Қарыз үшін берілген қыздың хикаясы

3 жастағы қызды анасы не үшін сатқан?

Жезқазғандық отбасы 3 жасар қызын қарыздан құтылу үшін сатып жіберген. Арада 26 жыл өткенде анасымен қауышқан Мереке өзін еш іздемеген ата- анасынан ақша үшін айырбастауларының себебін сұрауға дәрмені жетпегенін айтады. Неге? Еl.kz интернет-жобасы балалық шағын өзі мүлде танымайтын ортада өткізген қызбен сұқбаттасып қайтты.     

(Суретте: Кейіпкеріміз Мереке Тауманова)

Қоғамда басын тауға да, тасқа да соққан талай адам бар. Олардың қилы тағдыры селт еткізбей қоймайды. Ал Мерекенің басынан кешкен ауыр да, азапты күндері естіген жанның жүрегін сыздатады. Ата-ана қамқорлығын аңсап балалық шағын өткізген арудың өмір жолы құдды трагедияға толы кино іспетті. Ел абдырап, өкімет ыдырап жатқан қиын кезеңдер Мерекенің өмірін күл-талқан еткен. Кейіпкеріміздің сөзінше, сол тұста таршылық көрген талай отбасының тауы шағылып, қара нанның өзін тауып жеу қиындық тудырған екен. Бұл ауыртпалықты оның жанұясы да бастан кешірген. Ал 3 жастағы қыздың отбасынан қол үзіп қалуына сол жетпеушілік әсер еткен. 

Мерекенің ата-анасы Жезқазған мен Қызылорда арасында ет пен күріш сатумен айналысқан. Біреулерге жалданып жұмыс істегендерін немесе өздерінің тауарларын сатқаны белгісіз. Себебі, бұл біздің кейіпкеріміздің өзіне де жұмбақ. Сөйтіп күндердің бір күнінде ерлі-зайыптылар үлкен көлемде күріш алып, ойламаған жерден қызылордалық күрішшіге қарыз болып қалады. Содан айыбы үшін қызын кепілдік ретінде беріп жіберіп, артынан алып кететіндіктері жөнінде айтады. Аулада ойнап жүрген 3 жастағы Мереке содан бері ата-анасын көрмей, тек араға 26 жыл салып отбасымен қауышқан. Ал інісі Құрманғазының бесікте жылап жатқан бейнесі ешқашан көз алдынан кетпеген екен. Бауырын енді көрмейтінін сезгендей Мереке 10 айлық нәрестеге сілейіп ұзақ қарағанын айтады. Бұл сәтті еске алса оның әлі-күнге жүрегі қарс айрылып, көз-жасына ерік береді.

Мереке 5 жыл бойына өзін алып кеткен отбасыда өмір сүреді. Кішкентай қыз таңнан қара кешке дейін жалғыз қалып, тіпті бір тілім нанды іздеп кететін күндері де болған. Ол кісілердің сөге сөйлеп, күш қолданғанына емес, отбасынан ажыратқандары үшін ғана өкпелі екен.

– Өзіңіз ойланып көріңізші. Сіздің алдыңызда бір адамдар қарыздар. Ол үшін оның баласын алып кетуге бола ма? Ақылға сыймайтын дүние ғой. Түсінем, мүлкін алып қоюға болады. Бірақ туған ана мен баланы ажыратуға дәттері қалай барғандарына әлі күнге таңғалам. Мені ол кісілер анда-санда ұратын, кейде аш жататынмын. Ол отбасының балалары үлкен болды. Бала болсам да ол отбасыға еш сіңісе алмадым. Бұл менің ата-анам емес, мына кісілер маған бауыр емес деген ой үнемі миымда жүретін. Анамның ыстық алақаны мен құшағын үнемі іздеп тұратынмын. Бірақ ненің дұрыс, ал ненің бұрыс екенін Жаратушы ғана біледі дейді ғой. Мүмкін жазымыштың жазуы осылай болды. Менің тағдырым солай басталуы керек болған шығар?! Дегенмен, ата-анаң бола тұра өзге бір шаңырақта, кейіннен балалар үйінде өскеніме қынжылып кетем. Мұның бәрін еске алсам, әрине оларға деген реніш пен өкпе өршіп кетеді. Сосын өзімді сабырға шақырамын, - дейді ол.

Ата-анасынан қарыз үшін алып кеткен отбасы 2 сыныпқа көшкенде оны Қызылордадағы балалар үйіне өткізеді. Оған бұл шаңырақтағы ақша жетіспеушілігі себеп болған. Ал балалар үйіне қабылдау үшін оның құжаттары қажет болып, ата-анасын іздепті. Алайда олар табылмайды. Сөйтіп ол тастандылар өсетін ортаға тап болады. Мереке өзінен басқа балаларға ата-аналарының келіп тұрғанын көргенде көңілі түсіп, ұзақ отырып жылайтынын қазір күрсініспен еске алады.

