Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері

 «Күнделікті өмірде қазақ тілін білгеннің көп көмегі тиіп жүр»

Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Оның үстіне, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді  үйренуге деген қызығушылық  артып келеді. Олар тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысып келеді. Сол сияқты олардың күнделікті өмірі мен қызметіне қазақ тілінің  көп көмегі тиіп жүр екен.  

Қазақ тілін туған тіліндей меңгерген  өзге ұлт өкілдерінің бірі – Оксана Лоскутова. Ол қазір Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент қорының баспасөз-хатшысы.  Алғашында «Астана» арнасында қазақ тілінде жаңалықтардың жүргізушісі болған оның қазақшасы кейбір қазақтарды да шаң қаптырады. Өмірде жан-жақты болуды жаны сүйетін Оксана көп ұлтты отбасында дүниеге келген. Әкесі орыс болса, анасы – қазақ. Дәл осы анасы оның қазақ тіліне деген махаббатын ашады. Мектепті аяқтап, университетке түсерде ол тілді толықтай меңгеруді ойлап, «қазақ тілі мен әдебиеті пәндері» мамандығын таңдапты. Осылайша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студентіне оқытушылар төрт жылдың ішінде қазақ тілін толық үйретіп жібергенін айтады. Себебі оқуға түскенше Оксананың қазақ тілі тек нан сұрай алатын деңгейде ғана болған.

Фотода: Оксана Лоскутова

– Жоғары оқу орнына түскенде алғашында не жазып отырғанымды түсінбейтінмін. Бірақ, қазақша жазу маған оңай тиді. Дәрістер кезінде оқытушының айтқанын жазып алып, артынан оның не жайлы екенін ұғына алмай қиналып жүрдім. Алайда, іштей  «кейін түсінем» деген бір сенім болғандықтан, барлық дәрісті тоқтамай қағазға түсіре бердім. Нәтижесінде күндердің күнінде не жазып отырғанымды түсінгенімді байқадым, – дейді Оксана Лоскутова.

Ол осы жылдары мамандығына қатысты ақпараттарды көбінесе кітаптардан алған. Оксананың айтуынша, ол оқыған кездері оқулықтың көбісі орыс тілінде болыпты. Тіпті оқытушылар кейбір маңызды тақырыптарды орысша түсіндіріп, студенттерден қазақша айтуды міндеттеген. Бұл әдіс Оксанаға тілді меңгеруде көп пайдасын тигізген көрінеді. Оқу үлгерімін төмендетіп алмас үшін аудармамен айналыса бастаған студенттің тіл үйренуде өз методикасы қалыптасыпты.

Оксана қазақ тілін өмір бойы үйренуге болады дейді. Күнделікті өмірде мемлекеттік тілді үйренуді әлі де жетілдіріп жүрген орыс қызына он шақты жыл журналистика саласында жұмыс істеу бұйырыпты. Бұл оған үлкен сын әрі сабақ та болғанын айтады.

– Журналистика саласына қызмет етудің арқасында сөздік қорымның ауқымы кеңейді. Өзім мәтін жазып қана қоймай, басқалардың қатесін табатын деңгейге жеттім. Бір қызығы бір де бір қазақ журналисі «сенікі дұрыс емес» деп, қарсы шыққан емес. Соған қарағанда, қателіктер жібермеген болуым керек. Кейін қызмет ауыстырғанда менің өзгертпеммен келісе бермейтін адамдар кездесті. Оларды да түсінем. Өйткені олардың ана тілінде жазғанын басқа ұлттың адамы өзгертіп отырса, оны қабылдау қиын шығар, – дейді ол.

Ұлты бөлек, ойы қазақ Оксананың айтуынша, тілді жетік меңгеру үшін  ең алдымен қажеттілік керек. Өйткені, сол тілге күнің қарамаса, оны үйрену де мүмкін емес. Одан соң оны қолданысқа енгізбесеңіз, тілді үйренуге жұмсалған күш пен уақыт құр босқа кетеді. Сонымен қоса, ниеттен бөлек, сол тілде көп  кітаптар оқып, аудармалар жасаумен айналысу қажет. Біртіндеп шағын мәтіндер жазудан бастап, маңыздысы сөйлесетін орта табу керек. Өйткені сөйлесетін адам болмаса, әрі қарай даму да мүмкін емес.

Қазіргі кезде оған қазақ тілін білгеннің көп пайдасы тиіп жүр.

– Тіл білгеннің арқасында бірнеше жыл телеарнада қазақ редакциясында жұмыс істедім. Бірақ мен «жұлдыз» болуға ұмтылатын адам емеспін. Қарапайым, тыныш өмірді қалаймын. Сол себепті қазір баспасөз-хатшылық қызметінде жүрмін. Тіл білудің жұмыста көмегі көп. Өйткені адамдар көпшілігі аузы екі тілде сөйлей алса да, мәтін жаза алмайды. Мен екі тілде де жаза берем, – дейді Ақтөбенің тумасы.  

