Ампутациядан кейінгі өмір

Жігері мықты қос қазақстандықтың хикаясы

Өмірде адам баласы түрлі белестер мен сынақтарды басынан кешіреді. Алайда  ауыры мен жеңілі, қызығы мен шыжығы сынды тағдырдың әртүрлі мазмұндағы «сценарийін» таңдау біздің еркімізде емес. Бірақ та оны жеңілдететін әдістерді табу өз қолымызда емес пе?!  Өйткені кез келген жан өзіне шексіз мүмкіндік сыйлауға құқылы. Соған орай  тағдырдың сынағына қарамастан өмір сүруге деген құштарлығын жоғалтпаған жандар жайында әңгімелейтін боламыз.

Өмір ме әлде  өлім бе?

Елордалық 20 жастағы  Бахтияр Мұхамбетқалиев жеті жасынан бастап футболмен айналысып келген. Командасымен бірге еліміздің әр түкпіріндегі жарыстарға қатысқан. Тіпті орталық қорғаушы шебінде ойнап, 14-15 жасында команданың вице-капитаны атаныпты.  Оған спортқа деген қызығушылығын оятқан  жаттықтырушысы Константин Котов екендігін айтады.

- Алғашқы кездері маған аса қатты ұнамайтын. Бірақ шамамен екі-үш айдан кейін бұл спорт түріне көзқарасым өзгеріп, қатты беріліп кеткенімді өзім байқамай қалдым. Содан қалалық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсете бастадым.

Фотода: Бахтияр Мұхамбетқалиев

Ал жасы он жетіге толғанда футболшы жаттығу барысында кейде оң жақ аяғының ауыратындығын сезеді. Арада көп уақыт өтпей ауруы  басылғандықтан футболшы бұған аса қатты мән бермепті.

- Алайда командамен Орал қаласында кезекті ойынды аяқтаған соң, аяғымның ауруы қайта басталды. Бірақ бұл жолы бұрынғыларына қарағанда өте қатты ауырды. Содан мұны байқаған жаттықтырушым «Саған кәсіби футболмен айналысатын уақыт таяп қалды. Сондықтан дәрігерге барып, тексерілгенін жөн» - деді.

Ойын аяқталған соң футбол клубының дәрігерлеріне жүгінген. Толық тексерістен өтіп, рентген мен томографияға түскен соң жарақатының қатерлі ісікке айналып бара жатқанын біледі. Содан оны елордадағы ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа жатқызып, 2016 жылдың желтоқсан айында аяғына ота жасайды. Ал келесі жылдан бастап күнара химия-терапиялық ем қабылдайды. Тура үш айдан кейін оң аяғына тағы да ақ халаттылар  ота жасап, сан мен сирақты біріктіретін сүйектің орнына темір салыпты.

- Ампутация жайында да алдын-ала ойлап қойғанмын. Себебі дәрігерлер маған бактерия ешқашан кетпейтінін, одан арылудың тек бір ғана жолы ампутация жасау екендігін айтқан. Ал ота  жасатуға келісім бермесем, онда өміріммен қоштасатынымды айтқан болатын. Отбасым маған «аяғыңды кес» деп айтуға бата алмай, «Бұл сенің өмірің. Сондықтан өзің жақсылап ойлан!» деген еді. Кішкентай ұлымның ер жетуін көру үшін өміріммен қоштасқым келмеді.

Сөйтіп, кеше ғана алаңда доп теуіп жүрген зіңгіттей жас футболшы 17 жасында дәрігерлерге «отаға дайынмын» деп, аяғын кесуге рұқсатын берген. Кейіпкеріміз отадан кейін балдақпен жүрген. Арада шамамен үш-төрт ай өткен соң бір аяғының орнына протез салдыртқан.

Оның айтуынша тағдырдың берген сынағын жеңіп, осы күнге жетуі бірінші ата-анасы, сүйген жары мен үш жасар Дінмұхаммед есімді ұлының арқасы деп біледі.

- Бұл кісілер  қиын жағдайға тап болған кезімнен бастап әрқашан жанымда болды, қолдау көрсетті. Тіпті ауруханада жатқан кезімде өмірімнің жалғасы балапаным Дінмұхаммед жайында жиі ойлап, кейде мұңға да батқан сәттер болды.

Бүгінде жиырма жастағы Бахтияр  елордада футболдан  жас жеткіншектердің жаттықтырушысы болып жұмыс істейді. Ала допқа қызығушылық танытқан жеткіншектермен өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген ол футболдағы орындалмай кеткен арманы мен мақсатына тәрбиелеп жатқан жас жеткіншектердің жеткенін қалайды.

- Бұл оңай жұмыс емес! Әсіресе, балалармен жұмыс істейтіндіктен көп еңбекті қажет етеді. Оларды кейде жігерлендіру қажет, кейде бүкіл назарын жарыстарға аудару қажет болады. Жаттығу аптасына үш рет өтеді. Жаттығу кезінде оларға бар білгенімді үйретемін.

Фотода: Бахтияр Мұхамбетқалиев отбасымен бірге

Алайда, жас спортшы алғашқы кездері балаларды жаттықтыру қиын болғанын тілге тиек етеді.

- Себебі сол кездері балаларға қарап, өзімнің үлкен алаңдарда доп қуып жүрген сәттерім көз алдыма елестейтін. Содан кезекті жаттығу аяқталған соң, көңілім түсіп, мұңға бататынмын. Бірақ, арада көп уақыт өтпей, өзімнің тәрбиелеген жеткіншектерім түрлі жарыстардан жүлделі орындар иеленіп, көзге көрініп жүргендігі еңсемді көтеруге сеп болды. Бұл тек менің ғана емес, барлық балалардың да еңбегі деп есептеймін. Олардың күн өткен сайын жақсы нәтижелер көрсетіп жатқандығынан мен ләззат аламын.

Жұмыспен қоса,  аптасына бірнеше рет ол  спорт залға барып, жаттығулар жасаумен шұғылданады.

Сондай-ақ, Бахтияр қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің  «Экономика» мамандығының екінші курсында оқиды.

- Бірақ мен қашықтықта оқимын. Өйткені маған мүмкіндігінше көп қозғалмау керек. Қазіргі кезде тек таксимен қатынаймын. Өйткені, протез киілген аяғым қажалады.

Бахтияр қазақстандықтардың мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасын өзгертуді қалайды.

- Мен елдегі менталитетті өзгерткім келеді. Себебі, бір аяғымсыз алғаш көшеге шыққан кездері балалар бірден «Анашым, ағаның аяғы жоқ» деген секілді сөздерді айтып, бірден назарға ілігетінмін. Содан бастап  жұрттың көзі үйрене бастау үшін тек темір протезбен жүретін болдым. Алғашқы кездері ауламдағы балалар маған «Сіз терминаторсыз ба?» дейтін. Ал мен оларға әзілдеп, «Мен темір адаммын» деп жауап беретінмін. Жалпы мен өз ауламдағы адамдардың пікірін өзгерттім деп айта аламын.

Фотода: Футболшы жеткіншектерді жаттықтырумен айналысады 

Болашақта Бахтияр  футболдан кәсіби жаттықтырушы болуды қалайды. Сол мақсатына жету үшін қазіргі кезде спортпен шұғылдануды күнделікті әдетке айналдырған.

«Өмірде кез-келген адам түрлі жағдайларды басынан өткеруі мүмкін. Бастысы басыңыз аман болса оған мойымай, керісінше мақсат қойып, соған жеткенше тоқтамау қажет»  - дейді жас спортшы.

"Көзімді ашсам, аурухана төсегінде екенімді байқадым"

Бахтияр сынды бір аяғы протез  40 жастағы Қорған Конкуловтың жағдайы тіптен ерекше. Бір аяғынан түгелімен айырылуы оның өмірін күрт өзгерткен. Ол тағдырының қиындығына қарамастан жұмыс істеп, табыс тапқан әрі  қоғамға қажетті адамға айналған.

Фотода: Қорған Конкулов

- 2002 жылы жетінші ақпан күні мені жаяу жүргіншілерге арналған жолақта автобус қағып кетті. Мен естен танып қалдым. Көзімді ашсам, аурухана төсегінде екенімді байқадым. Сол сәттен бастап маған қайтадан жүруді ғана емес, өмір сүруді де үйренуге тура келді. Жарақат алғанға дейін мен шаңғы жарысымен айналыстым. Әрқашан қозғалыста болған спортшы үшін сол кездегі жағдайыма көну өте қиын болды.

Алайда бір жыл болмай Қорған Конкулов төсекте жата бермей, басын көтеріп, алғаш рет жаттығу залына барыпты. Сол кезде ол ауыр атлетика мен жүзумен де айналысып, кейін спорт шебері атаныпты.

- Бірақ өте қиын болды. Мен спорттың арқасында жазылдым десем, жалған болар. Оған қоса, жарақаттан соң басым ауыра бастады. Тіпті, кейде есімнен танатын болдым. Маған қымбат препараттар қажет болды. Ал мен сол кезде ай сайын үкіметтен 1200 теңге ғана алып тұрдым. Бұл аз ақша. Тіпті ол толық курсты айтпағанда бір дәріні сатып алуға да  жетпейтін.

Содан қажетті дәріні сатып алу үшін жұмыс іздеуге тура келген. Бірақ та мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыс берушілердің көпшілігі қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Ақыры соңында ол көлік тұрағына қызметке орналасып, ақша тапқан.

- Мен үшін физикалық әрі моральдық тұрғыдан өте ауыр болды. Маған көшедегі  барлық адамдар аянышпен қарады. Сол кезде  спортты тастамаймын деп өз-өзіме уәде бердім.

Арада екі жыл өткен соң ауыр атлетика және жүзумен айналысады. 2004 жылы ауыр атлетикадан, 2006 жылы жүзуден Қазақстан Республикасының чемпионы болған. Ал бос уақытын шахмат мен мұзойыққа түсуге арнайды.

 - Кейін мен халықаралық марафондарға қызығушылық таныта бастадым. Қысқы әрі жазғы жүзу жарыстарына үш мәрте қатыстым. Сол кездегі басымнан кешкен әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көпшілігі мені жылы лебіздерімен қолдаса, кейбіреулері менімен естелікке суретке түсті. Сол кезде мен өмірдің дәмін сездім әрі спорт менің құтқарушым екенін түсіндім.

Бүгінде Қорған Конкулов сүйікті жарымен үш баланы тәрбиелеп отыр. Ал ұлы қазіргі кезде «Барыс» балалар хоккей клубында ойнайды.

- Мен жарақат алғанға дейін отбасым болған жоқ. Бірақ та спорт менің аяғымнан тұруыма ғана емес, өз- өзіме деген сенімділігімді арттырды. Осы орайда мен мүмкіндігі шектеулі жандардың да өз отбасын құра алатындығын ерекше атап өткім келеді. Бүгінде мен балаларымды кез-келген қиындықтардан қорықпай, оларды еңсеруге үйретіп жатырмын.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігін өзгелерге қарағанда жақсырақ түсінетін Қорған Конкулов бүгінде елордадағы республикалық балаларды оңалту орталығының әдіскер-маманы болып қызмет етеді. Ол өзінің UMC (University Medical Center) командасымен оңалту-гигиеналық көпфункциялы вертикализатор құрастырған. Бұл экзоскелет арбаға айналып, қозғала алатын қызметін атқаруға қауқарлы екен.

- Адамдарға аяғынан тұруға көмектескен кезде олардың көздерінен алғысты байқайсыз. Бірнеше ай бұрын  төрт жылдан бері  сал болып жатқан науқасым болды. Бұрын спортпен шұғылданған бірақ жарақаттан кейін екі аяғымен жүре де, отыра да  алмаған. Алайда емдеу курсынан кейін онда үміт оты  пайда болды. Ал  көп уақыт өтпей  ешкім күтпеген ғажайып болды. Ол жігіт орнынан қозғалып, біртіндеп кішкентай қадамдар жасай бастады. Әлбетте мұнда тек менің ғана емес, алыс және жақын шет елдерде білім алған біздің барлық жоғары кәсіби ұжымның арқасы деп есептеймін.

Чемпион өмірге қызығушылығын оятқан спортты тастауды бір сәт те ойламайды. Оның ендігі арманы жүгіру марафондарына арналған кәсіби протезге қол жеткізгісі келеді.

Бахтияр Мұхамбетқалиев пен Қорған Конкулов сынды мақсаты мен көздеген нысанасынан қайтпайтын азаматтар еліміздің жарқын болашағының кепілі. Кейіпкерлеріміз қандай жағдай болса да, өздерін бақытты санайды. Себебі олар өмірдің кез-келген сынағына төтеп беруге әрқашан дайын.

 (Бахтияр Мұхамбетқалиевтің кей суреттері жеке мұрағатынан алынды)

#Спорт #Қорған Конкулов #Бахтияр Мұхамбетқалиев #Ампутациядан кейінгі өмір

Ұқсас материалдар