Ән барда мүмкіндігім шектелмек емес

Тағдырына мойымаған қайсар қыз Алтыншаш Мұқатаевамен сұхбат

Әуезді үнімен ән әлемінде еркін қалықтап, халық жүрегіне өнері арқылы жол табуды мақсат тұтқан Алтыншашпен шағын кафеде кездестік. Жайдары жүзді қонағымызбен әңгімеміз бірден жараса кетті. Жүрегінде болашаққа деген үміті лаулаған жанның әрбір сөзінен өмірге деген құлшыныс сезіледі.

Алтыншаш еліміз тәуелсіздік алған жылы Шығыс Қазақстан облысына қарасты, Аягөз қаласында қарпайым отбасыда дүниеге келеді. Тұла бойы тұңғыштары бір жасқа дейін ата-анасын қуанышқа бөлеп, барлық балаларша өсіп келе жатқан еді. Кенет... Сәби сүйектері себепсіз сына бастайды. Алғашында жарақаттанып қалған болар деп, жамандыққа жорымай әке мен ана жергілікті емханаларға көрсеткен-тін. Бірақ, бұл олар ойлағандай «жарасы жеңіл» дерт емес екен. Аягөз қалалық ауруханалардың ақ халатты абзал жандары қыз бойындағы сырқаттың нақты атауын таппай, біраз сандалтып қойған. Сүйектері күн санап сынып, өсіп-жетілуі де баяулаған қызын арқалаған ата-ана дертке дауа табамыз деген оймен шет ауыл-ауданның емханаларын аралап кетеді. Бұл белгісіздіктің де жауабы болуы керек қой? Осылайша, үмітін үзбеген Алтыншашқа бес жасында Өскемен қаласының дәрігерлері «жетілмеген остеогенез» дертіне шалдыққан деп, І топтағы мүгедектік анықтамасын береді. Ал бұл сырқаттың емі бар ма? Өкінішке қарай, медицина қызметкерлері дәру іздеп шырылдаған бүлдіршінге ешқандай көмек көрсете алмады.

1999 жылы Алтыншаш қатарластарынан қалмай білім алу үшін 1-сыныптың табалдырығын аттап, орта мектепті тәмамдап шығады. Тәмамдап шыққан деп айта салу оңай ғой, сол жылдардың ішінде қоларбаға таңылған қыз мектепке барып келу үшін әр күн сайын қаншама қиындықтарды бастан өткеретін. Қыстың аяз-борандарында далаға шығу мұң болғанда, ұстаздары үйіне келіп дәріс өткізді.

– Мектепте жақсы оқыдым. Сол уақыттан бастап, әнге деген қызығушылығым оянып, мектепішілік, қалалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлдегерлер қатарынан да көріндім. Ән маған болашаққа деген сенімімді жоғалтпаудың ең үлкен себебі болды.

Алтыншаш араға он жыл салып, бір ем табылса, Елордадағы үздік ауруханалардан табылар деген оймен Астанаға отбасымен қоныс аударған.

– Тағы бір ой  жоғары оқу орнына түсу болды. Мүмкіндік болып жатса, кәсіби музыкалық білімге де қол жеткізгім келді.

Десе де, Астана қаласындағы республикалық диагностикалық орталықпен қоса, бірнеше ауруханалар уақыттың қайтарымсыз өтіп кеткенін айтып, ешқандай көмек көрсете алмады...

– Бір жерімді емдесем, басқа жерім зардап шегуі мүмкін еді...

Түрлі ем қабылдап көрген қыз, жанына батқан сырқатына дауа таба алмаса да, үмітін үзбей екінші арманы оқуға құжат тапсырған еді.

– Мүмкін бір күндері аяққа тұрармын. Күн сайын дамып жатқан медицина менің де жұмбағымның жауабын тауып қалар. Үмітімді үзген емеспін.

2011 жылы Елордамыздағы Қазақ технология және бизнес университетінің колледжіне дизайн мамандығы бойынша қашықтықтан оқу бөліміне түсіп, үш жылдан соң оны сәтті аяқтап шығады.

– 2013 жылы Қарақат Әбілдинаның «Қарақат мектеп-студиясына» қабылданып, төрт жыл вокалдан дәріс алдым. Бұл уақыт мен үшін керемет сәттермен есте қалатын болады. Мектеп-студияда ұшы-қиыры жоқ музыка әлеміне терең бойлап, өзіме белгісіз болған көп жаңалықтарды аштым. Сол сияқты түрлі байқауларға қатысуға мүмкіндік берді.

Нақты айтар болсақ, Алтыншаш «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты байқаудан үздік орындаушы атанып, І орынмен республикалық сайысқа жолдама алады. Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырған «Шексіз шығармашылық» фестивалінде жоғары дәрежелі дипломмен марапатталады. Өткен жылы «Astana Stars», «Mega festival», «World ART» халықаралық байқау-фестивальдерде «Вокал» номинациясы бойынша  І-орындарға ие болады. Республикалық деңгейде өткен «Шексіз шығармашылық» байқауында І-орынға қол жеткізген еді.

