелдік компаниялар.
Қазақстанда өзіме ұнамаған, үйреніспеген дүние - тіл мәселесі. Қазақша біле тұра орысша сөйлейтін, оны мәртебе санайтын адамдарды жақтырмаймын. Жақында ғана бір жағдай болды. Бір фирма сайттарын жаңартып, ерекше дизайн жасағысы келеді екен. Халықаралық компаниялардан біз туралы жақсы пікірлер естіп шақыртыпты. Жұмыс шарттарын талқылап отырмыз:
- Сіздердің командаларыңызда орыс тілді маман бар ма?
- Сіз қазақша түсініп отырсыз ғой. Фирмаңыздағы 90 адамның 85-і қазақ. 85 адамның 90%-ы қазақша сөйлей алады. Сонда орыс тілі сізге не үшін қажет?
- Енді терминдер бар ғой. Техникалық терминдер бар, оларды сіздерге дұрыс түсіндіру керек қой?!
- Мәселен қандай сөз? Мен осы салада біраз жылдан бері жұмыс жасаймын, бір де бір орыс терминін білмейді екенмін.
- СЕО, СММ сияқты...
Сондағы сеосы - SEO – Search Engine Optimization. СММ дегені Social Media Marketing. Ол осы сөздерді орыс тіліндегі сөз деп ойлап жүр ғой. Бұл адамды надан дегің келмейді. Бірақ бұл жағдай "ақпараттық надандық" деп аталады.

Мен тез бейімделдім. Еуропадан «Қазақстан – атажұртым» деп сағынышпен келген қазақ балалар болды. Олардың проблемасы тіл білмейтін еді. Мысалы, Саттар деген таныс жігіт Англиядан келді. Бастапқыда сол Англияда танысқан қазақ балалардан ажырамай жүрді. Бірақ 3 жыл тұрып не тілді үйренбей не менталитетке бейімделе алмай елге деген сағынышын сәл басқан болып қайтып кетті.

Түркияда болғанда қазақ болу артықшылығым бар еді. Себебі түркі халықтарында позитив патриотизм бар. Көбінесе түркілер, пантуранистер қазақтарды ұнатады. Қазақтарды нағыз түркілер деп есептейді. Қайда барсаң да бір симпатияны сезесің. Ал Қазақстанға келгенде мұндай артықшылығым жоқ (күледі). Бәрі қазақ. Бірақ бір жағдайды байқаймын. Оралманға да түрлі көзқарастар бар. Әдетте оралман екенімді білген соң «қай жақтансың?» деп сұрайды. Мен Түркиядан келгенімді айтамын. Ал мен сияқты оралмандар бар, мысалы Өзбекстаннан, Қытайдан, Моңғолиядан келген. Оларға көзқарас басқаша. Шығыстан келді ме Еуропадан келді ме бәрібір емес пе? Бірақ жергілікті қазақтарға ол маңызды. Оның себебін әлі түсінбедім. Менің ата-бабаларым, Қазақстанда тұрған, кейін Қытайға, одан әрі Түркияға көшкен. Түркияда бізді Пәкістан арқылы келгендіктен Кашмир қазағы дейтін, кейін бұл жақта Түркияның қазағы дейді. Бастысы қазақ екенім емес пе?

