Ұлы адамдар өмірі: Ғабит Мүсірепов

Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік тұлға жайында 10 дерек

Ғабит Мүсірепов – қазақ әдебиетіндегі сөздің жілігін шағып, майын ішкен нағыз майталман, қаламынан қарымды туындылар туған сөз зергері. Онымен қоса, өмірде өзінің тым талғампаздығымен, кірпияздығымен ерекшеленген жазушы. Үлкен талаптың жоғарысынан қарап, сөз өнерінің қадір-қасиетін жанымен түсінген жан. Оның әйел тақырыбына жазылған шығармаларының орны бір төбе. Қазақ қыздарының басындағы теңсіздікті бір кісідей түсініп, түсініп қана қоймай ол туралы өткір де өтімді  туындылар әкелу арқылы прозада өз орнын айшықтап кеткендей. Өзінің 83 жылдық ғұмырында қазақ прозасының мәртебесін көтеріп, оған өшпес мұра қалдырып, кезінде аты былғанған жазушыларды ақтап алу мәселесіне де білек сыбана кірісті. Оның публицистика жанрларын дамытуға қосқан үлесін де кейінгі ұрпақ жақсы біледі. Саналы ғұмырын әдебиет мйданында өткізген Ғабит Мүсірепов туралы, оның хоббиі мен жеке өміріне қатысты 10 дерек ұсынамыз.

1. Ғабит Мүсіреповтің азан шақырып қойған аты – Ғабде-әл Ғабит

Қаламгердің әкесі Махмұт діни сауатты, өз ортасында беделді, парасатты жан болған екен. Олардың отбасысы турасында Сәбит Мұқанов былай деп жазып қалдырған: «Кәжімбайдан: Мақмет (Махмұт», Ақан, Мақан, Самырат туған. Бірақ Махмұтты Мүсіреп бауырына салып, Кәжімбайға енші бергенде алып қалыпты. Махмұт сол үйден ер жетіп, сол үйде шаңырақ көтеріп, еншіні де сол үйден алған. Ол мұсылманша сауатты, газет-журналдарды үзбей қарап отыратын ақылды жан болған. Бір сайлауда ауылдық старшындыққа да тағайындалғаны бар. Ал әйелі Дина үлкенге келін боп, кішіге жеңге, жастарға шеше болып жаққан адам. Ол – менің кіндік шешем», – деп жазады. Сонымен қоса, Ғабит Мүсіреповтың азан шақырып қойған аты «Ғабде-әл Ғабит» екенін де айтып кеткен сол кісі. Әкесінің діни сауаттылығын да осы жерден байқаймыз. Жазушы да алғашқы білімді молдадан алған. Барлық шығармаларын төтеше жазғанының себебі де сол шығар.

2. Мүсіреповтің әдебиетпен айналысуына түрткі болған адам – Сәбит Мұқанов

Қос жазушының жас аралығы бар болған екі жас болған. Оның үстіне, Сәбит Мұқанов Ғабеңнен сәл ертерек әдебиетке араласса керек. Жазушы өзінің «Автобиографиялық әңгімесінде» былай деп жазады: «Менің кітапқа деген құмарлығымды, азды-көпті сынай алатынымды байқап, Сәбит маған – «жазуға кіріс» деп мазалап жүрді» дейді, «Сәкеннің көрдей қараңғы бөлмесінде Сәбитпен бірге тұрдым. Бейімбет пен Сәкеннің өлеңдерін газет-журналдардан оқи бастадым. Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» бір түрлі әдемі жазылғанын көрдім. Ішімнен жазуды қаласам да, қолым бармай жүрген».

Бұл сөзінен, оны жазуға итермелеген алғашқы адам Сәбит Мұқанов болғанын аңғаруға болады. Оның үстіне, Мұқановпен бірге Орынбордағы рабфакта бірге оқып жүргенде, өзінің алғашқы әңгімесі «Тулаған толқынданы» өмірге әкелген. Ал одан кейін жанына ертіп, ақыл-кеңесін айтып, шығармашылық қолдау көрсеткен жазушылардың бірі – Бейімбет Майлин болды. Қос алыптың жол сілтеуімен ол өндіре жазды, көсіле жазды.