Қазіргі кезде Оксана ақпараттың барлығын қазақ тілінде дайындайтындықтан, мемлекеттік тілді күнделікті жетілдіріп  келеді.

Оксана  қазақтың ақын-жазушыларының  шығармаларын бес жасынан бастап оқыған. Бір қызығы оған елордада тұруына  үш бәйтеректің бірі  – Сәкен Сейфуллиннің шығармасы әсер етіпті. Оның айтуынша, университетте оқып жүргенде «Көкшетау» поэмасын бір деммен оқып, арқаның кербез сұлу табиғатына ғашық болыпты. Сөйтіп,  осы көрікті жерді көруді қатты армандағандықтан, Көкшенің сұлу табиғатына жақын  болу үшін елордаға көшіп келген.  Қазіргі  кезде уақыттың тапшылығынан тек саясат пен психология жайында кітаптар оқиды. Бір өкініштісі ондай әдебиеттердің басым көпшілігі орыс, ағылшын тілдерінде басылып шығатынын айтады.

– Қазір менің алдымда екі мақсат тұр:  спортпен шұғылдану және ағылшын тілін үйрену. Онымен қоса, би үйірмесіне баруды да жоспарлап жүрмін, – дейді ол.

Кейіпкеріміз  бүгінде кім қандай тілде сөйлесе де, таң қалудың қажеті жоқ екенін айтады. Өйткені "қазіргі кезде бәсекеге сай  болу үшін тек үш тілді  меңгеріп  қана қоймай, қарапайым кесте тіге  білу де  келуі керек" - дейді.

Елордалық Максим Споткай Қазақстанда тұрамын деген сөздің мағынасын түсінген әр адам  міндетті түрде қазақ тілін үйрену керек деген ұстанымда.  Ақсу қаласының тумасы орыс сыныбында оқыса да, қазақ тілі сабағын 1-сыныптан бастап оқи бастапты. Сөйтіп, уақыт өте оның мемлекеттік тілге деген қызығушылығы арта түскен. 

Фотода: Максим Споткай

– Біріншіден, сабақ берген мұғалімдерім өте жақсы болды. Менің отбасымда ешкім қазақша сөйлемейді. Мемлекеттік тілді үйренуіме  ұстаздарым мен достарым көмектесті,  – дейді Максим Споткай.

Оқушы Максим сабақтан тыс уақытта қазақ тілінде газеттер оқып, теледидардан түрлі бағдарламалар көріп,  қазақ тілін жетілдіре түскен.  Ал өзінің  алға қойған мақсатына күнделікті қажырлы еңбектің арқасында жеткенін айтады.

– Әлі де қазақ тілін  100%  меңгерген  жоқпын. Ондай деңгей  ұлы Абайда болған десек,  мендегі  бұл процесс әлі  жүріп жатыр.  Осы тілде  еркін сөйлеп, жаза алсам да, қазақ тілін жетік білетіндігімді білдірмейді, - дейді ол. 

Павлодарлық Максим мектепті аяқтаған соң,  Омбыдағы техникалық университетке оқуға түседі. Өзге елде білім алып жүріп, қазақ  тілін оқытатын «Zamandas» атты орталық та ашқан екен. Мұнда ол тіл үйренушілерге қазақ тілінде дәрістер оқып, қазақ халқының салт-дәстүрлері жайында айтып отырған. Сондай-ақ, Максим өзінің досымен бірлесіп, орталықтың жанынан «Мәке мен Жәке» атты той студиясын да ашыпты. Мұнда өзі қазақ тілінде, ал досы орыс тілінде омбылық қандастарымыздың  тойын жүргізіп, асабалық қызмет те атқарыпты. Осылайша студенттік шақта мемлекеттік тілді өзгелерге үйретіп  қана қоймай,  оның дамуына   өз үлесін қосқан. 

Омбыда оқып жүргенде  Мәке атанып кеткен ол  –   қазір «Нұр Отан» партиясы баспасөз қызметінің басшысы және Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы жаңғыру жолы жастар қозғалысының төрағасы болып қызмет етеді. Жас та болса, бас болып жүрген Максим  әлеуметтік желілердегі парақшаларында жазбаларын көбінесе қазақ тілінде  жазады. Өзінің жазған ой-пікірлерінен еліміздің патриоты екенін де байқадық. 

– Күнделікті  жаңалықтарды  қазақ тілді сайттардан оқимын. Өзіме қажетті  ақпараттарды  да осы тілде аламын. Уақытым болғанда  теледидардан қазақ тілінде бағдарламаларды  көруге тырысамын. Сонымен қоса, әлеуметтік желілердегі  қазақ тілді достарымның    жазбаларын  оқып отырамын, - дейді ол. 

Максим жұмыста әріптестерімен де мемлекеттік тілде сөйлесіп, пікір алмасады. Бос уақытында қазақ әдебиетінен көрікті Баянауылда туып-өскен  ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдерін сүйіп оқиды.