Қазақстандағы басты жетістігім...
Қазір біреуге бірдеңе дәлелдегім келмейді. Жасым отыздан асқан соң өмірге көзқарас та өзгереді екен. Бұрын жойқын жоспарлар болса, қазір прагматизм басым. Орташа есепті қазақстандықтар бизнес деген үлкен ғимараттағы кеңсе, қарамағындағы 30-50 адам деп ойлайды. Маған ол маңызды емес. Қазір команда болып жұмыс жасаймыз, бір программист- үндіс, 3D модельдер жасайтын жігіт - ағылшын, суретшінің бірі қазақ. Кез келген жұмысқа кірісе бермейміз, көңілімізден шығатын, өз ұстанымымызға сай, шабытпен жасайтын тапсырыстарды ғана аламыз. Бастысы сапалы дүниелер дайындау. Қазір жастар шетелге кеткісі келеді ғой. Бірақ шынымен мықты маман болсаң ол жаққа барудың қажеті жоқ. Әлемнің кез келген түкпірінде отырып та халықаралық жобалар жасауға болады. Мәселен бұрынырақ 2008 жылдары Coca Cola, Intel сияқты халықаралық компаниялардың қазақстандық сайттары, жарнамалары жоқ еді. Мәселен Coca Cola компаниясының барлық жарнамалары, медиа өнімдерін жасайтын McCann Erickson компаниясы қазақстандық сегментке арналған диджитал акциялар, медиа өнімдерді Еуропа, Ресей, Түркия компанияларына тапсырыс беріп жасататын. Жергілікті бір де бір компаниямен жұмыс жасамаған еді. Мен осы компаниямен шарт жасасып, тапсырыс орындаған, қазақ тіліндегі өнімдер жасаған алғашқы қарлығаш болдым. Қазір мұндай халықаралық компаниялардан тапсырыстар көбейді. Олар жергілікті нарыққа көңіл аудара бастады. Қазақстанда жасалған жұмыстарым көп, кейбір браузерлердің қазақшалануына себепкер болдым, сіздің сайтта қазір де тұрған Photoshop, Adobe After Effects және басқа да кәсіби бағдарламаларының видео курстарын дайындадым, 100-ден аса мультфильм, анимациялық жұмыстар жасадым. Бірақ басты жетістігім әлі алда.
.
ОРАЗБЕК БАЙБӨРІ, ИНЖЕНЕР, 34 ЖАСТА. ҚЫТАЙДАН 2008 ЖЫЛЫ КӨШІП КЕЛГЕН
Алғаш рет Қазақстанға 2005 жылы желтоқсан айында келдім. Бұл кезде жағдайды білмекке келіп, шамамен 10 күндей аялдадым. Кейін 2006-2007 жылдары да келіп бой үйретіп жүрдім. Сол кезде елге қоныс ауарамын деп шештім. Алайда ол уақытта Қытайда Шынжаң университететінде мұнайшы геолог мамандығы бойынша оқып жүргенмін. Университетті бітірген соң 2008 жылы көшіп келдім. Бастапқы кездерде біраз қиындықтар болды. Біздің Қытайдағы қазақ тілі мен Қазақстандағы қазақ тілінен сәл өзгеше. Орыс тілі тұрмақ қазақ тілінің кей тұрмыстық сөздерін түсіну қиынға түсетін. Кейін үйреніп кеттім.

Қазақстанда ұнағаны адамдармен тіл табысу. Мәселен, поезда, автобуста болсын адамдармен шүйіркелесіп, бауырыңдай араласып кетесің. Көрші-қолаңмен араласып, кем-кетігіңді алып, қол ұшын бересің. Қандай да жағдай болмасын ел ішінде екеніңді сезінесің. Көмек керек болса көшедегі адамның өзінен жәрдем сұрай аласың. Ал Қытайда керісінше. Әркім өз күнін өзі көреді, өзіне ғана сенеді. Қазақстанда, әсіресе ауылдық жерлерде нағыз қазақылық бар. Ал ұнамайтыны – қазақтар өз жерінде, өз тілінде сөйлеуге қысылады. Қазақстанда тұрып, қазақ екенін көрсең де, "бұл қазақша біле ме екен?" деген сұрақ туындайды. Бір абсурд дүние мен үшін. Былай қарағанда жоғары білімді адаммын, бір саланы жұрттан артық білем. Бірақ кей органдарға барсаң бланкіні орыс тілінде беріп қояды. Таңдау құқың да жоқ. Толтыра аласың ба жоқ па - бәрібір. Сөйтіп өз еліңде адамды мүсәпір етіп қояды.

Қазақстанда туып-өспегендіктен бір жетістікке жету үшін өзгелерден артық еңбек етуің керек. Мұнда сені итеріп, көтеретін аға-көкең жоқ. Қазақстанға келген соң біраз сыннан өттік. Университетте оқып жүргенімде басқа курстастарым ауылына демалуға бара жатқан кезде, мен қосымша кәсіпті меңгеру үшін қалып, дәнекерлеуді үйрендім. Қазақстанға келгенде бірден кәсібім бойынша жұмыс жасағаным жоқ. Құжаттарым дайын болғанша құрылыста жұмыс жасадым. Бұның кейін маған көмегі тиді. Жалпы білмеген дүниеңді үйрену ұмтылу, түрлі кәсіпті меңгеру, жұмыстан қорықпау өз нәтижесін береді.

