«Ақан сері» романында Ақан образының сомдалуы

Ақан сері Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығы...

Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік туындылардың бірі – Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романы. Қазақ халқының серілік дәуірінің нышаны болған, «Арқаның ардагері» атанған Ақан сері Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығын өзі өмір сүрген қоғаммен астастыра бейнелеген «Ақан сері» романы – өзіндік стильдік ерекшеліктерімен дараланып, тарихи-әлеуметтік романға қойылатын талап-деңгейлердің биігінен көрінген кесек шығарма. Романға өзек болған Ақан өмірі арқылы өнер адамының қалтарыс-бұлтарысқа толы тағдырын терең суреттейді. Автор Ақан образын эпикалық жоспарда, сол өзі өмір сүрген ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы тарихи оқиғалардың аясында алып көрсетуді мақсат еткендігін көреміз. Яғни тек Ақанның өмірімен шектелмей, ол туып-өскен ортаның, өмір сүрген заманның тарихи-әлеуметтік шындықтарын қамтыған. Бұл романда отаршылдық қамытын киген қазақ қауымының тағдыры айқын көрініс тапқан.

Фото: Сәкен Жүнісов.

Ақан өміріне, өнер адамына арналған соқталы шығарма жазу үшін Сәкен сері үлкен дайындықпен келді деуге болатындай. Себебі, сері тағдырын жазу үшін Сәкен сердей сегіз қырлы, бір сырлы сері адам болуы да заңдылық сияқты. Бұл туралы белгілі әдебиеттанушы-ғалым Рымғали Нұрғали былай деп атап көрсеткен екен: «Әдебиет әлеміне дүрбі тастап барлау жасай бастаған алғашқы сәттен-ақ «Жапандағы жалғыз үй» аталатын тақырыбы жағынан бір жағы от, бір жағы сақылдап қайнаған қанды құдық үстіне тартылған қыл көпір дерлік ұстара жүзінде қияметтен жол тауып өте білген сергек те сезімтал роман күні бүгінге тың игерудің қуанышы мен қасіретін барынша терең қатпарларға бойлап барып көрсете білген батыл қалпымен тамсантады. Сөйтіп Сәкен салған жерден роман аталатын соқталы да сауырлы жанрға сескенбей бару арқылы қазақ қаламгерлеріне өзінің тым ұзаққа алқынбай шабар жаңа талант келгендігін аңдатып-ақ тастаған еді. Ақан сері тәрізді өмірі жұмбақ, өнері шуақ аса күрделі тұлға тағдыр-тауқыметін өзі тірлік кешкен қоғам қатпар-қыртыстарымен қотара, қопара суреттеу тек Сәкеннің ғана қалам қуатымен жүзеге асар шаруа екен-ау дейсің бүгінде».

«Жапандағы жалғыз үйді» жазушы отыз жасында жазған екен. Қазақ даласына қара құрттай қаптаған тың игерушілердің әкелген жаңалығынан гөрі сан ғасыр бойы қойнауы мен бетінде тарихтың сыры тұрған сары даланы соқамен түріп қопара келгендігі, ұлтымыздың жаны мен қанына, рухани әлеміне өлшеусіз зиян келтіргенін осы кітапты оқыған жан анық сезінері хак. Бұл кітаптың жазылған уақыты – түкіргі жерге түспей тұрған коммунистік кезең екенін ескерсек, жазушының бұл ойларды беру үшін түрлі тәсілдерге баруға мәжбүр болғанын көреміз.

Ақан сері өмірі туралы кесек туынды жазар алдындағы зор ұмтылысы «Жапандағы жалғыз үй» болды десек, Сәкен Жүнісовты үлкен жазушы ретінде танытқан «Ақан сері» дилогиясы – барынша күрделі де кесек туынды. Ондағы образдар әлеміне барлау жасасақ, басты кейіпкер – құдіретті әнші, алғыр ақын, сері Ақан – өз ортасынан бойы анағұрлым биік тұрған парасат иесі. Романның өн бойында оның өнер тұлғасы ретіндегі болмысы мен өнер туындылары қатар келіп отырады. Автор басым көпшілігінде Ақанның ақын ретіндегі ішкі әлеміне үңілген. Сондықтан да «Сырымбет», «Үш тоты», «Құлагер» сынды әндері тарихи романның үш бөліміндегі оқиғалардың, болмыстардың философиялық астарын ашуға көмектеседі.