– Бір ғана маған емес, кез-келген адам үшін бұл жағдай үлкен соққы болған болар еді. Өйткені, ата-анадан жырақта, жалғыз, арқа сүйейтін ешкімің жоқ болу ең жаманы шығар? Балалар үйінде жүргенде басқа балаларға ата-анасы келіп, тәттілерін әкеліп тұрады. Сонда неге менің анам келмейді деп жылайтынмын. Ешқашан үміт сөнген емес. Олардың келетініне сенетінмін. Бірақ бұл ойым ешқашан орындалмады, - дейді. 

Мереке 18 жасқа келгенде балалар үйінен шығады. Қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын білмеген. Қиындықтар енді басталғандай көрінеді. Жұмыс істеп, ақша табуы керектігін түсінеді. Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Хореограф-педагог» мамандығына оқуға түсіп, тойлар мен мерекелерде билеп ақша табады. Бұл салада ол үлкен жетістіктерге жетеді. Қыздардан құралған би тобын ашып, аруларға би өнерінің қыр-сырын меңгертеді. Тіпті, бишілердің костьюмін өзі тігеді. Қазір де қызылордалықтардың тойында қызмет жасап, той ұйымдастыру орталығын ашқан.

– Адам тығырыққа тірелгенде бір амалын табуға тырысады ғой. Дәл осындай жағдай менің де басымда болды. Бірақ бишілікке ақша немесе амалсыздықтан келдім деп айтқым келмейді. Маған билеген үнемі ұнайтын, - дейді.

Арада 1 жыл өткеннен кейін ол өмірлік махаббатын кездестірген. Өзінен 14 жасқа үлкен жігіт небәрі 3 айдың ішінде жүрегін жаулап алып, үйленуге ұсыныс жасайды. Қазір 3 қызы, 1 ұлы бар.

– Жолдасым балалар үйінің тәрбиеленушісі емес. Мектепте оқып жүргенде қазақ тілінен сабақ беретін ұстазымыз бір күні «сені ініммен таныстырайын деп едім. Бір-біріңді ұнатсаңдар жарасып кетерсіңдер» деді. Бастапқыда ыңғайсызданғаным болмаса, кейін барлығы өз орнына келді. Тәубе, қазір бақытты жанұямыз. Өзім армандаған, түсінігі, пайым-парасаты, ойы менімен сәйкес келетін азаматтың жарымын, - дейді кейіпкер. 

(Суретте: Мереке жолдасы және баласымен)

Жолдасы Мерекенің ата-анасын бір көрсем ғой деген арманын орындапты. Араға 26 жыл салып ана мен қызы кездескен. Мереке егде тартқан анасын Қызылордаға алдырып, бір апта қонақ еткен. Алайда көкейінде жылдар бойы сақталған сан сауалды қоюға дәті бармапты.

– «Анашым, мені қалайша қидың? Неге іздемедің? Қиындықтарды бірге көрсек те болар еді ғой» деген сауалдарға жауап алғым келді. Бірақ ол кісінің көздерінен-ақ бұл сұрақтарды қоюға құқығым жоқ екенін түсіндім, - деді ол.

Бұл кездесудің өткеніне де екі жылдай уақыт өткен. Дегенмен, Мереке анасына қанша хабарласса да байланыса алмаған. Анда-санда ол кісілерге көмек қажет болса, қолдан келгенше жәрдемдесуге де дайын екенін жеткізді. Анасы мен інісінің жеке төлқұжаттарын жасатып, көмектесуге әзір. Тіпті, ата-анасының мойнындағы қарызды қанша рет қайтаруға оқталса да өзін қарыз үшін алып кеткен отбасын іздеп таппаған.

Мереке қазір Қызылордадағы танымал той ұйымдастыру орталығының директоры. Табысы да жақсы. Жеке өмірі де жөнге түскен. Қазір 4 баласының бақытын тілеп, бір үйдің түтінін түзу ұшырып отырған берекелі шаңырақтың келіні. Тәңірдің бір басына берген сынағын қайыспай көтерген ару қазір өткенді ұмытып, тек келешектен ізгілікті ғана күтеді.

Біздің кейіпкеріміз сияқты тағдырдың ауыр сынағын бастан кешіргендер көп-ақ. Отбасынан түрлі себеппен көз жазып қалған азаматтардың өмірін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Расында, тас түскен жеріне ауыр демекші, бұл жағдайды бастан өткергендер ғана тереңірек түсінетін шығар? 

#Мереке Тауманова #Тағдыр #қарыз

Ұқсас материалдар