Жеңіс оңайлықпен келмейді. 2009 жылы құжаттарым рәсімделген соң «Ақтөбемұнайгаз» компаниясына келдім. Бұл жылдары мұнай саласына кіргенде ол жерде негізгі мамандар Қытай мемлекетінен келген таза қытайлар еді. Технолог, геолог, инженер сияқты мамандардың бәрі шетелдіктер. Қазақ жігіттер қара жұмыста. Мен 2011 дейін оператор болып жұмыс жасадым. Қытайда оқыған, тілін білгендіктен 2012 жылы инженер болдым. Басқа жігіттер де ақырындап көтеріле бастады. 2015 жылы бас инженер болдым. Қазір геология, бұрғылау технологиясын бүге-шігесіне дейін білемін. Бүгінде қол астымда біраз қазақ жігіттер бар. Оларға тілді, компьютерді үйретіп, шетелдік мамандардан кем түспейтін маман етіп баулып жүрмін. Біз мұнайға байланысты кез келген шаруаны дөңгелетіп, жеке қызмет жасай алатын жағдайға жеттік. Кезінде қара жұмыста жүрген қазақ жігіттері бүгін білікті инженер, геолог, технологтар. Олар қазір барлауға да, бұрғылауға да қатысып, мұнай ісінің қыр-сырын жетік біледі. Мен үшін басты жетістік осы.
ДУРВУДХАН CҰРАҒАН, МАТЕМАТИК, 30 ЖАСТА. МОҢҒОЛИЯДАН 2005 ЖЫЛЫ КӨШІП КЕЛГЕН
Мен Қазақстанға 2005 жылы келдім. Басты себеп ата жұртқа деген генетикалық деңгейдегі ностальгия. Қазақша айтқанда қанға сіңген сары сағыныш атажұртқа оралуыма себеп болды. Келе сала Ұлттық университетке емтихан тапсырып, оқуға түстім. Абай айтқандай, «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын». Ондайдан аулақ болдық. Қарын аш, сары уайымға салынған студенттік күндер де болды. Уайым да болды. Себебі атажұртқа оралып, жалаңқол келгеннен азаматтық алғанға дейін біраз уақыт өтті. Мақсатымызға жету үшін тынбай оқу оқыдық, еңбек қылдық. Солай ел қатарына іліктік.

Бастапқыда бейімделу оңай болды деп айта алмаймын. Адам бір эммиграция жасаған кезінде шамамен жарты өмірін жоғалтады. Оның орнын толтыру оңай емес. Қарапайым тұрмыстық әдет-ғұрыптан бастап, тіл мәселесіне дейін қиындықтар көп болды. Тіл деген өзі тірі организм сияқты ғой, өскен жеріне бейімделеді. Айталық, ирандық қазақтардың қазақ тілі мен қазақстандық қазақтардың тұрмыстық қазақ тілінде үлкен айырмашылық бар. Ираннан бір қазақ келсе, қазақстандық тұрмысқа оңай сіңісіп, еркін ой алмасып кете алмайды. Сол сияқты өзге тілді айтпағанда өз ана тілімнің өзгешеліктеріне бейімделу керек болды. Дегенмен елім-жерім деп келген адам ондай қиындықтарды оңай бағындырады. Ең бастысы сенім, еңбек, эмоция ғой. Бұл қиындықтарды жеңіл жеңесіз, табиғи қиындықтар ретінде қабылдайсыз.

Елге келгенде ең алдымен ұнағаны - өз елім, өз жерімде жүруім. Өзіме деген сенімділік пайда болды. Әрине, бұл әр саналы қазақтың бойында бар нәрсе. Егер сіз шетелде жүрсеңіз көңіліңіз атажұртқа ауып, ойыңыз ала болып жүреді. Ал атажұртқа келіп төртеуіңіз түгел болып тұрса, сеніммен, аянбай, алаңдамай еңбек етесіз. Сүйсіне жасаған еңбек төбедегіні алдыңызға алып келеді.