3. Жазушы аңшылықты ұнатқан

Қаламгердің аңшылыққа жаны құмар болғаны туралы көп естеліктер бар. Жұмыстың ауыртпалығынан арылу үшін кейде табиғат аясына серуендеп, төрт-бес күндеп қонып, жан сергітіп, әсем табиғатқа ішкі сырын ақтарып, шабыт алып қайтады екен. Арасында суға түсіп, балық аулап, ширайды. Мүсірепов туралы тағы бір естелікте оның үш мылтығы болғаны айтылады. Оның бірі – ескі бесатар болса, бірі – жапон мылтығы, ал үшіншісі – малопулька. Соңғысын көбнесе өзімен бірге алатын болыпты. Сондай аң аулаудың қызығына кіріп кететінін жары Хұсни де жақсы білген. Бірде Ғабең аңға кетіп бір жетіге таяғанда барып, үйіне оралыпты. Әбден шаршап, шалдыққан. Өзімен ала келген үш құсты әйеліне беріп жатып, «мына құстардың жүнін жұлып, тамақ әзірлерсің» дейді. Сөйтіп, жары сөзге келмей, тауықтың жүнін жұлып жатып, «Ғабе, мынаның бәрін өзің аттың ба?» – депті. «Сонда менің атқаныма сенбей тұрмысың?» – дейді жазушы, «Жоға, бәрінің тамағынан дәл тиіп бауыздалғанын айтамын», – дейді әйелі. Сосын тамақтарына қадалған сексеуілдерді шығарып, «мынамен дәл көздеп атқансыз ғой, ә» депті. Қаскелеңдегі бір базардан сатып алынған тауықтар кекілікке ұқсаса керек.

4. Таяқ жону – бір хоббиі

Проза мйталманының жазудан шаршағанда айналысатын ерекше хоббиі болыпты. Ол – таяқ жону. Барған жерлерінде көзіне түскен әдемі бұтақтарды кестіріп алып, соны жонып, әдемі таяқтар жасап шыққан. Оның саны бірнешеу болған. Ол таяқтар қазірде жазушының бірнеше мұражайларында экспонат ретінде сақталған. Жұрт Мүсірепов мұражайында ерекше қызыға қарайтын дүние бар. Ол өзінің сүйікті досы Ғабиден Мұстафиннен келген  ерекше орындық-таяқ. Оның екі құлақшасы болған. Ол құлақшаларды жазса орындық болып шыға келеді, ал жинаса қолға ұстайтын таяқ бола қалады. Бұл туралы Алматы қаласында өзі тұрған музей-үйінің директоры Әділғазы Қайырбеков айта кетеді. «Ол сыйлықта мынандай әзіл сөз жазылған: «Іші кепкен, тоқалы тепкен, жетпістегі сылаң шалға сыйладым. Таяқ – үшінші аяқ. Ғабиден».

Жазушы Мыңбай Рәштің мына бір естелігін де баспасөз беттерінен оқуға болады. Серуенге шыққан Ғабең жуантықтау қысқа келген таяқты өзімен тастамай алып жүрген. Бірде Ғабиден Мұстафин екеуі, оларға жолдан Нығмет Ғабдуллин қосылып, Алматы көшесінде келе жатып, Ғабеңнен көзі анандай жерде тұрған бұтаққа түсіп кетеді. «Шіркін-ай, ана бұтаққа қарашы, Ғабиден», – дейді. Өзі де қурауға шақ қалған бұтақты ертең-ақ кесіп тастайтынын айтып жазушы қынжылыпты. Ертесіне Нығмет Ғабдуллин жазушының көзі түскен бұтақты кесіп әкеп берген екен. Балаша мәз болған Мүсірепов бұтақты аз уақыттың ішінде жонып, әдемі таяқша етіп қойыпты.

5. Жазуын қарандашпен жазған

Ғабит Мүсіреповтің жазу үстелінде оннан аса ұшы бар қара қарындаштар мен өшіргіш жататын болған. Шығарма жазу барысында ара-тұра қателікке жол берсе, оны жалма-жан өшіріп, түзетіп отырған. Сол себепті, оның дәптерлерінен сызып түзетілген сөздерді табу қиынның қиыны. Оған бірден бір дәлел болатын «Жат қолында» романының түпнұсқасы. Араб әрпімен жазылған туынды көп нәрсенің бетін ашып, жазушының сұлулыққа, тазалыққа қаншалықты ден қойғанынан хабардар етеді. Жазу үстелінде сия сауыты пен қаламы да болған. Оны өзі айтқандай, ресми жазуларға ғана пайдаланыпты.

Кейбір деректерде 50 бет жазбасының 45 бетін қалдыратыны айтылады. Таза мәтін алу үшін қайта-қайта өшіріп, ұнамаса тіпті жыртып тастайды екен. Талғампаздығы мен кірпияздығы қаламгер жанына тыныштық бермесе керек. Тіпті, «Өмір ертегісі» романынының біраз жеріне келсе де, отқа жағып жіберген көрінеді. Себеп – шығарманың өзі ойлағандай шықпауы.

6. Бильярд ойнауды жаны сүйген Мүсіреповтің атында қазір турнир өтеді

Көз көргендер Ғабит Мүсіреповтың бильярд ойнына әуестігін ерекше атап өтеді. Әрине, ол басқа ойынның жоқтығынан емес. Жалпы, бұл шарды таяқ арқылы торға түсіретін ойын шығармашылық адамдарына өте пайдалы екен. Жазудан шаршағанда достарымен бас қосып, осы бір ерекше тақта үстіндегі қызыққа кіріп кететін жазушы жайында «Қазақстанға бильярдты әкелген – Ғабең» деген сөз айтылады. Бүгінде Ғабит Мүсірепов атында республикалық турнир өтіп тұрады.

