Бүгінгі күннің Бауыржандары...

Қоғам белсендісі Бауыржан Айткәрімовпен сұхбат

Кез келген елдің ең үлкен капиталы халық десек, оның ішінде жастарға аса зор мән беріледі. Ең үлкен қуатты «қару» білімді де, білікті жастардың қолында. Елдің ертеңі үшін жасалатын әрбір дүниенің артында мемлекеттің мүддесін көздейтін ниеттестік, ықпалдастық жатары анық. Бойда жастық жігер тұрғанда неге қоғам үшін пайдалы іс жасамасқа? Міне осындай сұрақ бүгінгі біздің кейіпкеріміз Бауыржан Айткәрімовтің ылғи ойында жүреді. Ол өзіне емес, еліне, жеріне пайда әкелуді көздейді. Ол жасап жатқан дүниелердің арқасында көптеген адамдардың бойында өзіне деген, содан кейін елінің болашағына деген сенім пайда болғанына күмән жоқ.

(Фото: Бауыржан Айткәрімов)

Бауыржан 1993 жылдың 3 маусымында Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Көктерек ауылында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі. Ол Қазақстан журналистер одағының мүшесі, халықаралық жыршы, термеші, айтыс ақындары одағының басқарма мүшесі,  «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының төрағасы және О.Досбосынов атындағы жас айтыс ақындары орталығының директоры.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:

Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы жастарға – жастардың біліміне, күш-жігерлері мен патриоттық сезімдеріне байланысты. Қазір қолға алынға жұмыстардың бәрі жастардың бақытты өмірлеріне, сондай-ақ өз әлеуеттері мен мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру үшін атқарылып жатыр. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Татулықты – тұрақтылықтың және тұрақтылықты – дамудың тұғыры еттік.  Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы – бірлік. Бірлігімізді  тұмардай сақтай білсек еліміз үшін алынбайтын белестер жоқ. Ол үшін әрбір жас жүктелген тарихи жауапкершілікті сезіне білулері керек, - деген еді.

 Бауыржан, «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қоры жайында аз-кем әңгімелеп, оның жұмысымен таныстырып кетсеңіз...

 Мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің соңғы курсында білім алып жүргенімде, яғни 2015 жылы «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қоры құрылды. Оның алдында жастар саясатына байланысты, оқу орнының жастар жөніндегі комитеті, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының мүшелігінде болып, әртүрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген едім. Сол уақыттары жастардың рухани, мәдени, өзімнің жаныма жақын әдеби бағыттарының дамуына өз тарапымнан үлес қоссам деген ізгі ниетім болды. Осындай ойлардың, алға қойған жоспарлардың жиынтығы «Тәуелсіз ел жастары» ұйымның құрылуына негіз болғандай. Алғаш 2015 жылы «Тәуелсіз ел жастары» атты жастар арасында жыр мүшайрасын ұйымдастырып, сол атауды өзгеріссіз қалдыра отырып, қоғамдық қордың жұмысын бастап кеткен едік.

Қордың мұрындық болуымен биыл жастарға қолғабыс болған қандай шаралар жүзеге асырылды?

Содан бері республикалық деңгейде оқушылар арасында Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған, Елордамыздың 20 жылдығына арналған жыр мүшайрасын өткіздік. Абай атамыздың қара сөзін оқу бойынша да бір жарыстың шымылдығын түрдік. Мұның барлығы елдің ертеңгі, болашағы болып табылатын шәкірттердің бойындағы рухани болмысымызды, ұлттық құндылықтарымызды дамытсақ деген ниетпен туындаған ой. Одан кейін осы аталған бағыттар бойынша оқушыларға тәлім-тәрбие беретін ұстаз қауымының қоғамдық, әлеуметтік мәселелерін талқылау, соларды жетілдіру мақсатында «Үздік жас ұстаз – 2018» форумын ұйымдастырдық.

(Фото: Әлеуметтік кәсіпкерлікті оқушыларға түсіндіру аясында өткен кездесу)

 Осы форумының ерекшелігі неде болды? Ол дәстүрлі түрде өтіп тұра ма?