Мұнда Ақан серіден өзге Ақтоқты, Ұрқия, Сұлтанмұрат, Бәтжан, Нұртаза, Сүлеймен, Жалмұқан, Науан хазірет, Су Құсайын т.б. көптеген кейіпкерлер бар. Бұлардың әрқайсысы нанымды оқиғаға құрылған жанды динамика арқылы оқырманға айқындалып таныла түсіп, жадында қалып отырады. Әрине, кеңестік кер заманның нұсқауы мен сұранысы салдарынан бүгінгі күні есімі елге ардақталған кейбір елге елеулі тұлғаларды жазушының жағымсыз сипатта бейнелеуіне тура келген жағдайлар бар екендігін айтуға тиіспіз. Жалмұқан, Науан хазіреттер – Көкше өңіріне белгілі, елге сыйлы, оқыған-тоқыған, дән-дәулетін ел игілігінен аямаған жандар болғанына тарих куә. Көрекм әдеби шындық пен өмір шындығының ара-жігін ашатын – уақытқа байланысты туындайтын көзқарас десек, бүгінгі күні бұл тұлғалардың ұрпақтары кешегі дәуір үшін түсіністікпен қарағаны дұрыс-ау.

Қалай болғанда да Ақан мен Ақтоқтының арасында ғашықтық сезімі болғаны, оны Дала серісі әнмен өрнектеп, барша қазақ әлеміне әсем әуен арқылы таратқаны ақиқат. Ақанның арманда айрылған ғашығы – Ақтоқты, сүйген жары – Ұрқия, серілік дәуірінің серігі – Қадиша дара пішінді ерекше махаббат пен нәзіктіктің нышаны болған бейнелер. Ал Ақанның анасы Жаңыл – жазушының тың табысы екендігі даусыз.

Роман көлеміндегі елеулі тұлғалар легінде адуын мінез, адал жанды Әлібек батыр, пандығы нойыстықпен ұштасып жатқан Нұрмағамбет, даланың тежеусіз өскен байы – Батыраш, ойы терең, билігі кемел Саққұлақ би, ояз бастығының әйелі Анна Ивановна бар. Осы аталаған қаһармандардың бәрі де әлеуметтік-қоғамдық құбылыс аясында дараланған. Романда тек Ақан басындағы қайғы-қасірет емес, бүкіл ел басындағы нәубет, үстем, озбыр, надан топтың қара халыққа көрсеткен зәбір жаласы, ел ішіндегі алауыздық, барымта ұры-қары, Ақпатшаның момын халыққа жүргізген астыртын саясаты, Ақан сынды өнер тарландарын өз елінде қорлау секілді мәселелерді автор реалистік тұрғыдан суреттегендігін көреміз. Паң Нұрмағамбет атты кейіпкер тұрғысында да қазіргі күннің көзімен қарасақ, ел ағасы, болыс болып ел билеген, ен даланы малға толтырған шаруақор қазақтың кітапағы бейнесі, іс-әрекеті арасында едәуір айырмашылық бары анық.

Романда өнер адамы мен қоғам арасындағы қайшылықты нақты оқиғалар арқылы суреттеген. Ақанмен көзқарасы үйлеспейтін адамдардың арасындағы моральдық тартыстардың астарынан әлеуметтік өмір шындығына тән талас-тартыстар елес беріп отырады. Мысалы: Ақан сияқты жан дүниесі кіршіксіз, сұңғыла адамның өз теңіне қосыла алмау трагедиясы сол дәуірдегі әлеуметтік трагедиялардың бетпердесін ашып берді. Ақан мен Ақтоқты арасындағы кедергі – махаббат кедергісі емес, сол дәуірдің әлеуметтік кедергісі деп көрсете отырып, автор қазақ қоғамы арасындағы әлеуметтік теңсіздікті көрсеткені анық. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ та:

Басыңды Сарымида кесіп алып,

Өмірімше даулассамшы, құныңменен, -

деп Ақан серінің өзі айтқанындай, алып келе жатқан Ақтоқты қызды қуғыншылар келіп қалғанда пышақ салып қаша жөнелген тентек серінің қылығы қай қоғам үшін де жеңіл кешірілмес іс екендігі анық қой.