Көпшілік жерлерде орыс жігітінің қазақша сайрап тұрғанын көргендердің ішінде  әлі де таңғалатын азаматтардың барын айтады. Бірақ Максимнің өзі  бүгінде қазақ тілінде сөйлеу көпшілікті таңқалдыратын  дүние емес деп ойлайды. 

Фотода: Алексей Лодочников

Ілгеріде айтқан кейіпкерлеріміз мемлекеттік тілді күнделікті жұмыста қолданып, жемісін көріп жүрсе, ал небәрі 17 жасында «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы   атанған Алексей Лодочников жалпақ жұртқа қазақ тілінде дәстүрлі әндерді нақышына келтіріп, айтып жүр. Аз уақыттың ішінде тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген ол  өзің  қазақ еліне танымал еткен сол бір күн әлі де есіңде екенін айтады. "Осыдан үш жыл бұрын яғни 2016 жылы Павлодар өңіріндегі Достық үйінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір топ зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар ұйымдарының белсенділерімен  кездесіп жатқан сәт еді" дейді ол.  Елбасы осында келгендермен емін-еркін әңгімелесіп отырған.  Алғашқы сөзді облыс әкімі Болат Бақауов  алып, осы уақытқа дейін атқарылып жатқан шаруалар жайын баяндаса,  өзгелері жылы лебіздерін білдіріп жатты. Кездесу  аяқталар сәтте  Алексей де Нұрсұлтан Назарбаевқа өз ойын былай жеткізіпті: – Әр баланың өз арманы болатынындай менің де арманым бар еді. Бүгін сол арманым орындалды. Өйткені мен өзіңізбен жүзбе-жүз кездесіп отырмын. Өзім музыкалық колледжде дәріс алам. Өздеріңіз білетіндей қазақтың дүлдүл әншісі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде ЭКСПО-да айтқан  «Балқадиша» әнін орындап беруге рұқсат етіңіз" -  деп айтқан  жеткіншек домбырамен  шырқап беріпті. Ал мұндайды күтпеген  елбасы орыс баласы орындаған халық әнін мұқият тыңдап, өз ризалығын білдірген.

Әке-шешеден ерте айырылған Алексей Қашыр ауданындағы Тереңкөл ауылында балалар үйінде тәрбиеленген. Осында   алғаш ашылған  қазақ тобында    өзімен қатарлас өзге ұлт өкілдерінің балаларымен қазақ тілін үйрене бастапты.  Алты жасар Алексей  небәрі үш айдың  ішінде  қазақ тілін  меңгеріп алады. Қазір емін-еркін сөйлесетін дәрежеге жеткен.  

– Қазақ тілін үйренудің арқасында маған өмірде үлкен мүмкіншіліктерге жол ашылды. Ілгеріде айтқандай, ең әуелі елбасының алдында қазақ тілінде сөйлесіп, қазақтың ұлттық аспабы домбырамен ән айттым. Одан кейін  Димаш Құдайбергенмен  өнер көрсету мүмкіндігіне ие болдым. 

Ал бос уақытында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын, қазақтың бас ақыны Абайдың шығармаларын  оқығанды ұнатады. Көркем шығарманы  оқу  сөздік қорын байытуға, білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Ал «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп айтып кеткен Қасым Аманжоловтың әндерін домбырамен нақышына келтіріп айтқанды жаны сүйеді.

Қазір  ол Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған музыкалық колледж-интернатының  дәстүрлі әнші мамандығының соңғы курсында  білім алып жатыр. Қазірдің өзінде репертуарында шамамен 35-40-қа жуық әндер бар.  Дәстүрлі әндермен қоса, қазақ композиторларының әндерін де шырқайды. 

– Болашақта жоғары оқу орнына түсіп, осы музыкалық білімімді жетілдіргім келеді. Және  көпшілік арасында хитке айналатын жеке әндерімді жазуды армандаймын.  

Тыңдарманды қазақ тілді әндерімен  тамсандырып жүрген   Алексейдің  алға қойған мақсаты айқын.  Ол жоспарларын   жүзеге асыру үшін қажырлы еңбек  керегін жақсы біледі. 

Жоғарыда біз тілдескен өзге ұлт өкілдерінің барлығы да  өмір сүріп жатқан елге құрмет мемлекеттік тілді үйренуден басталатынын айтты. Ендеше алдағы уақытта  ана тілімізде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері  көбейіп жатса, игі.  Қазіргі жаһандану заманында әлемді ақпараттар ағыны жаулаған кезде көп тіл білудің өзектілігі де артып келеді. Сондықтан өз ана тілімізді ұмытпай, керісінше оның қолдану аясын кеңейту кейінгі ұрпаққа міндет!  

(Суреттер  сұхбат берушілердің   жеке мұрағатынан

және ғаламтор беттерінен  алынды)

#Өзге ұлт өкілдері #Оксана Лоскутова #Максим Споткай #Алексей Лодочников #Қазақ тілі

Ұқсас материалдар