 Форумның мақсаты ұстаздардың тұлғалық дамуына мән беру. Бұл тұсқа аса мән бергеніміздің себебі –  кәсібилік бағытта онсызда көптеген шаралар өтіп жатқанын басты назарда ұстадық.  Біз өздерінің ішкі жан дүниелерінің жетілуі, әлеуметтік жағынан тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, жеке өмірлерінің мәселелері секілді сұрақтар төңірегінде осындай республикалық деңгейдегі шараның әрі қарай да жалғасын табуын көздеп, осы жылы да ұйымдастырған болатынбыз. Онымен қоса, бұл форумға ойымызда жүрген бірнеше үлкен жобалар қосуды көздеп отырмыз.  

Pеспбyлика дәpежесiндегi фopyмда бiлiм саласында қызмет етiп жүpген жас педагoгтаpдың мәpтебесiн айқындап, жаңаpтылған бiлiм мазмұны аясында жас ұстаздаpдың бiлiктiлiгiн аpттыpып, oқyлықтаpдың автopлаpы мен мамандаpдың аpасында өзiндiк байланыс opнатып, мұғалiмдеpдiң қoғам алдындағы жаyапкеpшiлiгiн аpттыpып, мемлекетiмiздiң әp жеpiнен жиналған жастаp аpасында тәжipибе алмасyлаp бoлады. Жаңаpтылған бiлiм беpy мазмұнындағы oқy-әдiстемелiк мәселелеp жөнiнде пленаpлық мәжiлiстен сoң, елiмiзге белгiлi бiлiктi педагoгтаpдың әдiстеме бoйынша шебеpлiк сабақтаpына қатысyға зop мүмкiндiк баp. Мәселен, 2018 жылы өткен фopyмда pеспyбликамыздағы ұстаздаpдың бiлiктiлiгiн жoғаpылатып, қайта даяpлаy кypстаpын өткiзiп жүpген Педагoгикалық шебеpлiк opталығының және елiмiздегi көшбасшы oқy opны Абай атындағы ҚазҰПY-дың oқтyшы-пpoфессopлаpлы шақыpылып, бiлiм саласында жoғаpы жетiстiкке жетyдi мақсат тұтқан, өз мекемесiнiң iшiнен үздiк деп танылған, еңбек өтiлi бес жылға жете қoймаған жас ұстаздаp қатысқан бoлатын. Бұл фopyмның сoңында бiз сoл педагoгтаpға төсбелгiлер табыс етемiз. Мұндағы басты мақсат – oлаpды қамшылап, әpi қаpай да ұpпақ тәpбиелеyде жoғаpы жетiстiктеpге ұмтылyына стимyл беpy.

 Бұл аталғандардан бөлек, тағы қандай бағытта шаралар ұйымдастырып келесіздер?

 Осы орайда мына бір дүниені айта кеткім келеді: мен қай бағытта, қай сала да жүрсем де қоғамға өз пайдамды тигізуді ғана ойлаймын. Атқарылып жатқан жұмыстарым арқылы біреулердің  көзіне түсуді мақсат тұтпаймын. Мақтанудан да аулақпын. Сол себептен болар,  ұйымдастырылп жатқан жобаларымды ресми органдар көп біле бермейді. Жастардың дамуына осылай кішкене үлесімді қосып жүргенім өмірлік бір миссиямның орындалып жатқаны деп білемін. Ендігі, сіздің сұрағыңызға оралар болсам, «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының тағы бір жобасы – танымал, жетістікке жеткен жандар мен жастар арасында кездесулер өткізу. Осының аясында белгілі ақын Жүрсін Ерман, актер Бекжан Тұрыс және кәсіпкер Бақтияр Бақытгелдіұлымен арнайы сұхбттасу алаңы секілді шаралар ұйымдастырдық. Сонымен қатар, Жамбыл облысындағы мектептерге барып, қамқорлық акциясын жасадық.

2013 жылдан бастап, Алматы қаласында орналасқан алғашқы қазақ мектебі №12 гимназияда балалардың шығармашылығына арналған «Ақ кеме» журналын шығарған едік. Осы арқылы қаншама баланың шығармашылығын насихаттауға ықпал еттік. Оразалы Досбосынов атындағы жас айтыс ақындары орталығы мен «Әдебиет әлемі» ұйымы бірігіп, «100 өлең» атты жоба аясында Өзбекстандағы ақындардың өлеңін қазақ тіліне аудару жұмыстарын жүргіздік. Енді Қазақстандағы жас ақындардың өлеңі өзбек тіліне тәржімаланып жатыр.

(Фото:"Үздік жас ұстаз-2019" форумы)

Өзіңіз айта кеткен Оразалы Досбосынов атындағы орталықтың да жетекшісі екенсіз, бұл орталық нені көздейді, ерекшелігі неде?

Оразалы Досбосынов отызға жетпей өмірден озса да, қазақтың айтыс өнеріне өлшеусіз үлес қосқан талант иесі. Бір күннің ішінде бес бірдей ақынды жеңген, от ауызды, орақ тілді, дара тұлғамыздың құрметіне осындай орталық ашуды жөн көрдік. Бүгінгі айтыста жүрген жас тарландарымызға жөн сілтер, шығармашылық дамуына үлес қосар дүние жасауды көптен жоспарлап жүрген едік. Жоба қазіргі таңдағы жас айтыскер ақындарымыздың шығармашылығын дамытып, Жүрсін Ерман ағамыз басқаратын "Халықаралық жыршылар мен термешілердің одағына" қолғабыс болып, жастар лигасы тарапынан келіп жатқан айтыстағы көшті дұрыс жолға салуға негіз болса деген ниет бар. Оразалы мұрасын зерттеп, оның кітабын шығаруды жоспарлап отырмыз. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев орталықтың ашылуына зор үлес қосты.

Көптеген шаралар ұйымдастырып келесіз, олардың демеушілері кімдер? Мемлекет тарапынан қандай қолдау бола ма?

Мен ілгеріде атап кеткен жобалар арқылы жас ақындардың, ұстаздардың, айтыскерлердің әлеуетін көтеруді мақсат тұтамын. Осы арқылы елімнің дамуына кішкене болса да үлес қосып жатырмын деп есептеймін. Ол аталған жобаларды жеке демеушілердің көмегімен және әлеуметтік кәсіпкерлік негізінде  ұйымдастырып келеміз.

(Фото: жас ұстаздардың 2018 жылғы форумы)

 Өзіңіз де шығармашылықтың адамы екенсіз, әр ақынның өлеңге келетін оқиғасы болады, сіз поэзия әлеміне қалай келдіңіз?

 «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, әрбір қазақтың бойында өнерге, өлеңге деген сүйіспеншілік болары белгілі. Мен де жастайымнан әдебиетке, айтысқа қызығып өстім. «Өнер нағашыдан» деген тіркес те рас шығар, себебі нағашы атамыз Аманжан Жақып белгілі жазушы болған кісі. Ал білім саласына келуіме Ш.Уәлиханов атындағы №12 мектеп гимназияның директоры Рахима Бөлекбайқызы Сәкенова ықпал етсе, айтысқа келуміе Серік Әкрамұлы Қалиевтің еңбегі зор.

Келе-келе әр адам өзінің қабілетіне байланысты бағыттарды таңдап жатады емес пе? Менің де көбіне өнер саласындағы шараларды ұйымдастырушылығым басым болып, өз өнерім соның тасасында қалып қойған секілді. Жалпы, өнерді сахнағаның сыртында қолдауға бейім екенімді байқадым. Бір жағынан, қоғамдық жұмыс пен шығармашылықты қатар алып жүру өте қиын екенін түсіндім.

Жастарға айтар сөзіңіз бар ма?

Бүгінгі таңда, жаһандану үдерісінде жаңа технологиялардың жылдам қарқынмен дамып, адамзаттың жаңа кезеңге қадам басу тұсында Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап, оның дамуына сүбелі үлес қосып, еңбек сіңіру – біздің, яғни жастардың негізгі бағыты мен мақсатына айналуы керек. Кезінде Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп үндеу жариялағанда, біз шамалас жаста еді. Сол сияқты жастар жағы алдағы уақытқа жоспарланып отырған мемлекетіміздің тағдыры шешілетін маңызды оқиғаларға өз үнін қосуға міндетті деп есептеймін.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

(Суреттер Бауыржанның жеке мұрағатынан)

#"Тәуелсіз ел жастары" #Жастар жылы #Бауыржан Айткәрімов

Ұқсас материалдар