Бәрі ел игілігі үшін

Қоғам белсендісі Наурызбек Мағдатовпен сұхбат

«Ер елінде көгерер» деп, халық бекер айтпаса керек. Туған жердің гүлденіп, өркендеуіне кез келген перзенті парыз. Қайырымды істі неден бастаймын деп жүргендер үшін бүгінгі кейіпкеріміздің ісі үлгі боларлық.

Наурызбек Мағдатов – Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласында туып-өскен. Ол – «Түпқараған жастары» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы. Наурызбек Серікұлы игі істердің бастамашысы болсам деген ойдың жетегінде жүріп, туған жерінің гүлденуіне тамшыдай болса да үлес қосып жүрген азамат. 

(Наурызбек Мағдатов)

– Наурызбек, «Түпқараған жастары» қоғамдық бірлестігін ашу идеясы қашан, қалай туындады?

– Қазынаға толы, тау-тасын түртіп қалсаң сөйлеп кететіндей тарихи орынға бай шежірелі құтты өңір Маңғыстау облысында Түпқараған деген аудан бар. Бұл аудан осы облыстың күнбатысында орын тепкен. Мұнда шамамен 25 мың халық тұрады. Орталығы – Форт-Шевченко қаласы. Осында өмір есігін ашып, балалығымның базарын өткіздім. Орта мектепті тәмамдаған соң, жоғары оқу орнына түстім. Мен көп жастар секілді ірі орталықтарға барып, қызмет етуді армандаған емеспін. Мені тартып тұратын жалғыз мекен, ол – туған жерім еді. Оқуымды аяқтай сала, еңбек ету үшін Форт-Шевченкоға оралдым. Келген сәттен бастап, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араластым. Осындай игі істердің басы-қасында жүріп, «неге аудан жастары үшін қызмет ететін бірлестік немесе орталық ашпасқа?» деген ой келді. Сол ойдың жетегінде жүріп, құлшыныс пен талпынысымның арқасында 2014 жылы «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігін аштым.

– Бірлестіктің мақсаты қандай?

– Бірлестіктің мақсаты – жастар саясатына көңіл бөліп, жан-жақты насихаттап, олардың бастамаларына қолдау білдіру. Іргелі істің алғашқы баспалдағын қалап, басқа да игі шаруаларға ұйытқы болуды көздейміз.

– Нақты бір бағыт бойынша жұмыс жасайсыздар ма, әлде бірлестік жан-жақтылық саясатын қолдай ма?

– Ілгеріде айтып кеткендей, ең алдымен жастар саясаты саласына көңіл бөліп, қоғамдық маңызы бар әлеуметтік шараларды ұйымдастырып келеміз. 2016 жылдан бастап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, аудандық деңгейде шаруалар атқарып жатырмыз. Кез келген адам физикалық мүмкіндігіне қарамай, осы қоғамның толық мүшесі екенін сезіну керек деп есептеймін.

(Қоғамдық бірлестіктің атқарған бір жұмысы)

– Бірлестіктің құрылғанына да бес жыл болып қалған екен. Осы аралықта көптеген шаруа атқарғандарыңызға күмән жоқ, соның ішінен ең маңызды бір біткен істі айтып кетсеңіз...

– Бірлестік 2015 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар негізінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасына қатысып, Түпқараған ауданына қарасты Қызылөзен ауылының теңіз жағалауы бойынша жоба құны 22 580 400 грант жеңіп алдық. Соның негізінде теңіз жағалауына жазғы сахна, жазғы волейбол алаңы, балалар алаңы, жазғы демалыс орындарын салып, ауыл игілігіне пайдалануға бердік. Осындай мүмкіндіктер туып жатса, басқа да ауылдарды гүлдендіруге ат салысамыз.

– «Әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеміз» деп қалдыңыз, олардың қатарында тағы қандай жобалар бар?

– Олардың саны біршама. Әрине, сан деп, сапаға көңіл бөлмей кететін біз емес. Бастысы, барлығының аз да болса, жетістіктері бар. Мәселен, 2014 жылдан бері өз күшімізбен «Шын жүректен» балалар шығармашылығы фестивалін, қайырымдылық акциясын дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Мүмкіндігі шектеулі өнерлі балаларды сахнаға шығарып, талантын ашып, жаңа жетістіктерге жетуге септігімзді тигізсек дейміз. Олардың көбі облыстық, республикалық байқауларға қатысып жүлделі орын алып жүр.

– Қазір қандай жоба бойынша жұмыс атқарып жатырсыздар?

– Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке көмекші қызметі мен Форт-Шевченко қаласына «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жастар аллеясын салу секілді әлеуметтік жобаларды атқарып жатырмыз.

– «Теңізшевройл» жиі демеушілік жасай ма? Одан басқа да тұрақты демеушілеріңіз бар ма?

– Біз негізінен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындаймыз. Ал одан бөлек өзіңіз айтқан компания секілді қолдау көрсететін демеушілер болып тұрады. Бірақ, көп емес.

– Бірлестікте қанша адам жұмыс жасайды?

– Бірлестікте менен бөлек үш адам қосымша жұмыс жасайды, 15-тен астам еріктілеріміз бар.

– «Қайырымдылық жасауға да қызығушылық керек» деген сөзді естіген едім, сіздің бұл бағытқа келуіңізге не түрткі болды?

– Қызығушылықтан гөрі, адамшылдық қасиет керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, қайырымдылық іс-шараларды өткізу үшін қалталы немесе беделді болудың қажеті шамалы. Көпшілік «қайырымдылық» деген сөздің астарынан демеуші болу, қаржылай көмек көрсету деген секілді ойды іздеуі мүмкін. Жоқ, мүлде олай емес, бастысы адамдық қасиетің болса болғаны. «Ерлік әдетте жұмсақ мінезді серік етеді, сондықтан ер жүрек адам қайырымдылық жасауға басқадан гөрі қабілетті келеді» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек.

(Кезекті шарадан бір көрініс)

– Өзіңіздің мамандығыңыз қандай?

– Мамандығым мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы. Қазіргі атқарып жүрген қызметіме көп көмегі көп тиіп жатыр.

– Болашақтағы жоспарларыңыз қандай? Осы бірлестікті әрі қарай жандандыра бересіз бе?

– Әрине, осы бірлестіктің отымен кіріп, күлімен шығу. Қолдан келгенше, жастарға демеу беріп, туған жерімнің гүлденуіне ат салысу. Бастысы, елге пайдасы тиетін, түрлі идеяларымды іске асыру.

Биыл елімізде жастар жылы болып отыр. Бұл жылдан не күтесіз?

– Жастар жылынан үлкен қолдау күтемін. Өзіміз секілді белсенді, Отанын шын сүйетін патриот жастар жетерлік. Олардың біршамасы ауылда жүр. Кейде сол ауылдағы жастардың қала жастарына қарағанда көп мүмкіншіліктен қалыс қалып жатқанын аңғаруға болады. Елбасы бір сөзінде осы мәселені назарға алып, оларға кәсіп ашып, іс бастауға жәрдемдесу керектігін айтып қалды. Қазір бірнеше мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Міне, солардың ішіне жастарға қатысты арнайы бөлімдер енгізілсе деген ұсыныс та жоқ емес. Ол ауыл жастарының толып жатқан идеяларының іске асуына көмекші болар еді.

Бүгінгі жастар – болашақ кәсіби білікті маман, еліміздің ертеңі, берік тірегі. Сол себепті, Елбасымыз бұл жылды жастарға арнағанына қуаныштымын. Жастарды қолдау – елдің ертеңіне құйған инвестиция!

– Әңгімеңізге көп рақмет!                  

(Суреттер Наурызбек Мағдатовтың жеке мұрағатынан)

Ұқсас материалдар

Әріптестер