7. 62 жасында 25 жасар актрисаны ұнатып, үйленген

Жазушының махаббат хаттарын өзінің екінші жары болған Раиса Мұхамедиярова ұзақ уақыт бойы жасырын сақтапты. Ғабеңнің қызы Гүлнәрдің айтуы бойынша анасы әдемі қорапта ұзақ уақыт бойы көзінің қарашығындай сақтаған хаттары жоғалып кетіпті. Кейінірек ол хаттар баспасөз бетінде жарық көріп, көпшіліктің қызу талқысына түсті.

«Жан сыры» хат-новелласында қаламгер әлдебіреуді іздеп жүргеніне он бес жылдың жүзі болғанын айтады. Соншама сағына, зарыға әйтеуір бір жанды ұзақ тосады. Тіпті, телефон соғып, хат та жазып қалар деп күтеді. «Атын да білмеймін, түсін де танымаймын. Бірақ тек соны сағындым. Он бес жыл іздедім, он бес жыл күттім. Ақыры бір жиналыста кездесті», – дейді.

(Ғабит Мүсіреповтің естелігінен үзінді)

1964 жылы Ғабеңнің жары Хұсни өмірден өтеді. Бұл уақытта жазушының сүйіктісіне айналған Раяның аяғы ауыр еді. Олар Хұснидің жылын өткізбей шаңырақ көтереді. Бұл дерек те ілгерідегі хатта айтылған. Бірақ, Мүсіреповтың екінші көтерген отауы көпке бармай, Раиса Мұхамедиярованың айтуынша әркімнің алпа-қашпа әңгімелерінен олар айырылысып тынады.

8. Түнгі ауысымдағы жұмысшы сияқты

Жазушы алғашқы уақыттар уәкілдік қызмет атқарса, өмірінің орта белінен асқанда жоғары лауазымды жұмысты атқарған. Бұл оның шығармашылығына өз әсерін тигізбей қоймапты. «Алғаш қалам ұстаған уақытта кеңседегі қызмет пен аласапыран замандағы ауыр шаруалар сағаттап жазу үстеліне отыруға мүмкіндік бермеді» – дейді өзі. Тар бөлме, бала-шаға мен оның үстіне жиі келетін қонақ шығармашылықпен айналысуға кедергі келтірсе керек. Бірақ, қалайда жазу керек деген мақсат оны түнде ұйықтатпаған. «Абыр-сабыр басылып, ел жатқанда, шымылдықтың артында, бір бұрышта түнгі сменаға шыққан жұмысшыдай жазуға отырасың», – деп жазады Ғабең.

9. Прозадағы ақын

Қаламгердің суреткерлігіне тамсанушылар оны прозадағы ақын деп таниды. Ғабеңдей жазушы қазақ әдебиетінде кемде кем. Оның кейіпкерлері ойға батырып, толғаныстарға түсіріп, жаныңды тебірентеді. Мүсіреповтың қай шығармасын алып қарасаң да, сұлу поэзияның әлеміне сіңіп кетесің. Онда поэзияға тән ырғақ та, әуен де, үйлесім мен үндестік те кездеседі. Әрбір оқырманын өмірдің сырларына тәнті етіп, терең ойдың түбіне тастап кеп жібереді. Музыкалық саздылықты да байқауға болады. Оған ұйқас енгізсеңіз болғаны, поэзияның көркем туындысына айналып шыға келеді. Сонымен қоса, шебер суреткердің пейзаж бен ситуациялық картинкаларды берудегі ерекшелігі бір төбе. Оның қыс пен жазды, көктем мен күзді, аптап ыстық пен ақ түтек боранды суреттеуіне елітіп кетерің анық.

10. 20 жасар жігітке айналып шыға келетін

Шәкіртінің бірі болған Сәбит Досанов Ғабең жайында мынандай естелік жазады: «Алдымен күтушіге бетіне арнайы массажын жасатады. Содан кейін пудра жағып, тон салады. Ырғала жүріп, еш асықпай киінеді. Француз әтірін себеді. Үлкен қара көзілдірік кигенде беттегі әжімдер жасырынып қалады». Сондай-ақ, галстук міндетті түрде костюммен үйлесім табуы керек немесе шұлығы да аяқ киіммен үндесуі керек. Таранып, сыланған соң, Ғабит Мүсірепов 20 жастағы жігітке айналып шыға келеді екен. Осыған байланысты, қаламгердің артынан бірталай сөз ерген көрінеді. «Көшеге шығарда қыздан бетер қылмиып, жігіттен бетер жылмиып, айна алдында әйелден де көп уақытын өткізеді», – деген секілді өсек ерген. Расында, жазушы айна алдында көп тұрып, өзіне сондай керемет күтім жасаған. Оның үстіне Ғабеңнен осылай жүруіне жары Хұсни де себепкер болған. «Басқалардың әйелі шалбарды су шашып үтіктесе, Ғабеңнің жары әтір сеуіп үтіктейтін», – делінген кей естеліктерде.

#Ғабит Мүсірепов

Ұқсас материалдар