– Өткен жылы өзім төрт жыл қатысып, жеңімпаз атана алмай жүрген «Жан шуақ» қоғамдық жүлдесінде орындаушы номинациясы бойынша жеңіске жеттім. Бұл марапат менің бір орында тоқтамай, көп еңбектене беруіме үлкен себепкер болды, – дейді әнші бойын қуаныш кернеп...

Бұл аралықта Алтыншаш Қазақ гуманитарлық заң университетінің психология мамандығына оқуға түсіп, диплом алып та үлгерген.

– Ол мамандықты анам таңдады. Болашағыма қажет деп білсе керек. Бала кезімде дизайн мен психологияға қызығушылығым болды. Десе де, басты арманым өнер университетіне қабылдану еді.

Арман адамға тыныштық берген бе? 2016 жылы Алтыншаш жан-жүрегімен қалаған Қазақ ұлттық өнер университетінің дайындық курсының ақылы бөліміне қабылданады. Ақылы оқудың жартысын демеушілер өз мойнына алған. Дайындықтан өткен өнерлі қыз эстрадалық вокал мамандығына оқуға түседі. Қазірде аталған университеттің 3-курсында оқып жүр.

– Психолог дипломым болса да, өзімді бұл саладан көрмеймін. Бәлкім, болашақта музыка мен психологияны үйлестіріп, арт-терапиялық жобаны қолға алатын шығармын. Ол уақыттың еншісіндегі нәрсе. Дәл қазір өзім сүйетін вокал бойынша дәріс алып жүргеніме шын қуаныштымын.

2018 жылы Алтыншаштың көп жыл армандаған «Жүрегімде үміт барда» және «Сезім шаһары» атты екі әні жарыққа шықты.

– Композитор Тұрсын Шәкірмен бірнеше байқауларда кезігіп жүргем. Бір күні сол кісіге жаңа ән жазғым келетінін айтып қолқа салдым. Ол өшпейтін үміт, асқақ арман туралы болса деген ойымды айттым. Бір жетіден соң, Тұрсын аға қоңырау шалып, музыкасын жазып қойғанын айтып, төбемді көкке жеткізді. Ал енді кеп, ол әнге сөз жазатын адам іздесекші... Ақыры, Рахат Әбдірахман деген аға ойымдағы сөздерді өлеңмен өрнектеп берді. Әнді жарыққа шығару да көп жұмыспен қатар, қыруар қаржыны талап етеді екен. Оқуға түскен уақыттан бастап, степендиямды ән жаздыруыма керек болар деген ниетпен жинаған едім. Ол барлық шығынымды жабуға жетті. Жаңа ән жазып шығу қиынның қиыны екен. Күн сайын кешкілік дайындалып, әрбір нотасына көңіл бөліп жүргенімде 2-3 ай уақытым кетті.

Ал екінші әнді жазу кезінде алғашқы тәжірибесі көмекке келген. Тек сөзін Алтыншаштың ойындағыдай жазып беретін адам болмай, көп тұрып қалған.

– Тек менің емес, ғашық жандардың жүрегіне жол тартатын ән шыққанын қаладым. Атыраулық Аманжол атты кісі алғашқы өлеңімді тыңдап, маған әлеуметтік желі арқылы пікірін білдіріпті. Парақшасын қарап отырсам, өзі өлең шығаратын ақынжанды адам екен. Сосын ол кісіге жаңа әнім барын, оған сөз жазатын адам таба алмай жүргенімді айтып жеке хабарлама жібердім. Осылайша, екі аптаның ішінде ақтаулық Сайран атты досы екеуі «Сезім шаһарын» ұсынды. Төрт ай сөзсіз жатқан әнімді орындап шығуға көп көмегін тигізуші жандардың бірі әнші Айдын Жұмабаев болды. Алғашқы нұсқасына көңілім толмай, желтоқсан айында екінші рет жаздырдым.

Бұл жыл әзірге Алтыншаштың шығармашылығында өзгеріссіз басталыпты. Ол алдағы уақытта бір халық әнін жаңа үлгіде орындап шығуды көздейді.

– Идеялар жетіп артылады. Тек оған қолдау керек. Әзірге күн сайын дауысыма жаттығу жасап жүрмін. Онсыз кішкене қиындықтарға тап боламын. Қоларбада отырып ән салу мен дені сау адамдардың ән орындауында айтарлықтай айырмашылық бар. Алғашқы курста опораны дұрыс алмай, көп төмен бағалар алып қалған кездерім болды. Өнер университетінде талантты балалар жетерлік. Өзімді олармен салыстырып, жиі қайғыратынмын. Десе де, ұстазым Майра Тұрлыбекқызы жақсы мотивация беріп, алға ұмтылуыма көп септігін тигізді. Қазірде ҚР еңбек сіңірген қайраткер Сембек Жұмағалиевтен дәріс алып жатырмын. 