Ал алаңдаушылық тудыратын дүние - ұлттық құндылығымыздың толық қалыптаса қоймауы. Ең алдымен ел болып, ұлт болып қалыптасуымыз қажет. Ұлттық идеологиямыз толық қалыптаспаса өз елімізде бөтен елде жүргендей сезімде боламыз. Бұл әр азаматтың бойындағы сенімін қашырады, істеген ісіңізде де берекет болмайды.

Менің негізгі өзгешелігім – алғышарттардың басқа болуы. Адамдардың бәрі бастапқыда бір мектепте оқиды, бір жүйемен білім алады. Ал мен басқа ортадан келдім. Танымым, ұлтым қазақ болса да, көп мүмкіндіктер менде болған жоқ. Бастапқы жағдайдың басқа болуы мені еңбек етуіме, өзімді танытуыма итермеледі. Мен елге 17 жасымда өзім жалғыз келдім. Әкем ерте қайтыс болған. Ел қатарлы жатақханада тұрып, алға өздігімнен ұмтылыс жасадым. Байқайсыз ба, шеттен келген қандастар еңбекқор болып келеді. Себебі олар бәрін тастап жаңа ортаға келеді, бәрін жаңадан жасауы керек болады. Ол үшін еңбек ету керек, бұл басты талап. Міндетің отбасыңды асырау, немесе өз салаңда еңбектеніп жетістіктерге жету. Осылайша сырттан келген қазақтар еңбек етіп, кейін бұл әдет-ғұрыпқа айналып кетеді. Мысалы менің бір туысқан ағам бар. Ол кісі Моңғолияда ауқатты болды. Ел алдында ерекше тер төгіп еңбектенгені есімде жоқ. Мал, дәулетінің арқасында өмір сүріп жүрген адам болатын. Бірақ атамекенге оралам деп, мал-үйін сатты. Ол жақта малдың құны айтарлықтай жоғары емес. Жерін, мүлкін тастап елге келді. Қарап отырсаң қоры да көп емес, ол жақта істеген жұмысымен бұл жақта мал таппайды. Бірақ бала-шағасын асырау үшін бір кәсіппен айналысу керек. Сөйтіп жұмысқа кірісті. Қазір ел ортасында жүрген талантты бизнесмендердің бірі.

Атажұртқа оралған оралман қазақ дегеніміз, қазақтың әлсіздігі емес, қазақтың қуаты. Ол - қазақтың запастағы күші, адами капиталы, ұлттық экономикасы, ұлттың демографиясы, ұлттың атын мәңгілік қылудың амалдары. Әртүрлі пікірлер бар ғой, "оралмандар қиын-қыстау кезеңде ауып кеткен, бүгінде көмекке мұқтаж топ" дейтін терісқағыс ойларды да естиміз. Ал Моңғолияның қазақтарын моңғолияның еврейлері дейді. Неге дейсіз ғой? Себебі олар Моңғолияда өз талантын, қабілетін көрсеткен сондай бір этникалық бөлік. Олар қазір Моңғолияның экономикасын көтеруге өз үлесін қосуда. Ал Қазақстанға келсе одан екі есе әлеуетін көрсететін болады.

Қазір қазір үш бағытта еңбек етудемін. Бастысы ұстаздық бағыт – қазір жоғары оқу орындарында дәріс берудемін. Менің ғана емес, елдің үміті болып жүрген мықты шәкірттерім бар. Екінші бағыт - математика ғылымының бірнеше салаларымен айналысамын. Ғылыми нәтижелерім әлемдік деңгейде жақсы бағалануда. Өткен жолы математикалық монографияға берілетін әлемдегі ең басты сыйлық -The Ferran Sunyer халықаралық премиясын алдым. Жалпы алғанда Ұлттық ғылыми техникалық сараптама орталығының мәлімдеуінше отандық ғылымдардың ішінде әлемдік деңгейде сапасы мен саны жағынан жоғарғы сапта тұрған бірден бір ғылым – математика. Отандық математика саласында жұмыс істеп жүрген ғалымдар еңбегінің жемісі. Қазір адамдар ғылымда сыйлық алу үшін жұмыс жасамайды. Бұл спорт емес, біреуден озып кететін. Ғылымды ғылым үшін, рухани байлық үшін, адамзаттың ой өрісін кеңейту үшін жасаймыз. Ал енді үшінші бағыт - қоғамдық жұмысқа да уақыт бөлудемін. Мысалы TEDx, форумдарға қатысып, қоғамдық істерге белсенділік танытып жүрмін.

Басты жетістігім - еліміздің өркендеуіне, дамуына аз да болса үлес қосатындай дәрежеге жеткендігім деп ойлаймын. Математикадағы жетістігім қазақ ғылымын танытуда. Қазақ тек спорт, өнерден ғана емес, ғылым жағынан да жетістіктерге жетіп жатыр.
НҰРБОЛАТ КЕРЕЙБАЙҰЛЫ, ДӘРІГЕР-ТЕРАПЕВТ, 32 ЖАСТА. МОҢҒОЛИЯДАН 2018 ЖЫЛЫ КӨШІП КЕЛГЕН
Қазақстанға келгеніме 8 ай болды. 2013 жылы қарындасым Қазақстанға ұзатылды. Артынан жасауын апарғанда бірінші рет келдім. Содан ойланып, былтыр ғана атажұртқа келуге бел байлап, отбасыммен көшіп келдім. Жалпы өзім 2009 жылы Ұланбатор қаласында Мемлекеттік медициналық университетті бітірдім. Мамандығым терапевт дәрігер. Содан соң Баянөлгейде 9 жыл жұмыс жасадым. Оның 3 жылын балалардың сал ауруын емдейтін клиникада, қалған 6 жылын егде адамдарға арналған санаторийде дәрігер болып жұмыс істедім. Қазақстанға келгенде де мамандығым бойынша жұмыс істемек болып, №2 емханаға орналастым. Алайда тіл барьері оңай болмады. Медициналық терминдерді жақсы білгеніммен, емделуге келетін адамдармен сөйлесу қажет. Сондықтан емханадан шығып, өзім жеке кабинет аштым, шығыс медицинасының ем-домын жасап жүрмін. Жолдасымның екі жоғары білімі бар, ағылшын тілінің мұғалімі, әзірге дипломы нострификациядан өткенше балабақшада тәрбиеші болып қызметке орналасты.

Қазақстанға алғаш келгенде туған-туыстардың ортасына түскен едік. Осы жолы көшіп келгенде халықтың біраз бөлігі орыс тілді екенін байқадық. Мен көшкенде дүние-мүлкімді, малымды сатып аздаған қормен келдім. Бізбен бірге бес отбасы көшіп келген еді. Екі отағасының жасы қырықтан асқан адамдар, олар бейімделе алмай кері қайтты. Ал қалған екі отбасының екеуі де медиктер еді. Бірақ олар жұмыс таба алмай өзге салаға кетті. Қазір құрылыста жұмыс істейді. Бір қарағанда қазақтардың ортасына келіп қазақ тілінің сұранысқа ие болмауына байланысты дипломы бар азаматтардың қара жұмысқа кетуі қынжылтады.

Мен өзім ем-дом жасайтын кабинетіме ұлттық нақыштағы дүниелерді қойып қойдым. Оралмандар ою-өрнекті жақсы көреді дейді. Бұл жай ғана әшекей емес, идентификация. Төсекте ою-өрнектер, қабырғада қобыз ілініп тұрғанын көргенде кірген адам қазақша сөйлей ме деген ой ғой. Қазір халықтың ішінде сұранысқа ие түрлі процедураларды жасаймын, оның ішінде массаждардың түрлері, шөппен емдеу, ине салу, хиджама, тағы басқа да ем-дом түрлері бар. Ұланбаторда балалардың сал ауруын емдеумен айналысқанмын, қазір өзім Астанада сал ауруына шалдыққан үш баланы тегін емдеймін. Кабинетіміздің ашылғанын естіген ағайын-тумалар да келіп тұрады. Ақырындап клиент жинап жатырмыз. Кейін үйренісіп, қор жинаған соң сол өзіміз тұратын Қоянды ауылында кәрі адамдарға арналған арнайы пансионат ашқым келеді.
Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос.
Абай


Суреттер pixabay.com сайтынан, кейіпкерлердің әлеуметтік желідегі парақшаларынан, фотограф А. Мухатовтан алынды