Ал Ұрқияны алып қашқандағы Ақан басының шырғалаңды дауға ілініп, сарсаңды саудаға түсуі сол дәуірдің моральдық жағдайының ұсқынсыздығына тағы бір дәлел дер едік. Ақан мен Батыраштың моралі де бір-біріне қарама-қарсы. Екеуінің арасындағы тартыс, біріншіден, ерлік пен ездіктің, адалдық пен арамдықтың мәңгі беріспейтін тартысы болса, екіншіден, Ақан мен сол кездегі Батыраштар ұстап тұрған қоғамдық моральдың арасындағы әлеуметтік тартысты көреміз.

Осы ретте жазушы Ақан болмысындағы құбылыс арқылы, жалпы өнер адамының бойындағы лап етіп, қызуқандылықпен айтып, істеп қалатын ел еркесінің еркін мінезі көрініп тұрғандай.

Ақан тағдыры арқылы өнер адамының тылсым әлеміне бойлатады. Ақан бойындағы серілікті көрсетумен қатар, жалпы өнер адамдарының бойындағы адалдықты, пәк жүректі, сезім байлығы мен тазалығын, ой тереңдігін көрсеткен. Өмірдегі және өнердегі Ақан сынды талантының ұстанған моралінің, көздеген мақсат-мұратының өміршеңдігін жазушы баса айтқан. Романдағы автордың бүкіл эстетикалық идеясының өзі де осында жатыр. Ар тазалығынсыз халық көкейінен шыққандай өнерпаз, өнер иесі болуы мүмкін емес. Міне, роман өз оқушысын осындай ойларға жетелейді.

Алайда автор Ақанды тек салтанат пен сауық-сайранның, ойын-тойдың үстінде немесе құс салғызып, ит жүгіртіп, бәйгеге сәйгүлігін қосқан адамның, тек саятшылықтың ауқымында ғана көрсетіп қоймаған. Ақан өз беделі жүрер ел ішіндегі, ауыл арасындағы түрлі дау-дамайдың түйінін шешуге араласып, оң-терісін айтушы ел сүйенер азамат дәрежесінде көрінеді.

Мәселен, Хадишаны зұлымдық шеңгелінен арашалап қалуға ұмтылуы, өзін «игі жақсылармыз» деп жүргендердің ас ішіп, аяқ босатар дәрменсіз жандар екендігін бірнеше жерде жасқанбастан беттеріне айтуы – Ақанның азаматтық бейнесін аша түседі. Жер мен судан, ата қонысынан айырылған Ақан сері Айыртау мен Көкшетаудың ортасын жол қылады. «Бара-бар, крестьянға тең болмадық» деп, ақкөңілді, аңғал ақын патша билігіне арыз-арманын арқалап, әлденеше рет барса да, уез басшыларына бастап, жегілікті әкімқаралар талап-арызды қабылдаған да жоқ. Отаршылдықтың қыл бұрауы күн өткен сайық қыса түскені анық еді.

Романдағы Ақан бейнесі – үлкен гуманист Ақанның қуанатыны – халықтың бауырмалдығы мен жанының жомарттығы, пейілінің кеңдігі. Ал күйінетіні – сол халқының бойында кездесетін алтыбақан алауыздық, ағайындардың қатар отырып, болмашы нәрсеге қағысып, ұзақ жылдар бойы біріне-бірі жауығып кетуі, не жақсылық, не жамандықтың үстінде бірін-бірі жұбатып, қуантуды білмеуі. Ақан – қатар отырған Қарауыл мен Керей арасындағы осындай алауыздықты айыптаушы, ел мен елді татуластыруға ұмтылушы ретінде көрініс тапқан.

Біршек қасқырды соғып алуға байланысты эпизодта да осы алауыздыққа сын айтылады. Бұл, негізгі символикалық мәні бар көрініс. Ақан төрт аяқты қасқырды қанжығасына оңай бөктергенімен, сол замандағы екі аяқты қасқырлардан (Батыраш) өнерімен қанша биік тұрса да, соққы көріп, солармен тартыса, таласа жүріп, өмірінің итжығыспен өткендігін меңзейді. Осы сәтте Ақан мен Ақтоқтының кездейсоқ кездесуі де әсерлі, табиғи шындық.Ақан аузынан шыққан диалогтарда шиыршық атқан драматизм бар.

Романдағы әйелдер образы да бірқатар. Жаңыл (Ақанның анасы), Ақтоқты, Ұрқия, Қадиша, Ақбота, Дәмелі образдарында Шығыс әйелдеріне тән биязылық пен ізеттілік, мейір шапағаты оқушы жүрегіне ізгі де пәк сезімдер ұялатады. Ақанның досы Әлібек образын тереңдетіп тұрған да батырдың аңқылдақтығы, адалдығы, досқа деген ыстық ілтипаты. Ақан образын толықтырып тұрған осы характерлер. Ақан – біріншіден ақын. Ол қолында билік, алдында малы бар болыс, байды мадақтап, солардың шашбауын көтеретін сарай ақынындай жалған өнерден аулақ. Ақан сері шығарған «Сырымбет», «Балқадиша», «Құлагер» әндерінің туу тарихы романда сұлу өріліп, оқиғалармен астаса суреттеліп, Ақан өмірін, сол жасаған ортаның ажарлы көрінуіне көп септігін тигізген.

«Ақан жинаған топтың қыз ойнақтары жын ойнаққа айналды, жастар бүлінді. Желік ізін салушы – Ақан. Бәрін бұзушы – Ақан. Ән – әңгіліктің ісі, домбыра – сайтанның жынысы» деп ел молласының аттан салып, ақын ашқан жаңа дүние есігінен түскен жарыққа көз жұмып, үркіп-шошуды да роман желісінде бар шындығымен шебер шешімін тапқан.

Роман жүйесіндегі Арқаның атақты шонжары Сағынай асы әсерлі суреттелген. Сағынай асына Ақан шақырусыз келеді. Оны ел билеушілер Нұрмағамбет, Батыраш жақтырмайды. Паң Нұрмағамбет Ақанның уытты тілін, еркіндігін, сал-серілігін жақтырмаса, Батыраш дүлдүл Құлагердің жүйріктігін, ел ішіне жайылып кеткен атақ-даңқын қызғанады.

Ақан образы көбіне Құлагеріне қатысты тұста ерекше дараланады. Құлагер – Ақанның тағдыры, серігі. Ақанның адам, өмір жайлы терең ой толғаныстары Құлагер ажалына қатысты тұста бой көрсеткен. Ақан Құлагерінің өліміне қатты қайғырады. Құлагер өлімі – Ақын рухының өшуі емес, халқымыздың басында кездесетін тоғышарлықтың өршуі, Батыраштар үстемдік еткен қоғамның сиқы. Соның құрбанына айналған Құлагердің өлімі Ақандай асылдың жанын жараламауы мүмкін емес еді. Романда Құлагер – қарапайым жануар образынан биік тұрған құбылыс. Автор Құлагер арқылы Ақан жанының түкпіріне, ішкі иірімдеріне бір бойлатса, Батыраштардың ішінде қордаланып қалған тоғышарлық пен көре алмаушылық, іштарлықтың бет әлпетін де ашады.

Автор романда Ақанның сұлулық, өнер туралы таным-өлшемін, адам, адамгершілік туралы кредосын жете ескерген. Ең бастысы Ақанның зор тұлғасын халықпен, оның рухани өмірімен тамырластыра сомдаған. Романнан талантты ақын мен шебер жазушының іштей рухани тоғысуы байқалады.

Ақанның көркем әдебиеттегі тұлғасын жасаған автордың қаламының даралығы оны талантты жазушылардың қатарына қосқаны ақиқат. Қазақстанның халық жазушысы, бір басына сегіз өнер сыйған Сәкен сері Нұрмақұлының шығармашылығы жайында айтылар ойдың бір парасы осы еді.

#Ақан сері #Сәкен #роман #Жүнісов

Ұқсас материалдар