Алтыншаш үшін ән – өмір! Күйзелістен алып шығатын бірден бір көмекшісі. Ән арқылы ішкі жан дүниесіндегі мұңды шығарады, сөздерді жеткізеді. Уақыт пен әннің арқасында ол сынаққа мойымауды, алға ұмтылуды үйренді.

– Алладан үмітімді үзбеймін. Басқалармен өзімді салыстырудың қажетсіз екенін түсіндім. Әрине, көп күйзеліске түсіп, күндеп жылап жататын да кездерім болған. Бірақ, олай істегенмен ешнәрсе оңалып кетпейтініне көзім жетті. Алға ұмтылып, әр күніме шүкір етіп қана өмір сүру керектігін ұғынып келем.

Әлі де талай әнді дүниеге әкеліп, әсем даусы арқылы халық жүрегіне жол табуды көздейтін ару үшін қаржы мәселесі кәдімгідей қиындық туғызады екен.

– Әзірге тек жәрдемақы мен стипендияма арқа сүйеп отырмын. Сосын анам көп көмектесіп келеді. Ал қосымша кіріс туралы бұған дейін ойланбаппын. Мәселен, той бизнесі. Біздің қоғам әлі арбадағы жандарға аяушылық танытып, басқаша көзқараспен қарайды. Бір жағынан осы мені тоқтатып тұр. Болашақта жақсы ән жазып, шақырған тойларға шығу ойы жоқ емес.

Ашық әңгіменің үстінде Алтыншаштың жанарлары мұңға оранып, төмен қарады. «Бірнәрсе айта кетсем бола ма?» деді қиылып.

– Мен қазір Мәскеудегі ән байқауында болуым керек еді. Оған үш ай бұрын өтінішімді жібергенде, арбада отыратындығыма қарамай қабыл алған. Бірақ... Қаржы мәселесі қол байлау болды. Сол уақытта демеуші іздеп, ең болмағанда ары-бергі ұшақ билетін алып беретін қайырымды жан табуға тырысқанмын. Ондай адам шықты да... Тіпті, кездесіп өзінің көмек көрсеткісі келетінін, сауапты іс жасауға ниетті екенін жеткізді. Байқауға біршама уақыт қалғанда жақындағанын айтып хабарласып ем, «өзім бір хабар жеткіземін» деп тұтқаны тастай салды. Енді міне, сол адамға сеніп, Мәскеусіз қалдым. Сосын «Qazaqstan» ұлттық арнасына сұхбат беріп, осы мәселе бойынша демеуші іздегенде кейбір адамдар хабарласып мазақ та етті. Ондай есерсоқтарға көңіл аудармасам да, кішкене жүрегіме сызат салады. «Билет әперемін» деп алдап соққан осы оқиғадан соң, тіпті көмек алуға деген көңілім су сепкендей басылып қалды. Әрине, олар маған демеушілік жасауға міндетті емес екенін түсінемін. Десе де, адамға үміт сыйлап, оны өз қолдарымен тұншықтырып кетуден асқан қиянат жоқ сияқты.

Арада аздаған үзіліс орын алды. Расында, үлкен үміттің жетегінде жүріп, қанаты қайырылып қалғандай күй кешкен нәзік қыздың дауысынан мұң естіледі. Кішкене уақыттан соң, екеуміздің әңгімеміз қайта жалғасын тапты. «Сынақ адамды жігерлендіре түседі» деген сөздің сырына енді қанық болғандаймыз.

Дәрігерлер ешқашан өз аяғымен жүру бақыты бұйырмайды десе де, Алтыншаш болашақтан үмітін үзбейтінін айтудан жалыққан емес.   

– Күнделікті оқуға барып келуімнің өзі қиын. Екінші қабатта тұрсам да біреудің көмегінсіз сыртқа шыға алмаймын. Ал шығып алған соң, кіру қиын. Міне, осындай кішігірім кедергілермен күресіп өмір сүріп келемін. Әр сын мен үшін алға жетелеуге бір үлесін қосады.

Әнші қыз болашақта радио жүргізушісі болғысы келетінін айтады. Ол үшін арнайы Санди Сұлтанның телелабораториясынан дәріс алыпты.

Өмір сүруге деген құлшыныс, ән әлеміне өзіндік із қалдырсам деген арман, шығармашылықтың шыңына жетем деген мақсат Алтыншашқа қанат бітіріп, биікке самғататынына күмән келтірмейміз.

Айыңыз оңынан болсын, Алтыншаш!

(Суреттер Алтыншаштың жеке мұрағатынан)

#Алтыншаш Мұқатаева

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер